Қазақстан мен Ресей сауда қатынастарындағы шектеулерді алып тастау бойынша өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады

ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Алексей Оверчук Орынбордағы Қазақстан мен Ресейдің XVIII өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екіжақты кездесу өткізді.

Қазақстандық тарап көтерген негізгі мәселелердің бірі Қазақстанға ағаш материалдарын жеткізу бойынша ынтымақтастық болды. Атап айтқанда, тек теміржол арқылы жеткізу керектігіне байланысты олардың құнының қымбаттауы және кешігуі. Дәстүр бойынша дөңгелек ағаш сияқты материалдар Қазақстанға автокөлікпен жеткізілді. Алайда жақында ғана Ресей тарапы тек теміржол арқылы экспорттауға рұқсат беру ниеті туралы хабарлады.

Сондай-ақ тараптар ЕАЭО аумағында минералды тыңайтқыштарды бірыңғай реттеу мәселесін талқыға салды. Қазақстанда минералды тыңайтқыштар ұлттық техрегламентке сәйкес міндетті сертификаттаудан өтеді және химиялық өнім ретінде Ресей Федерациясында пестицидтер мен агрохимикаттарды мемлекеттік тіркеу тәртібі бойынша тіркеледі.

«Ресей – еліміздің ең ірі сауда серіктесі. Қазақстанда тыңайтқыштарды Ресейге экспорттауға мүдделі тыңайтқыш өндірушілері бар, десе де көптеген процедуралық кедергілер туындайды. Бұл кейде екі жылға дейін созылатын ұзақ тіркеу мерзімі, қымбат сынақтар, Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарынан әртүрлі қорытындылар алу қажет болады. Ал тіркеу нәтижесіне кепілдік берілмейді. Ресейде тіркелу кезінде қазақстандық өндірушілердің қауіпсіздік паспортында қамтылған мәліметтерді тануды және тек биоэффективті сынақтарды өткізуді ұсынамыз. Роспотребнадзордан процедуралық мәселелердің санын, материалдарды қарау және Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлігінің қорытындысын беру мерзімдерін қысқартуды ұсынамыз», — деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ кездесу барысында қазақстандық өнім өндірушілер үшін Ресей Федерациясының мемлекеттік сатып алу нарығының шектеулі екені, көлік және транзит саласындағы, атап айтқанда, қазақстандық көмір мен темір-кен шикізаты саласындағы өзара іс-қимыл, жұмыс алгоритмдерін өзгерту және шекара маңындағы өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін кеңейту мәселелері көтерілді.

Екі жаққа ортақ мәселе – тасымалдаушыларда шекараны екі жағынан кесіп өту кезінде туындайтын қиындықтар. Қазақстандық тарапта жүк көлігімен, ресейлік тарапта теміржол көлігімен тасымалдау кезінде қиындықтар туындайды. Екі тарап та осы шектеулерді тезірек шешудің барлық мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі қарастыруға келісті.

Ресей тарапынан ресейлік авиакомпанияларға рейстерді орындауға рұқсаттарды келісу, қаржы-банк саласындағы ынтымақтастық, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын дербес халықаралық қаржы ұйымына бөлу, сондай-ақ өнеркәсіп, энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері көтерілді. Сондай-ақ қатысушылар ЕАЭО аясындағы өзара іс-қимылдың бірқатар мәселелерін де талқылады.

Тараптар барлық анықталған мәселе бойынша қарқынды жұмыс істеуге және биылғы 13 желтоқсанда талқылауға қайта оралуға келісті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу