«Атырау – Астрахань» автожолының учаскесін қаражатты үнемдеу есебінен II санаттан І санатқа ауыстыруға қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депуттатары С. Еңсегеновтың, М. Бортниктің «Атырау – Астрахань» автожолының 616-674 км учаскесін ЕҚҚДБ-мен кредиттік келісім бойынша қаражатты үнемдеу есебінен II санаттан І санатқа ауыстыруға қатысты сауалына жауап

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

«Атырау – Астрахань» автомобиль жолының 616-674 км учаскесін Еуропа қайта құру және даму банкімен (бұдан әрі – Банк) кредиттік келісім бойынша қаражатты үнемдеу есебінен II санаттан І санатқа ауыстыруға қатысты мынаны хабарлаймыз.

Құрылыс нормаларына сәйкес (ҚР ҚНжЕ 3.03-09-2006) I техникалық санаттағы автожолды салу үшін негіздеме ретінде учаскенің қарқындылығы болып табылады, ол тәулігіне 7000-нан астам автомобиль болуға тиіс. Соңғы жылдардың статистикалық деректеріне сәйкес жобалау кезінде жоғарыда көрсетілген учаскеде автокөлік құралдарының қарқындылығы тәулігіне 5500 автомобильді құраған.

Осыған байланысты автожол учаскесі II техникалық санатқа жобаланып, жоба Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды.

Бүгінгі күні ұзындығы 217 км 616-833 км учаскесі бойынша конкурстық рәсімдер өткізілді және мердігерлік ұйымдармен жалпы сомасы 51,1 млрд. теңгеге құрылыс мерзімі 2022 жылға дейін келісімшарттарға қол қойылды. Халықаралық қаржы институттарының қағидалары бойынша жобаларды іске асыру кезінде келісімшарттардың талаптарында баға эскалациясы көзделген.

Сонымен қатар, аталған қарыз қаражаты есебінен «Атырау қаласын айналып өту» автомобиль жолын салу көзделген. Бүгінгі күні жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жобалау аяқталғаннан кейін «Атырау қаласын айналып өту» автомобиль жолын салу құны айқындалатын болады.

Банктің қарызы бойынша үнемдеудің соңғы сомасы бағалардың эскалациясына болжамды шығыстарды шегеру арқылы, сондай-ақ «Атырау қаласын айналып өту» жобасының құны айқындалғаннан кейін есептелетін болады.

Одан басқа, Банкпен жоғарыда көрсетілген автомобиль жолының учаскесін І техникалық санатқа ауыстыру бойынша келіссөздер жүргізу қажет. Банкпен келіссөздер нәтижелері бойынша және болжанатын үнемдеуді ескере отырып, осы мәселе бойынша шешім қабылданатын болады. Қабылданған шешім туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сіздерге қосымша хабарлайтын болады.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу