Роман Скляр республикалық автожолдардағы ТЖ мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар берді

Бүгін, 27 қаңтарда Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен республиканың автомобиль жолдарындағы төтенше жағдайлар мәселесі бойынша селекторлық кеңес өтті. 

Бұл мәселе бойынша ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев баяндама жасады, аймақтардағы жағдай туралы Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қалалары әкімдерінің орынбасарлары баяндады.

Бүгінгі күні республиканың автожолдарында 750 адам құтқарылды, оның ішінде 139 бала; 47 адам эвакуацияланды, оның ішінде 11 бала, 1,5 мыңнан астам техника қар құрсауынан шығарылды. 

ІІМ мәліметі бойынша республика бойынша авариялық-құтқару жұмыстарына 1644 адам мен 1153 бірлік техника жұмылдырылды. 

Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар автожолдарда 33 учаске жабық болып қалатынын айтты. Автожолдардың жабық учаскелерін тазалау үшін 442 бірлік қар тазалайтын техника жұмылдырылған.  

Кеңес қорытындысы бойынша Роман Скляр осы мәселеге үздіксіз мониторинг жүргізуді тапсырды. Бұл ретте, әкімдіктерге қар құрсауынан туындаған автожолдарды пайдаланушыларға тамақ беруді ұйымдастыру арқылы уақытылы орналастыру міндеті қойылды; жылыту пункттері медициналық қызметтермен, қажетті азық-түлік өнімдерімен және жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуі тиіс. 

Бұдан басқа, ұлттық экономика және ішкі істер министрліктеріне заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік материалдық резервті брондау және қар тазалау техникасын облыс әкімдіктеріне, Нұр-Сұлтан және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на беруді жеделдету тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу