Декларациялаудың бірінші кезеңі аясында 437 мың адам салық есептілігін ұсынды — Е. Жамаубаев

Жалпыға ортақ декларациялаудың мақсаты — жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін бақылаудың тиімді жүйесін құру. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жеке тұлғаларды жалпыға ортақ декларациялауды енгізу барысын талқылау барысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.

«100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 42 қадамына сәйкес кірістер мен шығыстарды жалпыға ортақ салықтық декларациялау жүргізу көзделген. Мұндай жүйе көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған, сондай-ақ бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге ықпал етеді», — деді Е. Жамаубаев.

Бұл ретте, салық салынатын базаны төмендету мақсатында жеке тұлғалар әлеуметтік салық шегерімдерін қолдана алады. Азаматтардың тиісті шығыстары болған кезде табыс салығының мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді.

Декларациялау кезең-кезеңімен, мемлекеттік қызметшілерден бастап, кейіннен барлық азаматтар үшін жүргізіледі.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсыра бастады.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсыратын болады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары тапсырады.

ҚР қаржы министрінің айтуынша, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының инфрақұрылымын кеңейту бойынша шаралар қабылданды.

Атап айтқанда, салықтық декларацияны қағаз түрінде халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік кірістер органдары немесе пошта бөлімшелері арқылы ұсынуға болады.

Мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторымен жабдықталған.

Халыққа ыңғайлы болуы үшін декларация тапсыруға электрондық қызметтер көзделген: салық төлеушінің кабинеті, «Электрондық үкіметтің» веб-порталы және «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы.

Қабылданған шаралар жалпыға ортақ декларациялау кезеңінде жеке тұлғалардың салық декларацияларын қабылдауды уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

«Әрдайым ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, апта сайын онлайн режимде орталық және жергілікті атқарушы органдар үшін жалпыға ортақ декларациялау мәселелері бойынша түсіндірулер жүргізіледі. Осыған ұқсас жұмыстарды аумақтық мемлекеттік кірістер органдары барлық өңірлердегі халықпен және мемлекеттік органдармен атқаруда», — деді ол.

Instagram, Facebook, Telegram және YouTube әлеуметтік желілері арқылы тікелей эфирлер өткізіледі, егжей-тегжейлі түсіндірмелері мен нұсқаулықтары бар бейне роликтер орналастырылуда.

Сондай-ақ жалпыға ортақ декларациялау ережелерін түсіндіру үшін Байланыс орталығы жұмыс істеп тұр.

Мемлекеттік кірістер комитетінің веб-порталында «Жалпыға ортақ декларациялау» бөлімі құрылды, онда қажетті ақпарат және жиі қойылатын сұрақтар бойынша жауаптар жинағы орналастырылған.

Декларациялауды оңайлату мақсатында декларациялауға жататын мүліктің тізбесін нақтылау және жыл сайынғы қысқаша декларацияны беру жөніндегі міндеттемені алып тастау бойынша заңнамалық шаралар қабылданды.

Е. Жамаубаев атап өткендей, енді азаматтар декларацияда мемлекеттік органдарда тіркелген мүлікті және екінші деңгейдегі банктердегі ақша туралы ақпаратты көрсетпейді. Бұл деректер автоматты режимде министрліктің интеграцияланған деректер базасына келіп түседі.

Жалпыға ортақ декларациялау жүйесіне кірген кезде активтер мен міндеттемелер туралы «кіру» декларациясы ұсынылады.

Декларацияны тапсыру мерзімі:

  • қағаз түрінде – 15 шілдеге дейін;
  • электронды түрде – 15 қыркүйекке дейін.

Декларацияда көлік құралдары, заңды тұлғадағы қатысу үлестері, шет мемлекетте тіркелген жылжымайтын мүлік және шетелдік банктердегі ақша қаражаты туралы мәліметтер көрсетіледі.

Сондай-ақ декларацияда Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тыс жерлердегі мүлік туралы деректер қамтылады, бұл:

  • бағалы қағаздар;
  • тұрғын ғимаратындағы үлес;
  • инвестициялық алтын;
  • зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері;
  • айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген шегіндегі қолма-қол ақша;
  • дебиторлық/кредиторлық берешегі;
  • құны 1000 есе айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен асып кететін басқа да мүлік.

Жалпыға ортақ декларациялау жүйесіне кірген адамдар кейіннен кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуы тиіс.

Бұл ретте, егер активтер мен кірістер бойынша айналымдар болмаса, кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынбауға болады.

«Кіріс» декларациясын тапсыру қорытындысы бойынша камералдық бақылау жүргізілетін болады. Содан кейін заңнаманы жетілдіру және ақпараттық жүйелерді пысықтау жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, жеке тұлғаларды санаттарға бөлу үшін министрлік нормативтік актілерге қажетті өзгерістер енгізді.

Тәуекелдерді басқару жүйесі мынадай критерийлерге негізделген:

  • жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкі туралы декларацияда көрсетілмеген шетелдік активтер мен шоттардың болуы;
  • жеке тұлғаның жылдық жиынтық кірісінен екі және одан да көп есе асатын сомаға активтердің ұлғаюы;
  • шетелдік интернет-дүкендерден сатып алынған жеке пайдалануға арналған тауарларды Қазақстан Республикасына бірнеше рет әкелу;
  • камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар, яғни орындалмаған хабарламалардың болуы.

Сонымен бірге жалпыға ортақ декларациялау жүйесіне кірген жеке тұлғалар декларацияда көрсетілген Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті, сондай-ақ басқа да активтерді сатып алудың заңдылығы бойынша 2025 жылға дейін тексеруге жатпайды.

«Декларациялаудың бірінші кезеңі шеңберінде бүгінгі күні 437 мыңнан астам адам салық есептілігін ұсынды. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 91%-ы», — деді қаржы министрі.

Халық арасында декларация тапсырудың ең танымал тәсілдері — «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы және Салық төлеушінің кабинеті. Олардың үлесіне барлық қабылданған декларациялардың шамамен 95% тиесілі.

Қаржы министрі атап өткендей, бұл үрдіс цифрландыру бағдарламасының тиімділігін дәлелдейді.

Жалпыға ортақ декларациялауды жүргізудің ұзақ мерзімділігі мен ауқымдылығын ескере отырып, 2020 жылы Жалпыға ортақ декларациялауға көшу жөніндегі 2020-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды.

Биыл мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдардың, сондай-ақ олардың жұбайларының кірістері мен шығыстарын талдаумен толық қамту үшін Жоспарда уәкілетті мемлекеттік органдармен бірқатар интеграциялар көзделген.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияны осы жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов атап өткендей, декларациялау процесі жақсы қарқынмен жүріп жатыр.

Бұл жерде мемлекеттік кіріс органдарының жүргізген кең ауқымды түсіндіру жұмысы және бірінші кезеңде жақсы даярланған азаматтар санаттарының қатысуы маңызды рөл атқарды.

Ол бұл үлкен жұмыстың бастамасы ғана екенін айтты. Өткен жылы жалпыға ортақ декларациялауға көшу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

«Мемлекеттік органдар өздерінің ақпараттық жүйелерінің интеграцияға техникалық дайындығы бойынша шығындарды болдырмай, жоспарға сәйкес үйлестірілген жұмысты жандандыруы қажет. Осыған байланысты аталған бағыттағы жұмысты күшейту қажет», — деді Ә. Смайылов.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысының бірінші орынбасары жалпыға ортақ декларациялауды енгізу бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға және көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу