10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция 7,5%-ға ұлғайды — С. Омаров

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ағымдағы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығын дамыту туралы мәселе қаралды.

Өз баяндамасында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ағымдағы жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,2%-ға ұлғайып, 5,4 трлн теңгені құрағанын айтты.

Бұл өсім негізінен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 7,1%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. 

Облыстар бөлінісінде 3 облыста республикалық деңгейден жоғары қарқын байқалды: Қостанай облысында – 121,3%, Ақмола облысында – 114,1% және Павлодар облысында – 105,5%.

«Мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі көрсетілген кезеңде 2,7%-ға ұлғайып, 2,1 трлн теңгені құрады. Бұл ретте тірідей салмақтағы ет өндіру көлемі 3,7%-ға, сүт өндіру көлемі 3,1%-ға ұлғайды», — деді С. Омаров.

Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,4%-ға өсіп, 1,6 трлн теңгені құрады.

Атап айтқанда, өңделген күріш өндіру көлемінің 36,8%-ға, сары май өндірудің 17,1%-ға, шұжық өнімдерін өндірудің 14,6%-ға, макарон өндірудің 9,7%-ға, жарма өндірудің 5,6%-ға, ұн өндірудің 5,1%-ға, қышқыл сүт өнімдерін өндірудің 4,5%-ға, ірімшік және сүзбе өндірудің 2,1%-ға артқаны байқалды.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция 7,5%-ға ұлғайып, 412,5 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция 20,1%-ға артып, 75,3 млрд теңгені құрады. 

«Жалпы, министрлік жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін барлық шараларды қабылдауда», – деді С. Омаров.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу