Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

Заңға енгізілген түзетулер, электронды әмиянға әлеуметтік төлемдер және зейнетақы жинақтарын пайдалану — Еңбек министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын қалай жүзеге асыруда

Жұма, 09 Қазан 2020, 19:23:53

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз конференциясында Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы айтып берді.

Министр сөз басында атап өткендей, Мемлекет басшысы Жолдауда айтқан тапсырмалардың ішінде зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсаттарға пайдалану мәселесі халық арасында өзекті болып тұр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Ұлттық банкпен бірге зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, қымбат тұратын емделу ақысын төлеу немесе жекеменшік басқарушы компанияларға басқаруға беру үшін пайдалану тәсілдерін әзірледі. Тиісті тәсілдерді Мемлекет басшысы мақұлдады. Оларды іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында заңнамаға тиісті түзетулер дайындалды, оны ағымдағы жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр», — деді Біржан Нұрымбетов.

ЕХӘҚМ басшысы нақтылағандай, зейнетақы жинақтарын сәйкес мақсаттарға жұмсау құқығын келесі санаттағы азаматтар пайдалана алады:

  • жұмыс істейтін, жасы бойынша «жеткіліктілік шегінен» асатын зейнетақы жинағының қолжетімді көлемі (болашақта жұмыс істейтін кезеңі мен зейнетақы жарналарын жүйелі түрде төлеуін ескере отырып, зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін ең төменгі зейнетақыдан төмен емес деңгейде зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге жеткілікті зейнетақы жинағының мөлшері) бар азаматтар;

  • сақтандыру компанияларымен ең төменгі зейнетақыдан төмен емес мөлшерде өмір бойы аннуитеттік төлемді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті келісімшартына отырған тұлғалар – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинағы сомасы шегінде;

  • зейнетке шыққан азаматтар (оның ішінде күш құрылымдары қатарынан) — БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-нан аспайтын шегінде. Егер олардың зейнетақыларының жиынтық мөлшері (жасына немесе еңбек өтіліне байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және зейнетақы жинағынан төлемдерді қоса алғанда) халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде айырылған табысын алмастыруды қамтамасыз етсе (кемінде 40%).

«Жеткіліктілік шегі» не үшін қажет?

Б. Нұрымбетовтің айтуынша, Қазақстанда 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілді. Жұмыс істейтін әрбір азамат өзінің жалақысының 10%-ын жинақтаушы зейнетақы қорына аударады. Адам зейнет жасына жеткенде, оның үш зейнетақы көзі бар: мемлекеттік бюджет есебінен жасына байланысты зейнетақы, базалық зейнетақы төлемі және жинақтаушы қордан өз жинақтары есебінен.

«Жыл сайын жинақтаушы бөліктің рөлі артып келеді. Болжам бойынша, 2040 жылдан бастап біздің азаматтарымыздың жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алатын зейнетақысы негізгі болады. Осыған байланысты жинақтаушы зейнетақы жүйесінің міндеті — бұл, ең алдымен, азаматтарымыздың болашақтағы зейнетақымен қамсыздандырылуына қаражат жинақтауы екенін әрдайым естен шығармау қажет. Әрбір азаматтың жинақтаушы зейнетақы шотында белгілі бір қажетті сома қалуы тиіс», — деді Б. Нұрымбетов.

«Жеткіліктілік шегі» Үкіметтің тиісті Қаулысымен ресми түрде бекітілетін болады. Ағымдағы жылы «жеткіліктілік шегі» көлемі екі есе қысқартылды. Бұл ретте әйелдер мен ерлер үшін «шегі» теңестіріледі.

«Жеткіліктілік шегінің» мәні — зейнетақы жасына жеткен адамның зейнетақы жинақтаушы қорынан ең болмағанда ең аз мөлшердегі зейнетақыны ала алуында. Әр жас үшін өзінің «жеткіліктілік шегі» есептелген.

«Бұл ретте есептеу адам зейнет жасына жеткенге дейін ең болмағанда ең төменгі жалақыны алады және содан 10%-ы үнемі аударылып отырады деп жасалады. Әрине, есеп айырысуларда БЖЗҚ қамтамасыз ететін инвестициялық табыс, ең төменгі стандарттардың, ең төменгі жалақының, ең төменгі зейнетақы мөлшерінің ықтимал өзгерістері пайдаланылады және есепке алынады. Сондықтан бұл "жеткіліктілік шегі" жыл сайын қайта есептелңп, жарияланып отырады деп ұйғарылған», — деді министр. 

Зейнетақы жинақтарын қандай мақсаттарға пайдалануға болады?

«Тұрғын үй мәселелері бойынша ауқымдырақ алдық. Тұрғын үй сатып алуды ғана емес, сонымен қатар баспана жағдайларын жақсартуға пайдалануды да ұсындық», — деді Б. Нұрымбетов.

Яғни, жинақтаушы қордан алуға болатын қаражат есебінен жаңа, сондай-ақ қайталама нарықтан тұрғын үй немесе жер учаскесін сатып алуға болады. Ипотека алу үшін бастапқы жарна ретінде пайдалануға болады. Қолданыстағы ипотеканы өтеуге немесе ипотеканы қайта қаржыландыруға жұмсауға болады. Бұл жағдайда сол ипотеканың қай банкте рәсімделгені немесе тұрғын үйдің қайда сатып алынғаны маңызды емес. Сондай-ақ қаражатты баспанасын кеңейтуге және жөндеуге жұмсауға болады.

«Мұнда да біз шектеу қоймаймыз. Жинақтарды тек өзіңіз үшін ғана емес, жақын туыстарыңыз — аталар, әжелер, ата-аналар, балалар, аға-інілер, апа-сіңлілер, немерелер үшін де пайдалануға болады», — деді Б. Нұрымбетов.

Қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін бірыңғай оператор жұмыс істейді, ол азаматтардың өтініші бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен өзара іс-қимыл орнатып, қолда бар қаражатты тұрғын үйді сатушыға немесе жабылуы тиіс ипотека ресімделген банкке аударады.

Б. Нұрымбетов зейнетақы жинағын емделу үшін алуға қатысты, егер Қазақстандағы азаматтарға медициналық ұйымдар тегін емдеу ұсына алмаса немесе ота жасай алмаса, қаражатты пайдалануға болатынын атап өтті. Бұл жағдайда азамат жинақталған қаражатты пайдалана алады. Мұнда өңірлерде денсаулық сақтау органдары жұмыс істейді, олар бұл емдеу қызметін тегін ұсына алмайтындығын растайды. Азаматтардың өтінімі бойынша осы саладағы бірыңғай оператор жинақтаушы зейнетақы қорымен өзара іс-қимыл жасай отырып, жинақталған қаражатты емдеу жүргізетін клиниканың немесе аурухананың есепшотына аударатын болады 

 

Жаңа кодексті әзірлеу кезінде қоғамның барлық ұсыныстары ескеріледі

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін әзірлеу және қабылдау арқылы әлеуметтік заңнаманы шоғырландыру жөніндегі жұмысты бастауды тапсырды.

Осыған орай, Біржан Нұрымбетов қазіргі кезде республика азаматтарына 17 заңмен және 100-ден астам заң аясындағы актілермен реттелетін әлеуметтік қамсыздандыру шаралары кең көлемде қамтамасыз етіліп отырғанын атап өтті. Бұл ретте әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы төлемдердің мөлшерін есептеу үшін түрлі көрсеткіштер негіз болады: айлық есептік көрсеткіш, ең төменгі күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақы деңгейі және т.б.

«Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнама қабылдауға жеңіл болатындай және оны сапалық тұрғыда жақсарту мақсатында, бірыңғай Кодекске біріктіріледі. Оның тұжырымдамасы 2021 жылдың ІІ тоқсанында әзірленеді, содан кейін оның негізінде Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің өзін әзірлеу басталады. Бұл өте маңызды құжат, сондықтан ол қоғамда кеңінен талқылауды қажет етеді, яғни біз барлық ұсыныстарды қабылдап, қарастыратын боламыз», — деді ЕХӘҚМ басшысы.

Бұл ретте министр Кодексті әзірлеу кезінде әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қолданыстағы заңдар біріктіріліп қана қоймай, жалпы алғанда, әлеуметтік қолдау шаралары жүйеленетінін, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы төлемдер мөлшерін бірыңғай әлеуметтік көрсеткішпен (стандартпен) байланыстыру және басқа да мәселелер қарастырылатынын түсіндірді.

«Бүгінде министрлікте Тұжырымдаманың жұмыс нұсқасын және жұмыс тәсілдерін әзірлеумен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Бұдан кейін біз осы жобаларды жаппай талқылау кезеңіне көшеміз», — деп министр бүгіннің өзінде азаматтардың өз ұсыныстарын білдіріп, осы жұмысқа белсене атсалыса алатынын атап өтті.

«Электронды әмиян» енгізу арқылы әлеуметтік төлемдерді цифрландыру

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтардың «электронды әмиянын» енгізу арқылы әлеуметтік төлемдерді цифрландыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Біржан Нұрымбетов атап өткендей, бүгінгі таңда әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде IBAN карта есепшотын ашу қажет. Оны ашу үшін банкке бару керек. Ал бұл әлеуметтік төлем алушыларға қосымша қолайсыздық туғызады.

«Әлеуметтік көмекті алуды жеңілдету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлемдерді ЖСН арқылы әдеттегідей ашылатын «электронды әмиянға» тағайындау мәселесін қарастыруда. Осы орайда алушы банк картасына аудару әдісін өзгерте алады. Қаржының сақталуын қамтамасыз ету үшін әмиянда ҚР Ұлттық банкінің электронды ақшасын пайдалану ұсынылады», — деді министр.

Бұдан өзге, әмиянға қол жеткізуге, оның теңгерімін білуге ​​және тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер үшін төлемдерді штрих-QR кодты қолданып, ешқандай комиссиясыз төлеуге мүмкіндік беретін арнайы мобильді қосымша жасалады.

Бүгінгі таңда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сауда және интеграция, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері Ұлттық банкпен бірлесіп осы жұмысты жүргізуде. Бүгінде техникалық шешімдермен және заңнаманы өзгерту бойынша ұсыныстар әзірлеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бірінші кезеңде келесі жылдан бастап АӘК-ті әлеуметтік әмиянға аудару және сәтті тестілеуден өткеннен кейін барлық басқа әлеуметтік төлемдерді аудару жоспарлануда.

 

Қатаң карантин қайта енгізілсе, Қазақстанның еңбек нарығы қалай өзгереді?

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Үкімет елдегі тұрақты эпидемиологиялық ахуалды сақтау және жағдайдың нашарлауының алдын алу үшін барлық шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. 

«Денсаулық сақтау министрі жақында жағдайдың орын алуы мүмкін үш сценарийін, сондай-ақ локдаунды жариялау туралы болжамдарды ұсынды. Бірақ біз қандай сценарий болуы мүмкін екенін білмейміз. Барлық азаматтар карантинді сақтайды деп үміттенеміз. Егер жағдай нашарласа, онда Үкімет экономиканы, бизнесті және халықты қолдау шараларын қабылдайтын болады. Алайда нақты төлемдер мен сомалар туралы айтуға әлі ерте», — деп түсіндірді Б. Нұрымбетов.

Дегенмен, оның айтуынша, Министрлікте осы мәселе бойынша болжам жасап, жағдайды бағалады. Мысалы, еңбек ресурстарын дамыту орталығы ең нашар нұсқа бойынша бағалау жүргізді.

«Бүгінгі еңбек нарығындағы жағдайды ескере отырып, жалпы санмен айтсақ, егер жағдай нашарласа, онда шамамен 4,5 миллион адам жұмыс орындарын сақтап қалады. Бұл бірінші кезекте құрылыс, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау саласы», — деді министр.

Оның айтуынша, шамамен 2,5 млн адам қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Бұл тұрғыдан бұл көбіне жоғары білікті мамандарға қатысты. 2 млн-ға жуық адамға қатысты жұмыс уақыты қысқарады.

«Олар ақылы немесе ақы төленбейтін демалысқа кетуі мүмкін. Сонымен қатар егер өткендегідей қатаң карантин болса, онда тағы 160 мыңға жуық адам жұмыстан шығарылып, жұмыссыз қалуы мүмкін», — деді Еңбек министрлігінің басшысы.

Ол еңбек нарығын талдағаннан кейін, көктемгі локдаун жұмыссыздық деңгейіне айтарлықтай әсер етпегені белгілі болғанын, өйткені ол жұмыс уақытының қысқаруына көбірек әсер еткенін атап өтті.

Бүгінде ресми статистика бойынша жұмыссыздық деңгейі 5%-ға жетті. Бұл 454 мың адам. Бірақ тағы бір көрсеткіш бар, атап айтқанда, жұмыспен қамтылмаған адамдарға қатысты. Олар жұмыстан шығарылмаған, бірақ жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ – 536 мың, яғни миллионға жуық адам белсенді жұмыспен қамтылмаған.

«Бұл біздің еңбек ресурстары орталығының бағалауымен бір жерде түйіндеседі. Егер сәуір-мамыр айларында болғандай қатаң карантин болса, онда еңбек нарығында осындай салдарлар болады. Қазір белсенді жұмыспен қамтылмаған азаматтардың жұмыссыздар пулына көшуі мүмкін болса, онда болжам 5-6% құрайды», — деп атап өтті Б. Нұрымбетов.

Зейнет жасы төмендей ме?

Министрдің айтуынша, кез келген елде зейнетке шығу жасын төмендету немесе арттыру мәселелері бір түнде шешілмейді. Ол әрдайым экономикалық, демографиялық факторларды, жұмыс істейтін халық пен зейнеткерлердің арақатынасын ескере отырып, зерттеулерге, ұзақ мерзімді болжамдарға негізделуі керек. Халықтың қартаю динамикасы да ескеріледі.

Оның айтуынша, Қазақстанда үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді, яғни зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне байланысты.

Бұл — жасына байланысты зейнетақы, мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы төлемдері және жинақтаушы зейнетақы. Кез-келген түрдегі зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне байланысты, яғни еңбек өтілі неғұрлым көп болса, зейнетақы мөлшері соғұрлым жоғары болады. Еңбек нарығындағы жағдайды және халықтың қартаю динамикасын ескеру қажет.

«Мәселен, егер 10 жыл бұрын бізде зейнеткерлердің жұмыс істейтін халыққа арақатынасы 20%-ды құраса, яғни бір зейнеткерге жұмыс істейтін бес адам болса, қазір бұл көрсеткіш 30%-дан асты. Екінші жағынан, халықтың қартаюы біздің елге де қатысты, статистика бойынша бізде 65 жастан асқан азаматтардың саны мен үлесі 7%-дан асты – егер бес жыл бұрын 6,8% болса, қазір 7,7%. Мұндай үрдіс бүкіл әлемде орын алуда: АҚШ-та 16-17%, Еуропада 20%-дан астам, Ресейде 15,5%, яғни осы сәттердің барлығы басқа елдермен де ескеріледі. Қазіргі таңда әлемде барлық елдер керісінше зейнет жасын көтеруге ұмтылуда. Сондықтан осы факторларды және мен айтқан барлық көрсеткіштерді ескере отырып, бүгінгі күні Қазақстанда зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылмайды», — деп түсіндірді Б. Нұрымбетов.


Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз


Жаңалықтар тізбегі
25 Қараша 2020, 17:24
Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті
25 Қараша 2020, 16:54
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 қарашадағы №783 Қаулысы
25 Қараша 2020, 16:43
Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезіне қатысты
25 Қараша 2020, 16:42
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 қарашадағы №779 Қаулысы
25 Қараша 2020, 16:39
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 18 қарашадағы №770 Қаулысы
25 Қараша 2020, 16:35
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 17 қарашадағы №769 Қаулысы
24 Қараша 2020, 19:53
ЖЭК дамыту және процестерді цифрландыру — ҚР Президентінің энергетика саласын дамыту жөніндегі тапсырмалары қалай іске асырылуда
24 Қараша 2020, 18:45
Нұрсұлтан Назарбаев «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пяны қабылдады
24 Қараша 2020, 17:40
Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті
24 Қараша 2020, 16:13
ЕАЭО нарығы, өнеркәсіптік кооперация және тауар айналымы: Қазақстан экономикалық интеграция жүйесінде қалай дамуда
24 Қараша 2020, 14:07
ҚР Үкіметінің отырысы, 24.11.2020
24 Қараша 2020, 12:11
Қазақстанда орманды алқаптарда 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады - ЭГТРМ
24 Қараша 2020, 11:47
Е. Тоғжанов COVID-19 қарсы отандық вакцина шығаратын зауыттың салыну барысымен танысты
24 Қараша 2020, 11:36
Соңғы 5 жылда ҚР-да 1 334 км магистральдық газ құбыры және 20 мың км астам тарату желілері салынды 
24 Қараша 2020, 10:01
А. Мамин: елдегі экологиялық ахуалды жақсарту — Үкіметтің басым міндеті
24 Қараша 2020, 09:39
Үкіметте елді мекендерді газдандыру мәселесі қаралды
23 Қараша 2020, 19:27
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин COVID-19 жөніндегі ВАК отырысын өткізді 
23 Қараша 2020, 18:29
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
23 Қараша 2020, 17:02
Электромобильдер өндірісі, жаңа зауыт және экспорттық нарықтарға шығу — Қазақстанның машина жасау саласын жаңа шынайылық жағдайында дамыту
23 Қараша 2020, 14:30
24 қараша күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
23 Қараша 2020, 14:21
Сенат депутаттарының шағын және орта бизнесті дамыту туралы сауалы
23 Қараша 2020, 13:46
Үкімет отандық бизнестің қызметінің жағдайын жақсарту шараларын қарастыруда
22 Қараша 2020, 09:58
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №87
21 Қараша 2020, 16:38
Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері Түркістан қаласында келіссөз өткізді
20 Қараша 2020, 18:25
Асқар Жамбакин ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі лауазымына тағайындалды
20 Қараша 2020, 16:09
Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік делегациямен кездесті
20 Қараша 2020, 13:40
Инновациялық технологиялар, электрондық құжаттама және шығындарды азайту: денсаулық сақтау саласында цифрландыру қалай дамуда
19 Қараша 2020, 20:20
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевті қабылдады
19 Қараша 2020, 18:49
Мемлекет басшысы «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы Ахметқал Медеуді қабылдады
19 Қараша 2020, 18:48
Елбасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовті қабылдады
19 Қараша 2020, 18:41
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады
19 Қараша 2020, 17:53
Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты
19 Қараша 2020, 17:19
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 13 қарашадағы №762 Қаулысы
18 Қараша 2020, 21:19
Қазақстан Президенті Шетелдік инвесторлар кеңесінің жиынына қатысты
18 Қараша 2020, 16:22
Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады
18 Қараша 2020, 14:44
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны қабылдады
17 Қараша 2020, 19:37
ВАК Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында COVID-19 таралуына жол бермеу жөнінде бірқатар шешім қабылдады  
17 Қараша 2020, 18:46
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 12 қарашадағы №760 Қаулысы
17 Қараша 2020, 18:38
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 12 қарашадағы №758 Қаулысы
17 Қараша 2020, 15:58
Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбайды қабылдады
17 Қараша 2020, 13:39
ҚР Үкіметінің отырысы, 17.11.2020
17 Қараша 2020, 13:29
Сатып алушы мобильді қосымша арқылы тауардың заңдылығын тексере алады — Е. Жамаубаев
17 Қараша 2020, 13:03
Қазақстан бірқатар тауарларды міндетті таңбалауды енгізуде — Б. Сұлтанов
17 Қараша 2020, 11:34
Қазақстан «цифрлық» жұмыспен қамту орталықтарының және сырттай мүгедектікті белгілеу форматына көшуде — ҚР ЕХӘҚМ
17 Қараша 2020, 11:19
Жыл соңына дейін онлайн режимінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер 90%-ға дейін жеткізіледі — ЦДИАӨМ
17 Қараша 2020, 10:02
Үкімет тауарларды таңбалау және қадағалау мәселелерін қарады
17 Қараша 2020, 09:48
2021 жылы қағаз анықтамаларды толығымен алып тастауымыз керек — А. Мамин
17 Қараша 2020, 08:50
Қазақстан Қырғызстанға COVID-19-бен күресу үшін медициналық бұйымдар жібереді
16 Қараша 2020, 18:46
Мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде кеңес өткізді
16 Қараша 2020, 17:03
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 11 қарашадағы №752 Қаулысы
Депутаттық сауал
© 2019 - 2020 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.