Биыл жол салуға бөлінген қаражат «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша жұмсалады — Маңғыстау облысының әкімі

Биыл 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол инфрақұрылымы мен жол бойындағы сервис сапасы мәселелерін ерекше бақылауды тапсырған болатын. Маңғыстау облысында осы бағытта бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар және екінші жартыжылдыққа жоспарлар туралы облыс әкімі Серікбай Трұмов Рrimeminister.kz-ке берген сұхбатында айтып берді. 

Маңғыстау облысында жол құрылысына байланысты көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына сәйкес өңірде 240 шақырым жолдың құрылысы жүргізілген. 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 31 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, негізінен ауылдық елді мекендердің ішкі жол құрылыстары жүргізілді.  Сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына сәйкес Маңғыстау облысындағы елді мекендер арасындағы жолдар барлығы дерлік салынды. Оның ішінде өткен жылы өңірдегі үлкен жобалардың бірі – «Ақтау-Жетібай», «Жетібай-Жаңаөзен» үлкен магистарльдық І санатты жолды толық аяқтап шықтық», — деді С. Трұмов. 

2021 жылдың басында республикалық бюджеттен бөлінген 17 млрд теңге көлеміндегі қаражатты әуежайдан Ақтау қаласында дейінгі жолды қайта құрылымдау және қаладан демалыс аймағына дейінгі жолды реконструкциялау, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендердің ішкі жолдарын салуға жұмсау жоспарланған.

«Аталған жұмыстар қазір басталды. Әуежайдан Ақтау қаласында дейінгі жол құрылысының 80%-ға жуық аяқталды. Қаладан жылыжайға дейінгі жол құрылысы да 80% аяқталды. Алдағы уақытта «Жетібай-Құрық» тас жолын реконструкциялауға 11 млрд теңге қаражат қарастыру туралы жобаны да мемлекет қолдады, жұмысты бастап жатырмыз. Бүгінде жоба мердігері анықталды, оны алдағы жылы толық аяқтауға толық мүмкіндігіміз бар», — деді әкім.

Бұған қоса, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Сайын елді мекенінде, Форт-Шевченко қаласында, Мұнайлы және Бейнеу аудандарында, Қарақия елді мекенінде, Мұнайшы ауылында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Әкім оларды осы жылдың 2 жартыжылдығында толық аяқтау көзделіп отырғанын жеткізді. 

«Елді мекендердің арасындағы жолдарды негізінен салып болдық. Қызан мен Ақшымырау ауылдарынан басқа елді мекендерде жұмыстар аяқталды.  Осыған дейін 30 шақырымға жуық асфальт жолды жөндеуге қатысты конкурс өтіп, мердігер таңдалып жатыр, республикалық бюджеттен осы жұмысты бастауға тиісті қаражат бөлінді. Осы жолды қоссақ, біздің елді мекендеріміздің арасындағы жолдар толық аяқталады», — деді Маңғыстау облысының әкімі.

Оның айтуынша, ендігі кезекте ауыл ішіндегі жолдарды салу жоспарланған.

Сонымен қатар облыс басшысы өңірдегі өзекті мәселе – ауыз сумен қамту мәселесіне де тоқталып өтті. Бүгінде облыс халқы Астрахань-Маңғышлақ бағытындағы су құбыры арқылы тәулігіне 64 мың текше метр су алады. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесі күніне 52 мың текше метр және «Каспий» су тұщыту зауыты» 20 мың текше метр көлемінде су шығарады. Ал жер асты су көздерінен 12 мың текше метрге жуық су пайдаланылады. Облыс халқының бүгінгі күні тұтынып отырған су көлемі тәулігіне 140-150 мың текше метрді құрайды.

«Жаз мезгілінде бізде 40-50 мың текше метрдей су көлемі жетіспейді. Яғни, жазда су тапшылығы бар. Осыған сәйкес, су көздерінің көлемін арттыру, басқа да су көздерін пайдалану бағытында бес жылдық өңірлік бағдарлама жасалып, бірнеше жоба қолға алынды. Атап айтқанда, Кендірлі демалыс аймағының қасынан 50 мың текше метр теңіз суын тұщыландыратын зауыт салу жобасы жүзеге асырылуда. «Қазмұнайгаз» компаниясы осы жобаның құрылысын әрі қарай жалғастыру бойынша тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Одан кейін «Каспий» су тұщыту зауытының» көлемін тағы 40 мың текше метрге дейін жеткізу бойынша жоба жасалып бітті, қазір құрылысын бастап кеттік. Бұл жобаны жылдың аяғына дейін толығымен аяқтау жоспарланған», — деп нақтылады облыс әкімі. 

Бұдан басқа, «Қаражамбас» кен орнында 17 мың текше метр суды тұщыландыратын зауыт салынып жатыр. Сонымен қоса, Мұнайлы ауданында, қасымыздағы Түпқараған ауданының Ақшұқыр, Сайын елді мекендерінде жаз мезгілдерінде су тапшылығы болады. Бұл елді мекендерде жергілікті бюджет қаражаты есебінен шағын су тұщыландыратын қондырғылар қойылуда.       

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу