Қазақстанда тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді — Б. Атамқұлов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі тұрғын үй саясатына жаңа тәсілдер туралы мәселе қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғын үй саясатының тетіктерін жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Өз баяндамасында Б. Атамқұлов 2020 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынғанын, 140 мыңнан астам баспана пайдалануға берілгенін атап өтті.

Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 33,6%-ға өсіп, 2 трлн теңгені құрады. 

Мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестиция тартылды.

«38,4 мың отбасына мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 28 мың әлеуметтік тұрғын үй түрінде және 10,4 мың жеңілдетілген займ берілді. Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 17 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда – бұл 163 мың баспана», — деді Б. Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік инвестициялар есебінен кезекте тұрған 31,3 мың адамды қолдаумен қамту жоспарлануда.

22,5 мың әлеуметтік баспана салынып, сатып алынады және кезекте тұрғандарға 8,8 мың жеңілдетілген қарыздар беріледі.

«Кезектілік мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысы бұған дейін жергілікті атқарушы органдардағы тұрғын үй кезектілігін бере отырып, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде «Отбасы банк» толыққанды даму және қолдау институтын құруды тапсырған болатын. «Отбасы банк» жұмысының негізгі қағидаты, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады», — деді Б. Атамқұлов.

«Отбасы банк» базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық» құрылады, ол тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алуды, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділік сатысына сәйкес тұрғын үйді кезекке қою күні бойынша бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын болады.

«Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының» базасы жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорларымен интеграцияланатын болады.

Сонымен қатар, министр атап өткендей, базаға қайта енгізуге жол берілмейді, азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға бір рет қана қатыса алады.

Жалдау ақысын субсидиялау тетігін іске асыру үшін «Отбасы банк» өкілеттіктерін күшейту ұсынылады.

Бұл механизмде сондай-ақ жалға берілетін тұрғын үй пулдарын қалыптастыратын, тұрғын үй қорын басқаратын және жалға алушылармен шарттар жасасатын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторын іске қосу ұсынылады.

Бұдан басқа, жеке тұрғын үй қорының жалдау ақысынан 21 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жалға алу ақысын субсидиялау ұсынылады.

«Тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын 50 мыңға дейін өсуде және бүгінгі күні 548 мың адамды құрайды», — деді Б. Атамқұлов.

Кезектегі көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары, табысы отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі бір күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда, тұрғын үймен қамтамасыз ету жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы жүзеге асыру ұсынылады. 

Мемлекеттік қызметкерлер, бюджет қызметкерлері, толық емес отбасылар және басқа да кезекте тұрған азаматтардың табыс көлемі ең төменгі бір күнкөріс деңгейінен жоғары. Азаматтардың бұл санаты жаңа тұрғын үйге жеңілдетілген қарыз алу арқылы тұрғын үй сатып алатын болады.

2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу тапсырмасын орындау шеңберінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында белгіленген баға параметрлері бойынша салынып жатқан тұрғын үй көлемінің 50%-ын беру шартымен жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік нысандар және тұрғын үйлер салу үшін құрылыс салушының өз қаражаты есебінен жер учаскелерін алу құқығын беру ұсынылады.

Сондай-ақ, бұл нысандар құрылыс салушының өз учаскелерінде салынған жағдайда, балама жер учаскелерін беру немесе құрылыс салушының шығындарын өтеу ұсынылып отыр. 

Бұл ретте, тұрғын үй салу үшін жер учаскелері жер учаскесін немесе оны жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу қағидаларына сәйкес берілетін болады. Бұл объектілерді құрылыс салушының өз учаскелерінде салған жағдайда, балама жер учаскелерін беру немесе құрылыс салушының шығындарын өтеу ұсынылады.

Сондай-ақ, министрлік тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша қосымша шараларды ұсынады:

  • жалға берілетін тұрғын үй пулын қалыптастыру және жылжымайтын мүліктің жеке әлеуметтік қорларын құруды ынталандыру;
  • нарықтық қорландыруды (халықтың депозиттері, зейнетақы жинақтары) тарту және қарыз бойынша шығыстарды субсидиялау;
  • жеке құрылыс салушыларды жобалық қаржыландыру тетігін енгізу;
  • үлестік құрылыс бойынша құрылыс компанияларының рейтингін енгізу;
  • жосықсыз құрылыс салушылардың жауапкершілігін қатаңдату.

«Барлық шаралар қабылданған жағдайда еліміздің барлық өңірлерінде қосымша 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 28 мың пәтер салынатын болады», — деді Б. Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, тұрғын үй құрылысына инвестициялар қосымша 300 млрд теңгені құрайды. Бұл 55 мың жұмыс орнын құруға, 40 млрд теңгеге салық түсімдерін қамтамасыз етуге және  тауарлар өндіру, жұмыстар мен қызметтер көрсету бойынша аралас салаларында шамамен 530 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Б. Атамқұлов қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігіне назар аударды.

Бұл бағытта қазіргі уақытта министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасының тұжырымдамасын дайындады және ол ағымдағы жылғы 5 ақпанда ведомство аралық комиссиямен мақұлданды.

Заң жобасы әзірленіп, сараптама алуға жолданды, барлық келісу рәсімдерін жүргізгеннен кейін заң жобасы ағымдағы жылдың сәуір айында белгіленген тәртіппен Үкіметке енгізілетін болады.

Жеңілдікпен несие беру тетіктері және үлестік құрылыс саласындағы жосықсыз құрылыс салушылар туралы

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов та өңірлерде қаржыландыру көлемінің ұлғаюына назар аударды.     

А. Әріпхановтың айтуынша, кредиттік тұрғын үй құрылысы бойынша әкімдіктер айналымында қазір 387 млрд теңге бар.

Құрылыс көлемін ұлғайту үшін Бірыңғай оператор нарық жағдайында қосымша 61 млрд теңге тарта алады.

«Тартылатын қорландыру қаражатты ағымдағы көлемдермен микширлеуге бағытталатын болады, бұл әкімдіктердің облигацияларын жылдық 4,25% бірыңғай мөлшерлеме бойынша сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл қаражат айналымын 448,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға, 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салуға мүмкіндік береді», — деді А. Әріпханов. 

Ағымдағы жылы нарық жағдайында барлығы 300 млрд теңге тарту жоспарлануда.

Әлеуетті инвесторлар ретінде коммерциялық банктер, сақтандыру және қаржы ұйымдары ішкі және ресейлік нарықтарда қарастырылады.

1-тоқсанда Еуразиялық даму банкімен және Ресей Сбербанкімен келіссөздер аяқталады.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, қосымша, еркін кепілдік базасының болмауына байланысты банктерден коммерциялық кредиттер ала алмайтын қаржылық тұрақты құрылыс салушыларды қолдау үшін жобалық қаржыландыру тетігін енгізу ұсынылады.

Сонымен қатар А. Әріпханов табысы бір айлық есептік көрсеткішінен төмен кезекте тұрғандар үшін жеке жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау тетігін енгізу туралы айтты, бұл туралы жоғарыда Б. Атамқұлов баяндады. Оның айтуынша, ол үшін Бірыңғай оператор жеке құрылыс салушылармен оффтейк-келісімшарттар жасап, тұрғын үй пулдарын қалыптастырып,  кезекте тұрғандарға сатып алу құқығынсыз жалға береді және ай сайынғы жалдау төлемдерін субсидиялайтын болады.

Механизмді іске қосу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айтқан заңнамалық өзгерістер қажет.

Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша қазір жеке құрылыс салушыларда 31,2 мың пәтерге, әкімдіктерде 188 мың пәтерге бос жер учаскелері бар.

Сондай-ақ жосықсыз құрылыс салушылардың үлестік тұрғын үй құрылысы саласындағы заңнаманы бұзуы жеке проблема болып отыр.

Өткен 2 жылда осындай 123 компания анықталды.

«Қаржылық тұрақсыз компаниялар сапалы және арзан тұрғын үйге уәде бере отырып, әр түрлі кооперативтер, одақтар, жарналар арқылы халықтың салымдарын ашық түрде тартады. Сонымен қатар, бұл жағдайда құрылыстың аяқталуына ешкім кепілдік бермейді», — деді А. Әріпханов. 

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ бұл бағытта қолданыстағы екі тәсілді ғана сақтауды ұсынады: кепілдік беру тетігін және ЕДБ арқылы жобалық қаржыландыру.

А. Әріпханов атап өткендей, бұл ретте, халықтың қаражатын тартуға құқылы құрылыс компанияларының қарапайым және барлығына түсінікті рейтингін енгізу қажет.

Принцип келесідей — қаржылық тұрғыдан орнықты компаниялар үшін кепілдендірудің қолданыстағы тетігі сақталады.

Рейтингі төмен компаниялар үшін Бірыңғай оператор белгіленген бағалар бойынша халықтан үлестік салымдарды тікелей тартатын және арнайы эскроу-шоттағы қаражаттың сақталуын қамтамасыз ететін болады.

Өз кезегінде коммерциялық банктер халыққа салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға қосымша кепілсіз ипотека бере алады.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова өз кезегінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шаралары туралы хабардар етті.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде 2019 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде жасалған шарттардың саны 407 мыңнан 486 мыңға дейін, яғни 19%-ға өсті. Осы кезеңде жүйеге қатысушылар саны 1553 мыңнан 1 862 мыңға дейін, немесе 20%-ға өсті.

Мемлекеттік бағдарлама іске асырылып басталғаннан бері «Отбасы банкіне» тұрғын үй заемдарын беруге 310 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2020 жылдың тамыз айында «Шаңырақ» бағдарламасына 90 млрд теңге бөлінді. Ағымдағы жылы 202 млрд теңге, оның ішінде наурыз айында «Шаңырақ» бағдарламасына 120 млрд теңге алу жоспарланып отыр.

Л. Ибрагимова атап өткендей, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы ахуал келесідей.

Мемлекеттік бағдарлама іске асырылған сәттен бастап сомасы 337,5 млрд теңгені құрайтын 35 049 заем берілді. Оның ішінде кредиттік тұрғын үйді іске асыру шеңберінде 165,9 млрд теңге сомасына 19 085 заем берілді. «Бақытты отбасы» бағыты бойынша 97,2 млрд теңге сомаға 9 488 заем берілді. «Шаңырақ» пилоттық жобасы бойынша 74,5 млрд теңге сомаға 6 476 займ берілді.

01.02.2021 ж. жағдай бойынша кезекте тұрған 237,6 мың адамның банкте 143 млрд теңгеге салымдары бар.

Оның ішінде 188 мыңы (79%) тұрғын үйге қаржысын жинақтай бастады және жинақтары бар. Кезекте тұрғандар жинақтарының орташа сомасы - 601 мың теңгеден астам. Жыл сайын кезекте тұрған 30 мыңға жуық адам салымдарын ашады.

Банкте 32,7 мың кезекте тұрғандардың несиелері бар.

Сонымен қатар Л. Ибрагимова ңа азаматтарды есепке ала отырып, олардың есебін орталықтандырылған жүйемен жүргізуді көздейтін жаңа тәсілге назар аударды.

Барлық деректерді шоғырландыру (мемлекеттік органдардың 17 базасын ескере отырып) тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың отбасы портретін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тұрғын үй мәселелерін кешенді шешуге, тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді.

«Барлық процестерді автоматтандыру адам факторын болдырмайды және азаматтарды есепке алу мен тұрғын үйді бөлудің ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етеді», — деді Л. Ибрагимова.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер пакеті дайындалды.

Баспана жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері

Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелеріне мынадай өзгерістер енгізу ұсынылады: 

  • тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ТҚЖ салымдарын мемлекеттік сыйлықақыны есептемей-ақ толықтыру мақсатында пайдалану мақсаттарын толықтыру;
  • Ережелердің  2-тарауының 5-тармағының 1) және 3) тармақшаларында жеке тұрғын үй құрылысына байланыстырмай, «нысаналы мақсаты бар жер телімін сатып алу – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық» мақсатын бөлек бөлу.

Мемлекеттік Деректер қорына қосылу мәртебесі туралы айтатын болсақ, Л. Ибрагимованың айтуынша, жүйе мемлекеттік органдар базаларымен бірігу шеңберінде тестілеуден өтті және 6 база бойынша сервистер өнеркәсіптік пайдалануға дайын. 4 базалық қызметтер тестілеу кезеңінде.

Бұл ретте, бүгінгі күні 7 базаға өтініш берушінің келісімімен ғана қосылуға болады.

Сонымен қатар «Отбасы банк» жеке құрылыс салушылармен ынтымақтастығын нығайтуда.

Бүгінде жеке  құрылыс салушылардың жылжымайтын мүлік бағасын өсіруіне жол бермеу мақсатында  Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында белгілі бір баға санатында пилоттық жобаны іске қосу ұсынылады.

Қазіргі таңда зейнетақы төлемдерін пайдалану бойынша көрсеткіштер келесідей.

Келіп түскен өтінімдердің ең көп үлесі:

  • Ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу – 35 мыңнан астам өтінім; 
  • Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу – 28 мыңнан астам өтінім; 
  • Туысқа жинақтарды беру – 20 мыңнан астам өтінім; 
  • Қалғандары – 13 мыңнан астам өтінім. 

20201 жылғы 19 ақпандағы жағдай бойынша:

  • БЖЗҚ-ға 564 млрд теңге сомасына 98 мың өтінім жіберілді;
  • 145 млрд теңге сомасына 28 мың өтінім жүзеге асты;  
  • Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар пакеті дайындалды. 

Тұрғын үй нарығындағы жағдай

«2020 жылы нарықта тұрғын үйді сатып алу-сатудың 307 884 мәмілесі жасалды. 19.02.2021 ж. жағдай бойынша БЖЗҚ-ға тұрғын үй сатып алуға байланысты мақсаттарға 32,9 мың өтінім жіберілді», — деді Л. Ибрагимова.

Халықтың тұрғын үй мәселелерін шешуге қолжетімділікті арттыру мақсатында төмендегідей ұсыныстар жасалды және қолдау тапты: 

  • салымшылардың тұрғын үй құрылыс жинақтарын толтыру үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану мүмкіндігі бағытында; 
  • жер учаскесін алу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланудың жеке мақсат ретінде бөлу бағытында. 

Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үй саясатын іске асыру туралы

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов атап өткендей, ағымдағы жылы 112% өсіммен 582,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оған 34,2 млрд теңге қарастырылған, оның 20,5 млрд теңгесі — республикалық бюджет есебінен. 

«Біз жеке құрылыс салушылар арқылы 59 мың шаршы метр бір қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз (оффтейк-келісімшарттар). Жаңа үйлер кейін «Нұрлы жер» бағалық параметрлерімен сатып алынады», — деді Д. Ахметов.

Жеке инвестициялар есебінен көп қабатты тұрғын үйлер құрылысын ынталандыру үшін, облыста жаңа механизм әзірленді, ол бойынша мемлекеттік қаражат – 25%, жеке инвестициялар 75% құрайды.

Осы механизм бойынша ағымдағы жылы 34 млрд теңге сомасына, жалпы ауданы 262 мың шаршы метр 42 көп пәтерлі үйдің құрылысы басталады.

«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша, жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 117 пәтер сатылды. Жыл соңына дейін 458 пәтер сатылатын болады.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша, ағымдағы жылы 254 пәтерге 2,5 млрд теңге  қарыз лимиті қарастырылған.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша, екінші деңгейдегі банктер 14 млрд теңге сомасына 1 466 өтінімді мақұлдады.

«Облыс ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған тұрғын үй саясатына жаңа тәсілдерді енгізуді қолдайды, бұл тұтас алғанда бүкіл құрылыс саласының дамуына елеулі мультипликативтік әсер береді»,— деді Д. Ахметов.

Қарағанды облысында тұрғын үй саясатын іске асыру туралы

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыста 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 26%-ға артық. Оның ішінде коммерциялық тұрғын үй — 44,4%, бюджеттік тұрғын үй — 27,7%, жеке тұрғын үй — 27,8%.

6,5 мыңға жуық отбасы өздерінің баспана жағдайларын жақсартты. Оның ішінде әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрған 2,5 мың азамат үй алды.

Жалпы, өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 21,0 млрд теңге бөлінді.

Жалға берілетін тұрғын үй құрылысына тек жергілікті бюджет қаражаты есебінен 4,2 млрд теңге бөлінді. 

Қабылданған шаралар есебінен жергілікті бюджеттен қосымша 300 пәтер берілді.

Әлеуметтік жалға берілетін және несиелік тұрғын үй беру қарқыны бір жылда 40%-ға өсті.

«2021 жылы 3 мыңнан астам отбасын, оның ішінде 600 көп балалы отбасын жалға берілетін және кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 25%-ға көп, яғни 662 мың  шаршы метрден астам тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз», — деді Ж. Қасымбек.

Әкімнің айтуынша, коммерциялық тұрғын үй үлесі 50%-ға дейін өседі және осы жылы 330 мың шаршы метрден астам осындай тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. 

«Жер учаскелерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы облыс үшін рекордтық қаражат бөлінді.  Егер 2017-2020 жылдары 6,3 млрд теңге бөлінсе, биыл 5 млрд теңге қарастырылған. Республикалық бюджетті нақтылауға қосымша 800 млн теңге өтініш берілді»,— деді Ж. Қасымбек.

Оның айтуынша, жобаларды іске асыру қорытындылары бойынша 2 мың жер учаскесі инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады.

Әкім сонымен қатар өңірдің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған келесі қосымша шараларды қолдайтынын айтты. 

Сонымен қатар, Ж. Қасымбек Қарағанды облысы бойынша 1 шаршы метрдің құны 180 мың теңгеден асқан жағдайда, мемлекеттік бюджет есебінен құнын арттыруды субсидиялау мүмкіндігін қарастыру немесе Қарағанды облысында «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» үшін тұрғын үй сатып алудың бағалық шегін ұлғайту ұсынылатынын айтты. 

«Жалпы, бұл шаралар тұрғын үй құрылысын дамытуға жаңа серпін беріп, мұқтаж азаматтардың көпшілігін қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етеді»,— деді Ж. Қасымбек.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр тұрғын үй саясаты мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін және баяндамашылардың ұсыныстарының тұрғын үйдің, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

«Қабылданып жатқан шаралардың арқасында ел экономикасының өсуіне оң әсер ететін құрылыс индустриясының жандануын болжаймыз. Қажетті құқықтық өзгерістер, сондай-ақ Үкіметтің ұзақ мерзімді жоспарларын ұлттық жобаға айналдыру қарастырылған», — деді Р. Скляр.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу