Қазақстанда соңғы екі жылда республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру шамамен екі есе өсті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық ғылымды дамыту мәселесі қаралды. ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры К. Закарья баяндама жасады.

Үкімет басшысы барлық ғылыми қызметкерлерді кәсіби мереке – Ғылым күнімен құттықтады.

«Қазақстанда соңғы екі жылда республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру шамамен 2 есе өсті (2022 жылы шамамен 84 млрд теңгені құрады). Оның үстіне мемлекеттік қаржыны ғылыми жобаларға бөлу құзыреті ғалымдардың өздеріне берілген. Қазіргі кезде қазақстандық ғалымдардың ғылыми жұмыстары көбейіп келеді. Олардың зерттеу еңбектері елімізбен қатар, шет мемлекеттерде де лайықты бағаланып отыр», — деді Ә. Смайылов. 

Үкімет басшысының пікірінше, Қазақстанның коронавирус инфекциясына қарсы өз вакцинасы бар 6 елдің қатарында болуы отандық ғылымның әлеуеті қаншалықты зор екенін көрсетеді. Пандемия кезінде бұл вакцинаны көптеген азаматтарымыз салдырды, ол басқа елдерге де жіберілді.

«Біз ғылымға жаңа леп әкелген өз вакцинамызды мақтан тұтамыз! Бұл – шын мәнінде біздің ғалымдарымыздың үлкен жеңісі! Отандық ғылым халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға елеулі үлес қосуы тиіс. Ғылым саласындағы бағдарламалық құжаттардың барлығы осыған бағытталған», — деді ҚР Премьер-Министрі. 

Ғалымдарды қолдау, инфрақұрылымды дамыту, ғылымды ведомствоаралық үйлестіру жөніндегі кешенді шаралар «Цифрландыру, ғылым мен инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» атты ұлттық жобада қарастырылған. Ұлттық жобаны іске асыру ғалымдар мен олардың ғылыми жұмыстарының санын арттыруға, зерттеу институттарының жабдықтарын жаңартуға мүмкіндік береді.

Өткен жылдан бері жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тағылымдамадан өтеді. Жыл сайын «Жас ғалым» жобасы аясында 1000 грант бөлінеді. 

«Біз 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыруда жекеменшік қаржының үлесін 50%-ға дейін ұлғайтуымыз керек. АT, медициналық-биологиялық салаларда, агроөнеркәсіптік кешенде, «жасыл» технологияларда, тау-кен ғылымы мен металлургияда 5 ірі ғылыми-өндірістік орталық құрылады», — деді Ә. Смайылов.

ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібін дамыту мен жоғары технологиялық өндірістерді құруда ғылымның рөлі ерекше. Бұл еңбек өнімділігі мен халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді. 

Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелігін жақсарту үшін ауқымды жұмыс жүргізу керек. ҒЗИ мен университеттер, отандық индустрия мен бизнес тығыз байланыста болғанда ғана өндіріс дамиды. Халыққа нақты пайда әкеледі. 

Ең алдымен, ғылыми жаңалықтарға мұқтаж кәсіпорындарды анықтау үшін маркетинг жүйесін енгізу керек. Ғылым қоры өз жұмысын ғылыми ортаның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға бағыттауы тиіс. 

Осыған орай Ә. Смайылов Білім және ғылым министрлігіне биылғы 30 сәуірге дейін Қазақстан ғылымын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының қабылдануын қамтамасыз етуді, жас таланттарды іздеу және оларды ғылымға тарту механизмдерін пысықтауды, зерттеу әлеуеті жоғары ғалымдардың жаңа буынының ақпараттық базасын жасауды, Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе бере отырып, институционалдық трансформациялау шараларын қабылдауды тапсырды. 

«Сонымен қатар Ғылым қорының экономикалық тиімділігін арттыруға, ғылыми зерттеулерді капиталдандыруға, олардың инвестициялық тартымдылығын, барлық кезеңдегі ашықтығын арттыруға баса мән бере отырып, оның ребрендингін қамтамасыз ету керек», — деді Ә. Смайылов.

Бұған қоса, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының жобасына ғылымды қажет ететін өндірістерді, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруда ғылымның үлесі бойынша бөлімді қосып, оның нақты индикаторларын белгілеуді қамтамасыз ету тапсырылды.

«Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика министрліктерімен бірлесіп, ғылыми-техникалық кеңестер құруды және жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыруының орталықтандырылған механизмін енгізуді қамтамасыз ету керек», — деді ҚР Премьер-Министрі. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу