2021 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша ҚР экономикасының өсу қарқыны 1,6% құрады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-мамырдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.

Экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты жағдай туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өнеркәсіп пен энергетика секторын дамыту туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов және энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.

Қазақстан экономикасы оң өсім көрсетіп отыр. Осы жылдың 5 айында өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ды құрады.

Негізгі драйверлер өңдеу өнеркәсібі (7,2%), машина жасау (21,1%), оның ішінде автомобиль жасау (26,4%) және локомотивтер мен вагондарды қоса алғанда, басқа да көлік құралдарын шығару (54,9%) болды.

Өңдеу секторында химия өнеркәсібі (9,8%), жеңіл өнеркәсіп (5,5%), металлургия (2,7%), фармацевтика (25,7%) және мұнай өңдеу (3,4%) секілді салалар жоғары динамика көрсетті.

Құрылыс секторында (11,3%) және тұрғын үйді пайдалануға беруде (12,5% немесе 4,6 млн м²) жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді.

Ауыл шаруашылығында тұрақты өсу қарқыны байқалады (3,1%).

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі тау-кен өнеркәсібін есепке алмағанда 25,5%-ды құрады.

Екінші ай қатарынан көрсетілетін қызметтер секторында – сауда (6,7%), байланыс (11,6%), жылжымайтын мүлік операциялары (1,3%), қаржы және сақтандыру қызметінде (1,6%) оң өсім қарқыны байқалады.

Биылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындылары бойынша Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіштер бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстары – 6 көрсеткіш бойынша, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары – 5 көрсеткіш бойынша өсім көрсетті. Ең төменгі көрсеткіштерге Батыс Қазақстан облысында қол жеткізілді.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерін өндіруді ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсу фактілеріне жол бермеу тапсырылды.

Премьер-Министр министрліктер мен әкімдіктердің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық экономика өсімінің жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша алға қойған міндеттерін іске асыру бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу