Талғат Сәтиев ҚР  ЭГТРМ Геология комитетінің төрағасы қызметінен босатылды

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен Талғат Бақтиярұлы Сәтиев Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі хабарлайды. 

Талғат Сәтиев 1973 жылы 7 маусымда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Семей геологиялық барлау техникумын, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін тәмамдаған. 

Еңбек жолын 1999 жылы Семей қаласындағы «Шығысқазжерқойнауы» мемлекеттік мекемесі Семей жер қойнауын қорғау және пайдалану инспекциясының жетекші маманы болып бастады.

Әр жылдары Семей аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының бас маман-инспекторы, басшысы, Семей қаласындағы «Шығысқазжерқойнауы» Геология департаменті басшысының орынбасары, басшысы болып қызмет етті. 

2014 ж. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Әрі қарай ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары болды.

2021 жылдан бастап қазіргі кезге дейін Т. Сәтиев ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің төрағасы болып қызмет етті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу