Әлихан Смайылов Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін салу мәселесін пысықтауды тапсырды

Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді.

Кеңес барысында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, сондай-ақ ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов және денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник баяндама жасады.

Үкімет басшысы Павлодар облысы тау-кен өндіру, металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс саласы бойынша белсенді түрде дамып келе жатқан еліміздің аса маңызды индустриялық өңірлерінің бірі екенін атап өтті.

2022 жылы облысты дамытуға шамамен 134 млрд теңге қарастырылған, оған қоса республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 23 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

«Бұл қаражат өңірдің әлеуметтік қажеттіліктеріне, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған. Сапалы нәтижелерге қол жеткізу үшін олардың мақсатына сай пайдаланылуын және тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ Премьер-Министр өңірде азық-түлік өнімдерінің жетіспеушілігі мен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жоспарлы түрде жұмыс жүргізу қажеттігіне назар аударды.

«Бұл мәселе Үкімет деңгейінде үнемі қаралып отырады. Барлық қажетті құралдар мен механизмдер анықталған. Оларды белсенді түрде қолдану керек», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, тағы бір өзекті мәселе – өңір экономикасын әртараптандыру. Осы мақсатта биыл жеке инвестициялар есебінен 44 млрд теңгеге жуық сомаға 66 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, 1,7 трлн теңгеден астам сомаға тағы 48 жоба жобалау сатысында тұр.

«Бұл жобалар агроөнеркәсіп кешені, металлургия, энергетика, құрылыс индустриясы сияқты салаларда іске асырылып жатыр. Облыс әкімдігі оларды уақытылы іске қосып, сондай-ақ жаңа жобалардың сапалы пысықталуын қамтамасыз етуі қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне облыс әкімдігімен бірлесіп Ертіс өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін салуға, «Ленин – Ертіс – Русская поляна» және «1-МАЭС – Басқамыс –Разумовка» жолдарын реконструкциялауға, сумен жабдықтау объектілерін салуға және жылумен жабдықтау желілерін жаңартуға қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар әкімдікке Екібастұздың жылу энергетикалық орталығына техникалық аудит жүргізу және оның тиімді жұмысын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар енгізу, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» компаниясымен бірлесіп жыл соңына дейін нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесін республикалық желі бойынша 97%-ға дейін және жергілікті желі бойынша 93%-ға дейін арттыру тапсырылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдікпен бірлесіп өңірдің суармалы учаскелеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жобаларына, ал Денсаулық сақтау, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне әкімдікпен бірлесіп Павлодардағы №1 көпбейінді аурухананы реконструкциялауға қаражат бөлу мүмкіндігін қарау тапсырылды.

Сонымен қатар Премьер-Министр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне кәсіпорындардың кешенді экологиялық шешімдерге жедел көшу мәселелерін қарауды, ал Оқу-ағарту министрлігі әкімдікпен бірлесіп, үш ауысыммен оқытатын мектептер, оқушы орындары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін шаралар қабылдап, сондай-ақ жаңа оқу жылының басталуына сапалы дайындық жүргізуді тапсырды.

«Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешу орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдігінің бірлескен тиімді жұмысына байланысты. Барлық әріптестерімді осы бағытта белсенді түрде жұмыс істеуге шақырамын», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу