Қазақстанда әлеуметтік маңызды тауарлардың бағаларына мониторинг жүргізудің бірыңғай онлайн платформасы құрылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызды тауарларға бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. 

ҚР сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, ҚР ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров азық-түлік тауарларының қазіргі бағалары, тұрақтандыру қорларының қызметі және бағалардың өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов өңірлердегі жұмыстар туралы баяндады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және ұстап тұру, олардың өсу себептерін біртіндеп жою мақсатында осы жылдың 16 тамызында күшіне енген шаралар кешені әзірленді. Олардың ішінде — отандық тауар өндірушілердің тауарларды барлық сауда нысандарына орналастыра алу мүмкіндігі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан аспайтын мөлшерде бекіту және жеткізушілерден қосымша ақы алуға тыйым салу, 4 негізгі тауарлық позицияға (пияз, картоп, сәбіз, қырыққабат) бағаның маусымдық өсуіне жол бермеу. Сонымен қатар, өңірлер көтерме-тарату сауда орталықтарының, сауда объектілерінің құрылысын және нарықтарды жаңғыртуды қамтамасыз етеді.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Ақордада өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұру мәселесінің маңыздылығын атап өткенін айтты.

«Әкімдер баға өсіміне жол бермеу мәселесін ерекше бақылауда ұстауы қажет және күн сайын мониторинг жүргізіп, жедел шараларды қабылдауы тиіс», — деді Асқар Мамин. Әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік өңірлік ережелерін бекіту жұмыстарын жеделдету және тұрақтандыру қорларында өнімдерді сатып алуға алдын ала кірісу тапсырылды. Сатып алулар интервенцияларын жүзеге асыру үшін ӘКК шоттары мен депозиттерінде 3,7 млрд теңге бар.

Тұрақтандыру қорлары жұмысының тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында, ҚР Премьер-Министрі атап өткендей, тұрақтандыру қорларының қызметіне тексеру жүргізу, олардың жұмысын қайта құру және тауарлық интервенциялар үшін сатып алуды жедел жүргізу қажет. Сондай-ақ, аса әлеуметтік маңызы бар 10 өнімді шығару бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Бұл бағаны ұстап тұрудың маңызды факторы болады.

Министрлер кабинетінің басшысы ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қысқа мерзім ішінде бірыңғай онлайн платформаның әзірленуін қамтамасыз етуді тапсырды. Аталған жүйенің көмегімен азаматтар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын өңірлер мен нақты дүкендер тұрғысынан онлайн режимінде қадағалап, сонымен қатар баға мониторингіне тікелей қатыса алады.


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу