Барлық өңірлерде жергілікті бюджетке кіріс түсімдері бойынша жоспар асыра орындалды — Е. Жамаубаев

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысы талқыланды. Есепті кезеңде мемлекеттік қаржының атқарылуы туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты.

Мемлекеттік бюджетке 2 трлн 219 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 111,4%-ға атқарылды. 

Республикалық бюджетке 1 трлн 351 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 101,2%-ға атқарылды.

Жалпы кірістер бойынша жоспар 16 млрд теңгеге артығымен орындалды.

Оның ішінде салықтар 5 млрд теңгеге атқарылмады, салықтық емес түсімдер 20 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша негізгі атқарылмау сомасы іште өндірілген тауарларға салынатын қосылған құн салығына және корпоративтік табыс салығына тиесілі.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 132,1%-ға атқарылды және 868 млрд теңгені құрады. Жоспар 211 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 189 млрд теңгеге асыра орындалды. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар артығымен орындалды», — деді қаржы министрі. 

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,5%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,8%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,1%-ға атқарылды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары. 

Республикалық бюджет бойынша сомасы 3,5 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 7 млрд теңгені құрады, оның ішінде 4 млрд теңге - үнемдеу. 3 млрд теңге игерілмеген.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1,4 трлн теңгені құрады. 13 млрд теңге атқарылмаған. Ағымдағы жылы өңірлерге 1,9 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 сәуірге 328 млрд теңге бөлінген. Оның 99,2%-ы игерілген. 2,5 млрд теңге атқарылмаған, оның ішінде 0,5 млрд теңге – үнемдеу, 2 млрд теңге игерілмеді.

Ағымдағы жылғы 1-тоқсанда камералдық бақылаумен сомасы 2,9 трлн теңгеге 305 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. 855 аудиторлық іс-шара өткізілді. 422 млрд теңге бюджет қаражаты аудитпен қамтылды. Сомасы 52 млрд теңге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 44 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды.

Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 707 ұсыным берілді.

«Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 674 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 13,6 млрд теңгеге 19 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді», — деді Е. Жамаубаев. 

9 объект сатылымға қойылды. 5 объект таратылуға жіберілді. Алдағы уақытта 641 объектіні өткізу керек.

Есепті кезеңдегі мемлекеттік қаржының атқарылу нәтижелері осындай.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу