Мал азығын өндіруді қаржыландыруға басымдық беру керек — Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды.

Аталған мәселе бойынша ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының ақпаратына сәйкес, мал шаруашылығының үлесіне республиканың ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 42,1%-ға жуығы тиесілі. Экспортта мал шаруашылығы өнімінің үлесі 4%-ды құрайды.

Өткен жылы мал шаруашылығы саласында 70 млрд теңгеге жуық сомаға 53 инвестициялық жоба іске асырылды. Мәселен, сүтті мал шаруашылығында импортты алмастыру жөніндегі тапсырмаға сәйкес 2021 жылы қуаты 57 мың тонна өнімді құрайтын 35 сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекет мал басын көбейтіп, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы саласына арнайы қолдау көрсетіп келеді. Оның ішінде шаруаларға инвестициялық жобаларды іске асыру, техника мен жабдықтарды сатып алу кезінде шығындарды өтеуге қаржы қарастырылған.

Үкімет басшысының пікірінше, мал шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды элементі. Әлеуметтік маңызы бар 19 өнімінің төртеуі импортқа тәуелді. Олар – құс еті, шұжық, сүт және сүт өнімдері. 

«Біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет – осы өнім түрлерін шығаруда отандық өндірушілердің үлесін 100%-ға дейін арттыру. Әсіресе, шикізатты терең өңдеу жобаларын іске асыруға баса назар аударып, сыртқы нарықтарға шығуды да ескеру қажет», — деді Ә. Смайылов.

Талқылауды қорытындылай келе, Премьер-Министр бірқатар тиісті тапсырма берді. 

Ол мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін тиісті жем-шөп базасы қажет екенін атап өтті. Жыл сайын елімізде жем-шөп қажетті зоотехникалық нормадан 2 есе аз дайындалады. Жем жетпеген соң, оның бағасы да қымбаттай береді. 

Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктеріне жем-шөп дақылдарының егіс алқаптарын көбейтіп, шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын жаңғырту тапсырылды. Бұл жұмыстарды қаржыландыруға басымдық беру керек.

Сонымен қатар елімізде мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар өндірістік қуаттарын толық пайдаланып отырған жоқ. Осыған орай ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ұсақ өндірушілер мен қайта өңдеуші кәсіпорындарды байланыстыратын дайындаушы ұйымдар желісін құруға ынталандыру қажет. 

«Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері мен жергілікті атқарушы органдардың міндеті – өнімді өндіруші мен өңдеушіге дейінгі нарықтың барлық қатысушыларының интеграциясына жағдай жасау», — деді Үкімет басшысы. 

Бұған қоса Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялау жүйесін жетілдіру аясында селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді қолдау шараларын пысықтау тапсырылды.

Ғылыми тәсілдерді енгізу — мал шаруашылығы саласының тиімділігін арттырудың маңызды шарты. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктеріне және «Атамекен» ҰКП-ға Салаға инновацияларды енгізу жөніндегі жол картасын дайындау тапсырылды. 

«Фермерлер мен инвесторлар заманауи технологиялар мен ғылыми жаңалықтарды енгізуге қаражат бөлуге мүдделі болуы тиіс. Жалпы, мал шаруашылығын дамыту мемлекеттік органдардың, фермерлердің, бизнестің, ғылым мен ветеринарияның ортақ позициясы мен бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана нәтижелі болмақ», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу