Жамбыл облысы Қордай ауданында 12 елді мекенді газдандыру жобаларын қаржыландыруға қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ж. Жолдасбаевтың, Ә. Нұралиев, Е. Мамытбеков, Қ. Қожамжаровтың Жамбыл облысы Қордай ауданының 12 елді мекенін газдандыру бойынша 2 жобаны қаржыландыруға қатысты 2020 жылғы 7 ақпандағы № 16-13-32 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті депутаттар!

Сіздердің Жамбыл облысы Қордай ауданының 12 елді мекенін газдандыру бойынша 2 жобаны қаржыландыруға қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Жамбыл облысын газдандыруға 2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджетте 7 жобаға (Талас ауданының 3 елді мекені, Сарысу ауданының 14 елді мекені, Шу ауданының 18 елді мекені, Жамбыл ауданының 13 елді мекені, Жуалы ауданының 15 елді мекені және Байзақ ауданының 21 елді мекені) 22,7 млрд. теңге сомасында шығыстар, оның ішінде: 2020 жылға – 6,6 млрд теңге, 2021 жылға – 12,4 млрд теңге, 2022 жылға – 3,7 млрд теңге көзделген.

Жамбыл облысының әкімдігі (2020 жылғы 10 ақпандағы № 02-926) Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне Қордай ауданы бойынша 2 жобаны қаржыландыруға жалпы сомасы 345 млн теңгеге бюджеттік өтінім жіберді:

1) «Жамбыл облысы Қордай ауданының Соғанды, Алға, Көгадыр, Мұзбел, Кенен, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр, Көктөбе, Отар, Гвардейский, Аңырақай, Бел – 12 елді мекеніне тартылатын газ құбырын салу» жобасына 200 млн теңге (2019 жылғы 20 желтоқсандағы № 19-0453/19 мемлекеттік сараптама, жобаның құны – 4 млрд теңге);

2) «Жамбыл облысы Қордай ауданында «Отар» АГТС құрылысы» жобасына 145 млн теңге (2019 жылғы 29 қарашадағы № 04-0281/19 мемлекеттік сараптама, жобаның құны – 1 млрд теңге).

Қордай ауданының 12 елді мекенін газдандыру бойынша 2 жобаны қаржыландыру мәселесі республикалық бюджеттің қаржылық мүмкіндігін ескере отырып, 2020 жылға арналған республикалық бюджетті ықтимал нақтылау кезінде немесе бюджет заңнамасында белгіленген жоспарлы тәртіппен қаралатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу