Қазақстанда сұйытылған мұнай газы бағасының күрт өсуін шектейтін тетіктер әзірленіп жатыр — Б. Ақшолақов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Энергетика саласындағы мәселелер бойынша ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндады.

Қазіргі уақытта Министрлік жанар-жағармай материалдары саласын тұрақтандыруға бағытталған мынадай қысқа және орта мерзімді шараларды әзірледі.

Қысқа мерзімді шара – бензин мен дизель отынына бағаларды мемлекеттік реттеуді белгілеу болып табылады, мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу бойынша тиісті бұйрықтар қабылданды.

Мұнай өнімдерінің бағасы:

1) АИ-80 маркалы бензин – литріне 89 теңге;

2) АИ-92 маркалы бензин – литріне 182 теңге;

3) АИ-93 маркалы бензин – литріне 182 теңге;

4) АИ-95 маркалы бензин – литріне 215 теңге;

5) дизель отыны – литріне 230-260 теңге.

Министрдің айтуынша, орта мерзімді шаралар:

Бірінші. Мұнай өңдеу зауыттарының кеңейтілген жөндеу аралық кезеңіне көшу. Жөндеу мерзімдерін қысқарту.

Екінші. 200 мың тонна көлемінде мұнай өнімдерінің резервтік қорларын құру.

Үшінші. Мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстарының және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынын тиеп-жөнелту мерзімдерін үйлестіру, оған сәйкес ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынын жөнелту ақпан айында, бұрынғы мерзімдерден бір ай бұрын басталатын болады. 

Төртінші. Мұнай базаларын есепке алу бақылау аспаптарымен жарақтандыру. 

Министрдің айтуынша, сұйытылған мұнай газына уақытша мемлекеттік баға реттеу енгізілді және литр үшін 50-75 теңге диапазонына дейін төмендетумен бөлшек сауда бағасы бекітілді.

2 бұйрық бекітілді:

1) 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін сауда-саттық қағидаларын тоқтата тұру бойынша бұйрық, оған сәйкес Энергетика министрлігі сұйытылған газды электрондық сауда-саттықтан тыс өткізетін болады;

2) Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бекіткен бөлшек саудадағы шекті бағаларға сәйкес келтіру үшін сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасын төмендету жөніндегі бұйрық. 

Сондай-ақ бүгінгі күні электрондық сауда алаңдарынан тыс ішкі нарыққа сұйытылған газды жеткізу жоспарын қалыптастыру қағидаларына түзетулер енгізу бойынша бұйрық әзірленді.

«Қысқа мерзімді шаралар ретінде биылғы қаңтар айының соңына дейін Үкіметке сұйытылған мұнай газы бағасының күрт өсуін шектейтін ашықтық қағидаттары мен тетіктерді енгізуді ескере отырып, электрондық сауда алаңдары/тауар биржалары арқылы сұйытылған газ саудасын одан әрі жетілдіру жөнінде кешенді шаралар енгізілетін болады», — деді Б. Ақшолақов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, экономика құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру және мұнай-газ химиясы саласындағы импортты алмастыруды қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ірі жобалар іске асырылатын болады, атап айтқанда: биыл қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіру зауытын пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар қуаты жылына шамамен 1 млн тонна терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат, қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен және қуаты жылына 189 мың тонна бутадиен өндіру жөніндегі жобаларын іске асыруға назар аударылатын болады.

Осы жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасына шамамен $10 млрд инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

«Биыл Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг және Норт Каспиан Оперейтинг Компани консорциумдарымен мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – республикамыздың мұнай-газ саласы үшін осы 3 кәсіпорынның тауарларын өндіруді жергіліктендіру, атап айтқанда, жаңа өндірістерді ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту арқылы», — деді Б. Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, осы кәсіпорындардың жыл сайынғы сатып алу көлемі шамамен 5 трлн теңгені құрайды.

Сондай-ақ Жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қоры құрылды. «Шеврон» компаниясы республика алдындағы өзінің қайта инвестициялау міндеттемелері шеңберінде жергілікті қамтуды дамытуға $248,5 млн бөлуде.

Бүгінде Қор «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген. Инвестициялар басым түрде технология мен IT, базалық тауарлар өндірісі және мұнай-газ секторына арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру және қоршаған ортаны қорғау сияқты үш бағытқа салынатын болады, бұл ретте онымен ғана шектелмей қоймайды.

«Осындай бастамалардың арқасында біз мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндіруге бағытталған өз жүйемізді қалыптастыруымыз керек», — деді Б. Ақшолақов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу