Биылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстанның сыртқы сауда тауар айналымы 52,5%-ға өсті — ҚР ҰЭМ

Үкіметте биылғы қаңтар-наурыз айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Министрлер кабинетінің отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов, Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.

ҚР ҰЭМ министрі Ә. Қуантыровтың айтуынша, биылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4%-ға дейін жеделдеді. Есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты секторда өсудің жеделдеуі, экспорт көлемінің үдемелі ұлғаюы, көрсетілетін қызметтер секторында тұрақты динамика байқалады.

Нақты сектордағы өсім 5,9%-ды құрады. Қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 2,8%-ға дейін ұлғайды.

«Салалар арасында көлік және қоймалау, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, ақпарат және байланыс, тау-кен өндіру өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы саласы оң өсім көрсетуде. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 1,5%-ды құрады», — деді ол.

Тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6%-ды құрады.

Инвестициялар құрылыс саласында 2,2 есеге, білім беруде 2,2 есеге, мемлекеттік басқару; әлеуметтік қамсыздандыруда 79%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, сондай-ақ Ақмола және Павлодар облыстарында байқалуда. 

Осы жылдың қаңтар-ақпанында сыртқы сауда тауар айналымы 52,5%-ға өсіп, $18,2 млрд құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 71%-ға өсіп, $12 млрд дейін жетті. Бұл орайда өңделген тауарлар экспорты 47%-ға артып, $3,5 млрд-қа дейін жетті. Тауарлар импорты $6 млрд құрады. Жалпы оң сауда балансы $6 млрд құрады. 

Өңдеу өнеркәсібінде серпінді өсу үрдісі байқалуда. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында өндіріс көлемі 6,5%-ға өсті. 

Барлық өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында байқалуда. 

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 11%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың 14,8%-ға, вагондар мен локомотивтер өндірісінің 13,3%-ға, құрылыс материалдары өндірісінің 12,4%-ға, дайын металл бұйымдары өндірісінің 11%-ға, пластмасса бұйымдары өндірісінің 15,2%-ға, фармацевтикалық өнімдер өндірісінің 18%-ға, сусындар өндірісінің 19%-ға, киім өндірісінің 13%-ға өсуі қамтамасыз етілді. 

Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1%-ға ұлғайды. Салалар бөлінісінде өсім тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 17,1%-ды, газ өндіруде 8,2%-ды, шикі мұнай өндіруде 7,6%-ды, өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 6,3%-ды, металл кендері мен көмір өндіруде 1,9%-ды құрады. 

«Аталған кезеңде құрылыс секторы жоғары өсу қарқынын көрсетіп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6%-ға өсті. Көрсеткіштің оң өсімі 14 өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы қаласында, сондай-ақ Ақмола және Қостанай облыстарында байқалуда», — деді Ә. Қуантыров.

Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсу динамикасы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 7,7 пайыздық тармаққа жақсарып, жыл басынан бері алғаш рет оң серпінге шықты. Жалпы 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 0,4%-ға жоғары. Оң динамика 15 өңір бойынша тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалуда. 

Есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 1,8%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 14 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті. Төмендеу Қостанай, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында байқалуда.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай. Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында белгіленіп отыр. 

6 көрсеткіш бойынша өсу 6 өңірде байқалуда. Олар Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары. 5 көрсеткіш бойынша оң өсім 4 өңірде – Алматы қаласы, сондай-ақ, Ақтөбе, Павлодар және Түркістан облыстарында байқалуда. 4 көрсеткіш бойынша оң өсім Батыс Қазақстан облысында байқалуда. 

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр:

  • Көктемгі егіс жұмыстарын тиімді жүргізуге кешенді қолдау көрсету, өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз ету. 
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына тұрақты мониторинг жүргізу, тұрақтандыру қорлары арқылы олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету. 
  • Инвесторларды тарту және сүйемелдеу бойынша нақты жұмысты барлық деңгейлерде жандандыру. 
  • Тұрақты және уақытша жұмыспен қамтуды қолдау бағдарламаларын іске асыру шеңберінде еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету. 
  • Экспорттаушылардың жаңа нарықтарға шығуына қолдау көрсету, экспорттау бағыттарының баламалы жолдарын қалыптастыру. 

Ведомство басшысының айтуынша, жоғарыда аталған шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді. 

 

Биылғы наурызда Қазақстандағы инфляция геосаяси тәуекелдерді іске асыру аясында рекордтық мәнге жетті

Әрі қарай Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.

Ол биылғы жылғы наурызда қаржы нарықтарында жоғары құбылмалылық сақталғанын атап өтті.

Геосаяси жағдайдың нашарлауы және монетарлық саясаттың күшеюі аясында инвесторлардың қорғаушы активтерге ауысуы байқалады. АҚШ долларының индексі дамыған елдердің валюталарына қарсы 2,8%-ға нығайды. 

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі наурызда теріс көрсеткішке ауысып, 48,3 болды (ақпанда – 50,6). Ресей Федерациясына қарсы санкцияларға байланысты логистикалық проблемалар себебінен шикізат пен материалдардың бағасы өсті.

Украина мен Ресей Федерациясының арасындағы қақтығыс аясында экспорт көлемінің қысқаруы әсерінен наурызда өсімдік майы (бір айда 23,2%-ға) және дәнді дақылдар (17,1%) бағасының рекордтық өсуі ФАО азық-түлік бағалары индексінің 1990 жылдан бастап ең жоғары деңгейіне алып келді (159,3 тармақ, бұл ақпандағы мәннен 17,9 тармаққа (12,6%) жоғары). 

Ғ. Пірматов берген ақпаратқа сай, шикізат, жанар-жағар май, газдың қымбаттауы аясында Еуроаймақтағы инфляция наурызда алдын ала деректер бойынша 7,9%-ға дейін өсті, АҚШ-та ақпанда 40 жылдық ең жоғары көрсеткішке жетіп, 7,9% болды. Ресейде инфляция наурызда 16,7%-ға дейін жеделдеді. 

Қазақстан үшін сыртқы инфляциялық жағдай тауар жеткізілімі проблемаларының сақталуына, азық-түлік пен шикізат бағасының өсуіне, сондай-ақ теңге бағамының әлсіреуіне және геосаяси тәуекелдердің іске асуына байланысты биыл қолайсыз болады.

Проинфляциялық тәуекелдердің күшеюін ескере отырып, дамыған елдер, атап айтқанда АҚШ ақша-кредит саясатын жедел күшейтуге көшуде. 

Наурызда Қазақстанда инфляция 8,7%-дан 12%-ға дейін жеделдеп, 2016 жылғы қыркүйектен бері ең жоғары мәнге жетті. 

Азық-түлік тауарлары инфляцияға ең көп үлес қосты, олардың өсуі 10%-дан 15,4%-ға дейін жеделдеді (бір айда инфляция 5,8%-ға өсті). Орамжапырақ, қант, картоп, қызанақ бағаларының айтарлықтай өсуі байқалды.

Наурыздың төртінші аптасының (24-29 наурыз) қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жылдық көрсетуде 18,6%-ға дейін өсті. Осы өсуге наурыздың екінші аптасында жекелеген азық-түлік тауарларына сұраныстың артуы айтарлықтай үлес қосты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апталық өсуі наурыздың соңғы аптасында 1,3%, сәуірдің бірінші аптасында 0,9% болып, тұрақтануда. 

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы наурызда 8,6%-дан 10,9%-ға дейін қымбаттады. Оған теңге бағамының әлсіреуі және азық-түлікке қарағанда төменірек болса да, артық сұраныстың қысымы себеп болды. Ақылы қызмет көрсету бағасы 7,1%-дан 8,3%-ға дейін жеделдеді, бұл бірқатар нарықтық қызметтер бағасының өсуіне байланысты болды.

«Проинфляциялық тәуекелдердің күшеюін ескере отырып, инфляция болжамы өсу жағына қарай қайта қаралуда. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның маусымдық өсуіне жол бермеуі және алдын алу шараларын қабылдауы қажет. Өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, өңіраралық ағындарды уақтылы ұйымдастырып, елді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылау маңызды. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін баға үстемесіне тиімді бақылау жүргізу қажет», — деп атап өтті Ғ. Пірматов.

Наурызда геосаяси тәуекелдердің орын алуы және Ресей рублінің жоғары құбылмалылығы теңге бағамына қысым жасады. 16 наурызда теңге бағамы биржада бір доллар үшін 512,17 теңгеге жетті. Қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін шектеу үшін Ұлттық Банк жекелеген күндері валюталық интервенциялар жүргізді, олардың көлемі наурызда $990,5 млн болды.

Бюджетке берілетін трансферттер үшін Ұлттық қордан $891 млн-ды сату және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің $233,4 млн мөлшерінде валюталық түсімдерін сатуы да теңгеге қолдау көрсетті.

Теңге бағамы наурызда төмендеуінің едәуір бөлігін қалпына келтірді және ай қорытындысы бойынша 5,7%-ға нығайып, бір доллар үшін 467,03 теңге болды. Ұлттық валюта бағамы сәуірдің басында нығаюын жалғастырып, 11 сәуірде 449,63-ті құрады. 

Жалпы халықаралық резервтер 31 наурызда $85,9 млрд-ты құрады. 

Ұлттық банктің алтынвалюта активтері жыл басынан бері валюталық интервенциялар, екінші деңгейдегі банк шоттарындағы қалдықтардың және сыртқы борыш бойынша төлемдердің төмендеуі есебінен $1,2 млрд-қа төмендеп, $33,2 млрд құрады. 

Ұлттық қордың активтері $52,7 млрд болды. Республикалық бюджетке 1 036 млрд теңге сомасында трансферттер бөлу үшін биылғы жылғы бірінші тоқсанда $2,1 млрд-қа валюталық активтер сатылды.

Мұнай бағасының айтарлықтай өсуі аясында Ұлттық қорға түсімдер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 есеге ұлғайып, жыл басынан бері 1 059 млрд теңгені құрады, оның ішінде валюталық түсімдер $1,9 млрд немесе 845 млрд теңгені құрады. 

Ұлттық қордың кірістілігі құрылғаннан бастап 31 наурызға дейін жылдық көрсеткіште 3,45% болады. Соңғы 5 және 10 жылдағы кірістілік жылдық көрсеткіште тиісінше 3,41% және 2,09% болды. 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері наурызда 13 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері инвестициялық кіріс шамамен 304,9 млрд теңге, зейнетақы жарналары 383,7 млрд теңге, зейнетақы төлемдері 64,5 млрд теңге болды. 

2021 жылғы ақпаннан бастап зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу бойынша орындалған өтініштер саны 1,7 млн, сомасы 3,4 трлн теңге болды. Оның ішінде тұрғын үй мәселелерін шешуге 3,1 трлн теңге (91,2%) тиесілі.

Зейнетақы активтерінің кірістілігі 10,4% болды. 

Банк жүйесіндегі депозиттер жыл басынан бері 27,7 трлн теңгеге дейін 2,3%-ға ұлғайды, оның ішінде заңды тұлғалардың салымдары 14,1 трлн теңгеге дейін 2,1%-ға, жеке тұлғалардікі 13,6 трлн теңгеге дейін 2,5%-ға артты.

Валюталық салымдар 10,6 трлн теңгеге дейін 8,9%-ға (көбінесе жеке тұлғалар есебінен) өсті, ал ұлттық валютадағы депозиттер 17,1 трлн теңгеге дейін 1,5%-ға (заңды тұлғалар есебінен) төмендеді. 

Нәтижесінде, депозиттердің долларлануы ақпан айында 38,4% болды (бағамдық қайта бағалауға байланысты) (2021 жылғы желтоқсанда – 36,0%, 2022 ж. қаңтарда – 35,6%). 

Ұлттық банк жағдайдың дамуы мен олардың нарықтарға ықпалын үнемі қадағалап, санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалап отырады, сондай-ақ қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды жалғастырады. 

 

Кірістер бойынша жоспарлар Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірде дерлік асыра орындалды — Е. Жамаубаев

Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Мысалы, министрдің ақпаратына сай, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты. 

Мемлекеттік бюджетке трансферттерді есепке алмағанда 3 трлн 739 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 107,1%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 2,6 трлн теңгеге жуық кірістер түсті немесе жоспар 100,7%-ға орындалды.

Кірістер бойынша жоспар 17 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 5 млрд теңгеге, салықтық емес 12 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративтік табыс салығына, шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға, ойын бизнесіне салынатын салық және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа тиесілі болды. 

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың артығымен орындалу факторлары келесідей: 

  • 2021 жылғы қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда осы жылдың екі айында 653 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 83,5%-ға немесе 211 млрд теңгеге ұлғаюы; 
  • ірі тау-металлургия компанияларына қатысты салықтық әкімшілендіру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар. 

Жалпы жер қойнауын пайдаланушыларын әкімшілендіруден бюджетке қосымша 288 млрд теңге, оның ішінде тексеру актілерінің нәтижелері бойынша өндіріп алу есебінен 29 млрд теңге түсті. 

«Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың асыра орындалуы негізінен биылғы жылдың 1-тоқсанында шикі мұнайға мөлшерлеменің 33%-ға ұлғаюына, сондай-ақ АҚШ долларына шаққанда теңге бағамының төмендеуіне байланысты болды», — деді Е. Жамаубаев.

Ойын бизнесіне салынатын салық бойынша жоспар салықтық тексеру актілері бойынша берешекті өтеу есебінен асыра орындалды. Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша жоспардың асыра орындалуына өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2022 жылғы 1-тоқсанда негізгі экспорттық позицияларға бағаның орташа 20%-ға өсуі әсер етті. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларды салықтық әкімшілендіру нәтижелері бойынша шамамен 16,5 млрд теңге түсті. Дегенмен ішкі тұтыну тауарларына салынатын қосылған құн салығы және Ресей Федерациясы бөлген кедендік баждар бойынша жоспар орындалмаған. 

Жергілікті бюджеттердің кірістері 125,7%-ға атқарылды және 1 трлн 125 млрд теңгені құрады. Жоспар 230 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 203 млрд теңгеге асыра орындалды. 

Кірістер бойынша жоспарлар Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірде дерлік асыра орындалды. 

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,5%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,8%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 4 трлн теңгеге жуық шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 20 млрд теңгені құрады, оның ішінде 5 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 15 млрд теңге. 

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, сыртқы iстер және экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасты. 

Игерілмеудің негізгі себептері: шарттарды ұзақ жасасу, төлем негізділігін растайтын құжаттардың жоқтығы немесе ұсынылмауы, төлеуге берілетін шоттардың қазынашылық органдарына кеш ұсынылуы, орындалған жұмыстардың актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстардың өткізілмеуі, есепті айда қаражат жұмсау қажеттілігінің болмауы. 

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1 трлн 855 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны – 22 млрд теңге. 

Биыл өңірлерге 2,6 трлн теңге сомасына жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 сәуірге 490 млрд теңге бөлінген. Оның 99%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 5 млрд теңге, оның ішінде 2 млрд теңге – үнемдеу, 3 млрд теңге игерілмеді. Ең көп игерілмеу: Алматы қаласында, Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облыстарында қалыптасты. 

Биылдың 3 айында 3,2 трлн теңгеден астам сомаға шамамен 186 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. 

Тексеру қорытындылары бойынша 9 912 рәсім бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 90%-ынан астамы орындалды. 

500-ден астам аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 1,5 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. Сомасы 39 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 33 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 400-ден астам ұсыным берілді. 

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 721 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде жалпы саны 670 объектіден сомасы 60 млрд теңгеге 228 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 74 объект сатылымда тұр. 52 объект қайта ұйымдастырылды және таратылды. 316 объект сатылуы тиіс. 

 

Қазақстанда ет, сүт және тауық жұмыртқасы өндірісінің өсімі байқалады

Ауыл шаруашылығындағы жағдай туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Ербол Қарашөкеев баяндады. Биылғы 3 айда жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,8%-ға ұлғайып, 700,3 млрд теңгені құрады. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемінің 2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

«Атап айтсақ, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 1,2%-ға, сүт өндіру көлемі 1,3%-ға, тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 11,6%-ға өсті. Бұл ретте, 42,8 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100%-ды құрады. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта өсіру есебінен қамтамасыз етілді», — деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.

Облыстар бөлінісінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикалық деңгейден жоғары өсу қарқыны 6 облыста байқалды.

Аталған кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,8%-ға өсіп, 607,8 млрд теңгені құрады.

Бұл ретте, өңделген және консервіленген көкөніс өндіру көлемінің 1,8 есе, ұнның 23%-ға, жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балықтың 21,5%-ға, жарманың 8,3%-ға, шұжық өнімдерінің 7,8%-ға, макаронның 5,3%-ға, қышқыл сүт өнімдерінің 2,6%-ға артқаны байқалды. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 35,8%-ға ұлғайып, 34,1 млрд теңгені құрады.

 

Транзиттік контейнерлік тасымалдардың оң серпіні сақталуда

Өнеркәсіптегі динамика туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады.

2022 жылдың бірінші тоқсанда өңдеуші өнеркәсіпте оң үрдіс байқалып, жиынтық көрсеткіш 106,5% құрады.

«Машина жасау саласы автокөлік құралдарын, трейлерлер мен ашық тіркемелерді, машиналар мен жабдықтарды шығару, өзге көлік құралдарын, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтарды, электр жабдықтарын өндіру, жөндеу және орнату есебінен 11,3% көлемінде тұрақты өсім көрсетті», — деді Қ. Өскенбаев.

Түсті металлургияда нақты көлем индексі 106,1% құрады. Тазартылған мыс, құйма алтын, катодты мыс, тазартылған алтын шығару көлемі ұлғайды. 

Қара металлургияда өндіріс көлемі 1,9% артты. Болат, шойын, арматуралық прокат, рельстер, фасондық прокат, ферросилиция, болат құбырлар өндірісі ұлғайды.

Құрылыс материалдары өндірісі 112,4% болды. Оған жылу оқшаулағыш материалдар, бетоннан жасалған бұйымдар өндірісі, тауар бетоны, кірпіштер және құрылыс ерітінділері өндірісінің артуы есебінен қол жеткізілді.

Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 7,8% артты. Сары фосфор, фосфор-калийлі тыңайтқыш, азықтық трикальций-фосфаты, аммиак селитрасы, сұйық аммиак, азот қышқылы, ерітіндідегі техникалық күйдіргіш натр, хлор көлемі өсті. 

Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 10,6% өсті. Оған тоқыма бұйымдары, киім және былғары өнімдер өндірісінің өсуі оң әсер етті.

Осы кезеңде көлік саласында нақты көлем индексі 109,3% құрады. Транзиттік контейнерлік тасымалда оң динамика сақталды. Көрсеткіш 262 мың жиырма фунттық баламаны құрады. Өсім 7% болды. Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 849,2 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1% жоғары.

2022 жылғы қаңтар-наурыз айларында құрылыс саласында нақты көлем индексі 108,6%-ды құрады. Оң динамика Түркістан, Ақтөбе, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан басқа 13 өңірде байқалады.

Тұрғын үй құрылысында биыл бірінші тоқсанда 2 878 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл – 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,4%-ға тең. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 23 330 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Өткен жылмен салыстырғанда тиісті көрсеткіш еліміздің 15 өңірінде артты. Биыл 15,1 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.

Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және тұрақты жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 212 мың теңге/тонна бағасымен 400 мың тонна дизель отыны бөлінді

Энергетика министрлігінің басшысы Болат Ақшолақов мұнай-газ секторындағы жағдайға қатысты баяндады. Аталған кезеңде мұнай саласында мұнай өндіру және экспорты көрсеткіштері бойынша өсім байқалады. Алдын ала деректер бойынша, биылғы қаңтар-наурызда мұнай және конденсат өндіру көлемі 22,7 млн тоннаны немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңіне 107,6%-ды құрады.

Оның ішінде мұнай-газ саласының ірі компаниялары бойынша:

  • Теңізде аталған кезеңде 7,3 млн тонна мұнай өндірілді;
  • Қашағанда мұнай өндіру көлемі 4,7 млн тоннаны құрады;
  • Қарашығанақ жобасының көрсеткіші 3,2 млн тоннаны құрады.

Есепті кезеңде 17,6 млн тонна мұнай экспортталды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға артық.

Газ саласы туралы айтатын болсақ, есепті кезеңде 15 млрд текше метр газ өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 8,2%-ға өскенін көрсетеді.

Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 6,7 млрд текше метрді құрады, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне 100,9%-ға орындалды. Бұл ретте, ішкі тұтынудың ұлғаюына байланысты газ экспорты көлемінің төмендеуі байқалады. Мәселен, есепті кезеңде 1,4 млрд текше метр тауарлық газ экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне 66,7%-ды құрайды.

Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 717 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне 87,1%-ды құрайды. Өткен жылдың көрсеткіштерінен артта қалудың себебі Украинаға экспорттың тұрақсыз жағдайына байланысты «Теңізшевройл» зауытында өндірістің төмендеуі болды.

Жалпы, бүгінде қалған зауыттар ішкі нарық үшін сұйытылған газды штаттық, жоспарлы режимде өндіруде.

Биылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындылары бойынша шамамен 3,4 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 107,5%, оның ішінде:

  • автобензин бойынша көрсеткіш 1,2 млн тоннаны құрады, өткен жылға – 102,9%;
  • дизель отынын өндіру көлемі 1,2 млн тоннаны құрады, өткен жылға – 110,5%.

«Бүгінгі күні Энергетика, Қаржы министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен бұйрығы бар екендігін атап өткім келеді, оның шеңберінде бензиндерді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің басқа да жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен елден тыс жерлерге әкетуге тыйым салынды және оны тағы 6 айға ұзарту туралы мәселе пысықталуда. Бұдан басқа, Президенттің биылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде шаруаларды қолайлы бағамен жанар-жағармай материалдарының қажетті көлемімен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі күні көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және тұрақты жүргізу мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін мұнай өңдеу зауыттарында бір тоннасына 212 мың теңге (176 теңге/литр) бағасы бойынша 400 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл өңірге байланысты бөлшек сауда бағасынан орта есеппен 15-30%-ға төмен», — деді Энергетика министрлігінің басшысы.

Бұдан әрі, авиаотын бойынша көрсеткіш шамамен 170 мың тоннаны құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 29,3%-ға өсті.

Мазут өндірісіне келер болсақ, оның көрсеткіші 750 мың тоннаға немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 108,5%-ға тең. Бұдан басқа, мұнай-газ химиясы өнімінің көлемі 82,4 мың тоннаға жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен 2 есе артық.

Есепті кезеңде 30,8 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштеріне тең – 100%.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу