Президенттің тапсырмасы аясында Қазақстанда мамандандырылған техниканың бірыңғай базасы құрылады – Қаржы министрлігі 

Үкімет үйінде Үкімет отырысы өтті, онда Мемлекет басшысының 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Президент тапсырмаларының орындалуы туралы Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады.

Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуды жетілдіру бойынша меншікті құрылыс техникасының болуы туралы міндетті талап белгілеу ұсынылады. Ол үшін мамандандырылған техниканың бірыңғай базасын құру жоспарланған. Бұл техниканың бар-жоғын автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай шаралар құрылыс жұмыстарын орындау үшін өзінің базалық техникасы жоқ мердігерлерді іріктеуден өткізбейді.

Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алуда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуында құрылыс жұмыстарын қосалқы мердігерлікке заңсыз беруді шектеу мақсатында келесі жағдайларда Сатып алу туралы шартты бұзу мүмкіндігі қарастырылады:

  • қосалқы мердігерлерге берілетін жұмыстардың шекті көлемінен асқан кезде;
  • тапсырыс берушімен келісілмеген қосалқы мердігерлерді тарту кезінде.

Е. Жамаубаевтың айтуынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға алдын ала қажеттілік шамамен 215 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте осы іс-шараларды іске асыруға арналған шығыстар көлемі жалпы сипаттағы трансферттерді және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде қосымша пысықталатын болады.

Сонымен  қатар Мемлекет басшысының салық және бюджет саясатын жетілдіру жөніндегі тапсырмалары Ұлттық экономика министрлігімен және Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен бірлесіп іске асырылатын болады.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойылған барлық тапсырмалар сапалы және уақытылы орындалатын болады. Бұл ретте Президент бастамаларын іске асыруға арналған шығыстар көлемі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп пысықталады», — деді Е. Жамаубаев.  



 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу