Төтенше жағдайлар министрлігі өңірлердегі су тасқыны жағдайы және атқарылған жұмыстар туралы есеп берді

Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің қатысуымен брифинг өтті. Брифинг «Өңірлерде су тасқыны кезеңінің өтуі, сондай-ақ ауа райының нашарлауына байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары» тақырыбында өтті.

Министр атап өткендей су тасқыны кезеңі ерекше бақылауда. Өңірлерде елді мекендерде су басу қаупін азайту бойынша іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр.

«Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері жергілікті атқарушы органдардың және ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің күшімен 9 өңірдегі 49 елді мекеннің көшелері мен аула маңындағы аумақтардан 234 мың текше метрден астам еріген қар суы шығарылды. Елді мекендерден 10 млн текше метрден астам қар шығарылды. 4 мың шақырым канал мен 7 мың шақырымға жуық арық, 20 мыңнан астам автомобиль және 3 мың темір жол су өткізу құрылыстары тазартылды. 200 мың тоннадан астам инертті материалдар мен 900 мың қап дайындалды», — деді брифинг барысында министр Юрий Ильин.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, ведомство мен ТЖ департаменттері су тасқыны жағдайының дамуына айтарлықтай әсер ететін 60 су қоймасына мониторинг жүргізуде. Бүгінгі таңда су қоймалары, орталық ал солтүстік облыстар 60-70%-дан астамға толған.

2022 жылғы 3-29 наурыз аралығында өзендердің 57 учаскесінде жарылыс жұмыстары жүргізілді. ТЖ департаменттері 2000-ға жуық елді мекенді тексерді, оның ішінде 197 ауылдық округ әкімдеріне су тасқынына дайын еместігі туралы ескертулер берілді.

Эвакуацияланатын халықты және ауыл шаруашылығы жануарларын орналастыру учаскелерін қабылдаудың 2 502 пункті дайындалып, маршруттар жаңартылып, көліктер анықталды. 

«Жалпы су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру барысында 340 елді мекеннен су басу қаупі алынып тасталды. 385 елді мекенде қауіп сейілді. Бүгінгі күні су тасқыны қаупі бар 1 010 елді мекеннің 285-і үшін ықтимал қауіп сақталуда», — деді ТЖМ басшысы.

Сондай-ақ брифинг барысында тікелей эфирде Ақмола, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарының басшылары қатысты. Онда өңір тұрғындары мен аумақтарын су тасқыны қаупінен қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды.

Биылғы жылдың 29-30 наурыз аралығында республиканың 7 облысы мен 2 қаласының аумағында ауа райының нашарлауына байланысты екпінді желдің салдарынан әртүрлі мақсаттағы объектілерде 297 шатыр жабынының бұзылуы тіркелді. Бұл ретте 8 адам зардап шекті, оның ішінде 3 бала бар.

Халықты ескерту мақсатында ауа райының нашарлауы туралы 82 СМС-хабарлама жіберілді және «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы 70 хабарлама жіберілді.

Сонымен қатар 29-30 наурыз аралығында құтқару бөлімшелері 1453 адамды, оның ішінде 199 баланы құтқарып, эвакуациялады.

Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 539 адам және 277 бірлік техника жұмылдырылды, оның ішінде ТЖМ жеке құрамнан 157 адам және 60 бірлік техника. Жедел желі жұмысы ұйымдастырылып, жалғасуда, барлығы 223 қоңырау келіп түсті, «101» және «112 пульттеріне көмек көрсету және ақпараттық сипаттағы 7 мыңға жуық хабарлама келіп түсті.

Сондай-ақ Юрий Ильин азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі туралы айтты. ТЖ болған жағдайда 112 телефоны бойынша хабарласуға болады. Сондай-ақ ауа-райының өзгеруін қадағалаған жөн. 

«Дауыл туралы ескерту хабарламаларын елеусіз қалдырмай, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар», — деді ТЖМ басшысы Ю. Ильин.

 

Ақмола облысындағы су тасқынына қатысты жағдай

ОКҚ брифингінде Ақмола облысы бойынша ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев баяндама жасады. 

«Бүгінгі таңда су тасқыны маусымы қалыпты режимде өтіп жатыр, су тасқыны кезеңінің белсенді кезеңі әлі байқалмайды. Осы жылдың 28 наурызынан бастап болжамдық деректерді ескере отырып, АҚМЖ облыстық қосалқы жүйесі “жоғары дайындық” режиміне ауыстырылды, облыстық су тасқынына қарсы жедел Штаб құрылды», — деп өз баяндамасын бастады Ақмола ТЖД басшысы.

Н. Атығаевтың айтуынша, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің (АҚМЖ) облыстық қосалқы жүйесінің жұмыс істеуі «күнделікті қызмет» режимінен «жоғары дайындық» режиміне ауыстырылды.

Гидрологиялық бюллетеньдерге сәйкес, облыс аумағында су объектілерінде (гидрологиялық бекеттер ауданында) тұрақты мұздың қатуы сақталып тұр. 

Қазгидрометтің деректері бойынша Есіл (Астана су қоймасына құйылатын су), Сілеті (Сілеті су қоймасына құйылатын су), Қалқутан өзендерінің бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі нормадан 12-22%-ға төмен және өткен жылғы мәндерден 48%-ға төмен, Шағалалы өзені бассейнінде нормадан 8,6%-ға жоғары, бірақ өткен жылғы мәндерден 40,8%-ға төмен, Жабай өзенінің бассейнінде нормадан 1,8%-ға төмен, бірақ өткен жылғы мәндерден 17%-ға жоғары.

Облыс өңірлерінде елді мекендерден қар шығаруға қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты (2022 жылы – 773 млн теңге, 2021 жылы – 511 млн теңге). 

Елді мекендерден 837 мың м3 астам қар шығарылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе көп.

Облыс аумағында реттелетін үш ірі су қоймасы бар — Астана, Сілеті және Шағалалы. 

Астана,Сілеті және Шағалалы су қоймаларын толтыру көлемі 50-72% шегінде. Өзен бассейндерінде қалған ылғал қорының көлемін ескере отырып, Қазсушар және Есіл бассейндік инспекциясы іс жүзінде жинақтау режиміне көшірілді. Еріген қар суының ағысы норма шегінде болжанып отыр.

- Астана (жоба – 410,9 млн м3) – 72,32% (297,17 млн м3) тәулігіне ағыны – 0 млн м3, төгінді – 0,13 млн м3 (1,5 м3/сек);

- Сілеті (жоба – 230 млн м3) – 60,78% (139,79 млн м3) тәулігіне ағыны – 0,21 млн м3 (2,43 м3/сек), төгінді – 0,147 млн м3 (1,7 м3/сек);

- Шағалалы (жоба – 28 млн м3) – 50,71% (14,2 млн м3) тәулігіне ағыны – 0,010 млн м3 (0,12 м3/сек), төгінді – 0,216 млн м3 (2,5 м3/сек).

«Апталық гидрологиялық болжамның деректеріне сәйкес, биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін синоптикалық болжамды ескере отырып, Астана су қоймасына 0,4 – 0,7 млн м3 көлемінде қар суының ағуы күтіледі, Сілеті және Шағалалы су қоймаларына ағын күтілмейді. Синоптикалық болжам бойынша 1 сәуірде түнде ауа температурасы -3 -8 аяз, күндіз ауа температурасы 0-ден +5-ке дейін, жауын-шашын 6 мм-ге дейін, қар аралас жаңбыр жауады деп күтілуде», — деп түсіндірді брифинг барысында Ақмола облысы бойынша ТЖД басшысы.

Биыл мұз жабынын жұқарту және мұз кептелісін жою бойынша жару жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаржыландыру 33%-ға ұлғайтылды. 

5 аудандағы (Атбасар, Целиноград, Аршалы, Сандықтау, Ерейментау) 8 өзеннің 41 учаскесінде (Нұра, Жабай, Есіл, Жыланды, Қалқаман, Қарасу, Күнтуғыз, Сарқырама) 13345 шаршы метр алаңда мұзды қопсыту және жару жұмыстары жүргізілді, 1383 кг жарылғыш зат пайдаланылды.

«Жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары 2082 адам, 978 бірлік техника (инженерлік – 339 бірлік, қосалқы – 211 бірлік, айдайтын – 121 бірлік, эвакуациялық – 307 бірлік), 176 мотопомпа, 37 жүзу құралдары дайындалды. Су тасқынына Департамент күштер мен құралдар дайындады, атап айтсақ 445 адам, 84 бірлік техника, 12 жүзу құралы, 97 мотопомпа», — деді Нұрлан Атығаев.

Су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда аудандарда Целиноград, Астрахан, Аршалы, Атбасар аудандары департаменттерінің резервтік күштері мен құралдарын көшіру жұмыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ басқа облыстардан күштер топтары құрылды, деп Н. Атығаев өз баяндамасын қорытындылады.

 

Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Солтүстік Қазақстан облысы Департаментінің басшысы тұрғындар мен ТЖМ басшысы алдында баяндама жасап, есеп берді. 

«Қазіргі таңда өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақты. Өзендер мен көлдерде тұрақты мұз қату байқалады. Болжам бойынша, қардың еруі және еріген қар ағындарының пайда болуы сәуірдің бірінші онкүндігінің соңында күтіледі», — деді облыстық ТЖД басшысы Рамиль Камалов.

Қазгидрометтің болжамы бойынша, 4 сәуірден бастап ауа температурасы көтеріледі (+8,+15). Есіл өзенінің бассейніндегі ылғал қорының деңгейі өткен жылдың көрсеткішінен 25%-ға төмен. 

Р. Камаловтың баяндамасына сәйкес, Сергеев және Петропавл су қоймалары штаттық режимде жұмыс істейді. Сергеев су қоймасында бос көлемнің 25% (171 млн м3) бар.

«24 наурыздан бастап Департамент базасында су тасқынына қарсы штаб құрылды. Облыста тасқын сулардан қорғау бойынша бірқатар инженерлік іс-шаралар жүргізілуде. Қауіпті аймақтағы 85 елді мекен (1872 үй, 6068 адам) ерекше бақылауда. Қызылжар ауданы Тепличное ауылының бөгеті және Петропавл қаласы Заречный кентіндегі жағдай ерекше бақылауға алынған. Облыстың екі ауданындағы шағын өзендерде жару жұмыстары жүргізілді», — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан ТЖД басшысы.

Рамиль Камаловтың айтуынша, қалыптасқан су тасқыны жағдайын ескере отырып, аудандарға алдын ала орналастырылатын 8 топ дайындалды.

 

Түркістан облысындағы су тасқыны жағдайы

Брифинг барысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов баяндама жасады.

«Өздеріңізге белгілі, биылғы 11 наурыздан бастап Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарында суды айдау жұмыстары жалғасуда. Жаңбыр суын бұру үшін ТЖД күшімен ұзындығы 11,9 км арналар қазылды, ұзындығы 96 км 32 арна және ұзындығы 241 км 121 коллектор тазартылды, жұмыс басталғаннан бері 600-ден астам аула аумағынан 183121 текше метр су айдалды. Елді мекендерден суды бұру нөсер және ирригациялық жүйелердің болмауына байланысты қиындауда», — деді ТЖД басшысы.

Сондай-ақ Н. Жүнісовтың айтуынша, көптеген елді мекендер бақшаларды суаруға арналған коллекторлар деңгейінен төмен салынған. ТЖД негізгі күш-жігерін ОАК толып кетуіне жол бермеуге жұмылдырды. Ол үшін ОАК-ға тікелей келетін 37 коллектор мен арналарды толтыру шектелді. 

Жағдайдың күрделенуіне байланысты облыстың басқа аудандарынан қосымша күш пен қаражат тартылды. Суды айдауға барлығы 337 адам, 131 мотопомпа және 37 техника жұмылдырылды. 

Осы оқиғалармен бірге Сырдария өзеніне су ағыны артты, нәтижесінде 19-25 наурыз аралығында Шардара су қоймасында ағын орта есеппен 1200-1300 м3/сек құрады. Бұл ретте Шардара су қоймасының толып кету қаупі туындады.

1500 және одан жоғары су тасқыны кезінде ықтимал су басу аймағына түсетін Сырдария өзенінің ағысымен төмен қарай орналасқан барлық елді мекендерде тәулік бойы кезекшілік жүзеге асырылады. 

«Көксарай контрреттегішіне дейін қауіп аймағында бір Сүткент елді мекені бар. Қазіргі уақытта аталған елді мекенде инженерлік техника шоғырланған, қаптар дайындалған. Қауіпті учаскелерде тұратын барлық тұрғындарға ескертілді және нұсқау берілді. Облыстың қалған су қоймалары бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі. Облыстың Бөген, Қапшағай, Қосқорған ірі су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік жүргізілуде», — деп түйіндеді Нұрғали Жүнісов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу