Қазақстанда ауыл кәсіпкерлігін дамыту бойынша шаралар кешені әзірленуде — С. Шәпкенов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының а.ж. 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтып берді.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеу жүргізілуде, оны 2022 жылғы желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік кодексті қабылдау:

  • азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзін құруға;
  • мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік саладағы міндеттемелері мен жауапкершілігін бекітуге;
  • азаматтарды атаулы әлеуметтік қолдау арқылы масылдықты түбегейлі жоюға жағдай жасауға;
  • қолдау шараларының құралдарын трансформациялау арқылы жұмыспен қамтудың жаңа моделін құруға;
  • қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын цифрлық бағалау механизмін енгізу және әлеуметтік қызметтерді проактивті түрде ұсынуға мүмкіндік береді.

«Кодексті қабылдау халықтың мемлекет жүргізіп отырған әділ әлеуметтік саясатты түсінуін жақсартады және біздің азаматтарымыздың өмір сүру деңгейінің сапасын арттырады», — С. Шәпкенов.

Оның айтуынша, халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша бірқатар ұсыныстар бар. Бірінші кезекте бұл жалпы табыс пен жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған бастамалар. Жеке қолдау шараларын атаулы көрсету үшін халықтың проблемалық топтарын және NEET жастардың «Ерте анықтау жүйесін» енгізу көзделеді.

«Ақпараттық жүйелердің көмегімен іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құруды және жұмысқа орналастыруды бақылауды қамтамасыз ету жоспарлануда», — деді С. Шәпкенов.

Оның айтуынша, жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және халық табысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге дербес қызметкерлер үшін электрондық сервис құру ықпал ететін болады.

Екіншіден, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауыл кәсіпкерлігін дамыту бойынша шаралар кешені әзірленуде. Бұл шаралар ауылдардың мастер-жоспарларын қалыптастыруды, кәсіпкерлікке оқытуды, өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға кепілдік беріп, жеңіл кредиттер мен гранттарды қамтитын болады. Жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше көңіл бөлінеді. 

«Қазіргі уақытта жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар іске асырылуда – бұл «Жастар практикасы» және «Бірінші жұмыс орны» жобалары», — деді С. Шәпкенов.

Тұрақты жұмыс орындарын құру шарттарының бірі кәсіпкерлікті дамыту болып табылады.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес грант мөлшері 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, сондай-ақ қаржыландыруға үміткер бизнес жобалардың атаулылығын және бағалануын күшейту бойынша шаралар кешені қабылданады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу