Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №35

2022 жылғы 12-18 қыркүйек аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі, 13 қыркүйекте, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2022 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы, сондай-ақ «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Бірінші мәселені таоқылау бойынша Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерінің өндірісін ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Екінші мәселені қарау кезінде Премьер-Министр ақпараттық жүйелердің істен шығуын азайтатын жүйелі шаралар қабылдауды, жыл соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін «Kaznedra» платформасын іске қосуды тапсырды. Сонымен қатар күн тәртібінен тыс ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Әлихан Смайылов 15 қыркүйектен бастап жанармай құю станцияларында жанар-жағармай босатуды есепке алудың цифрлық жүйесін енгізуді, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеңілдікті дизель отынын бөлу жүйесін енгізуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңірлердегі халықты сұйытылған газбен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

  • Сәрсенбі, 14 қыркүйекте, Әлихан Смайылов Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті Алан Пиюмен кездесу өткізді. Тараптар ЕҚДБ-ның Қазақстандағы жаңа экономикалық реформаларды жүргізуге қатысу мәселелерін, 2023 жылға арналған инвестициялар мен өзара іс-қимыл жоспарларын, сондай-ақ алдағы уақыттағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.

  • Бейсенбі, 15 қыркүйекте, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Президенті жанындағы Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Ә. Смайылов жүргізіліп жатқан жұмысты қолдап, мәліметтерді тиімді талдау және халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін бірыңғай платформа базасында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясын жандандыруды тапсырды.

  • Жұма, 16 қыркүйекте, Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді, онда бірінші кезекте Әулиекөл ауылына барып, алапат орман өрті салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға арнап салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысымен танысты. Сонымен қатар Премьер-Министр Әулиекөл ауылындағы мектеп базасында құрылған эвакуациялық пунктке барып, зардап шеккендермен кездесті. Одан кейін Премьер-Министр орталық мемлекеттік органдар мен әкімдік басшыларының қатысуымен өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу