Индустрияландыру картасы аясында Қазақстанда 12 мың жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Индустрияландыру картасы жобаларының іске асырылу барысы қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 2025 жылға қарай 1,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Нақты көлем индексі (НКИ) жыл сайын орташа 4,2%-ға өсіп, заттай көріністе 13,1-ден 19,7 трлн теңгеге артады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, биыл 8 айдың қорытындысында нақты көлем индексі 5,8%-ды құрады.

Фармацевтика өнеркәсібі – 140,8%, машина жасау – 123,9% және құрылыс материалдары өндірісі – 111,6% өсімді көрсетті.

Өндіріс көлемін ұлғайту бойынша қойылған мақсатқа жетуде Индустрияландыру картасы жобаларының үлесі зор. 

«2021 жылы өңірлер жалпы сомасы 1,23 трлн теңге болатын 128 жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. 12 мың жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобалардың ең көбі Шымкент қаласында – 17 жоба, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында – 14 жобадан», — деді Б. Атамқұлов.

128 жобаның 107-сі өңдеу өнеркәсібіне, 15-і энергетика саласына және 6 жоба басқа да салаларға жатады.

Өңдеу өнеркәсібінде жалпы сомасы 923,2 млрд теңгеге 107 жобаны іске қосу жоспарланған.

Жобалардың ең көп саны: тамақ өнеркәсібі, металлургия, машина жасау және құрылыс индустриясы салаларында. 

Сонымен қатар 670 млрд теңгеден астам инвестицияның негізгі үлесін металлургия жобалары қамтамасыз етеді.

Елдегі құрылыс индустриясының өсуі салаға бағытталған инвестициялардың артуына ықпал етті. Бұл үрдіс құрылыс материалдары бағасының тұрақтануына оң әсер етеді. Арнайы экономикалық аймақтарда (АЭА) биыл 27,7 млрд теңгеге 15 жоба іске асырылып, 842 жұмыс орны ашылады. Бұл аймақтарды жобалармен толтырады. 

Инвестиция тарту жағынан 2 өңір көш басында тұр.

1) Шығыс Қазақстан облысында инвестиция көлемі 469,7 млрд теңге болатын 14 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

2) Қарағанды облысында 14 жоба іске асырылмақ. Инвестиция көлемі – 230,2 млрд теңге.

Қыркүйек айындағы жағдай бойынша жалпы сомасы 296 млрд теңге болатын 28 жоба пайдалануға берілді. 3,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. 

«Жобалардың дайындығы 9 өңірде 80%-дан жоғары. 6 өңірде қарқын орташа. 2 өңірде жобаларды пайдалануға беру кешігіп жатыр. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында индустриялық жобаларға салынатын инвестициялар көлемінің қала экономикасына қатысы шамалы. Сондай-ақ Ақмола облысындағы жобаларға салынған инвестициялар 2020 жылғы 42 млрд теңге болса, биыл 3,9 млрд теңгеге дейін түскен. Яғни, 10 есе төмендеген.Бұл өңірлер жұмысты жандандыруы қажет», — деді министр.

Пайдалануға берілген жобалардың ішінде мынадай ірі жобаларды атап өтуге болады.

Бірінші жоба – Қарағанды облысында «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да жұмыс істеп тұрған өндірісті жаңғырту және байыту фабрикасының құрылысы. Кәсіпорынды жаңғырту қорғасын-мырыш кенін өндіру көлемін 2,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорын бірқатар инновациялық әзірлемелерді енгізіп, бірыңғай ақпараттық деректер қорын құрды. Бұл өндірістік-экономикалық қызметті бірнеше жылға алдын ала модельдеуге және жоспарлауға, сондай-ақ адами факторды болдырмай, жедел шешімдер қабылдауды күшейтеді. 

Екінші жоба – «Петропавл электр техникалық зауыты» ЖШС трансформаторлар өндірісі. Бұл Алагеум тобындағы 4-ші ірі зауыт. Кәсіпорынды іске қосу отандық трансформаторлар өндірісін жылына 44 мың қуатқа қол жеткізіп, 40%-ға арттырады. Бұл ретте, экспорт жылына 25 мың бірлікке жетеді.

Үшінші жоба – Саран қаласындағы қуаты жылына 1200 бірлікті құрайтын «QazTehna» ЖШС Yutong жолаушылар автобустарын шығару. Жоба іске асырыла бастаған кезде жергіліктендіру деңгейі 29% болды.

«2021 жылғы маусымда шағын торапты өндіру әдісі (CKD) пайдалануға берілді. Бұл кейбір модельдердің оқшаулауын 40%-ға дейін арттырады. Келешекте Саран қаласында шина зауыты іске қосылса және отандық аккумуляторларды пайдаланғанда, оқшаулау деңгейі 50%-ға дейін жетуі тиіс. Бұл автобустар Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп өткізілетін “Балаларды мектеп автобустарымен тасымалдауды ұйымдастыру” жол картасы шеңберінде пайдаланылады», — деді Б. Атамқұлов.

Жыл соңына дейін келесі жобаларды пайдалануға беру жоспарланған:

Бірінші. Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кен байыту комбинатын кеңейту жөніндегі жоба. Бұл сульфидті кенді қайта өңдеу қуатын жылына 2 есеге, яғни 50 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, ал мыс өндірісін 90%-ға арттырып, жылына 190 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. 

Кәсіпорын кен өндіруден бастап өнім шығаруға дейінгі барлық тау-кен өндірістік процесінің цифрлық мониторинг жүйесін енгізді. Цифрландыру өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға және кәсіпорын жұмысын оңтайландыруға ықпал етеді. 

Екінші. Шымкент қаласында алюминий банкілерін өндіру бойынша Қазақстандағы алғашқы жоба. 

«Қазір біз жылына 700 млн алюминий банкілерін импорттаймыз. Осы жобаны іске асыру тамақ өнеркәсібінің ішкі қажеттілігін 65% қамтамасыз етеді», — деді индустрия министрі.

Үшінші. Қарағанды облысында Сарыарқа ферроқорытпа зауытын салу жобасы – «Qaz Carbon» ЖШС. Кәсіпорын жоғары сапалы ферроқорытпалар мен агломерат марганецтерін алу үшін инновациялық технологияларды пайдаланады. Шығарылатын өнім толығымен экспортқа бағытталған.

128 жобаның толық қуатына шығуы ел экономикасының одан әрі дамуына оң серпін береді. Өндіріс көлемі шамамен 1 трлн теңгені құрайды.

Экспорттық әлеует $800 млн құрайды. Ауылдық жерлерде 5,5 мың, ал моноқалаларда 1,6 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Алдағы уақытта Министрлік өңірлердегі жобаларға мониторинг жүргізеді.

Осылайша, Индустрияландыру картасының жобаларын іске асыру шеңберінде өңірлерге:

  • Индустрияландыру картасы жобаларын уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуге міндетті;
  • өңдеуші өнеркәсіп жобаларына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жандандыру;
  • өңдеуші өнеркәсіп өндірісі көлемдерінің өсуін қамтамасыз ету;
  • инвестициялық жобаларды іске асыруға отандық тауар өндірушілерді тарта отырып, өңдеуші өнеркәсіп өндірісі көлемдерінің өсуін қамтамасыз ету.

Өз кезегінде ҚР энергетика министрі М. Мырзағалиев Индустрияландыру картасын іске асыру шеңберінде Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, отын-энергетика кешені саласында 4,5 трлн теңге құрайтын 19 жобаны іске асырып жатқанын айтты.

Республикалық картада 4,3 трлн тг сомасына 3 жоба көзделген. Бұл жобалар аясында шамамен 12 550 жұмыс орны құрылады. Оның ішінде құрылыс кезеңінде 10 900 адам және пайдалану кезеңінде 1 650 адам жұмыспен қамтылатын болады. 

Сондай-ақ Өңірлік картада 200 млрд теңге сомасына 16 жоба көзделген. Бұл жерде 3 000 жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, құрылыс кезеңінде 2 550 адамды және пайдалану кезеңінде 450 жуық адамды жұмыспен қамту көзделген.

Бүгінгі таңда 1 жоба салынып бітті. Оның жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құрады. 15 жоба іске асырылып жатыр. Олардың жалпы сомасы – 198,6 млрд теңгеге жуық. Оның ішінде 14 жобаны биыл жүзеге асыру жоспарланып отыр. 1 жобаны іске асыру 2022 жылға жоспарланған.

«Биылғы 28 шілдеде Шымкент қаласында қуаты жылына 57 мың тонна болатын бензинге арналған октан көтеретін қоспа шығаратын зауыт пайдалануға берілді. Жобаның құны 25 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда зауытта 350 адам жұмыс істейді. Жоба бензиннің сапасын арттыруға бағытталған. Бұл бензиндегі күкірттің үлесін төмендетуге, тиісінше оның қоршаған ортаға шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді», — деді М. Мырзағалиев.

Бұдан басқа, шет елдерден жеткізілетін осы өнімнің импорты төмендейді.

Келесі кезең бойынша қуаты жылына 81 мың тонна полипропилен өнімін өндіруге мүмкіндік беретін жабдықты орнату арқылы зауытты кеңейту көзделген. Қазіргі уақытта оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Оны 2022 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Негіздемені әзірлеу аяқталғаннан кейін осы жобаның неғұрлым нақты параметрлері айқындалатын болады.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Атырау облысында мұнай-газ-химия саласындағы екі ірі жобаны іске асыруда. Бұл – полипропилен және полиэтилен өндіру жөніндегі интеграцияланған газ-химия кешендерін салу жобалары. Аталған жобалардың бірі бойынша құрылыс жүріп жатса, кейбірі пысықтаудың әртүрлі сатыларынан өтуде. Осылайша, “Самұрық-Қазынаның” еншілес құрылымы болып табылатын “КРІ” компаниясы биылғы жылдың соңына дейін полипропилен өндіру зауытының құрылысын механикалық аяқтауды жоспарлап отыр. Оның қуаты жылына 500 мың тонна болмақ. Зауытты пайдалануға беру келесі жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған», — деп түсіндірді энергетика министрі.

Бүгінгі күні жобаны іске асырудың жалпы прогресі 91% құрайды. Жобаның құны шамамен 1 трлн теңгеге бағаланады. Бұл зауыттың өнімі сыртқы әлемдік нарықтарға экспортталатын болады. Сондай-ақ полипропиленге деген ішкі қажеттілікті толығымен жабуға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар «КLPE» компаниясы полиэтилен өндіруге арналған жобасына стратегиялық әріптес іздестіруде. Ұсынылатын жобаның қуаты жылына 1 млн 250 мың тонна, ал құны 3,2 трлн теңгеге тең. Бұл жоба Теңіз кен орнынан шикі газды қайта өңдеуге және қайта бөлуді ұлғайтуға бағытталған.

Қазіргі уақытта ҚазМұнайГаз әлеуетті инвесторлармен жобаға қатысу бойынша келіссөздер жүргізуде. Олар жылдың соңына дейін жалғасады. 

Индустрияландыру картасының өңірлік жобалары екі негізгі бағыт бойынша еліміздің 5 облысында шоғырланған.

Мұнай және газ өңдеу саласында 113 млрд теңге құрайтын 6 жоба бар, оның ішінде:

  • Ақтөбе облысында 7,9 млрд теңге сомасына 4 жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, мұнай-химия реагенттерін өндіру бойынша, монтаж көбігі бойынша, минералды мақта бойынша, сондай-ақ ілеспе газды қайта өңдеу бойынша жобалар.
  • Түркістан облысында 105 млрд теңге сомасына 2 жоба іске асырылуда. 

Биылғы жылдың соңына дейін мұнай өнімдерін өндіруге бағытталған жоба аяқталады деп күтілуде. 

Сондай-ақ 2022 жылы мотор отыны мен мұнай-химия өнімдерін дайындайтын зауыттын құрылысы жоспарланып отыр.

Осы жобаларды іске асырудың нәтижесінде 400 астам жаңа жұмыс орны пайда болады.

Жаңартылатын энергия көздері саласында 87 млрд теңге сомасына он жоба жүзеге асырылуда. Жиынтық қуаты 170 МВт болады. Атап айтсақ: Шығыс Қазақстанда, Алматы және Қостанай облыстарында 9 жел электр станциясылары салынып жатыр. 1 ГЭС құрылысы Алматы облысында жүзеге асуда. Жоғарыда аталған жобалар осы жылдың аяғына дейін тапсырылады. Нәтижесінде 105 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбектің айтуынша, Индустрияландыру жылдарында 2010 жылдан бастап Индустрияландыру картасы шеңберінде облыста 94 жоба іске асырылды. Инвестициялардың жалпы сомасы 387,3 млрд теңгені құрады. Кәсіпорындарда 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

Олар 1,9 трлн теңге өнеркәсіп өнімін өндірді. Оның ішінде осы жылдың 8 айында – 314,4 млрд теңге.

Жобаларды іске асыру өндіріс көлемін 3,8 есеге, еңбек өнімділігін 1,7 есеге, негізгі капиталға инвестицияларды 2,7 есеге арттыруға мүмкіндік берді.

Осы жылға келетін болсақ, жоспарланған 14 инвестициялық жобаның 6-ы іске қосылды. Бұлар:

1. Жәйрем тау-кен байыту комбинаты;

2. «Qaz Carbon» ЖШС байыту фабрикасы;

3. Yutong автобустарын өндірісі;

4. «Трубпром» ЖШС полиэтиленді құбырлар өндірісі;

5. «FL Smidth» ЖШС сервистік-техникалық орталығының ашылуы.

6. «Ютария» тігін бұйымдары өндірісі.

Жыл соңына дейін тағы 8 жобаны іске қосу жоспарлануда:

1. «Qaz Carbon» агломерациялық фабрикасы бар Сарыарқа ферроқорытпа зауыты;

2. Темір және марганец кенін қайта өңдейтін «INDJAZ» кәсіпорны; 

3. «Forever Flourishing» болат дайындамалар мен прокаттар өндіретін зауыт. 

2022 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде карта шеңберінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құра отырып, 632 млрд теңге сомасына 35 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Олардың ішіндегі ең ірі келесі стратегиялық жобаларды атап өтуге болады:

  • ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірлесіп, автомобиль шиналарын шығару;
  • қуаты сағатына 1200 тонна QAZ ENRICHMENT байыту фабрикасы;
  • Saryopan Operating жоғары сапалы известь өндіру зауыты;
  • Шұбаркөл көмір арнайы коксын өндіретін зауыт және басқалар.

Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаевтың айтуынша, Ақмола облысының индустрияландыру картасы 14,6 мың тұрақты жұмыс орнын ашу арқылы 676,5 млрд теңге жалпы сомасына 143 жобаны қамтиды.

«Индустриалды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы басталғаннан бері, 340,2 млрд теңге сомасына 103 жоба іске қосылды, 10,5 мың жұмыс орны ашылды. Мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде іске қосылған кәсіпорындар өңірдің тауар өнімінің жалпы көлемінен шамамен 60%, 40% салық түсімі қамтамасыз етілді», — деді өңір әкімі.

Биыл іске қосылатын жобалар инвестициясының көлемі 5 млрд теңгені құрайды, олар: 

1. «БАХА Сонэ» жарма қауызын өндіру жөніндегі фабрика;

2. «Kazrost Engineering Ltd.» жеке меншік компаниясы, ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін кеңейту;

3. «Зеренді Сақтау Өнімдері» ЖШС картоп өңдеу фабрикасы;

4. «Асыл Тағамдар» кәсіпорны етті жартылай фабрикаттар өндірісінің кешені, 1-кезең.

5. «Сивка-Бурка» шаруа қожалығы, бие сүтін өңдеу және қымыз дайындау жөніндегі шағын кешен.

Жұмыс кестелерге сәйкес жүргізілуде, жыл соңына дейін жобаларды уақытында іске қосу қамтамасыз етілетін болады.

2021 жылдан кейін іске қосылу мерзімімен 332,5 млрд теңгеге 35 жоба іске асырылуда, 3,9 мың жұмыс орны ашылатын болады.

Оның ішінде, атап айтқанда:

  • «RG Processing», жылына 5 млн тонна өңдеу қуаттылығымен алтын өндіру фабрикасы;
  • «Макинск құс фабрикасы», жылына 25 мың тонна қуаттылығымен бройлерлі құс фабрикасы;
  • «SG Brick», жылына 120 млн кірпіш қуаттылығымен кірпіш зауыты.

«Іске асырылып жатқан бастамалар өнеркәсіптің жылдық көлемін 6 есеге, жалпы өңірлік өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 13%-дан 23%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы техникалары – комбайн мен тракторлар, астық кептіру жабдығын шығару және бұған дейін облыста шығарылмаған басқа өнім түрлерін өндіру қолға алынды», — деді Е. Маржықпаев.

Іске асырылып жатқан жобалардың есебінен өңірдің жалпы республикалық көлемге үлесі: алтын өндіру бойынша 28%-дан 34%-ға, кірпіш 27%-дан 45%-ға артатын болады, ал өнеркәсіп өнімі көлемінің жыл сайынғы қосылуы шамамен 200 млрд теңгені құрайды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу