Қазақстанда нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен нашақорлыққа қарсы күрес айлығының ресми ашылуы өтті. Шара 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылды.

Жиынға ішкі істер вице-министрі Ержан Сәденов, орталық және жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен волонтерлер қатысты. 

Айлықтың басты міндеті – қоғамды біріктіріп, есірткіге қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру. Олардың барлығы салауатты өмір салтын насихаттауға, халықтың есірткі зияны жөнінде хабардарлығын арттыруға және балалардың, жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын сақтауда алдын алу жұмысының маңыздылығын түсінуге бағытталған. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретінін атап өтті. Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. 11 мамырда біз Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жол картасын бекіттік. Алдын алу – нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жүйесіндегі ең басты элемент. Күш біріктірудің арқасында біз өскелең ұрпаққа оң ықпал етіп, салауатты болашақты қамтамасыз ететінімізге сенімдімін», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Шарада сөз сөйлеген Ержан Сәденов есірткімен күрес бойынша Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталып, олардың нәтижесімен бөлісті. 

«Елімізде жыл басынан бері барлығы есірткіге қатысы бар 1 400 құқық бұзушы ұсталды. 600-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық және 1 800-ге жуық қылмыстық әрекет анықталды. Сондай-ақ заңсыз айналымнан екі тоннаға жуық есірткі заты тәркіленді», — деді вице-министр Ержан Сәденов. 

Есірткіге қарсы айлықты өткізу барлық азаматтарды, олардың ішінде кәмелетке толмағандар мен жастарды алдын алу іс-шараларымен кеңінен қамтуға бағытталған.

Есірткіні тұтынудың алдын алудың өзекті және проблемалық мәселелері бойынша педагогтармен, психологтармен, педиатрлармен, ата-аналармен семинар-кеңестер мен дәрістер өткізу жоспарланған.

Айта кету керек, бұл іс-шаралардың барлығы 26 мамыр мен 26 маусым аралығында еліміздің барлық өңірін толық қамтитын болады.

Соңында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша қоғам, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған семинар-тренинг өткізілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу