Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 28 қыркүйектегі №750 қаулысы

«Астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 8 қарашадағы №1 061 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 8 қарашадағы №1 061 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;

көрсетілген қаулымен бекітілген Астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесінде:

1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«1-тарау. Жалпы ережелер»;

3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

1) астананың көлік органы – астана аумағында көлік саласындағы реттеуді жүзеге асыруға астана әкімі уәкілеттік берген жергілікті атқарушы орган;

2) маршрут – жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру процесінде айқындалған, белгіленген бастапқы, аралық және соңғы пункттер мен қозғалыс кестелерінің арасында жүретін жол;

3) маршруттың схемасы – аялдама пункттері, олардың арасындағы арақашықтық, сондай-ақ оларға тән бағдарлар (жол айрықтары, қиылыстар, теміржол өтпелері, көпірлер және тоннельдер) көрсетіле отырып, бағытты графикалық түрде шартты бейнелеу;

4) борт журналы – жолаушылар мен багажды тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асырған кезде автокөлік құралының рейс алдында техникалық қарап-тексеруден әрі жүргізушінің рейс алдында және рейстен кейін медициналық қарап-тексеруден өткені туралы белгілер қойылатын, автокөлік құралында болатын нөмірленген және тігілген журнал;

5) жол жүру құжаты (билет) – ресімдеу арқылы жолаушыны тасымалдау шарты жасалатын қағаз немесе электрондық нысандағы құжат (бұдан әрі – билет);

6) жол полициясы – астанада жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы арнайы функцияларды жүзеге асыратын аумақтық ішкі істер органы;

7) жолаушыларды отырғызу және түсіру пункті (аялдама пункті) – осы Ереженің талаптарына сәйкес жайластырылған, жолаушыларды отырғызу және түсіру мақсатында автокөлік құралдарының аялдауына арналған орын;

8) багаж – Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларында белгіленген нормалар шегінде буып-түйілген және автобустың, шағын автобустың багаж бөлімшесінде немесе автобусқа, шағын автобусқа ілесіп жүретін багаж автомобилінде, сондай-ақ тасымалдаушымен қосымша келісім негізінде таксимен тасымалданатын жолаушы мүлкі;

9) қозғалыс кестесі – жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршрутының әрбір аялдама пункті бойынша автобустардың, шағын автобустардың қозғалыс орны мен уақыты туралы мәліметтер қамтылған кесте.

4. Ұйымдастыру сипатына қарай жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдау тұрақты, тұрақты емес және таксимен тасымалдау болып бөлінеді.»;

6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«6. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауды жүзеге асырған кезде тасымалдаушы автокөлік құралына жол парағын ресімдеп, жүргiзушiнің рейс алдында және рейстен кейін медициналық қарап-тексеруден, сондай-ақ автокөлік құралының техникалық қарап-тексеруден өткені туралы мәліметтерді енгізеді.»;

мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

«6-1. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты және тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар автокөлік құралдарын тасымалдауды ұйымдастырушыға автокөлік құралының қазіргі тұрған жері туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде беретін спутниктік навигация аппаратурасымен жабдықтауды қамтамасыз етеді.»;

7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Жолаушыларды автобустармен, шағын автобустармен тұрақты емес тасымалдау, сондай-ақ жолаушыларды халықаралық қатынаста автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдау лицензиарға берілген лицензияға қосымшада көрсетілген автобустармен, шағын автобустармен жүзеге асырылады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жолаушылар тасымалы жүзеге асырылатын автобустардың, шағын автобустардың жылжымалы құрамының бірлігі өзгерген жағдайда лицензияға қосымша қайта ресімделуге тиіс.

Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабының 3, 4, 5, 6, 7, 8-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

8. Жолаушылар мен багажды тұрақты емес тасымалдау біржолғы сипаты бар тасымалдау, тапсырыс берілген автобустармен, шағын автобустармен тасымалдау болып бөлінеді.»;

10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«10. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдаған кезде техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келетін және кемінде екі жолаушы есігі бар автобустар мен шағын автобустар пайдаланылады.»;

12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«12. Жолаушылар мен багажды қалада автомобильмен тұрақты тасымалдау кезінде пайдаланылатын автокөлік құралдарының салонында мыналарды:

1) тасымалдаушының толық атауын;

2) тасымалдаушының, тасымалдауды ұйымдастырушының, сондай-ақ жол полициясының байланыс телефондарының нөмірлерін;

3) маршрут схемасының көшірмесі мен қозғалыс кестесін;

4) маршрут бойынша жол жүруге және багажды алып жүруге белгіленген тарифті;

5) ақы төлемей жол жүргені және/немесе багажды алып жүргені үшін белгіленген айыппұлдың мөлшерін;

6) жолаушылардың құқықтары мен міндеттерін;

7) тыйымдар туралы ақпарат бар және арнайы орындар белгіленген пиктограммаларды қамтитын ақпараттық табло орналастырылады.

Жолаушылар мен багажды қалада автомобильмен тұрақты тасымалдау кезінде пайдаланылатын автокөлік құралдары аялдамаларды жариялайтын автоматтандырылған дауыс зорайтқыш құрылғымен жабдықталады.»;

18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«18. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты және тұрақты емес тасымалдауды, сондай-ақ таксимен тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының салондарында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға тыйым салынады.»;

2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«2-тарау. Жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарын ашу, жабу және өзгерту тәртібі»;

3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«3-тарау. Автобустар қозғалысына диспетчерлік жетекшілік»;

29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«29. Елді мекендерді астанамен қосатын тұрақты халықаралық, қалааралық облысаралық, қалааралық облысішілік, қала маңындағы маршруттарға диспетчерлік жетекшілікті автовокзалдың немесе автостанцияның диспетчерлік қызметі ғана жүзеге асырады.»;

31 және 32-тармақтар алып тасталсын;

4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«4-тарау. Жолаушылар мен багажды қалада автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар ұйымдастыру және оларды өткізу тәртібі»;

56-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«56. Конкурсқа қатысушы ретінде тіркелу үшін комиссияға тиісті лот бойынша конкурсқа қатысуға өтінім (бұдан әрі – өтінім) беру қажет, оған конкурстық құжаттамаға қоса берілетін конвертке салынған мынадай құжаттар:

1) қатысушы туралы толтырылған ақпарат бланкісі;

2) заңды тұлға үшiн – заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама немесе жеке тұлға үшiн – жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;

3) автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарының және жолаушылар алдында тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарының көшірмелері;

4) жылжымалы құрамның әрбiр бiрлiгi үшiн көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің және ағымдағы кезеңде жарамды диагностикалық техникалық қарап-тексеру карталарының көшiрмелерi;

5) конкурстық құжаттама жиынтығына салынған нысандар санына тең санда қатысушының қолымен толтырылған әрі оның мөрімен куәландырылған конкурстық ұсыныстар қоса беріледі.

Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалар үшін мөрдің болуы талап етілмейді.

Конкурстық ұсыныстар стандартты ақ парақтарда біркелкі, түзетулерсіз және шимайсыз ресімделеді.»;

5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«5-тарау. Жолаушылар мен багажды қалада автомобильмен тұрақты тасымалдау»;

6-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«6-тарау. Жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау»;

96-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«96. Дара кәсiпкерлер немесе заңды тұлғалар таксимен тасымалдаушы ретінде қызметін жүзеге асыруды бастар алдында жергілікті атқарушы органға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қызметтің басталғаны туралы хабарлама жібереді.»;

97, 98, 99, 100 және 101-тармақтар алып тасталсын;

102-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«102. Таксимен тасымалдаушылар:

осы Ереженің талаптарына сәйкес келетін техникалық жарамды такси автомобильдермен тасымалдауды жүзеге асырады;

қызметін заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде жүзеге асырады;

«Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жолаушылар алдында тасымалдаушылардың азаматтық құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасады;

«Автомобиль көлiгi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 23-10) тармақшасына сәйкес автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті орган бекіткен Автомобиль көлігі құралдарын техникалық пайдалану қағидаларына сәйкес жоспарлы-алдын ала техникалық қызмет көрсету, жылжымалы құрамды жөндеу және рейс алдындағы бақылаудан өткізу үшін жағдайларды қамтамасыз етеді (мұндай база немесе оның жекелеген компоненттері болмаған жағдайда тасымалдаушылар осы қызмет түрін жүзеге асыруға рұқсат құжаттары бар тиісті жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді орындайтын субъектілермен шаруашылық шарттарын жасасады);

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 86-бабының 4 және 6-тармақтарына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Міндетті медициналық қарап-тексерулерді жүргізу қағидалары мен мерзімділігі және «Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес көлік құралдарын жүргізушілердің рейс алдында және рейстен кейін медициналық қарап-тексеруден өтуін және рейс алдында және рейстен кейін медициналық қарап-тексеруден өтпеген жүргізушілерді көлік құралдарын басқаруға жібермейді, сондай-ақ таксидің ақауы болған жағдайда оны уақтылы ауыстыруды қамтамасыз етеді;

жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтайды;

жүргізушілер персоналын белгіленген үлгідегі нысанды киіммен қамтамасыз етеді;

жүргізушілердің жолаушылар көлігі кәсіптік оқу-білім беру орталықтарында:

қаланың және көшелердің орналасуын;

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1 196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін (бұдан әрі – Жол жүрісі қағидалары) және осы Ережені;

қауіптілігі жоғары әдеттегі жол-көлік ахуалдарын, жолдағы және метеорологиялық жағдайлар қиын болғанда көлік құралын қауіпсіз басқару негіздерін;

зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін;

жол-көлік оқиғасы кезінде жолаушыларды эвакуациялау тәртібін білуді көздейтін кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өтуін және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.

Такси автомобильдер шанақ периметрі бойынша «шаршылы белдеумен» және төбесінде орналасқан, әрі 500 метрге дейінгі қашықтықтан жақсы ажыратылатын айырым қалпақшасымен, алдыңғы есіктері тасымалдаушының логотипімен, артқы есіктері қызмет көрсететін диспетчерлік қызметтің нөмірлерімен және шанақтың артқы бүйір жақтары такси автомобильдің жеке тіркеу нөмірімен (гараж нөмірімен) жабдықталады. Айырым қалпақшасында «ТАХІ» (такси) деген жазу немесе тәуліктің қараңғы уақытында жарық түсіретін өзіндік «шаршылы белдеуі» болады.»;

103-тармақ алып тасталсын;

104, 105 және 106-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«104. Қажет болған кезде такси автомобильдер таксометрмен жарақтандырылады.

105. Такси автомобильдер диспетчерлік қызметпен (бар болса) радиоландырылған немесе ұялы байланыс құралдарымен жабдықталады.

106. Такси автомобильдің салонында жолаушыларға көрініп тұратындай:

тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), сондай-ақ тасымалдаушының ресми атауы көрсетілген жүргізушінің фотосуреті;

тасымалдау тарифі, сондай-ақ белгілі бір жағдайда қолданылатын арнайы тарифтер (әрбір багаж орнына, әрбір жануарға және т.б.);

астананың көлік органының, диспетчерлік қызметтің (бар болса) және «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметінің телефон нөмірлері болады.

Такси автомобильдің салонында қолжетімді жерде тасымалдау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері бөлігінде осы Ережеден үзінді көшірме, сондай-ақ қаланың (астананың) картасы болады.

Осы тармақтың ережелері тіл туралы заңнамаға сәйкес орындалады.»;

109, 110 және 114-тармақтар алып тасталсын;

115-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«115. Диспетчерлік қызметтер:

жолаушылардан тапсырыстар қабылдау және оларды такси жүргізушісіне беру үшін сапалы көп арналы және жедел радиоландырылған немесе ұялы байланыспен қамтамасыз етеді;

тапсырыстардың уақтылы орындалуын және таксилердің берілуін бақылауды жүзеге асырады;

жолаушылардан түскен тапсырыстарды тіркеу журналын жүргізеді;

такси кешіккен немесе тапсырысты орындауға мүмкіндік болмаған жағдайда таксиге тапсырысты ресімдеген адамға оның кешігетіні туралы дереу ескертеді немесе жолаушымен келісу бойынша қысқа мерзімде басқа таксимен ауыстырады;

таксиге тапсырыстар қабылдау туралы қала тұрғындарына аңық және шынайы ақпарат береді.»;

120-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«120. Такси тұрақтарын осы Ереженің шарттарына сәйкес келетін таксимен тасымалдаушылар пайдаланады.»;

124, 125 және 126-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«124. Такси автомобильді жіберуге тапсырысты тасымалдаушы радиоландырылған немесе ұялы байланыс құралдары арқылы қабылдайды. Жолаушы жол жүру құнын жол жүру аяқталған соң төлейді.

125. Тапсырысты қабылдау және такси автомобильдерді жіберу арасындағы уақыт аралығы, сондай-ақ шұғыл тапсырыстарға ақы төлеу тәртібі мен мөлшері диспетчерлік қызметтермен (бар болса) келісу бойынша белгіленеді.

126. Алдын ала тапсырыс жасалған кезде жүргізуші такси автомобильдің тапсырыста көрсетілген уақытқа қарай жіберілуін қамтамасыз етеді, бұл ретте оның жолаушыны күту уақыты 10 минуттан аспайды. Осы уақыт өткеннен кейін жүргізуші жолаушыға немесе оған тапсырысты берген диспетчерлік қызметке (бар болса) хабарлап, тапсырыс орнынан кетеді.»;

128, 129, 130 және 131-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«128. Жолаушы такси автомобильге отырған соң жүргізуші таксометрді (бар болса) іске қосады.

129. Жол жүру аяқталғаннан кейін таксометрдің (бар болса) көрсеткіштеріне сәйкес жолаушыға такси автомобильдің көрсетілген қызметі үшін түбіртек (чек) беріледі.

130. Такси автомобильді бірнеше жолаушы жалдаған жағдайда жол жүру төлемақысының жалпы сомасы жолаушылар арасында әрбір жолаушының жүріп өткен қашықтығына барабар бөлінеді.

131. Егер такси автомобильмен тасымалдау процесінде, оның ішінде жүргізушіге байланысты емес мән-жайларға орай оның қозғалысын жалғастыру мүмкін болмайтын ахуал туындаса, тасымалдау шарты мерзімінен бұрын бұзылды деп есептеледі, жолаушы жүріп өткен қашықтықтың құнын төлейді.»;

136-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«136. Такси жүргізушілері:

жүру жолында қозғалыс жолағын алдын ала таңдайды, жылдамдық режимін реттейді және маневр жасауды көлік құралының барынша қауіпсіздігін және бірқалыпты жүруді қамтамасыз ететіндей түрде жүзеге асырады;

көлік құралының жол жүрісінің қауіпсіздігіне, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін техникалық ақауы болған жағдайда көлік құралын тоқтатып, барлық есіктерін ашады және жолаушыларды шығарады;

шұғыл жағдайларда 101, 102, 103 мамандандырылған қызметтеріне немесе «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне дереу жүгінеді;

жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда оқиғаның сипаттамасы туралы тиісті қызметтерге хабарлау үшін дереу шаралар қолданады және мүмкіндігінше зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетеді, оларды шұғыл медициналық жәрдем пункттеріне жеткізуді ұйымдастырады;

көлік құралында жолаушы байқамай ұмыт қалдырған заттар болса, оларды қысқа мерзімде тасымалдаушы әкімшілігінің жауапты жұмыскерлеріне немесе «табылған заттар үстеліне» сақтауға тапсыруды қамтамасыз етеді;

такси автомобильде ақаулар анықталған кезде бұл туралы диспетчерлік қызметке (бар болса) дереу хабарлайды және жолаушының баратын жеріне немесе ең жақын жолаушылар көлігі аялдамасына дейін тез жетуіне жәрдемдеседі;

тасымалдау қауіпсіздігін және жолаушыларға жоғары қызмет көрсету мәдениетін қамтамасыз етеді;

жолға шығар алдында автомобильдің техникалық жай-күйін тексереді;

жүргізушінің рейс алдында және рейстен кейін медициналық қарап-тексеруден, сондай-ақ такси автомобильдің техникалық қарап-тексеруден өткені туралы мәліметті жол парағына енгізуді қамтамасыз етеді;

музыка ойнатқыштарды немесе радиоқабылдағыштарды жолаушының келісімімен қосады және оларды жолаушының талап етуі бойынша сөндіреді.»;

140-тармақ алып тасталсын;

7-тарау алып тасталсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                                                    Ә. Смайылов

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу