Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №37

 

2022 жылғы 26 қыркүйек пен 2 қазан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

28 қыркүйекте Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы өтті.

Сейсенбі, 27 қыркүйекте, ҚР Премьер-Министрі Үкіметтің кезекті отырысын өткізді, онда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру және егін жинау науқанының барысы қаралды. Бірінші мәселені қарау барысында Әлихан Смайылов ұлттық жобаның көрсеткіштеріне сапалы және уақытылы қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін бизнеске арналған қарсы міндеттемелерді ескере отырып, ұлттық жобаның барлық бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруды тапсырды. Екінші мәселе бойынша Үкімет басшысы астық жинау жұмыстарын тез арада толықтай аяқтап, астықтың сапалы сақталуын қамтамасыз етуді және оны үздіксіз тасымалдау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Дүйсенбі, 26 қыркүйекте, Әлихан Смайылов көші-қон мәселелері жөнінде кеңес өткізді, онда Ресей Федерациясынан келушілер санының артуына қатысты қалыптасып отырған ахуал талқыланды, өңірлерде әлеуметтік шиеленіске жол бермеу үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіруді күшейту қажеттігі атап өтілді.

Сейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және умра министрі Тауфик бен Фаузан әл-Рабиамен кездесу өткізді. Тараптар туризм, мәдениет және азаматтық авиация салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Әлихан Смайылов Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Педро Мираспен Қазақстанның жаһандық энергетикалық қауымдастықпен ынтымақтастығын нығайту мәселелерін талқылады. ҚР Үкіметі әлемдік салалық қоғамдастықтың сенімді және жауапты мүшесі ретінде Қазақстанның позициясын нығайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Премьер-Министр Астанаға келген БАӘ Орталық банкінің төрағасы Халед Мұхаммед Салем Балама бастаған Біріккен Араб Әмірліктері делегациясымен кездесті. Қатысушылар инвестиция тарту, екі елдің іскер топтарының байланыстарын нығайту және банк саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Сәрсенбі күні Әлихан Смайылов Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі вице-президенті Анна Бьердемен кездесу өткізді. Тараптар банктің Қазақстандағы қазіргі жобалары мен алдағы жоспарларын, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген Үкіметтің реформаларды жүргізу жөніндегі шараларын, Дүниежүзілік банктің 2020-2025 жылдарға арналған Әріптестік туралы негіздемелік стратегиясын іске асыру барысын және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады.

Бейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстанның Су кеңесінің отырысын өткізді, онда Су ресурстары комитетінің және оның бассейндік инспекцияларының кадрлық әлеуетін нығайту, сондай-ақ олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсарту мәселелері қаралды. 

Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті, онда компанияның даму жоспарын іске асыру нәтижелері және бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер қаралды.

Үкімет басшысы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді, онда «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ және «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС қызметінің мәселелері қаралды.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының Директорлар кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Директорлар кеңесі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларды қаржыландыру үшін Холдингтің еншілес компанияларына қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. 

30 қыркүйекте, жұма күні, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейту және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделін енгізу мәселелері  қаралды

Сенбі күні, 1 қазанда, Әлихан Смайылов көші-қонның өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді. Қазақстан азаматтарының арасында да, мигранттар арасында да көші-қон мәселелерін реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу