Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 21 қыркүйектегі № 717 қаулысы

«Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық қаржыландыру нормаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 20 маусымдағы № 670 қаулысына
өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық қаржыландыру нормаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 20 маусымдағы № 670 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық қаржыландыру нормаларында:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Базалық қаржыландыру ғылыми инфрақұрылым мен мүлікті, оның ішінде ғимараттарды, жабдықтар мен материалдарды ағымдағы қамтамасыз етуге, мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік ғылыми ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жетекші ғалымдарының, әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналының еңбегіне ақы төлеуге, сондай-ақ ғылыми-техникалық қызметін ақпараттық сүйемелдеуге арналған базалық қаржыландыру нормалары бойынша шығыстарды қамтиды.»;

3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Жетекші ғалымдардың, әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналдың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік ғылыми ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналының еңбегіне ақы төлеуді, оның ішінде өтемақы төлемдерін (сауықтыру үшін жәрдемақы төлеуді) қамтиды.

Әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналдың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеуді қамтиды.

Жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар үшін осы шығыстар «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына (бұдан әрі –
№ 1193 қаулы) сәйкес айқындалады.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар, коммерциялық емес акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін еңбекке ақы төлеу шығыстары № 1193 қаулыға сәйкес ең төменгі төлем мөлшерінде, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңдарына сәйкес меншікті кірістер есебінен ең төменгі төлемнен жоғары мөлшерде айқындалады.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                         Ә. Смайылов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу