Кәсіпкерлерге арналған МЖӘ – пандемия кезіндегі қауіпсіздік құралы — Т. Тұрсынбаевпен сұхбат

COVID-19 індетінің өршуі, шикізат бағасының құлдырауы әлем елдерінде экономикалық белсенділіктің күрт төмендеуіне әкеп соқтырды. Мұндай жағдайда экономикалық өсімді қалпына келтіру үшін дұрыс шешім қабылдау аса маңызды. Дер кезінде қабылдаған шаралар 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының төмендеуін өткен жылы 2,6 %-ға дейін шектеуге мүмкіндік берді. Экономиканың өсіміне, оның дамуына ықпал ететін механизмдердің бірі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2019 жылдың өзінде МЖӘ саласында елеулі әлеует сақталып отырғанын атап өткен еді. Мемлекеттік органдар мен бизнестің өзара тиімді ынтымақтастығы туралы толығырақ «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ вице-президенті Талғат Тұрсынбаев айтып берді. 

 

— Талғат Тұрғанбайұлы, қош келдіңіз! Сұхбатты өткен жылдың қорытындысынан бастасақ. МЖӘ нарығы 2020 жылды қандай көрсеткіштермен аяқтады?

— Сәлеметсіз бе! 2020 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, жалпы сомасы 1,5 трлн теңгеге 864 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшартына қол қойылды. Оның ішінде мемлекеттік міндеттемелердің сомасы 1,4 млрд теңге. 222 млрд теңге жекеше әріптестерге төленген. Айта кету керек, 2018-2019 жылдардағы көрсеткіштерге қарағанда 2020 жылы келісімшарттарға қол қою көрсеткіші екі есе төмендеген. Бұл жағдайға COVID-19 пандемиясы әсер етті. Пандемияның салдарынан көптеген жоба бойынша келісімшарттарға қол қоюдан бас тартылды. Себебі сыртқы жағдайлардың өзгеруіне байланысты ол жобаларды әрі қарай жалғастырудың тиімділігін қарастырып жатырмыз.

Ескеретін жайт, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласының дамуында біз келісімшарттар санының артуына ғана емес, олардың тиімділігіне де назар аударамыз. Сондықтан қазіргі таңда аталған бағытта ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 

— Коронавирус салдары МЖӘ жобаларын іске асыру процесіне қалай әсер етті? Қай сала көбірек зардап шекті және жалпы қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуында қандай кедергілер кезігеді?

— Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жоспарлау және орындау дәстүрлі түрде жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік заңнамасы бойынша барлық келісімшартта күтпеген жағдайларда жұмыс істеу тәртібі көрсетілуі қажет. Қазіргі таңда сол келісімшарттарда көрсетілген тәртіп бойынша әр саладағы шектеулер аясында жұмыс жүргізіліп жатыр. Кейбір келісімшарттардың қазіргі таңда уақытша тоқтатылуы мәселесі қарастырылған, ал қалғандары әрі қарай өз жұмысын жалғастыруда. Бұл мәселе әрбір саланың, әрбір жобаның өзіндік ерекшеліктеріне байланысты іске асады. Мысалы, егер карантин жағдайында қойылып жатқан шектеулерге байланысты МЖӘ жобасы шеңберінде салынған объектіге тұтынушылардың келуі шектелсе, яғни бұл жерде форс-мажор жағдайына сәйкес мемлекет тарапынан төленетін кейбір төлемдердің азайтылуы қарастырылып жатыр. Кей өңірлерде бір жыл бойы жұмыс істемеген жобалар бар. Айталық, сіздің келісімшартыңыздың мерзімі бес жыл болса, оның бір жылы пандемия салдарынан жоғалып кетті десек болады. Сондықтан осындай форс-мажор жағдайларында бұл жобаларды тағы бір жылға ұзарту жолдарын қарастырып жатырмыз. Бұл негізінен әр саланың өзіндік ерекшелігіне байланысты. Әлеуметтік жобаларды есепке алмағанда, жол тазарту, саябақтарды күтіп ұстау, құрылыс жұмыстарына қатысты жобалар тоқтаған жоқ, жүріп жатыр.

 

— Қазіргі жағдайды ескерер болсақ, бизнес инфрақұрылымға қаражат салуға дайын ба? Қандай жобалар тиімді?

— Бизнестің басты мақсаты – салынған ақшаны үстіндегі табысымен бірге қайтару. Және сол қайтару жолдарының тәуекелділігі мүмкіндігінше төмен болуы тиіс. Бұл тұрғыдан қарағанда, МЖӘ жобаларын бизнес талаптарына сай келетін ең ұтымды жобалар деп айтуға болады. Бірақ Үкімет тарапынан қойылатын талаптарды ескерген жөн. Бизнеске салған қаражаттың барлығын бюджет есебінен өндірмей, ақылы қызмет көрсету арқылы, қолданыстағы тарифтер арқылы қаражатын қайтару міндеті қойылған. Сондықтан мемлекет пен жекешелік әріптес арасындағы ортақ нүктені табу әрбір жобаның өзекті негізі болып саналады.

Негізінен бизнестің инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға қызығушылығы жоғары. Бірақ олардың бірінші мақсаты – салынған қаражаттың толық бюджет есебінен қайтарылуы. Ал Үкіметтің негізгі мақсаты – бюджет көзінен төленетін қаражатты азайтып, қалған қаржыны ақылы қызмет көрсету арқылы қайтару. Бұл мәселе әрбір жобада жеке қарастырылады.

— Жыл басында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы қабылданды. МЖӘ механизмін реттейтін өзгерістер, МЖӘ саласындағы заңнаманы одан әрі жандандыру жөніндегі жоспарлар туралы толығырақ айтып берсеңіз. Бұл түзетулер МЖӘ жобаларын іске асыру кезінде жеке инвесторлардың мүдделерін қорғауға мүмкіндік бере ме?

— 2015 жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заң қабылданғалы бері жекеше әріптестердің мүдделері барынша қорғалған деп саналады. Өйткені әрбір келісімшартта, әрбір заңнамада жекеше әріптестің салған қаражатының қайтарылу жолдары және олардың мүддесі бірінші орында тұрады. Қазіргі таңда қабылданып жатқан өзгерістерге тоқталайын. Басты өзгерістің бірі – әрбір жекеше әріптестің болашақ жобаға салатын қаражатының 20%-ы өзінің қаражаты болып саналуы керек. Егер 2015 жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің 100% қаражатты сыртқы көздерден тартуға мүмкіндігі болса, мысалы, банктерден несие алуға немесе акционерлерден қарызға қаражат алуға болатын болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 80%-ға дейін төмендеді. Яғни 20%-ы оның өзінің қаражаты болуы керек. Бұл нені білдіреді? Біріншіден, мемлекет кейбір инфрақұрылымдық жобалар бойынша ақылы қызмет көрсетуге болмайтын немесе тұтынушылардың төлем қабілеті төмен салаларда жекешелік әріптестіктің қаражатын 100% бюджет көзінен қайтарады. Бұл жағдайда егер жекеше әріптес қаражатты 100% қарыз алу арқылы салса, үстіндегі пайызы да бюджеттен төленуі керек болады. Егер 20%-ы өзінің есебінен салынған болса, бюджеттен төленетін қаражат та азаяды. Екінші мәселе, 20%-ы өзінің қаражаты болуы керек деген талапқа сай жекеше әріптестер болашақта сапалы қызмет көрсетуге дайын деген сөз.

 

— МЖӘ жобаларының маңызды міндеттерінің бірі – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Соңғы жылдары әлемде people first тұжырымдамасына қызығушылық артып келеді. Осы бағыттағы сәтті жобаларға мысал келтірсеңіз.

— Бұл жерде people first тетігін қолданудың ерекшелігіне тоқталу керек. Заңнама бойынша әрбір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының тұтынушысы – Қазақстан Республикасының халқы. Сондықтан әрбір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын жоспарлаған кезде “Соңында қызмет көрсететін тұлға кім?” деген сауалды назарға аламыз, нақты сол қызметті жекеше әріптестің немесе мемлекеттің сапалы көрсете алу мүмкіндігін сараптаймыз. Аталған бағытта жұмыс істеу үшін people first тетігін қолданамыз.

 

— Концессиялық жобаларды іске асырудағы қазіргі ахуал қандай? Орталық мемлекеттік органдарға МЖӘ институционалдық жүйесін жетілдіру бойынша, сондай-ақ жекелеген жобалар бойынша қандай ұсынымдар береді?

— Концессиялық жобалар – үлкен қаражатты талап ететін, ұзақ уақытқа арналған инфрақұрылымдық жобалар. Мысалы, қазіргі таңда концессия туралы заң бойынша үш жобаға қол қойылған. Бұл үш жоба 50%-дан артық мемлекеттік міндеттеме алып отыр. Қазіргі таңда орталық уәкілетті органдар есебінен концессия туралы заң бойынша бес жоба жоспарланып жатыр.

Орталық көптеген жоба бойынша бағалау өткізеді. Біздің басты ұстанымымыз – әрбір жобаның бюджеттік және экономикалық тиімділігін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар беру. Қазіргі уақыттағы 864 жобаның 850-ден астамы өңірлерге тиесілі екенін айта кеткен жөн. Олардың 98%-ы жергілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары. Сондықтан ұсыныстың көбі жергілікті органдар есебінен берілген. Басты мақсатымыз – олардың тиімділігін арттыру.

 

— Сұхбаттарыңыздың бірінде сіз басқа өңірлерде де сұранысқа ие жақсы жобалар бар екенін айттыңыз. Бүгінгі таңда өңірлер қоржынында қанша МЖӘ жобасы бар? Тартылған инвестициялардың көлемі қандай және өңірлерде қандай салалар неғұрлым тартымды? Денсаулық сақтау мен білім беру әлі де басым салалар ма? Бұл немен байланысты?

– Қазіргі таңда жобалардың 40%-дан астамы, яғни жергілікті жобалар білім беру саласында жүзеге асырылған. Екінші орынды денсаулық сақтау саласындағы жобалар алады. Фельдшерлік, акушерлік, медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, сондай-ақ МЖӘ тетігін қолдану арқылы үлкен клиникалар да салынып жатыр. Үшінші орында – тұрғын үй шаруашылығы және энергетика саласы, яғни қала ішіндегі жолдарды қалпында сақтау, саябақтарды абаттандыру және т. б. Төртінші кезекте спорт, дене шынықтыру саласындағы жобаларға басымдық беріледі.

Сұранысқа ие жобаларға келер болсақ, әрбір өңір МЖӘ тетігін шешілуі тиіс мәселелері бар салаларда қолданады. Мәселен, кейбір өңірлерде жүзеге асырылған жобалардың 90%-дан астамы білім беру саласына тиесілі. Яғни жергілікті атқарушы орган МЖӘ тетігін сол салада іске асыру жөн деген шешімге келген. Керісінше, білім беру саласында мүлдем МЖӘ жобаларын іске асырмаған өңірлер бар, олар өзге салаларда жұмыс атқарып жатыр. Сондықтан бұл мәселе әрбір өңірдің сұранысына байланысты.

 

— Қызметті цифрландыру туралы айтып берсеңіз.

— Қазіргі таңда МЖӘ-ні жоспарлау процестері қағаз жүзінде жүзеге асырылады. Пандемияның салдарынан қойылған шектеу шараларына байланысты көптеген процесті жүзеге асыру аздап күрделене түсті деп айтуға болады. Біз қазір мемлекеттік сатып алу порталының енгізілуінің қаншалықты орынды болғанын көріп отырмыз. Сондықтан МЖӘ жобалары бойынша да осындай порталды іске қосуды жүзеге асыру жоспарымызда бар. Бұл мәселе қазір пысықталып жатыр. 

 

— Биыл қандай жобалар жүзеге асырылады? Қандай жоспарларыңыз бар?

— Қазіргі уақытта жоспарланып жатқан жобалар саны 400-ден асады. Бірақ бұл жобалардың барлығын дәл биыл жүзеге асырамыз деген жоспарымыз жоқ. Екіншіден, алдымызда МЖӘ тетігін одан әрі дамыту міндеті тұр. Бұл – өте үлкен мәселе. Мұның бір тұсы цифрландыру болса, екінші жағы – жобаларды жоспарлау сатысындағы сарапшылардың жасап жатқан қызметінің сапасын көтеру. Үшінші мәселе – атқарылған жобаларды пандемиядан кейін қайта қарастыру, кейбір жобалардың әрі қарай жүзеге асырылуының тиімділігін сараптау. Бұл – күрделі процесс, сараптау барысында жағдай келісімшартты бұзуға дейін жетуі мүмкін. Өйткені пандемияға дейін өзекті болған көптеген мәселеге қазіргі экономикалық жағдайда бюджеттен ақша бөлу қаншалықты тиімді екені қарастырылады.

 

— Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу