Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі №229 Қаулысы

«Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер түрінде бірыңғай жиынтықт өлемді төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 18 қаңтардағы №4 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер түрінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 18 қаңтардағы № 4 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер түрінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару қағидаларында:

3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Бірыңғай жиынтық төлем жалпы сомамен төленуге жатады. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу тұрғылықты жері бойынша«Төлемдер мен төлем жүйелері туралы» 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Төлемдер туралы заң) талаптарын ескере отырып, банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы қолма-қол ақшамен немесе қолма-қол ақшасыз тәсілмен Мемлекеттік корпорацияның банк шотына төлеушінің бірыңғай жиынтық төлемді енгізуі арқылы жүргізіледі.

Бұл ретте, көрсетілген ұйымдар бірыңғай жиынтық төлем осы Қағидалардың 4-тармағында белгіленген бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшеріне сәйкес келмеген жағдайда оны қабылдамайды.»;

5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Төлеушілер бірыңғай жиынтық төлемді төлеуді тұрғылықты жері бойынша «ААЖЖЖЖ» форматында бірыңғай жиынтық төлем жүргізілетін күнтізбелік жылдың айын көрсетіп дербес жүзеге асырады немесе олардың пайдасына үшінші тұлға жүзеге асырады.

          Бұл ретте, бірыңғай жиынтық төлемді күнтізбелік жылдың ағымдағы және одан кейінгі айлары үшін төлеуге болады.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі    А. Мамин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу