Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен шағын құрамда келіссөздер өткізді

Сейсенбі, 02 Наурыз 2021, 13:12:30

Ақорда резиденциясында Қырғыз Президенті Садыр Жапаровты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін Құрмет қарауылы ротасының бастығы Қазақстан мен Қырғызстан президенттеріне рапорт берді. Мемлекет басшылары Құрмет қарауылының алдынан өтіп, шағын құрамда келіссөздер жүргізу үшін резиденцияның «Шығыс залына» барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың президент ретінде алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастағанының маңызы зор екенін атап өтті.

«Бұл Қазақстанға деген үлкен құрмет. Сапарыңыздың рөлі, мағынасы айырықша деп айтуға болады. Себебі бұл сапар екі еліміздің арасындағы қарым-қатынастарға үлкен серпін береді. Шын мәнінде сапарыңыздың бағдарламасы ауқымды. Сондықтан біз бүгін ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Құдай қаласа, екі халықтың мүддесіне сай тиісті келісімдерге қол жеткіземіз деп ойламын», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз байланыстары арасында дәстүрлі достықтың бар екеніне, сондай-ақ, Қырғызстан – еліміз үшін тек одақтас мемлекет қана емес, бауырлас мемлекет екенін жеткізді.

«Бұл дәстүрді жоғары бағалаймыз. Алдымызда тұрған міндетіміз осы дәстүрді жалғастыру, нығайту. Сондықтан бүгінгі келіссөздердің маңызы зор», – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде, Қырғызстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға мемлекеттік сапармен шақырғанына ризашылығын білдірді. Садыр Жапаров екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең екенін сипаттай отырып, қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиевтің сөздерін еске алды.

«Мен қазақпын, қырғыз ол – туысқаным, Бірге тартқан тарланның құйысқанмын. Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки, Бөліп берген егізге уыс нанын», – деп қазақ ақынының поэмасынан үзінді келтірді, Қырғыз Президенті.

Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасында ынтымақ пен бауырластық орнап, ешқашан шешілмейтін мәселелер болмауы керек екенін айтты.

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Қырғызстанға сапармен келуге шақырды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелері, атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, сондай-ақ, Еуразиялық интеграция және көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстарды талқылады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. 

Мемлекет басшылары стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде сауда-экономикалық байланыстарды арттыруға және саяси, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда тығыз ықпалдастық орнатуға басымдық берілді.

Қырғыз делегациясына ілтипат білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев екі елді бауырластық, достық және серіктестіктің дәстүрлі жолы байланыстыратынын атап өтті. Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің бұл сапарының маңызы зор екенін және екі ел арасындағы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беретінін айтты.

«Біз қырғыз ағайындарымызды қолдауға және жан-жақты көмек көрсетуге әрдайым дайын екенімізді атап өткім келеді. Біз бағзы заманнан тату көршіміз, достығымыз бен ынтымағымыз жарасқан бауырлас елдерміз. «Қазақ-қырғыз бір туған» деген нақыл сөз арамыздағы зор сенім мен кең пейілді айқын көрсетеді», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы шағын форматта өткен келіссөздер барысында екі ел арасындағы ықпалдастықтың негізгі бағыттары анықталғанын жеткізді.

«Елдеріміз арасында шешілмейтін қандай да бір мәселенің жоқ екені көңіл қуантады. Керісінше, біз өзара ықпалдастықтың кез келген бағытын жедел әрі байыппен қарастыруға дайын екенімізді білдірдік. Қырғызстан Сіздің басшылығыңызбен барлық мәселені тиімді шешуге және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға әзір екенін нақтылағанын дұрыс қабылдадық. Өз тарапымнан Қазақстанның екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды кешенді түрде тереңдетуге бейіл болып қала беретінін айтқым келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесуде Қазақстан Президенті қазақ пен қырғыз байланысының тамыры тереңде екенін айта келіп, ұлы Абай мен Мағжан Жұмабаевтың сөздерін тілге тиек етті.

«Ұлы Абай айтқандай, «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды». Қос халықтың рухани туыстығын дәлелдейтін мысалдар жеткілікті. Бұл байланыстар Әуезов пен Айтматов, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Оспанқұл сияқты алып тұлғаларымыздың тұсында нығая түсті. Қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаев «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы» деп жырлаған. Мұның бәрі біздің арғы тегіміздің бір екенін аңғартады», – деді Қазақстан Президенті. 

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Президенті Қазақстан басшылығы мен халқына коронавирусқа қарсы күресте қолдағаны үшін және алдағы уақытта да ауқымды көмек көрсете беретініне алғыс айтты.

«Бүгінгі келіссөздер дәстүр бойынша мемлекеттеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастарды сипаттайтын одақтастық байланыстар мен стратегиялық серіктестік рухында өтуде. Шағын форматта өткен кездесуде біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы елдеріміздің өзара іс-қимылының бірқатар маңызды мәселелерін қозғадық. Екі ел арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ екенін мәлімдеймін», – деді Садыр Жапаров.

Келіссөздер барысында тараптар іскерлік байланыстарды жан-жақты кеңейтуге, инвестициялық ықпалдастықты дамытуға, екі елдің көлік-транзиттік әлеуетін бірлесіп пайдалануға, сондай-ақ, цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.  

Президенттер қос халықтың мәдениеті мен тарихының және тілінің ұқсастығын ескере отырып, ғылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін нақтылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

  • Қазақстан Республикасының Президенті мен Қырғыз Республикасы Президентінің бірлескен Мәлімдемесі;
  • Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің арасындағы қайтарымсыз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісім;
  • Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттік арасындағы ұлттық спорт түрлері мен халық ойындарын дамыту туралы ведомствоаралық келісім;
  • Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2021-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
  • Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Цифрлық даму мемлекеттік қызметі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Экологиялық және техникалық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекцияның 2021-2022 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары;
  • Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің және Қырғыз Республикасы Энергетика және өнеркәсіп министрінің арасындағы электроэнергиямен тауар алмасу туралы хаттама;
  • Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрлігінің арасындағы 2021 жылға арналған ынтымақтастық бағдарламасы

Шағын және кеңейтілген құрамдағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың Қырғызстан Президенті ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын қазақ еліне көрсетілген айрықша құрметі деп бағалайтынын айтты.

«Қырғызстан – біз үшін одақтас мемлекет, сондай-ақ, тату көрші, бауырлас ел әрі сенімді серіктес», – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ағайын елдің қарым-қатынасын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің бұл сапары қос мемлекеттің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған мерейлі кезеңімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін айтып, бүгінгі келіссөздер қорытындысы қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігін дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

«Саяси, экономикалық, гуманитарлық және әскери-техникалық салалардағы мүддеміз ұқсас. Осы уақытқа дейін екі ел арасында 180-ге жуық құжатқа қол қойылған. Біз бүгін де бірлескен мәлімдеме қабылдап, бірқатар маңызды келісім-шартқа қол қойдық. Қазақстан мен Қырғызстан Еуразия экономикалық одағы аясында белсенді әрекет етуде. Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау үшін ауқымды жұмыстарды бірге атқарып келеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер барысында коронавирусқа қарсы бірлескен жұмыстар талқыланды. Қазақстан қырғыз халқына кезекті гуманитарлық көмек ретінде медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектер жолдауға дайын екенін растады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қырғызстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі және көш бастаушы инвесторларының қатарына кіретінін жеткізді.

«Біз соңғы 15 жылда бұл елге 1 миллиард доллардан астам қаржы құйдық. Қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды салаларын өркендетуге, әлеуметтік ахуалын жақсартуға қомақты үлес қосып келеді. Атап айтқанда жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс секторы мен қаржы нарығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы орайда біз өзара инвестицияларды қолдауға және қорғауға келістік», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сауда кедергілерін азайту, екі елдің кеден және салық органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, олардың жұмысына цифрлық технология енгізу жөнінде келісім жасалғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экспорттық әлеуетін нығайтып, шағын және орта бизнес арасындағы байланыстарды кеңейту үшін жақын арада Қазақстан делегациясы Қырғызстанға арнайы сапармен баратынын атап өтті. 

Екіжақты байланыстардың күн тәртібіндегі маңызды міндеттің бірі – азаматтардың барыс-келісі мен алыс-берісін жақсарту.

«Осы ретте шекара бекеттерінің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін шаралар қабылдануда. Мысалы ең ірі «Қордай» (Ақжол) бекетін жаңғырту жұмыстары – соның айқын дәлелі. Енді жұрттың шекарадан қиналмай өтуіне жағдай жасалмақ. Бекеттің жабдықтары жаңартылды. 8 жолақты автожол салдық. Бұл жұмыс өз жалғасын табады. Паспорттық-бақылау режимін жетілдірдік. Мұның барлығы екі ел арасындағы жолаушылар мен көліктердің санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан бұл нысанды жақын арада ашуға дайын. Келісім бойынша, қырғыз тарапы да тиісті жұмысты тез арада аяқтайтын болды», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өзара байланысты нығайту үшін іргелес жатқан аймақтардың ынтымақтастық аясын кеңейту жөнінде келісім жасалғанына тоқталды. Оның айтуынша, Өңіраралық ынтымақтастықтың бірінші форумын жуық арада өткізу қажет, сондай-ақ, шекара маңында тауарды ресімдеп, өңдейтін сауда-логистикалық орталық құру керек.

Келіссөздердегі тағы бір өзекті мәселе – су-энергетика саласындағы ықпалдастық.

«Атап өтетін жайт, бүгінде Шу және Талас өзендерінің аңғары бойынша ықпалдастығымыз көптеген елге үлгі болып отыр. Мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссиямыз бар. Қазақстан бұл нысандарды жөндеу және пайдалану жұмыстарына жыл сайын қаржылай көмек көрсетіп отыр. Соңғы он жылда осы мақсатқа 1 миллиард теңгеден астам қаражат  бөлдік. Біз аталған мәселе бойынша жұмысты екіжақты форматта, сондай-ақ, өңірдегі басқа да әріптестерімізбен жалғастырамыз. Өзендер бойынша біз өзара тиімді іс-қимыл жасауымыз керек, сонда ғана ешқандай келіспеушілік болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларына да тоқталды.

«Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени күндерін өткізуге уағдаластық. Бішкекте Абайға, Нұр-Сұлтан қаласында Манас пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштер бой көтереді. Оған қоса бірегей тарихи мұраларымызды дәріптеу үшін күш-жігерімізді жұмылдыратын болдық», – деді Қазақстан Президенті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел жастарының арасындағы байланыстарды жандандыруға уағдаластық жасалды. Мемлекет басшысы еліміздің жоғары оқу орындарында қырғыз жастарына бөлінетін білім квотасын 10  есеге көбейту жөнінде тапсырма бергенін, соның арқасында мұндай гранттардың  саны 50-ге жететінін, сондай-ақ, Бішкекте Қазақстанның беделді жоғары оқу орнының филиалын ашу туралы бастаманың қарастырылып жатқанын айтты.

Қазақстан мен Қырғызстанның көшбасшылары өңірлік және жаһандық мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, көптеген мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдары ұқсас. Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуін одан әрі дамытудың маңыздылығы айтылды. Мемлекет басшысы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің әлеуетін нығайту жөніндегі Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдірді.

Президент сөзінің соңында келіссөз қорытындысы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық, сенім және тату көршілікке құрылған қарым-қатынастарды қос тарап та одан әрі нығайта беруге бейілді екенін көрсетті деді.

«Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Бұл жұрттың бәріне белгілі. Мемлекет басшыларының міндеті – екіжақты қарым-қатынастарды ынтымақтастықтың үлгілі моделіне айналдыру. Бүгінгі келіссөздер аталған мақсатты шешуге арналды. Пікір алмасулар өте пайдалы әрі табысты болды. Біз екіжақты ынтымақтастықтың басты бағыттарын айқындадық, өңірлік және халықаралық құрылымдар аясындағы іс-қимылдарды арттыру мәселесін талқыладық. Екі ел арасындағы ықпалдастық бойынша кез келген мәселені бауырлас халықтардың ежелден қалыптасқан мүдделерін ескере отырып, шұғыл шешуге келістік. Қырғызстан Президенті Садыр Нургожоұлы Жапаровтың сапары табысты өтті деп айтуға толық негіз бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров бірлескен мәлімдеме жасады. 

2021 жылғы 2-3 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қазақстан Республикасында мемлекеттік сапармен болды.

Достық пен сенім сипатында өткен келіссөздер барысында мемлекет басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту келешегін талқылады, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Президенттер Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының бауырластық және тату көршілік қарым-қатынастарын дамыту мен нығайтудағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атқарған тарихи рөлін, сондай-ақ, оның Орталық Азиядағы өңірлік кооперацияны дамытуға қосқан орасан зор үлесін айрықша атап өтті. 

Мемлекет басшылары ғасырлар бойы достық, тату көршілік және бауырлас халықтардың өзара рухани байланыстарына негізделген саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының оң қарқын алуына қанағаттанатындарын атап өтіп, сондай-ақ, 1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шарттың және 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қарым-қатынастар туралы шарттың ережелерін басшылыққа ала отырып, төмендегіні мәлімдейді:

Теңдік, өзара сенім, сыйластық және бір-бірінің мүдделерін ескеру негізінде достық, стратегиялық әріптестік және одақтастықтың қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын кешенді нығайту жолындағы бағдарының мызғымастығын растайды.

Бұрын қол жеткізілген, оның ішінде, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  2019 жылғы 27 қарашада Қырғыз Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша уағдаластықтарды бірлесе жүзеге асыру маңыздылығын атап өтеді.

Қос мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамуы үшін белсенді саяси диалогтың маңыздылығын мойындай отырып, биік, жоғары және басқа деңгейлердегі сенімді де сындарлы дәнекерліктің одан әрі өрістеуін құптайды.

Пандемияның жалғасуы жағдайында коронавирус инфекциясына қарсы бірлескен іс-қимылды жандандыру маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыдан қырғыз тарапы Қазақстан Республикасының жәрдемі мен көмек көрсетуге әзірлігі, соның ішінде, гуманитарлық сипаттағы қолдауы үшін ризашылық білдірді.

Эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажеттігін мойындай отырып, тараптар мемлекеттердің аумағы арқылы азаматтардың және көлік құралдарының транзиті мен еркін қозғалысы үшін келісілген шараларды қабылдау маңыздылығын атап өтеді.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтуді, тауарлар мен қызметтер бойынша өзара сауда құрылымын өсіру мен оны әртараптандыруды қамтамасыз етудің ерекше мәнді екенін растайды.

Өнеркәсіп, гидроэнергетика, отын-энергетикалық кешен, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы, өңдеу секторы, логистика саласында, жол-көлік инфрақұрылымы мен банк саласындағы кооперациялық жобаларды іске асыруға бағытталған іскерлік байланыстарды жан-жақты кеңейту қажеттігін атап көрсетеді.

Инвестициялық өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту, инвестицияларды тартуға қолайлы жағдайлар жасау және оларды мемлекеттік деңгейде қорғау маңыздылығын атап өтеді. Тараптар инвестицияларды жан-жақты қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша шаралар қабылдауға шынайы ниетті екенін білдіреді.     

Қырғыз Республикасы ЕАЭО-дағы Қазақстан Республикасы төрағалығының басымдықтарына қолдау білдіреді. Осы тұрғыдан Тараптар еуразиялық экономикалық интеграция, соның ішінде, тосқауылсыз, алып тастаулар мен шектеулерсіз, тауарлар, көрсетілетін қызметтер, капитал және ортақ еңбек нарықтарының әлеуетін толықтай ашып көрсетуге бағытталған шараларды әзірлеуде санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шаралар бойынша өзара ықпалдастықты нығайту, өнеркәсіптік кешендердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және басқа да бағыттарда ортақ әдістемелерді қалыптастыру маңыздылығын атап өтеді.

Мемлекеттердің көлік-транзиттік әлеуеттерін одан әрі дамыту, сондай-ақ, цифрландыру және ақпаратпен алмасу, оның ішінде, мемлекеттік қызмет көрсету салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Тараптар шекара маңы ынтымақтастығының әлеуетін ашып көрсету мақсатында Бірінші Өңіраралық қазақ-қырғыз форумын өткізуге мүдделі екенін растайды. 

Ортақ экономикалық кеңістік жағдайында тауарлардың Қазақстан мен Қырғызстан аумақтары арқылы бөгетсіз өтуін қамтамасыз ету үшін қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасында логистикалық орталық құруды тездету  бойынша Үкіметтерге тиісті тапсырма берілді.

Орталық Азия елдерінің экологиялық және энергетикалық қауіпсіздігі бойынша сындарлы ынтымақтастыққа және стратегиялық әріптестік, сенім, тату көршілік, теңдік және бір-бірінің мүдделерін ескеру негізінде су-энергетика ресурстарын кешенді пайдалануға өзара қызығушылық білдіреді.

Өңірлік кооперацияның өзекті мәселелері бойынша ұстанымдардың ұқсастығын және Орталық Азиядағы сенімді, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға жәрдемдесуге  ұмтылыстарын растайды.

Өңірішілік ынтымақтастықтың барлық салаларында бесжақты өзара ықпалдастықты жандандыру үшін қолайлы жағдай тудыратын Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері форматын одан әрі дамытудың басым мәнге ие екендігін ерекше атап көрсетеді. 2021 жылы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті Консультативтік кездесуін Қырғыз Республикасында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғаннан кейін өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Тараптар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ЕАЭО, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМЫК, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде сындарлы диалогты жалғастыру қажеттілігі туралы ортақ пікір білдіреді.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің  (АӨСШК) әлеуетін дамытуға, соның ішінде, оны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға ниетті екендерін білдіріп, қос мемлекет үйлестірушілері болып табылатын АӨСШК Адами өлшемін дамытуға келісті.

Орталық Азия мемлекеттері экономикаларының неғұрлым тұрақты дамуына ықпал ететін, 2021 жылы Қырғыз Республикасында өткізілуі жоспарланған Еуропалық Одақ – Орталық Азия бірінші экономикалық форумның елеулігін атап көрсетеді.

Халықаралық терроризмге, экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, халықаралық қауіпсіздікке төнетін басқа да сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы күрес мәселелерінде екіжақты және көпжақты деңгейдегі бірлескен күш-жігер арттырудың маңыздылығына назар аударады.

Қос халықтың мәдени-тарихи және тілдік ортақтығын ескеріп, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, спорт және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілділігін растайды. Тараптар бірлескен білім беру және ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыруға ниетті.

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Тәуелсіздіктерінің 30 жылдығын мерекелеуге орайластырылған алдағы мерейтой іс-шараларының маңыздылығын атап өтеді.

Бірлескен телевизиялық жобалар, көрмелер, фестивальдер және өзге де мәдени іс-шаралар өткізу тұрғысынан жәрдем көрсетуге, ортақ тарихи және мәдени мұраны сақтау мен ілгерілету мақсатында күш-жігер біріктіруге әзірлігін білдіреді.

Жуық арада Абай Құнанбаевтың Бішкекте, сондай-ақ, Манас пен Шыңғыс Айтматовтың Нұр-Сұлтанда ескерткіштерін орнату туралы уағдаластықтардың ерекше мәнге ие екенін айрықша белгілеп өтеді.  

Тараптар табысты келіссөздер мен сапар барысында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы достық және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін, сондай-ақ, қол жеткізілген уағдаластықтарды ойдағыдай іске асыруға ерекше мән береді.

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақ халқына ризашылығын білдірді және жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан басшысын өзіне ыңғайлы уақытта сапармен Қырғыз Республикасына келуге шақырды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруды ризашылықпен қабыл алды. Сапардың мерзімдері дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.


Жаңалықтар тізбегі
14 Сәуір 2021, 16:26
Президент Қазақстанның АҚШ-тағы жаңадан тағайындалған елшісі Ержан Ашықбаевты қабылдады
14 Сәуір 2021, 15:32
Мемлекет басшысы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады
14 Сәуір 2021, 14:24
Тұрғын үй саясатын жаңғырту, қолжетімді тұрғын үй салу және тиімді шарттармен ипотека беру — Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамыту
13 Сәуір 2021, 19:31
Р. Скляр cу тасқыны жағдайына мониторинг жасау мақсатында елорда маңындағы аумақтарды әуеден бақылады
13 Сәуір 2021, 17:56
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевті қабылдады
13 Сәуір 2021, 16:58
Мемлекет басшысы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады
13 Сәуір 2021, 16:49
Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады
13 Сәуір 2021, 14:16
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 сәуірдегі №210 Қаулысы
13 Сәуір 2021, 14:08
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №194 Қаулысы
13 Сәуір 2021, 13:24
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 7 сәуірдегі №212 Қаулысы
13 Сәуір 2021, 12:12
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 Қаулысы
13 Сәуір 2021, 12:07
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №207 Қаулысы
13 Сәуір 2021, 08:08
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады
12 Сәуір 2021, 20:33
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 29 наурыздағы №169 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 20:19
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 15 наурыздағы №137 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 20:08
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №174 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 20:00
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №189 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 19:32
Қазақстан Президенті Швецияның сыртқы істер министрі Анн Линдені қабылдады
12 Сәуір 2021, 19:18
Ғылымды гранттық қаржыландыру отандық ғалымдарды қолдау шарасы ретінде
12 Сәуір 2021, 19:01
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №184 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 18:56
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №176 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 18:53
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №173 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 18:48
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №192 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 18:40
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №193 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 18:10
Ербол Қарашөкеев ҚР қаржы вице-министрі болып тағайындалды
12 Сәуір 2021, 15:03
Ростислав Коняшкин «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды
12 Сәуір 2021, 13:30
ҚР Үкіметінің отырысы, 12.04.2021
12 Сәуір 2021, 13:28
Қазақстанның машина жасау саласы тұрақты өсу үрдісін көрсетіп отыр —  Б. Атамқұлов
12 Сәуір 2021, 12:46
Атқарушы органдар жұмысының маңызды көрсеткіші – әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу — Б. Сұлтанов
12 Сәуір 2021, 11:39
Барлық өңірлерде жергілікті бюджетке кіріс түсімдері бойынша жоспар асыра орындалды — Е. Жамаубаев
12 Сәуір 2021, 11:38
Қазақстанның көптеген өңірлерінде жоғары инвестициялық белсенділік сақталып отыр — Ә. Ерғалиев
12 Сәуір 2021, 11:30
Салымшылардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу туралы өтініштері 1 трлн теңгеден астамға орындалды — Е. Досаев
12 Сәуір 2021, 11:25
Биыл қыркүйек айына дейін 10 млн-ға жуық Қазақстан тұрғынына вакцинациялаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарлануда — ҚР ДСМ
12 Сәуір 2021, 11:08
2021 жылдың I тоқсанында ҚР экономикасының негізгі салалары тұрақты өсім көрсетті
12 Сәуір 2021, 10:57
А. Мамин вакциналау кестесінің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды
11 Сәуір 2021, 18:00
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №107
11 Сәуір 2021, 08:09
Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» туристік кешені ашылды
10 Сәуір 2021, 13:33
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мен ӨР Премьер-Министрі А. Арипов «Орталық Азия» ХСЭЫО жобасын іске қосты
09 Сәуір 2021, 18:29
А. Мамин Байқоңыр қ. барды және «Роскосмос» басшысы Д. Рогозинмен келіссөз өткізді
09 Сәуір 2021, 15:49
Мемлекет басшысының өкімімен Қ. Жайсаңбаев ҚР ПӘ Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды
09 Сәуір 2021, 15:43
12 сәуір күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
09 Сәуір 2021, 10:04
Қ. Тоқаев Ресейдің Сыртқы істер министрі С. Лавровты қабылдады
09 Сәуір 2021, 08:43
А. Мамин «One Web» басшылығымен ҚР-да спутниктік интернетті дамытуды талқылады
08 Сәуір 2021, 19:11
Мұғалімдерді даярлауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту, ҰБТ тапсырудың жаңа форматы, ЖОО-ларды лицензиялау - А. Аймағамбетов ҚР БҒМ қазіргі жұмысы туралы
08 Сәуір 2021, 15:47
Нұрлан Сауранбаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалады
08 Сәуір 2021, 15:27
Президент өкімімен Н. Сауранбаев ҚР ПӘ мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды
08 Сәуір 2021, 14:08
ЕЭК Кеңесінің отырысына қатысушылар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытуды талқылады
07 Сәуір 2021, 21:27
Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасын қабылдады
07 Сәуір 2021, 21:15
Қазақстан Президенті Иранның Сыртқы істер министрі қабылдады
07 Сәуір 2021, 21:05
Қ. Тоқаев Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілді қабылдады
Депутаттық сауал
© 2019 - 2020 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.