ШҚО-да жыл басынан бері туризм саласына 5,4 млрд теңге инвестиция тартылды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде атқарылған жұмыс қорытындылары туралы баяндады.

«Биыл – еліміз және барша қазақстандықтар үшін ерекше жыл. Жақында ғана Шығыс Қазақстан бүкіл елмен бірге маңызды тарихи оқиға – республикалық референдумға қатысты. Таңдау жасауға құқығы бар облыс тұрғындарының 77%-дан астамы Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістер үшін дауыс берді», — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, осы жылдың тағы бір маңызды оқиғасы – Шығыс Қазақстаннан бөлу арқылы Абай облысының құрылуы. Осы орайда әкім жаңа облыс құрамына енген қалалар мен аудандарды әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша жүргізілген жұмыстар туралы қысқаша баяндады.

Соңғы 7 жылда Абай өңіріне 2 трлн теңгеден астам қаржы салынды, бұл Шығыс Қазақстан облысы (4 трлн тг) бойынша инвестицияның жалпы көлемінің 53%-ы. 

Ауқымды жобалар іске асырылды, олар:

- қуаты жылына 50 млн тонна мыс кені болатын ірі Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының екінші 2-кезегі, инвестиция көлемі – 760 млрд тг;

- жылына 2 млн тонна алтын кенін өндіретін Бақыршық тау-кен байыту кәсіпорны, инвестициясы – 134 млрд тг;

- Семей қаласында өсімдік майын өндіру бойынша қуаты 300 мың тонна май экстракциялық зауыты, инвестиция көлемі –  8 млрд тг.

Соңғы 7 жыл ішінде Абай өңірі бойынша өнеркәсіп өндірісі көлемін 5 есе (2021 жылы 184 млрд тг-ден 898 млрд тг-ге дейін), ауыл шаруашылығын 2,4 есе (179 млрд тг-ден 428 млрд тг-ге дейін) арттыру мүмкін болды.

Шығыс Қазақстан облысының жалпы көлеміндегі Абай облысының ЖӨӨ үлесі 36%-ды құрап, 1,9 трлн-ға жетті. Бұл 2015 жылғы деңгейден 844,6 млрд, яғни 2,3 есе көп немесе 1,1 трлн тг-ні құрайды. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ – 2,9 млн тг. 

Сонымен қатар өңір әкімі бюджеттік инвестицияның айтарлықтай өскенін атап өтті.

Өңір басшысының сөзінше, 2015 жылдан бастап 2022 жылға дейін облысқа республикалық бюджеттен 390 млрд тг даму трансферті алынды, оның ішіндеАбай өңіріне 200 млрд тг немесе жалпы көлемнің 51%-ы жұмсалған. Сондай-ақ облыстық бюджеттен қосымша 154 млрд теңге бөлінді. Барлығы 354 млрд тг бюджеттік инвестиция салынды.

Сонымен қатар өңірде тұрғын үй құрылысы белсенді түрде дамып келеді. 7 жыл ішінде 1,3 млн м2 тұрғын үй немесе облыстағы тұрғын үйлердің 43%-ы пайдалануға берілді. 

Халықты сумен қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. 2015 жылдан бастап Абай өңірінде 40 млрд теңгеге 156 нысан пайдалануға берілді, бұл ауылдарды орталықтандырылған сумен жабдықтауды 2 есе, 42,7%-дан 88,7%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Облыстық және аудандық маңызы бар 865 км жол (19,6 млрд тг), сондай-ақ Семей қаласының 223 км көше-жол желісі (17,9 млрд тг) жөнделді.

2018 жылы Семей әуежайының ұшу-қону жолағын, жермен жүру жолын және өзін қайта жаңарту аяқталды (10,7 млрд тг).

Өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы жоспарлы түрде дамып келеді. 2015 жылдан бастап Абай өңірінде 20 мектеп (8,2 мың орын), 4 балабақша (880 орын), 3 студенттер жатақханасы (692 орын) салынды, 17 мәдениет және спорт нысаны іске қосылды, 4 денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету жобасы іске асырылды.

Бұдан басқа, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 17 млрд теңгеге 79 жоба бойынша шарттарға қол қойылды, оның ішінде 68-і 7,5 млрд теңгеге аяқталды, 11-і  9,5 млрд теңгеге іске асырылып жатыр.

ЕҚҚДБ қаражаты есебінен 13 млрд теңгеге 4 жоба іске асырылып жатыр, оның ішінде сумен жабдықтау және су бұру жүйесін (2,6 млрд теңге), Семей қаласының көшелерін жарықтандыру жүйесін, сондай-ақ аудан орталықтарын жаңғырту (22 мың жарық нүктелерін 3,6 млрд теңгеге ауыстыру) бар.

Әкімнің айтуынша, Үржар ауданындағы Алакөл жағалауының туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша шаралар қабылданған. Жағалауды дамытуға барлығы 17 млрд теңге жұмсалды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2020 жылдан бастап 260 млрд теңгеге Семей қаласының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары іске асырылып жатыр.

Соңғы екі жыл ішінде қалаға 107 млрд теңге немесе жоспарланған көлемнің 41%-ы салынды.

Қазақстандағы алғашқы Ядролық медицина орталығы, көпфункциялы мәдени-спорт кешені сияқты маңызды жобалар іске асырылды.

Қала тұрғындары 30 жылдан астам уақыт бойы күткен көлік өтетін көпірді, «Орталық» және «Ғаббасов» қазандықтарын қайта жаңарту басталды, Семей қаласын айналып өтетін автожолдың құрылысы бойынша құжаттама дайындалды.

«Биылғы тамызда коммуналдық меншікті беру, бюджетті бөлу рәсімдері және Абай облысын бөлу бойынша басқа да ұйымдастырушылық мәселелер толығымен аяқталады», — деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, жаңа облыстың тиісті қаржылық қолдауы бар берік экономикалық базасы және жаңа облыс пен бүкіл Қазақстанның игілігі үшін еңбек ететін бәсекеге қабілетті білікті кадрлары бар.

Одан кейін өңір басшысы Шығыс Қазақстан облысы бойынша бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындылары туралы айтты. Оның сөзінше, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері тұрақты серпінмен өсуіп отыр.

Атап айтқанда, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107%-ды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 108%-ға, ауыл шаруашылығы өнімі 103%-ға, инвестиция 109%-ға, құрылыс жұмыстары 108%-ға өсті. Осының барлығы мемлекеттік бюджетке түсімді 1,6 есе арттыруға мүмкіндік берді.

Еңбек нарығы тұрақты дамып келеді. Соңғы екі жылда жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан асқан жоқ (ҚР – 4,9%). Орташа айлық жалақы 268 мың теңгені құрап, 125%-ға өсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қойған міндеттерге сай, біз қолда бар әлеуетті пайдалана отырып, нақты сектордың бәсекелестік артықшылықтарын күшейту үшін жұмыс істейміз, деді Д. Ахметов

Облыс экономикасының индустриялық секторында экспортқа бағдарланған өндірістерді құру үшін Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2025 жылға дейін инвестициялар көлемі 481 млрд теңге болатын 14 жобаны, оның ішінде биыл 62 млрд теңгеге 3 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жыл сайын өндіріс қарқынын 10%-ға арттыруға және одан әрі өнеркәсіптік әлеуетті тұрақты дамытуға мүмкіндік береді.

Өндіріске енгізілген жобалардың ішінде өнімділігі жылына 200 тонна уран (инвестициялар көлемі – 28,4 млрд теңге) АЭС үшін жылу бөлгіш құрамалар өндіретін зауыт бар, ол биылдан бастап өз өнімін Қытай нарығына экспорттай бастайды. Инновациялық кәсіпорын Қазақстанға атом станциялары үшін ядролық отын өндіруші және жеткізуші шектеулі мемлекеттердің қатарына кіруге мүмкіндік береді. Жоба – атом өнеркәсібіндегі Қытай, Франция, Германия және АҚШ жетекші компанияларының табысты көп жақты кооперациясының жақсы үлгісі.

Жобаны іске асыру қорытындысы облыс экспортының көлемін 2024 жылға қарай жылына 149,5 млрд теңгеге ұлғайту болмақ.

Қазмырыш қуаттылығы 750 мың тонна кенді құрайтын «Rail-Veyor көлік жүйесін іске қосу арқылы Долинный-Обручев кенішінің өнімділігін арттыру (1-кезек)» жобасын іске асырып жатыр. Кен орындарынан алынған қорғасын, мырыш және мыс концентраттары Қазмырыш металлургиялық кәсіпорындарында қайта өңделетін болады, бұл металдарды шығару бойынша біртұтас ажырамайтын технологиялық тізбекті қамтамасыз етеді.

«Родниковое» Eastern Gold кен орнын игеру үшін алтын өндіру фабрикасын салу бойынша енгізілген жоба Доре қорытпасындағы алтын өндірісін жылына 150 кг дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Титан-магний комбинатының өз шикізатымен қамтамасыз етілу деңгейін арттыру мақсатында биыл өнеркәсіптік пайдалануға Сәтбаев кен орнындағы екінші байыту фабрикасы (инвестициялар көлемі – 6,5 млрд теңге) енгізіледі, бұл өндірілетін кеннен ильменит концентратын алуды 20%-ға арттыруға, сондай-ақ оны өндіру көлемін 2 еселеуге және импортты қысқартуға мүмкіндік береді.

Қабылданған жоспарларды орындау биыл өндіріс қарқынын 10%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

«Шағын және орта бизнес – нақты сектор тиімділігінің маңызды көрсеткіші, ал бизнес-ахуалды жақсарту және кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау біздің жұмысымыздың басымдығы болып қала бермек», — деді әкім. 

Осы жылдың басынан бастап барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында 4,4 млрд теңгеге шағын және орта бизнестің 98 жобасы субсидияланып, кепілдендірілді, бұл негізгі капиталға инвестициялар көлемінің 107,2%-ға (174,7 млрд теңге) және ШОБ-тан бюджетке төленетін төлемдердің 116,6-ға (54 млрд теңге) өсуіне ықпал етті.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп секторын дамыту бойынша қойған міндеттерін шеше отырып, облыста өсімдік шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске асырылып жатыр, тиімділігі жоғары дақылдардың алқаптарын ұлғайта отырып, егістікті әртараптандыру жүргізілуде.

«Шығыс Қазақстанға елімізде өсірілетін күнбағыс көлемінің 66%-ы келетінін ескерсек, біздің басты міндетіміз – оны қайта өңдеу көлемін ұлғайту», — деді ол. 

Нарыққа жоғары сапалы дайын өнімді шығару үшін осы жылдың басынан бері облыста қуаты 300 мың тонна ірі май экстракциялау зауыты («Altyn Shyghys» ЖШС) пайдалануға берілді, Өскемен қаласында қуаты жылына 50 мың тонна күнбағыс майы зауыты («ALTAI MAI» ЖШС) салынып жатыр.

Осылайша, жаңа май экстракциялау зауыттарының іске қосылуы жұмыс істеп тұрған өндірістерді ескере отырып, қайта өңдеу көлемін 1 млн тоннаға дейін, өсімдік майларының экспортын 1,3 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Одан кейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірде мал шаруашылығының қалай дамып жатқаны туралы айтып берді. Оның айтуынша, облыста мал шаруашылығы тұрақты түрде дамып келеді. Мәселен, өткен жылы ірі қара мал саны 106%-ға, ұсақ мал 106,2%-ға, жылқы 112,5%-ға, құс 110,5%-ға өскен. Тірі салмақта ет өндіру шаруашылықтардың барлық санаттарында 103,2%-ға, сүт өндіру 104,8%-ға өсті.

«Мал шаруашылығы өнімдерінің нақты көлемінің тұрақты өсуі тамақ өнеркәсібінің өндірістік қуатын арттыруды ынталандырады. Осы жылдың соңына дейін сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 96%-ға дейін артады», — деді өңір басшысы. 

Сүт өнімдерін шығарумен айналысатын «Эмиль» компаниясы жылына 45-тен 90 мың тоннаға дейін тауарлар ассортименті мен көлемін кеңейтуді жалғастыруда.

Өскемен құс фабрикасы қайта жаңғыртуды аяқтап, құс етін шығару көлемін 2 есе немесе жылына 55 мың тоннаға дейін ұлғайтып жатыр. Қуаттылығы жылына 1,5 мың тонна балық және балық өнімдері аквафермасы пайдалануға берілді.

Облыста азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, осыған байланысты бағаның өсуіне жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, көтерме сауда сатушылары мен сауда өкілдері ең төменгі 7-10% сауда үстемесін қолдану туралы меморандумдар жасасты.

Облыстың тұрақтандыру қорына 500 млн теңгеге 6 мың тонна көкөніс және 455 млн теңгеге 2 мың тонна бакалея өнімдері сатып алынды, бұл азық-түлік өнімдерінің бағасын теңестіруге және облыста баға белгілеу саясатын теңгеруге мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар біз тұрақты негізде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткіземіз. Осы жылдың басынан бері 611 жәрмеңке өткізілді,  жалпы тауар айналымы 3,2 млрд теңге болды», — деді Д. Ахметов.

Жалпы аграрлық сектор ауылдық жерлердің дамуына жағдай жасайды, ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қолдаған «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы ауылдың әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуына негіз болады және халықтың өмір сүру сапасының параметрлерін өңірлік стандарттарға дейін теңестіруге мүмкіндік береді.

Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 42 тірек және спутниктік ауылдарда 5,2 млрд теңгеге 67 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 6 ауылда спорттық нысандар, 2 ауылдық клуб, 1 ауылдық дәрігерлік амбулатория және 2 көпір салынып жатыр. Бұл тірек ауылдардың стандарттарға сай жабдықталу деңгейін 66,7%-ға дейін көтеруге мүмкіндік береді (2020 жылы – 60,4%).

Облысты дамытудағы тағы бір маңызды бағыт – шекара маңындағы аудандар мен бұрынғы аудан орталықтарын қайта жаңғырту.

Әкімнің айтуынша, Қытай Халық Республикасымен шекаралас және облыс орталығынан орташа алғанда 400 шақырым қашықта орналасқан өңірлер үшін халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жоспарлар қабылданды.

Орталық және шет аумақтар арасындағы ахуалды теңестіруге 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейін 5 жыл ішінде 183 млрд теңге бағыттау жоспарланған, оның ішінде 2021 жылы 43 млрд теңге жұмсалды. Биыл облыстардың бөлінуін ескере отырып, 44 млрд теңгеге іс-шаралар іске асырылатын болады.

Бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы бойынша 2021-2024 жылдар аралығында әлеуметтік-экономикалық жағдайдың сапалы өзгеруіне 43 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2021 жылы жобаларды іске асыруға 14 млрд теңге жұмсалды, осы жылға 8 млрд теңге бөлінді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің деректеріне сай, шекара маңындағы аумақтар мен бұрынғы аудан орталықтарын дамыту жоспарларын іске асырудың 2 жылдық нәтижесінде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, 9 спорт нысаны, көп пәтерлі 3 және екі пәтерлі 102 (18,8 мың шаршы метр) үй салынды, 283,5 км сумен қамту жүйесі тартылды, 156 әлеуметтік нысан, сондай-ақ 450 км-дан астам жолдар мен көшелер жөнделді.

Биыл 7 су құбыры, 3 әлеуметтік нысан (мектеп, музей және отбасылық дәрігерлік амбулатория) салынып жатыр, 12 нысан мен 177,6 шақырым жолдар мен көшелер жөнделуде. 

Өңір басшысының айтуынша, облыста ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

«Жыл басынан бері салаға 5,4 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде 1,5 млрд теңгеге Катонқарағай ауданының Өрел ауылында екі жүз елу 250 орындық “Мұзтау” эко-отелі” туристік кешені салынды. Сонымен қатар 12 млрд теңгеге 36 жобаны (көлдер жағалауында және Бұқтырма су қоймасында 12 демалыс базасы, қалаларда 10 туристік нысан салынып жатыр) іске асыру басталды», — деді ол.

Облыста әлеуметтік саланы жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Өңір басшысы бұл туралы да сөз қозғап кетті.

Бірінші кезекте ортаға салынатын сала – денсаулық сақтау. Облыста тұрғындарды вакциналау бойынша шаралар жалғасуда.

«Бүгінде облыс бойынша 18 және одан жоғары жастағы ШҚО халқының 100%-ы екпе алды. Қайта вакцина алуы керек азаматтардың 83%-ы (370 мың адам) ревакцинациядан өтті», — деді ол. 

Биыл денсаулық сақтауға барлығы 32 млрд теңге бюджет қаражаты көзделген.

Әлемдік стандарттарға сай, заманауи жабдықтармен жабдықталған бірегей Гематология орталығы салынып жатыр. Орталық молекулярлық-биологиялық, генетикалық зертханамен және дің жасушаларын культивациялау зертханасымен жарақтандырылатын болады, бұл диагностикадан бастап оңалтуға дейінгі медициналық қызметтердің толық спектрін жүргізуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде Гематологиялық орталықтың Стэнфорд университетінің мықты мамандарымен ынтымақтастығы және олардың отаға жетекшілік етуі гематология саласындағы мамандардың білімін үнемі жаңартып отыруға мүмкіндік береді.

Өткен жылдан бастап көп салалы онкология және хирургия орталығының базасында РАСЅ орталықтандырылған жүйесі «Медициналық ақпаратты сақтау және өңдеу орталығы» ашылды. Бұл жүйе локацияға қарамастан, мамандардың пациенттің диагностикалық тексеру нәтижелеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ облыстың кез келген нүктесінде мамандар консультациясын және науқас бойынша ақпарат алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жетекші шетелдік клиникаларда медицина кадрларын оқыту бағдарламасын іске асыру жалғасып келеді. 5 жыл ішінде 6 мың медицина қызметкері, оның ішінде 341 дәрігер шетелде оқыды. Биылғы наурыз айынан бастап Израиль, Германия клиникаларында онкогематология, гематология, кардиология, акушерия және гинекология бойынша 29 медицина қызметкерін оқыту басталды. Бұл мақсатқа 840 млн теңге бөлінді.

Осының барлығы туберкулезден, қатерлі ісіктерден және қан айналымы жүйесі ауруларынан сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің төмендеуіне ықпал етті (5 жыл ішінде туберкулезден өлім-жітім 44%-ға, қатерлі ісіктерден 5%-ға, туберкулезбен сырқаттанушылық 22%-ға, қатерлі ісіктерден 4%-ға төмендеді).

Облыс бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек бес жылда 5,2 есе артты. 2017 жылы 218 млн теңгеге 85 ЖТМК көрсетілді, ал өткен жылы қызметтер  1,9 млрд теңгеге 440-қа дейін өсті. Осы жылдың басынан көрсеткіш 132%-ға өсіп, 1,6 млрд теңгеге 552 қызмет көрсетілді.

Бүгінгі таңда облыста медициналық ұйымдар ЖТМК-ның 27 түрін көрсетеді, жыл соңына дейін тиісті медициналық жабдықты сатып алғаннан кейін ЖТМК-ның тағы 14 түрін енгізу жоспарланып отыр. Мәселен, биыл бұл үшін 839 млн теңгеге 6 жабдық сатып алу көзделген.

Мысалы, дәрігерлер ми ісігін бас сүйегін тесіп ота жасамай алып тастайды, бұл барынша қысқа мерзімде оңалуға және қалыпты өмір салтына оралуға мүмкіндік береді, сондай-ақ онкологиядағы қалқанша безінің аз инвазивті хирургиясы саласында жоғары технологиялық әдіс енгізілді.

Облыс әкімінің айтуынша, сапалы білім беру – жергілікті атқарушы органдар жұмысының негізгі басымдығы.

«Облыста үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер мәселесі толығымен шешілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Қазақстанда 1 000 мектеп салу” тапсырмасына сәйкес облыста 16 мектептің құрылысы жоспарланған, оның ішінде биыл 1 370 оқушыға арналған 5 мектеп пайдалануға беріледі», — деді ол. 

Бұдан басқа, жаңа оқу жылының басталуына дейін 1 млрд теңгеге 40 білім беру объектісіне күрделі және жоспарлы жөндеу жүргізу жоспарланған, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайтуға 180 млн теңге қарастырылған. 

Көп тілде білім беруді дамыту бағдарламасын іске асыру жалғасып жатыр. Орыс тілінде оқытатын мектептерде практикалық қазақ тілін оқыту сапасын арттыруға ерекше назар аударылды. Осы мақсатта 400 қазақтанушы алты айлық біліктілікті арттыру курстарында қайта даярлаудан өтеді.

Өңір үшін көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қолдау бұрынғысынша басым күйінде қалып отыр.

21 мың оқушы тегін тамақпен, мектеп формасымен, қысқы аяқ киіммен, қоғамдық көлікте тегін жол жүрумен қамтамасыз етілді, 2,4 мың бала балабақшаларға тегін барады, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалардың 100-ы жазғы демалыспен, сауықтырумен және жұмыспен қамтылған.

Дарынды балаларды қолдау үшін жағдай жасалып жатыр. Оқу жылының қорытындысы бойынша 441 баланы ынталандыруға 44 млн теңге бағытталды. Сондай-ақ мектептер мен колледж оқушыларының үздік IT стартаптары қаржыландырылып жатыр. Соңғы 3 жылда 39 жоба бойынша 35 млн теңгеге гранттар төленді, оның ішінде биыл 13 млн теңгеге 14 жоба қаржыландырылды.

Жыл сайын колледждерде студенттерді тегін оқытуға мемлекеттік тапсырыс 10%-ға ұлғаяды, қаладан тыс жерлерден келген студенттердің тұруы үшін жағдай жасалады. 3 жылда 1 520 орындық 5 колледж салынды, биыл Өскемен қаласында тағы 2  колледж пайдалануға беріледі, онда 488 бала оқи алады. Бұдан басқа, өңірдегі жоғары оқу орындарына түсу үшін жергілікті бюджеттен гранттар саны 10%-ға ұлғайды.

Сондай-ақ спорт инфрақұрылымын кеңейтуге басымдық беріледі. Соңғы екі жылда 9 спорт нысаны іске қосылды, оның ішінде 7 ДСК және 2 бассейн бар. Биыл 8 спорт нысанының салу қарастырылған, оның ішінде жыл басында Өскемен қаласында Үстел теннисі орталығы іске қосылды.

Облыс халқының әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін тұрғын үй құрылысы мәселелері шешілуі тиіс.

Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 187 млрд теңгеге 878 мың м2 үйлердің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 126% өсіммен 348 мың м2 пайдалануға беріледі. 548,5 мың м2 73 коммерциялық үй салынып жатыр (өткен жылы – 315 мың м2 52 үй), бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.

«Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін “Бір қабатты Шығыс” өңірлік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба бойынша жеке инвестициялар есебінен бір қабатты үйлер салынады, әрі қарай үйлер кезекте тұрғандарға беріледі. Мәселен, 2020 жылдан бастап көп балалы аналар мен әлеуметтік осал топтар үшін жеке инвесторлардан облыс бюджеті есебінен 4,2 млрд теңгеге 349 пәтер сатып алынды», — деді Даниал Ахметов. 

Өмір сапасы мәселелері ішінде халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету аса маңызды.

Биыл облыста 23,1 млрд теңгеге 31 жобаны іске асыру жоспарланған, 19 объектіні іске қосылып, оның ішінде адам саны аз ауылдарда 11 блокты-модульді су тазарту және тарату станциялары (428 млн теңге) орнатылып жатыр.

Ауыл халқын орталықтандырылған сумен қамту биыл 93,2%-дан 95,4%-ға дейін артады, ал жалпы облыс халқының 98,3%-ы таза сумен қамтылған.

Әлеуметтік-экономикалық дамуда сапалы жол-көлік инфрақұрылымы маңызды рөл атқарады. Өткен жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 89%-ды құрады.

Осы жылдың соңына дейін 8,4 млрд теңгеге көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша 71 жобаны іске асыру көзделген. 278 шақырым жол мен көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 91%-ға жетеді.

Биыл Өскемен қаласының әуежайын реконструкциялау және құны 4,9 млрд теңге 100 тоннаға арналған жүктерді уақытша сақтау қоймасы мен тәулігіне 30 тоннаға арналған жүк терминалының құрылысы аяқталды (биыл 2,4 млрд теңге бөлінді).

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ірі инфрақұрылымдық жоба – Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір құрылысы жалғасып жатыр (биыл 10,2 млрд теңге бөлінді).

«Мемлекеттік органдардың барлық ресурстары мемлекеттік саясат пен стратегиялық бағдарламаларға сәйкес іске асырылатын облыс өмірінің негізгі аспектілерін шешуге бағытталған», — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу