Қазақстанда қой шаруашылығын дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары А. Мұсаханов, Ж. Нұрғалиев, Р. Әкімов, Б. Еламанов, М. Жұмағазиев, Д. Мусин, Ә. Нұралиев, Н. Қылышбаевтың Қазақстанда қой шаруашылығын дамыту мәселесіне қатысты 2019 жылғы 12 сәуірдегі сауалына жауап.
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Қой шаруашылығын дамытуды қолдауға қатысты

Қой шаруашылығын дамытуды және өнім сапасын жақсартуды қолдауға қатысты.

2018 жылдың қорытындысы бойынша республикада қой басы 2017 жылмен салыстырғанда 2,2%-ға артты және 16 399,3 мың басты құрады. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының иелігіндегі қой басының саны тұрақты өсуде, бұл қойдың жалпы санының 44 %-ын құрайды.

Қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында 2017 жылдан бастап қой етін жаңа экспорттық нарықтарға шығару бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда қой етін экспорттау үшін Қытай Халық Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Бахрейн нарықтары ашық. Осылайша, 2018 жылы республикада 150 мың тонна қой еті өндірілді оның ішінде 3,8 мың тонна қой еті экспортталды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қой шаруашылығын дамытудың қолдау шараларын қарастырды. Сонымен, фермерлік шаруашылықтарды қолдау мақсатында 2018 жылдан бастап «Алтын асық» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы қалпына келтірілді, оның шеңберінде қой басын және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу, сондай-ақ айналым қаражаттарын толықтыру қаржыландырылады.

Бүгінгі таңда 743 шаруа қожалығы 280,6 мың аналық қой басын сатып алу үшін кредит алды. Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамдары ауыл халқына мал шаруашылығын, оның ішінде қой шаруашылығын жүргізуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге мерзімі 5 жылға 6 млн. теңгеге дейін кредит қаражатын бөлуде.

Сонымен қатар жаңадан құрылатын шаруа қожалықтарын жайылым алқаптарымен қамтамасыз ету, шалғайдағы жайылымды суландыру жолымен оларды игеру және қой шаруашылығы өнімін өндірудің технологиялық тізбегін құру бойынша шаралар жалғастырылатын болады.

Қой шаруашылығын дамыту бойынша негізгі шаралар ғылыми негізделген тәжірибеге сүйене отырып әзірленуі қажет екенін айта кету керек. Осыған байланысты, 2018 – 2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді нысаналы қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде қой шаруашылығы саласында тиімді технологиялар мен қойлар селекциясын әзірлеу, қой шаруашылығында модельдік фермаларды құру бойынша зерттеулер мен іс-шаралар жүргізілуде, сондай-ақ қой өсіру шаруашылықтарын ақпараттық және консультациялық сүйемелдеу жүзеге асырылуда.

Осы мақсаттарға жыл сайын республикалық бюджеттен 853,4 млн. теңге қарастырылған.

Бүгінгі таңда «Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталық» ЖШС «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-мен бірлесіп қойларды қолдан ұрықтандырудың жылжымалы пунктін, шалғайдағы жайылымдар жағдайында пайдалану үшін энергияны үнемдеудің баламалы көздерін қолдана отырып шопанға арналған мобильді үйді әзірлеу және жасау мәселелері бойынша ғылыми-техникалық жұмыстарды атқаруда.

Сондай-ақ «ҚазМШжЖШӨҒЗИ» ЖШС-нің базасында тұрақты негізде қой шаруашылығында селекциялық және асылдандыру жұмысын жетілдіру және қой тұқымдары мен типтерін шығару бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Осылайша қазіргі уақытта мал шаруашылығындағы селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде қойдың 25 тұқымы бекітілген және тіркелген.

Бұдан басқа, қой шаруашылығына мамандарды даярлау, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және озық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мақсатында «ҚазМШжЖШӨҒЗИ» ЖШС базасында 2018 жылы қой өсіру шаруашылықтарына 7 оқыту семинарлары өткізілді, 2019 жылы 15-тен артық оқыту семинарларын өткізу жоспарлануда.

Қой шаруашылығы саласында кәсіби бірлестіктер мен республикалық үйлестіру кеңесін құруға қатысты

Қой шаруашылығы саласында құрылған Республикалық палаталарды біріктіруге және жеке қой өсіру шаруашылықтарының аудандық, өңірлік кәсіби бірлестіктерін, сондай-ақ қой шаруашылығы бойынша республикалық үйлестіру кеңесін құруға қатысты.

Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 28-2-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қой шаруашылығы, жылқы шаруашылығы және құс шаруашылығы республикалық палаталары қойлардың, жылқылардың және құстардың әр өнімділік бағыты бойынша біреуден құрылады. Бұл ретте Заң бірнеше республикалық палаталарды бір палатаға біріктіруге жол береді. Өз кезегінде өнімділігі бойынша қой тұқымдары келесі бағыттарға бөлінеді: биязы жүнді, биязылау, ұяң жүнді, қылшық жүнді және елтірілі. Осыған байланысты қой шаруашылығы бойынша бұрын құрылған республикалық палаталарды бір республикалық палатаға біріктіру мәселесі республикалық палата қатысушыларының кеңейтілген жиналысында қарастырылуы және олардың ортақ шешімі негізінде қабылдануы тиіс.

Жайылымдарды тиімді пайдалану, жеке қой өсіру шаруашылықтарының аудандық және өңірлік бірлестіктерін және қой шаруашылығы бойынша республикалық үйлестіру кеңесін құру, сондай-ақ АШМ өзге де салалық мәселелерін талқылау мәселелері бойынша ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында қой шаруашылығы бойынша республикалық палаталар өкілдерінің, ғалымдардың, қой шаруашылығындағы ғылыми зерттеу институттары өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңес өткізу жоспарланған.

Семинар-кеңес шеңберінде аталған мәселелер бойынша пысықталған шешімдердің нәтижелері бойынша АШМ Сіздерді қосымша хабардар етеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу