2019 жылы әлеуметтік жауапкершілік аясында 1,2 млн жұмыскердің жалақысы көтерілді — ҚР ЕХӘҚМ 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов пен Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов еңбек қатынастарын реттеу шаралары туралы баяндады. 

Б. Нұрымбетовтың айтуынша, еңбек заңнамасын жетілдіру мақсатында еңбек мәселесі бойынша заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне енгізілді. Заң жобасында жұмыскерлерге лайықты еңбек жағдайларын жасау бөлігінде жұмыс берушілердің міндетімен жауапкершілігін арттыру, еңбек шарттарын электрондық форматқа аудару және т. б. мәселелер қарастырылған.

«Бүгінде елімізде жүргізіліп отырылған саясат халықтың әл-ауқатын және оның табысын көтеруге бағытталған. Осы мақсатта, биылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге ұлғайды», — деді Б. Нұрымбетов.

Жыл басынан бері әлеуметтік жауапкершілік аясында 203 мыңнан астам кәсіпорын 1,2 млн өз жұмыскерлерлерінің жалақысын 32%-ға көбейтті.

Қазіргі таңда, елімізде орташа жалақы 182 мың теңгені құрайды.

Сондай-ақ, Б. Нұрымбетов еңбек қатынастарын реттеудегі негізгі мәселелерге толығырақ тоқтап өтті. 

 

Еңбекақыны уақытылы төлеу

Жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі ерекше бақылауда.

Соңғы 3 жылда жалақы берешегінің өтелуі бойынша оң үрдіс байқалуда. Атап айтқанда, 2018 жылдың басымен салыстырғанда жалақы берешегі 34%-ға немесе 740 млн теңгеге төмендеді.

Жыл басынан берешекке жол берген кәсіпорын басшыларына 1 мың 200 ұйғарым беріліп, 136 млн теңгеге айыппұл салынды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 36 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалып, 5,1 млрд теңге ағымдағы берешегі өтелді. 
 

Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу

Еңбек тәуекелдері картасы аясында ағымдағы жылдың қараша айында мониторингпен 170 мыңнан астам жұмыскері бар тәуекел аймағында орналасқан 359 проблемалық кәсіпорын қамтылды.

Соңғы 7 жылда еңбек жанжалдарының саны 3 есеге төмендеді. Биыл республика бойынша 9 еңбек жанжалы орын алды. 

«Еңбек жанжалдарының алдын алудың маңызды құралдарының бірі – жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеу мүмкін болатын ұжымдық шарттар жасасу», — деді Б. Нұрымбетов.

Бүгінгі күні ірі және орта кәсіпорындардың 96,7%-ы ұжымдық шарттармен қамтылған.

 

Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындардағы жағдай

Қазіргі таңда, шетелдік жұмыс күшін тартатын 2 мың 200 кәсіпорын бар, оның ішіндеге қазақстандықтардың үлесі 96%-дан астамды құрайды. 

Қазақстандық және шетелдік жұмыскерлер арасында жалақы бойынша кемсітушілікке жол бермеу мақсатында еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп, шетелдік жұмыс күшін тартатын 95 кәсіпорынға қатысты тексеруді аяқтады.

Соның нәтижесінде, еңбек және көші-қон заңнамасын бұзу бойынша 930 факті анықталып, жойылды, 474 жергілікті және шетелдік жұмыскерлердің жалақысы сәйкестендірілді. Тексеру нәтижелері бойынша 681 рұқсаттама кері қайтарылды, 393 шетелдік жұмыскер елден шығарылды.

Бұдан қосымша, Министрлік заңнамалық актілерге түзетулер әзірледі, олар:

  • әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге және шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға жыл сайын тексеру жүргізуге;

  • жыл сайынғы квоталар көлемін, сондай-ақ жұмысшы мамандықтар бойынша шетелдік персоналды тартуды қысқартуға және үшінші және төртінші санат бойынша тартылатын шетелдік жұмыскерлерді қазақстандық кадрлармен ауыстыру бойынша жұмыс берушінің міндеттемелерін енгізуге бағытталған.

Бұл ретте, өңірлер әкімдіктеріне шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны еңбек нарығын жан-жақты зерделеуді жүргізгеннен кейін қалыптастыру және шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілердің кадрлардағы жергілікті қамтуды ұлғайтуды қамтамасыз ету тиіс.

 

Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету

Жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнуіне байланысты еңбек инспекторының талабы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі Ережелерді бұзғаны үшін 47 лауазымды адам атқарып отырған қызметінен босатылды. 11 құрал-жабдық, 2 өндірістік нысан және 7 ұйым жұмысы тоқтатылды. 820 іс құқық қорғау органдарына берілді, олар бойынша 116 қылмыстық іс қозғалды.

Бүгінгі күні 2 300 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі халықаралық және ұлттық стандарттарды (OHSAS 18001, МОТ-СУОТ) енгізді, 15 мың кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі Өндірістік кеңестер жұмыс істейді.

Осы жылдың маусым айында Женевада Министрлік Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен «нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша Меморандум жасасты, оның негізгі мақсаты – жазатайым оқиғалар мен зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарының санын қысқарту.

«Сондай-ақ, біз Үкімет бекіткен 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі жол картасы аясында жұмысты жалғастырамыз», — деді министр.

Кәсіподақтар федерациясы не ұсынады?

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов өз кезегінде еңбек қатынастарын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар туралы баяндама жасады. 

Е. Тоғжанов атап өткендей, бүгінде келімізде 112 958 ұжымдық келісімшарт жасалған, бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен ұйымдардың санынан 43,3% құрайды. 

Кәсіподақтар федерациясы ұсынады:

  1. ұжымдық келісімшарттар жасау мәселесін кәсіпорындар мен ұйымдарда, оның ішінде кәсіпорындарда шетелдік қатысумен өңірлік үшжақты комиссияларда тұрақты қарастыру тәжірибесін енгізу;

  2. меншік түріне қарамастан, барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда ұжымдық келісімшарттарды жасасудың міндеттілігін заңнамалық тұрғыдан бекіту мәселесін қарастыру. 

Еліміз бойынша кәсіпорындарда 15 мың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер жұмыс істеуде. Олардың 80%-дан астамы кәсіподақтардың бастамасымен құрылды. Сонымен қатар кәсіподақтардың 18 мың техникалық инспекторлары осы мәселе бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асырып отыр.

Бірлескен жұмыстардың арқасында бүгінде өндірістік жарақат динамикасының азайғаны байқалады. 2019 жылдың 10 айы ішінде 2018 жылмен салыстырғанда зардап шеккендер саны 13 %-ға, соның ішінде адам өліміне алып келген оқиғалар 23%-ға азайды.

Кәсіподақтар федерациясы еңбекті қорғау жүйесі өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталуы тиіс деп санайды және: 

  • кәсіпорындарда еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізуді;

  • еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау мәселелері бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларын күшейтуді;

  • ҚР Еңбек кодесінде өндірістік кеңестерді міндетті түрде құру нормаларын айқындауды;

  • өндірістердегі қайғылы жағдайлар мен кәсіби ауруларды бақылау мен есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды ұсынады. 

Сонымен қатар Е. Тоғжанов Кәсіподақтар федерациясының қарызды жұмыскерлерге қатысты ұстанымын жеткізді. Оның айтуынша, 

Қазақстанда соңғы жылдары аутстаффинг (қарызды еңбек) кеңінен қолданылып жүр.

«Жұмыспен қамтудың осы түрі көбінесе жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуына алып келеді. Көп жағдайда жалдамалы жұмысшылардың еңбегі штаттағы қызметкерлерге қарағанда аз төленеді. Оларға ұжымдық шарттардың күші жүрмейді. Ал өнеркәсіпте жазатайым оқиға болғанда, мұндай жұмысшылар қорғаусыз қалып, олардың өмірі мен денсаулығына келген зиян өтелмей қалып жатыр», — деді Е. Тоғжанов.

Бұл жағдайда негізгі өзекті мәселе – мемлекетімізде қарызды еңбек заңнамалық тұрғыдан реттелмеуі. Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары қарызды еңбек мәселелерін реттеу бойынша ҚР Заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерді.

Кәсіподақтар федерациясының позициясы:

  • ұжымдық келісімшарт шарттарының қарызды жұмыскерлерге таратылу мүмкіндігі; 

  • жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктеріне қойылатын талаптарды күшейту; 

Шектеу қою ұсынылады:

  • зиянды, қауіпті еңбек жағдайларында қарызды еңбекті қолдануға;

  • тұрақты жұмысты атқару үшін қарызды еңбекпен айналысатын жұмыскерді жалдауға.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, қарастырылып отырған мәселе Қазақстан Үкіметі үшін маңызды және әртүрлі алаңдарда белсенді талқылануда. Мәселен, ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасымен ағымдағы жылдың 23 қарашасында Қостанай қаласында үшжақты комиссияның отырысы өтті, онда еңбек қатынастарын реттеу мәселелері қаралды. Сонымен қатар, аталған мәселелер ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапарлары барысында да қозғалды. 

Б. Сапарбаев бұл мәселедегі ең бастысы еңбек даулары мен жанжалдардың алдын-алу екенін атап өтті. Жалақыны уақытылы төлеу және қысқартуды болдырмау үшін еңбек тәуекелі бойынша жол картасы жасалды. Осы карта негізінде әрбір әкімдік алдын-ала сақтық шараларын қабылдауы керек.

Сонымен бірге Б. Сапарбаев ұжымдық шарттарды жасасудың маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, бұл шарттардың орындалуын бақылау қажет. Әсіресе, жылдың аяғында ұжымдық шарттардың орындалуын талдау қажет, соның негізінде келесі жылға еңбек келісімшарттарын дайындау қажет.

Кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру қажет, олар да еңбек дауларына жауап беріп, жұмыс берушілермен тығыз өзара жұмыс істеуі тиіс. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу