Қазақстан транзиттік жүк тасымалдауды ұлғайтуға ниетті

Қазақстан баламалы көлік маршруттарын белсенді түрде әзірлеп, трансшекаралық хабтар желісін дамытып жатыр. Халықаралық логистикалық тізбектерді қалпына келтіруде «Солтүстік-Оңтүстік» транзит дәлізі ерекше рөл атқарады, ол ЕАЭО елдері мен Оңтүстік Азия, Шығыс Африка және Таяу Шығыс арасында жүктерді тасымалдау үшін ең қысқа жолды ұсынып отыр.

«Біз Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы арқылы өтетін дәліздің Шығыс тармағының жұмысын жандандырдық. 2022 жылдың маусымында Үндістанға бағытталған Ресейден 40 футтық құрылыс материалдары бар 40 контейнерден тұратын пилоттық пойыз іске қосылды. 2022 жылдың 9 айында осы бағыт бойынша 79,2 мың тонна жүк тасымалданды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 8 есе көп», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында.

Сонымен қатар ҚР вице-премьерінің ақпараты бойынша, «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің табысты дамуына инфрақұрылымдық және «физикалық емес» сипаттағы кедерілер тосқауыл жасап тұр. Олардың ішінде көлік және логистикалық инфрақұрылымның жетіспейтін буындары мен «тар жерлері», келісілген өтпелі теміржол тарифінің болмауы, шекарадан өтудің қағаз бойынша рәсімдері бар. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда 40-тан астам кедергі бар. Нәтижесінде транзиттік уақыттың шамамен 50%-ы шекарадан өтуге кетеді, бұл автомобиль мен теміржол тасымалының ұзақтығын екі есе арттырады.

«Солтүстік-Оңтүстік дәлізі бойынша “тар жерлерді” жою үшін шекаралардағы жүк тасымалын бақылау процесін цифрландыру, кедендік рәсімдерді және тарифтік саясатты үйлестіру қажет. Мұндай жұмыстың нәтижесі физикалық инфрақұрылымды дамыту нәтижесімен салыстырылатын болады», — деді Серік Жұманғарин.

Қазақстанның тағы бір үлкен жобасы – шекара маңындағы сауда, көлік, логистика және өнеркәсіп кооперациясының бес орталығын салуды қарастыратын трансшекаралық хабтар желісін дамыту.

Сауда және интеграция министрі С. Жұманғарин атап өткендей, биыл Қазақстан аумағы арқылы транзиттік теміржол тасымалы өсті. Қазіргі уақытта республикада 5 халықаралық теміржол және 8 автомобиль транзит дәліздері құрылып, жұмыс істейді, олардың бірнешеуі Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін дәліздермен үйлестірілген. 2022 жылдың 10 айында РФ – Орталық Азия, РФ – Қытай, РФ – Иран және РФ – Ауғанстан бағытындағы тасымалдардың жалпы көлемі 8,9 млн тоннаны құрады.

«Транзиттік жүк тасымалын одан әрі арттыру үшін біз Бақты ауданында Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін ашу, одан әрі “Аягөз-Бақты” жаңа теміржол желісі мен шекаралық өткел терминалын салу мәселесін пысықтап жатырмыз», — деді Серік Жұманғарин. 

Сонымен қатар Форумның пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде Серік Жұманғарин осы жылдың 9 айында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда $18,4 млрд-ты құрағанын, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда $1 млрд-қа көп екенін хабарлады.

«Ресей Федерациясы – Қазақстанның стратегиялық сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Ресейге экспорт 15,1%-ға өсіп, $5,9 млрд-ты құрады. Ресей Қазақстанға импорттық тасымалдау бойынша көшбасшы болып отыр, оның үлесі – 36%», — деді С. Жұманғарин. 

Өңірлер бойынша Ресеймен сауда қатынастарын Абай, Ұлытау, Павлодар және Қостанай облыстары барынша белсенді дамытуда, олардың тауар айналымы $2,7 млрд-қа жетіп отыр. Жалпы Қазақстан мен Ресейдің сыртқы сауда айналымындағы шекара маңындағы облыстарының сауда үлесі биылғы 6 айда 37,7% немесе $4,4 млрд-ты құрады.

«Бүгінгі форум ынтымақтастықтың өзара бағытын белгілеуге мүмкіндік беретін жыл сайынғы алаң ретінде екі ел арасындағы екіжақты қатынастардың ерекше сипатын растайды. Бұл тұрғыда шекара маңындағы ынтымақтастық жақсы нәтиже көрсетіп отыр», — деді ҚР вице-премьері.

Орынбордағы Қазақстан мен Ресейдің 18-ші Өңіраралық ынтымақтастық форумының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 23,3 млрд теңгеге ($50 млн) 7 өңіраралық және 10 коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу