Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №54

2020 жылғы 23-28 наурыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі күні ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан аумағында COVID-19 таратылуына байланысты Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Мемлекет басшысы ел ішінде орын алған төтенше жағдайға шұғыл әрекет ету жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

  • Сәрсенбі күні, 25 наурызда, Қазақстан Президенті Ұлттық биотехнология орталығындағы отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен танысты. Орталық қызметкерлері ДНҚ жасанды синтез жолымен әзірленген және жұқпалы коронавирус ауруының жаңа түрін жылдам анықтауға мүмкіндік беретін тест жүйесін таныстырды.

  • 26 наурызда ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті. Отырыста Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында карантин режимін күшейту туралы шешім қабылданды. Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне Әділет министрлігімен бірлесіп шектеу шараларын енгізу бойынша тиісті актіні қабылдауды тапсырды.

  • 27 наурызда Мемлекеттік комиссия отырысында коронавирустық инфекцияның таралуын шектеу мақсатында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында биылғы 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім бекітілді.

  • 28 наурызда Асқар Мамин Қостанай қаласына жұмыс сапары барысында Қостанай автомобиль зауытында «Chevrolet» маркасының жаңа модельдерінің Қазақстан-Өзбекстан бірлескен автоқұрастыру желісінің ашылу салтанатына қатысты. ҚР Премьер-Министрі үшінші елдерден тауарлар мен қызметтердің импортына тәуелділікті төмендету мақсатында Қазақстан мен Өзбекстанның өндірістік процестерін интеграциялаудың өзектілігі артып келе жатқанын атап өтті.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу