Әлихан Смайылов «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолының учаскесін  реконструкциялау барысымен танысты

8 шілде, жұма күні, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Үкімет басшысы өңірде бірқатар өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралап, Теміртау және Саран қалаларында жаңа жобалардың іске асырылу барысымен танысады, сондай-ақ жалпы Қарағанды облысының кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізеді. 

Әлихан Смайылов өңірде бірінші кезекте Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын байланыстыратын «Орталық-Оңтүстік» халықаралық транзиттік дәлізінің бір бөлігі «Қарағанды-Балқаш-Сарышаған» автожолын (1492,4-2005 км учаскесі) реконструкциялау барысымен танысты. 

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаевтың айтуынша, жобаны 2023 жылдың желтоқсанында толық аяқтау жоспарланған. 

Оның айтуынша, биыл жол жамылғысының құрылымдық қабаттарын төсеу, жасанды құрылыстарды монтаждау және жол-құрылыс материалдарын дайындау жұмыстары жалғасады. Мәселен, республикалық маңызы бар «Қарағанды-Балқаш» және «Балқаш-Бурылбайтал» және т.б. автожолдарда кең ауқымды жол-құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар барлық 8 учаскеде қайта басталды. 

Сонымен қатар көлік қозғалысы айналма және топырақ төселген жолдармен жүзеге асырылатын учаскелердің санын қысқартуға баса назар аударылады. Реконструкциялау жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл трассалар төрт жолақты І техникалық санатқа сәйкес келетін болады. 

«Жоба жол жүру уақытын айтарлықтай қысқартып, қауіпсіз және жайлы қозғалысты қамтамасыз етеді. Жаңартылған автожол Балқаш көлінің туристік кластерін дамытудың драйверіне айналады және жаңа жұмыс орындарын құруға ынталандырады», — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек үкіметтік делегация мүшелерін өңірдің жол-көлік инфрақұрылымын дамыту барысы туралы хабардар етті, оның нәтижесінде көлік әлеуеті артып, бірқатар жолдар жоғары техникалық санатқа ауыстырылуы тиіс. 

Үкімет басшысы баяндамамен танысып, облыс басшылығына бірқатар тиісті тапсырмалар берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу