АМСК көрсету, дәрігерлердің жалақысын арттыру және COVID-19-ға қарсы күрес — А. Цой Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің дамуы туралы айтты

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру кездесуінде ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Министрліктің 2020 жылғы қызметі және 2021 жылы ведомство алдында тұрған міндеттер туралы айтып берді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес және елдің денсаулық сақтау жүйесі тап болған сын-қатерлерді ескере отырып, Министрлік қызметінің негізгі басымдықтары қалыптастырылды, бұл:

  • МӘМС аясында халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі жұмысты күшейту;
  • бастапқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау;
  • көлік медицинасын күшейту;
  • барлық өңірлерде ірі заманауи ауруханалар, сондай-ақ инфекциялық стационарлар салу; 
  • ауыл тұрғындарын фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету;
  • медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру;
  • медициналық ұйымдарды кадр ресурстарымен қамтамасыз етудің 10 жылдық болжамын қалыптастыру;
  • Медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту.

Жалпы алғанда, мемлекет пен медицина қызметкерлерінің күш-жігерінің арқасында республикадағы медициналық-демографиялық ахуал былайша сипатталады.

«Өмір сүру ұзақтығының өсуі байқалады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші 3%-ға төмендеді. Бала туу көрсеткіші 3%-ға өскен. Қатерлі аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 3%-ға төмендеді. Бірлескен ведомствоаралық жұмыстың арқасында жарақаттардан, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын өлім-жітім көрсеткіші 15%-ға төмендеді. Туберкулез сияқты қауіпті аурудан болатын өлім 21%-ға төмендеді», — деді денсаулық сақтау министрі.

Бұл құрғақ сандардың артында адам өмірі, медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегі, сондай-ақ ішкі істер қызметтерінің, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың қызметі тұрғанын атап өткен жөн. Тіпті өлім-жітімнің кем дегенде 1%-ға төмендеуі де үлкен жетістік, өйткені ел ауқымында бұл пайыздың артында мыңдаған адамның өмірі жатыр. 

Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында көптеген мәселелер бар, оларға назар аудару қажет.

Саланың бірқатар маңызды көрсеткіштері төмендеді. Бұл ең алдымен ана өліміне қатысты. Сондай-ақ жүрек-қантамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 15%-ға өскені байқалады. Мұның бәрі коронавирус инфекциясы пандемиясымен байланысты.

«Осы проблемаларды шешу үшін біз бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдадық. Қысқа мерзім ішінде азаматтарымыздың денсаулығын сақтауға бағытталған айтарлықтай күш пен қаражат жұмылдырылды», — деді А. Цой.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесі үшін негізгі басымдық — алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету.

Бүгінгі таңда халыққа медициналық қызметтерді 7 мыңнан астам амбулаториялық-емханалық ұйым көрсетеді, оның ішінде мемлекеттік – 59%, жеке меншік – 41%.

«Учаскелік дәрігердің жүктемесін азайту үшін біз 2020 жылы қосымша жалпы практика дәрігерлерінің 480 учаскесін аштық. Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ел өңірлерінде 63 амбулаториялық-емханалық нысан салынып, пайдалануға берілді. Өткен жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 52,4%-на дейін жеткізілді», — деді А. Цой.

Сонымен қатар дәрілік заттарға жазылған жеңілдікті рецептілер саны 13,7 млн бірлікке жетті.

Сондай-ақ ел халқы скринингтік зерттеулермен қамтамасыз етілген, олардың саны 2020 жылы 12 млн құрады. Соның нәтижесінде 600 мыңнан астам ауру анықталды.

Қант диабеті, гипертония және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша ауруларды басқару бағдарламасын іске асыру жұмысы жалғасуда. 2020 жылы динамикалық бақылаудағы пациенттердің 55%-ы осы бағдарламаға қатысады.

«Біз мобильді медицинаны белсенді енгізіп жатырмыз. Үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильді бригадалардың саны 3 мың 700-ге жетті, оның 49%-ы ауылда. Бұл ретте, 2020 жылы олар 750 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетті. Бұл КВИ бар науқастарға үй жағдайында медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарды», — деп атап өтті А. Цой.

Ана мен баланы қорғау

Статистикалық деректерге сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде бала туу жасындағы 4 млн 645 мың әйел өмір сүрген, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 26 мыңға артық. Жүкті әйелдердің саны 436 мыңға жуық болды, олардың саны 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 21 мыңға артты.

Сонымен қатар 2020 жылы босану саны өткен жылмен салыстырғанда 22 мыңға артты. 

Өткен жылы тірі туылған балалар саны 427 мыңнан астам адамды құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24 мыңға көп.

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру аясында біз экстракорпоралдық ұрықтандыруға квоталар санын 2020 жылғы 1 105-тен 2021 жылы 7 мыңға дейін ұлғайттық. Айта кету керек, жыл сайын халыққа 7 мың квота берілетін болады. Қазіргі уақытта республиканың 8 қаласында қосалқы репродуктивті технологиялар қызметін орындайтын 27 клиника жұмыс істейді, олардың 19-ы МӘМС аясында қызмет көрсетеді», — деп хабарлады А. Цой.

Балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету үшін олардың скринингтік зерттеулері жалғасуда. 2020 жылы скринингпен 4 млн-нан астам бала қамтылды, оларда 400 мыңға жуық ауру анықталды, оның ішінде 151 мыңнан астам адам есепке алынды.

Айта кету керек, Балалар кардиохирургиялық қызметін дамыту бойынша шаралар қабылдануда.

Соңғы 3 жылда балаларға 7 мыңға жуық кардиохирургиялық араласу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы ашық жүрекке 1 627 ота, 426 эндоваскулярлық ота жасалды.

Сондай-ақ балалар онкологиялық қызметін дамыту жалғасуда.

5 жыл ішінде 210 сүйек кемігін трансплантациялау жүргізілді. Қатерлі ісіктері бар балалардың жалпы өмір сүру деңгейі қазіргі уақытта 74% құрайды.

Денсаулық сақтау жүйесінің мамандары жаңа медициналық технологияларды іздестіру мен енгізуді тұрақты негізде жүргізеді. 

Қазақстанда медицинаның бірқатар бағыттары халықаралық деңгейде табысты бәсекелесе бастады. ҚР-да жоғары технологиялық медициналық көмектің 78 түрі халыққа қолжетімді.

Бұл ретте, 2020 жылы 10 мыңға жуық ЖТМК қызметі көрсетілді.

Сондай-ақ 2011 жылдан бастап елімізде органдарды трансплантациялау технологиялары белсенді енгізілуде. 2020 жылы 112 трансплантация жасалды.

2020 жылы мынадай бірегей технологиялар енгізілді:

  • 3D басып шығару технологиясы бойынша жеке үлгіленген омыртқалы жасанды денені (протезді) орнату;
  • бас сүйек нервтерінің микроваскулярлық декомпрессиясы кезіндегі эндоскопиялық ассистенция.

2021 жылы мынадай технологияларды игеру және енгізу жоспарлануда:

  • Гамма-пышақ аппаратын қолдана отырып, ОЖЖ ауруларын емдеудің радиохирургиялық әдісі;
  • жүрек ішілік кардиостимулятордың транскатетерлік имплантациясы.

Сонымен қатар Семей қаласында Ядролық медицина орталығының құрылысы аяқталды. Орталықтың толық қызмет спектрі осы жылдың маусым айынан бастап көрсетілетін болады. 

Сондай-ақ биыл Назарбаев Университеті жанынан Балалар кардиохирургиялық орталығын ашу жоспарлануда.

Айта кету керек, елімізде оңалту қызметін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Республикада 610 медициналық оңалту ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде мемлекеттік – 377, жеке – 233, республикалық – 7.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының бастамасымен 8 жаңа оңалту орталығы ашылды.

Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда 695 мың мүмкіндігі шектеулі адам динамикалық бақылауда тұр, оның ішінде 95 мыңы – балалар.

Аталған тұлғаларға 2020 жылы 638 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесін енгізудің арқасында оңалту қызметтерін қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге ұлғайды және 55,7 млрд теңгені құрады. 

2021 жылы МӘМС жүйесіне түсетін түсімдер есебінен оңалту қызметтерінің санын 800 мыңға дейін ұлғайту, сондай-ақ осы қызметтерді қаржыландыруды 62 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.

 

Денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстары

Қазіргі уақытта еліміздегі дәрігерлер саны 76 мың штаттық бірлікті құрайды, оның 32 мыңы — бейінді мамандар.

2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада дәрігер кадрлармен қамтамасыз ету 10 мың тұрғынға 40,5-ті құрады.

Сонымен қатар 2020 жылы медициналық жоғары оқу орындары 2 171 түлек дайындады.

Айта кету керек, ауылдық жерге жұмысқа келген жас мамандар әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 836 маманға көтерме жәрдемақы берілді, 235 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 73 дәрігерге өзге де әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.

Медициналық ұйымдарды білікті кадр ресурстарымен жасақтау үшін біз мынадай шараларды қарастырдық:

  • медицина қызметкерлерін даярлауға гранттар санын ұлғайту;
  • дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу;
  • медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен, 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге дейін арттыру.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы, дәрігерлерге 30%-ға, орта медицина қызметкерлеріне 20%-ға өсті.

Осылайша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 561 мың теңгені, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 210 мың теңгені құрайды.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске асырылуда.

МӘМС жүйесін іске асырудың арқасында медициналық қызметтер пакетінің құны бір адамға шаққанда 55 мың теңгеден 3 есеге — 154 мың теңгеге дейін ұлғайды. 

Сонымен қатар 2020 жылы қаржыландыру ұлғайтылды:

  • консультациялық-диагностикалық қызметтер 3,4 есе;
  • компьютерлік диагностика 2 есе;
  • магниттік-резонанстық томография 2,6 есе;
  • жоғары технологиялық медициналық қызметтер 16%-ға.

 

Қазақстанда КВИ таралу хронологиясы

  • Өткен жылдың 16 наурызында Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимін енгізді;
  • 2020 жылдың 11 мамырынан қатаң шектеу шараларын жеңілдету басталды, ол коронавирус инфекциясының өсуіне әкелді. 

«Осыған байланысты, 2020 жылдың 5 шілдесінен бастап шектеу шараларын күшейту туралы шешім қабылдадық. Бұл шаралардың енгізілуі республикадағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына әкелді. Өткен жылдың 1 тамызында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан COVID-19 жағдайларын тіркеуге және есепке алуда аурулардың халықаралық жіктемесінің жаңа кодтарын қолдануға көшті», — деді А. Цой. 

Айта кету керек, Қазақстан шектеу шараларын ескерумен эпидемиологиялық ахуалды бағалау мен болжаудың бірегей кешенді жүйесін әзірледі. Бұл модельді ДДҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты Өкілдігі мақұлдады, сондай-ақ оны ЕО елдері бейімдеді және көрші мемлекеттер жоғары бағалады.

Қазақстанда 30 сәуірдегі жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 319 818 науқас және КВИ- бар 52 844 жағдай тіркелді, 273 915 (86%) және 51 555 (98%) ПТР- емделіп шықты.

Бұл ретте КВИ оң нәтижесімен 42 235 адам және теріс нәтижесімен 495 адам емделуде. 3 668 адам (ПТР+) және 794 адам (ПТР-) қайтыс болды.

Қазіргі уақытта бүкіл әлемде короновирус инфекциясының таралуының күрт өсуі байқалады. 

Осылайша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық деректеріне сәйкес, ағымдағы жылғы 30 сәуірдегі жағдай бойынша COVID-19 жұқтырудың 151 104 146 жағдайы тіркелді, оның ішінде 128 987 465 адам сауығып шықты, 3 178 208 қайтыс болды, өлім-жітім көрсеткіші 2,1% құрайды.

Бір тәулік ішінде 879 586 жағдай тіркелген, өсім коронавирус инфекциясымен ауырғандардың жалпы санына 0,6% құрайды.

«Коронавирус инфекциясының таралуының барлық тәуекелдерін ескере отырып, біз төсек-орын қорының дайындығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдадық. Еліміз бойынша төсек-орындардың ең жоғары ықтимал саны 62 мыңды құрайды, оның ішінде 36 мыңы – қолданыстағы инфекциялық төсект-орын, 3 мыңнан астамы – реанимациялық төсек-орын, 23 мыңнан астамы – резервтік төсек-орын. Қазіргі уақытта инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі – 42%, реанимациялық төсек-орын жүктемесі 29% құрайды», — деді А. Цой.

Айта кету керек, өткен жылдың шілдесінен бастап қазіргі уақытқа дейін COVID-19-ға қарсы іс-қимыл аясында халыққа медициналық көмек көрсету бойынша теңдессіз шаралар қабылданды.

Осылайша, пациенттер легінің аражігін ажырату, сондай-ақ емханаларда фильтр кабинеттерін ұйымдастыру арқылы алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметтеріне толық қолжетімділік қамтамасыз етілді.

АЛО тізбесі 5 атауға кеңейтілді (Парацетамол және Ибупрофен дене қызуын түсіретін препараттар, Ривароксабан, Апиксабан және Дабигатран антикоагулянттары).

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметін күшейту бойынша қабылданып жатқан шаралардың арқасында ЖМК бригадаларын шақырулар саны 2020 жылмен салыстырғанда айына 700 мыңнан айына 600 мыңға дейін, оның ішінде COVID-19 бойынша шақырулар 88 мыңнан 27 мыңға дейін қысқарды.

Сонымен қатар, жедел медициналық көмек қызметінің автопаркі үшін қосымша 1 167 бірлік автокөлік сатып алынды.

Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында қосымша 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Осылайша, қолданыстағы 49 ЖМК ескере отырып, олардың жалпы саны 149 құрады.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде іркілістерге жол бермеу үшін бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында COVID-19 емдеуге арналған дәрілік заттардың 38 позициясы бойынша айына 60 мың пациентті қамту үшін 6 млрд теңгеден астам сомаға препараттардың 2 айлық қоры қалыптастырылды. 

Қазіргі уақытта зертханалық ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне 123 мыңға дейін жеткізілді.

Қалаларда уақытылы медициналық көмек көрсету үшін 16 модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынды.

36 мыңға жуық төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген. Медициналық ұйымдардың ӨЖЖ аппараттарына қажеттілігі толық қамтамасыз етілді.

 

Халықты вакциналау

Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, бүгінде бүкіл әлем тек вакциналау ғана біздің бәрімізге карантинсіз қалыпты өмірімізге оралуға мүмкіндік беретінін түсінді.

Бүгінгі күні еліміз бойынша 1 184 124 адам бірінші компонентімен және 239 965 адам екінші компонентімен вакциналанды.

Халықты вакциналаумен барынша қамтуды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданды.

1 мыңнан астам егу пункті ашылып, 400 жылжымалы/көшпелі егу пункті іске қосылды. Жаппай вакциналауға 11 мыңға жуық медицина қызметкері тартылды.

«Вакцинация елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Халыққа иммунопрофилактика жасау үшін біз e-gov mobile-дің "Вакцинация" сервисін, sms-хабарламаларды, жеке кабинетті пайдалану, сондай-ақ "Цифрлық құжаттар" сервисіне вакциналау паспортын енгізу арқылы IT-технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланамыз», — деді А. Цой. 

Вакцинация паспортында:

  • адамның қандай препараттарды, қандай дозаларда, қандай күндерде (3 тілде іске асырылды) алғаны туралы деректер бар;
  • құжатты талап ету орны бойынша көрсету және QR-кодтың көмегімен қолжетімділікті ашу мүмкіндігін ұсынады.

Вакциналау паспорты вакцинаның 2 компонентін алған соң беріледі.

Қазіргі уақытта вакциналау паспортын кіріктіру үшін IATA Халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен ынтымақтастық мәселесі қарастырылуда.

Вакциналау паспортын «Ashyq» қосымшасымен кіріктіру 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асырылады.

Вакцинацлау паспортымен қатар «жылу» карталары да енгізіледі.

Бұл - телекоммуникациялық деректер базасында пандемия кезіндегі қаланың белсенділігін талдау жүйесі.

«Жылу» карталары анықтауға мүмкіндік береді:

  • тұрғындардың белсенділігін және шоғырланған жерлерін;
  • шұғыл қызметтерге қоңыраулардың шоғырлану орындарын;
  • облыстық көші-қон ағындарын.

Қазіргі уақытта Алматы қаласында «жылу» карталарын пайдалану бойынша пилоттық жоба іске асырылуда.

Шектеу шаралары мен бизнес жұмысы арасында теңгерім орнату мақсатында 2021 жылғы қаңтарда «Ashyq» мобильдік қосымшасын енгізу бойынша пилотты іске асыру басталды.

Бұл қосымша республиканың барлық өңірлерінде қолданылады, бұл оның қатысушыларына шектеу шаралары режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

«Ashyq» денсаулық сақтау және сұлулық, көлік, мәдениет салаларында жүзеге асырылады. Сондай-ақ, «Ashyq» қоғамдық тамақтану, ойын-сауық объектілерінде, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда, банктерде, ХҚКО мен ЖОО-да қолданылуда», — деді А. Цой.

 

Денсаулық сақтау ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және СҚ-Фармация қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау ұйымдастырылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бойынша Жол картасы әзірленді.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін денсаулық сақтау жүйесінде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылды.

Жобалық кеңсенің міндеттері:

  • тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және медициналық ұйымдарда қолайлы жағдай жасау;
  • халықты және медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне мониторинг жүргізу;
  • ашықтық, транспаренттілік және есептілік қағидаттарында азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта жобалық кеңсе аймақтық денсаулық сақтау басқармаларымен белсенді жұмыс жүргізуде.

Министрлікке барлық байланыс арналары арқылы келіп түскен жеке тұлғалардың 857 мың өтініші қаралды.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын ұлттық жобаға трансформациялау бойынша жұмыс басталды.

Ұлттық жобаның негізгі бағыттары: «Денсаулық сақтауды дамыту», «Эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру», «Қазақстанның отандық фармацевтикалық өнеркәсібін қалыптастыру», «Бұқаралық спортты дамыту».

Ұлттық жобаның негізгі ұлттық индикаторы 2025 жылы күтілетін өмір сүру ұзақтығының 75 жасқа дейін өсуі болып табылады.

«Салауатты ұлт» Ұлттық жобасын іске асыру нәтижесінде келесі нәтижелер күтіледі:

  • барлық көздерден денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемін елдің ЖІӨ-нің 5%-ына дейін ұлғайту;
  • экстракорпоралдық ұрықтандыруды жүргізуге жыл сайын 7 мың квота бөлу;
  • өңірлерде 20 заманауи медициналық орталық салу;
  • ауылдық елді мекендерде 137 фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашу;
  • ММС қаражаты есебінен әрбір азамат үшін қымбат тұратын медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
  • дәрігерлердің орташа жалақысын экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе ұлғайту;
  • отандық өндірістің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарының үлесін 50%-ға дейін ұлғайту (құндық мәнінде).

«Денсаулық сақтау саласында қажетті қайта құрулар векторын айқындау үшін біз денсаулық сақтау жүйесінің одан әрі даму перспективаларының пайымын қалыптастырдық, олар денсаулық сақтау тиімділігін арттыруға, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Ұсынылған модельде біз пациенттің қажеттіліктеріне басты басымдық беруді жоспарлап отырмыз», — деді А. Цой.

Осындай қажеттіліктер негізінде денсаулық сақтау ұйымдарындағы сервисті жақсарту («қонақжайлы медицина» қонақжайлық стандарттары), медициналық ұйымдарды қолда бар қажеттілікке сәйкес кадрлық қамтамасыз ету, денсаулық сақтаудағы процестерді автоматтандыру және ақпараттандыру бөлігінде жедел шешімдер қабылдануы тиіс.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы қажетті стандарттарды, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, ең алдымен, халықтың мұқтаждығы тұрғысынан қалыптастырылатын болады.

Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру үшін медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, денсаулық сақтаудың жаңа объектілерін салу немесе тозған объектілерін жөндеу бойынша шаралар қабылданады.

Нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесі мынадай бағыттар бойынша жетілдірілетін болады:

  • ауылға басымдық бере отырып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру;
  • алғашқы медициналық-санитарлық көмекті одан әрі күшейту;
  • медицина қызметкерлерінің құзыреттерінің артуын ынталандыру;
  • халық үніне құлақ асатын денсаулық сақтау;
  • науқастың дәрілік және биологиялық қауіпсіздігі.

«Бұл бағыттардың барлығы цифрлық технологияларды қолдану арқылы іске асырылатын болады. Осылайша, пациентке бағдарлану денсаулық сақтау жүйесін одан әрі тұрақты дамытудың іргетасы болып табылады», — деді А. Цой.

Пандемия жарияланғаннан бері бір жыл өтті, ол көп нәрсені үйретті, бүкіл адамзатты өзінің басымдықтары мен құндылықтарын қайта қарауға мәжбүр етті. Денсаулық сақтау жүйесінің беріктігі үлкен сыннан өтті.

Ведомство басшысы атап өткендей, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше назарының арқасында салада инфрақұрылымдар айтарлықтай жаңартылды және медицина қызметкерлерін қолдаудың теңдессіз шаралары көрсетілді.

Денсаулық сақтау жүйесінің алдында нақты ауқымды міндеттер тұр, оларды сапалы іске асыру жүйенің ағымдағы және болашақтағы жаһандық сын-қатерлерді жоюға әзірлігін нығайтуға, сондай-ақ халықтың қажеттіліктеріне сәйкес келетін денсаулық сақтаудың пациентке бағдарланған моделін қалыптастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Азаматтардың сауда орталықтарында вакциналау жағдайында санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың сақталуы туралы сұрағына жауап бере отырып, денсаулық сақтау министрі сауда орталықтарындағы жаппай вакцинацлаудың халықаралық тәжірибеде бар екенін атап өтті.

«Адамдар көп жиналатын жерлерде – сауда орталықтарында, демалыс орындарында жаппай вакциналау халықаралық тәжірибеде бар. Мұндай жерлерде ұйымдастырылған пункттердің барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы өте маңызды. Ағындардың бөлінуі, нақты ара қашықтықтың, маска режимінің сақталуы т. б.», — деді Цой.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы сондай-ақ жаппай вакциналау пункттерінде міндетті түрде жедел жәрдем қорабы бар екенін, қызметкерлер оқытылғанын айтты.

«Бұл шараларды сауатты ұйымдастыру вакциналаудың қолжетімділігін қамтамасыз етуге, инфекцияның кез келген таралуының алдын алуға мүмкіндік береді. Мұндай вакциналау кезінде азаматтар ауырып қалған бірде-бір жағдай болған жоқ», — деп түсіндірді министр.

Ақмола облысының тұрғыны экстрокорпоральды ұрықтандыруға квотаның бөлінуі туралы сұрақ қойды. Алексей Цой атап өткендей, Қазақстан үшін ең басым бағыттардың бірі ана мен баланы қорғау болып қала береді.

«ЭКҰ алудың басты көрсеткіші – бедеуліктің болуы. Оған некеде тұрған да, өз құқықтарын заңдастырмаған да кез-келген ерлі-зайыптылар үміткер бола алады. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жыл сайын қосымша 7 мың квота бөлінді. Әрбір азамат осы бағдарламаның қатысушысы бола алады», — деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Сондай-ақ, ол 18-45 жас аралығындағы азаматтар қалыпты соматикалық эндокриндік статусы, жоғары фолликулярлық резерві болған жағдайда емханалық дәрігерлерінен консультация алып, ЭКҰ процедурасынан қай жерде өтуге болатындығы туралы кеңес ала алатынын айтты.

Сонымен қатар, ол адам МӘМС бағдарламасының қатысушысы болуы керек екенін еске салды. Бұл жағдайда ол қызметті тегін ала алады.

Шетелдік азаматтарды вакциналау мәселесіне келетін болсақ, А. Цойдың айтуынша, қазіргі уақытта КВИ-ға қарсы екпелер Қазақстан азаматтарына және тұруға ықтиярхаты бар және ҚР аумағында тұрақты жұмыс істейтін шетелдік азаматтарға салынады. 

«Кеше ғана Коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия еліміздің аумағында 3 айдан астам уақыт жүрген шетелдік студенттер мен еңбек мигранттарын вакциналау туралы шешім қабылдады», — деді ол.

Сондай-ақ азаматтарды медициналық сақтандыру шеңберінде стоматологиялық қызметтер көрсету, атап айтқанда қызметтердің қандай түрлері және оларды қайдан алуға болады деген сұрақ қызықтырды.

Денсаулық сақтау министрі 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек шұғыл және жоспарлы түрде тегін көрсетілетінін атап өтті.

Шұғыл түрде келесі қызметтер көрсетіледі:

  • жансыздандыру, препараттау және «химиялық» пломба салу;
  • жансыздандыру арқылы тісті жұлу;
  • тіс рентгенографиясы;
  • пульпитті, периодонтитті пломбалаумен емдеу;
  • стоматит түрлерін емдеу;
  • альвеолитті емдеу;
  • периостотомия, абсцесстерді ашу.

Жоспарлы түрде қолжетімді:

  • ауырсынуды басу арқылы тістерді жұлу; 
  • тіс рентгенографиясы;
  • пульпитті пломбалаумен емдеу;
  • үстіңгі, ортаңғы және терең тісжегіні пломбалаумен емдеу;
  • «химиялық» пломбаны препараттау және салу.

Сондай-ақ оқушыларға арналған орта білім беру ұйымдарында:

  • ауыз қуысын профилактикалық тексеру; 
  • фиссураларды герметикамен жабу;
  • фтор-цемент аппликациялары.

«Стоматологиялық көмек алу үшін емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгінуге болады. Сонымен қатар стоматологиялық қызмет көрсететін клиника Қордың әлеуетті жеткізушісі болуы және әлеуетті жеткізушілер тізілімінде болуы маңызды», — деп толықтырды ҚР ДСМ министрі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу