Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда тұрғын үйді пайдалануға беру 2,4%-ға өсті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында еліміздің биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Аталған мәселе бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.

ҚР ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыровтың айтуынша, биылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4% құрады. Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектор өсімнің жеделдеуі, экспорт көлемінің үдемелі ұлғаюы, қызмет көрсету секторындағы тұрақты динамика байқалуда.

Нақты сектордағы өсім 5,1%-ды құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,4%-ға дейін ұлғайды. Салалар арасында сауда, құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен жабдықтау, тау-кен өндірісі өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетуде.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,3%-ды құрады. Тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,7%-ды құрады. Инвестициялар білім беруде 87%-ға, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қамсыздандыруда 74,1%-ға, құрылыс саласында 62%-ға, ғылыми және техникалық қызметте 53,7%-ға өсті.

Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, сондай-ақ Ақмола облысында және Алматы қаласында байқалуда.

«Осы жылғы қаңтар-наурызда сыртқы сауда тауар айналымы 45%-ға өсіп, $28,7 млрд құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 66%-ға өсіп, $19,1 млрд дейін жетті. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 32,4%-ға артып, $5,3 млрд жетті. Тауарлар импорты $9,5 млрд құрады. Жалпы, оң сауда балансы жақсарып, $9,6 млрд құрады», — деді Ә. Қуантыров. 

Өңдеу өнеркәсібінде серпінді өсу үрдісі байқалуда. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында өндіріс көлемі 5,8%-ға өсті. Барлық өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Атырау және Жамбыл облыстарында байқалады.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,4%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың 18,6%-ке, компьютер, электронды және оптика құралдарын жасаудың – 13,3%-ке өсуі байқалды. Сондай-ақ құрылыс материалдары 9,5%-ке, сусындар 18,7%-ке, пластмасса бұйымдары 14,3%-ке, дайын металл бұйымдары 10,8%-ке, фармацевтика өнімдері 6,4%-ке, киім-кешек өндірісінің 13,8%-ке өсуі қамтамасыз етілді.

Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,4%-ке ұлғайды. Салалар бөлінісінде өсім тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 17%-ті, газ өндіруде 6,4%-ті, шикі мұнай өндіруде 5%-ті, өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 4,2%-ті, металл кендерін өндіруде 1,8%-ті, көмір өндіруде 1,7%-ті құрады.

«Қаралып отырған кезеңде құрылыс секторы жоғары өсу қарқынын көрсетіп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,5%-ке өсті. Көрсеткіштің оң өсімі 15 өңірде тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Ақмола облысында, сондай-ақ Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалуда. Осы жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 2,4%-ке өсіп, 3,6 млн шаршы метрді құрады», — деді ұлттық экономика министрі.

Оң динамика 13 өңірде тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, сондай-ақ Алматы және Павлодар облыстарында байқалады.

Есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 1,9%-ке ұлғайды. Саладағы өндірістің өсуі 12 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті. Ең төмен көрсеткіштер Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады.

«7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай: барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында белгіленіп отыр. 6 көрсеткіш бойынша өсім 5 өңірде байқалуда. Олар – Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары. 5 көрсеткіш бойынша 6 өңірде – Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында оң өсім байқалады», — деп түсіндірді Ә. Қуантыров.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр:

  • Ауыл шаруашылығы және құрылыс-монтаж жұмыстарының маусымын тиімді өткізуді қамтамасыз ету;
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қолдау және қолда бар тетіктер арқылы халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету;
  • Бизнес сұраныстарына жедел ден қою және барлық деңгейде кәсіпкерлерді белсенді қолдау;
  • Инвестициялық жобалардың бірыңғай пулын қалыптастыру және инвесторларды тарту мен сүйемелдеу тетіктерін тиімді іске асыру.

Жоғарыда аталған шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғ. Пірматов инфляцияның сыртқы және ішкі факторлары өсу жағына қарай қысымды күшейтіп отырғанын айтты.

«Әлемде инфляциялық қысым геосаяси шиеленістің салдарынан күшейіп отыр және тауар жеткізіліміндегі проблемаларды ушықтыра түсті. Азық-түліктің әлемдік бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр. Шикізат пен материалдар құнының тұрақты түрде өсуі аясында дайын өнімнің де жаппай қымбаттауы орын алды», — деді Ұлттық банк басшысы.

Қазақстандағы инфляция, Ұлттық банк болжамына сәйкес, наурыздағы 12%-дан сәуірде барлық компоненттер бойынша баға жылдам өскендіктен 13,2%-ға дейін қарқын алды.

Азық-түлік бағасының жылдық өсімі 15,4%-дан 17,9%-ға дейін жеделдеді. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне ең көп үлесті қант, қырыққабат, күнбағыс майы қосып келеді. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апта сайынғы өсуі тұрақтанды. Алайда наурызда жекелеген азық-түлік тауарларына сұраныс артқандықтан, бағаның жылдық өсімі жоғары деңгейде сақталып отыр.

«Сыртқы инфляциялық жағдай 10,9%-дан 11,1%-ға дейін жеделдеген азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасына өсім тұрғысынан қысым көрсетуін жалғастыруда. Ақылы қызмет көрсету бағасының өсуі 8,3%-дан 8,9%-ға дейін жеделдеді, бұл бірқатар нарық қызметтері бағасының өсуіне байланысты болды. Инфляциялық тәуекелдерді ескере отырып, инфляция жыл соңына дейін жоғары деңгейде сақталатын болады», — деді Ғ. Пірматов.

Сәуірде жаһандық қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың жалғасуына қарамастан, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 445,62 теңгеге дейін немесе 4,6%-ға нығайды. 

Сәуірде шетел валютасына сұраныстың айтарлықтай азаюы байқалды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі $179 млн-нан $92 млн-ға дейін азайды.

«Валюта нарығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы қолдау көрсетті, олардың көлемі сәуірде шамамен $253,2 млн құрады. Республикалық бюджетке берілетін трансферттерді қамтамасыз ету үшін сәуірде Ұлттық қордан $168,3 млн сатылды. Ұлттық қордан сатудың үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 8,7%-ын құрады», — деді Ғ. Пірматов.

Ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануы аясында Ұлттық банк сәуір айында валюталық интервенцияларды жүргізген жоқ.

Қысқа мерзімді перспективада геосаяси жағдайдың белгісіздігінен теңгенің құбылмалылық тәуекелі сақталады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін еркін бағам режимін ұстануды жалғастырады.

Жалпы халықаралық резервтер сәуір айының соңында $85,9 млрд құрады.

Ұлттық банктің алтын-валюта активтері жыл басынан бері валюталық интервенциялар, екінші деңгейлі банк шоттарындағы қалдықтардың және сыртқы борыш бойынша төлемдердің есебінен $851 млн төмендеп, $33,5 млрд құрады.

Ұлттық қордың активтері $52,4 млрд құрады. Республикалық бюджетке 1,5 трлн теңге трансферт бөлу үшін биылғы 4 айда $2,3 млрд-қа валюталық активтер сатылды.

Мұнай бағасы көтерілген тұста Ұлттық қорға түсетін түсім өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 еседен көп ұлғайып, жыл басынан бері 2,1 трлн теңгені құрады. 

Ұлттық қордың кірістілігі құрылғаннан бастап 30 сәуірге дейін жылдық көрсеткіште 3,22% құрады. Соңғы 5 және 10 жылдағы кірістілік жылдық көрсеткіште, тиісінше, 2,38% және 1,62% болды.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері сәуірде 12,9 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері инвестициялық кіріс шамамен 136,5 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 524 млрд теңге, зейнетақы төлемдері – 89,6 млрд теңге болды.

«Соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің кірістілігі 8%-ды құрады. Бұл ретте жинақтаушы зейнетақы жүйесінің орнықтылығы тұрғысынан кірістілік пен инфляция көрсеткіштерін ұзақ уақыт өлшемінде қарастырған жөн. Мәселен, соңғы 3 және 5 жылда инфляцияның, тиісінше, 8,96% және 7,64% мәнінде зейнетақы активтерінің кірістілігі 9,25% және 9,44%-ды құрады», — деді Ғ. Пірматов. 

Ұлттық банк жағдайдың дамуы мен оның нарықтарға ықпалын үнемі қадағалап, санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалап отырады, сондай-ақ баға және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды жалғастырады. 

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік бюджетке 5 трлн 93 млрд теңге сомасында кірістер түскенін немесе жоспар 108,6%-ға орындалғанын атап өтті. Республикалық бюджетке 3,4 трлн теңгеге жуық қаражат түсті немесе жоспар 101,1%-ға орындалды. 

Кірістер бойынша жоспар 36 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 24 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер 12 млрд теңгеге асыра орындалды.

Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративтік табыс салығына, шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға, ойын бизнесіне салынатын салыққа және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа тиесілі болды.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың артығымен орындалу факторлары келесідей:

  • 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда осы жылдың 4 айында 686 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 81,3%-ға немесе 282 млрд теңгеге ұлғаюы;
  • ірі тау-кен металлургия компанияларына қатысты салықтық әкімшілендіру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар. 

Жалпы алғанда, бюджетке қосымша 303 млрд теңге, оның ішінде салықтық әкімшілендіру шаралары есебінен 29 млрд теңге түсті.

«Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың асыра орындалуы негізінен осы жылдың қаңтар-сәуірінде шикі мұнайға мөлшерлеменің 42%-ға ұлғаюына, сондай-ақ АҚШ долларына шаққанда теңге бағамының өзгеруіне байланысты болды. Ойын бизнесіне салынатын салық бойынша жоспар салықтық тексеру актілері бойынша берешекті өтеу есебінен асыра орындалды», — деді Е. Жамаубаев.

Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша жоспардың асыра орындалуына 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы 4 айда негізгі экспорттық позицияларға бағаның өсуі әсер етті.

Дегенмен, ішкі тұтыну тауарларына салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар орындалмаған.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 127,1%-ға атқарылды және 1 трлн 719 млрд теңгені құрады. Жоспар 366 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 325 млрд теңгеге асыра орындалды.

Кірістер бойынша жоспарлар Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірлерде асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары 99,4%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,5%-ке атқарылды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 5,6 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 31 млрд теңгені құрады, оның ішінде 8 млрд теңге үнемделді. Игерілмегені – 23 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары қаржы, мәдениет және спорт, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінде қалыптасты.

«Игерілмеудің негізгі себептері: шарттар жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауы немесе ұсынылмауы, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шоттарды кеш ұсыну, орындалған жұмыстардың актілері мен шот-фактуралардың уақытылы ұсынылмауы, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілмеуі», — деді Е. Жамаубаев.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 2,7 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 42 млрд теңге. 

Биыл өңірлерге 2,6 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 мамырға 696 млрд теңге бөлінген. Оның 98,3%-і игерілді. Атқарылмағаны – 12 млрд теңге, оның ішінде 3 млрд теңге – үнемдеу, 9 млрд теңге игерілмеген.

Ең көп игерілмеу Маңғыстау, Алматы және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында қалыптасты.

Осы жылдың 4 айында 4,4 трлн теңгеге жуық сомаға мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды. 

Тексеру қорытындылары бойынша 13 967 рәсімнің бұзушылықтары анықталды, оның ішінде бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 90% мемлекеттік аудит объектілерімен орындалды. 739-дан астам аудиторлық іс-шара өткізілді.

Аудитпен шамамен 1,7 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. Сомасы 75 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. 

«Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 65 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды», — деді Е. Жамаубаев.

Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 600-ден астам ұсыным берілді.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 721 объектіні сату көзделген.

Есепті кезеңде жалпы саны 670 объектіден сомасы 61 млрд теңгеге 227 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 40 объекті сатылуға қойылды. 36 объекті қайта ұйымдастырылды және таратылды. 162 объекті сату алдындағы дайындықта. 205 объекті бойынша жеке операторлардың пайда болуына жол бермеу тұрғысынан талдау жүргізіліп жатыр. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу