Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында АӨК-те субсидиялаудың жаңа тетіктері әзірленуде — Е. Қарашөкеев

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар туралы брифинг өтті. Брифинг барысында журналистердің сұрақтарына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр,  ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев жауап берді.

Ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеевке жолданған сұрақтарда журналистерді дәнді дақылдарды, әсіресе, Ауғанстанға экспорттау жайы қызықтырды.

Атап айтқанда, сұрақтар 2020-2021 маркетингтік жылы Қазақстан Ауғанстанға экспорттаған астық эквивалентіндегі астық пен ұнның көлеміне, сондай-ақ 2021-2022 маркетингтік жылы қанша экспорттау жоспарланып отырғанына қатысты болды. Сондай-ақ Ауғанстандағы қазіргі жағдайдың қазақстандық астық экспортына қалай әсер еткені – экспортталатын астық пен ұнның көлемі төмендеді ме, қазақстандық экспорттаушылар мүмкін төлем жасауға немесе тасымалдауға қатысты қандай да бір қиындықтарды бастан кешірді ме, қазіргі уақытта қазақстандық астық Ауғанстанға экспорттала ма, егер экспортталмаса, онда экспортты қашан қайта бастау жоспарланып отыр,  осындай сұрақтар қозғалды. 

Министрдің айтуынша, Ауғанстан нарығы Қазақстаннан астық пен ұн экспортында әдетте елеулі үлес алады. 2020-2021 маркетингтік жылы Ауғанстанға 2,2 млн тонна бидай мен астық эквивалентіндегі ұн экспортталды.

«Шынында, Ауғанстандағы саяси оқиғалар елдер арасындағы сауда қарым-қатынастарына әсерін тигізді. Банкаралық операциялардың тоқтатылуы салдарынан тауарлар үшін төлем жүргізумен байланысты проблемалар, сондай-ақ сақталуы мен қайтарымдылығына қатысты қауіптен вагондарды ұсынумен байланысты проблемалар болды», — деді Е. Қарашөкеев.

Тиісінше, оның айтуынша, бұл сауда көлеміне де әсер етті. Қыркүйек айында барлық мәселелер шешілді.

Қазіргі уақытта Ауғанстан бағытында астық пен ұнды тиеу жүзеге асырылуда. 2021-2022 маркетинг жылының басынан бері шамамен 200 мың тонна ұн және 60 мың тонна астық жөнелтілді.

Тамыз айынан бастап 9 мың тонна бидай мен 31 мың тонна ұн жөнелтілді.

«Маркетинг жылының соңына дейін, 2022 жылдың 30 маусымына дейін астық пен ұн экспортының көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Олар соңғы 5-6 жылда болған орташа жылдық шекте болады», — деді Е. Қарашөкеев.

Министр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялауға қатысты өзекті мәселе туралы да егжей-тегжейлі жауап берді. Президент АӨК-те субсидиялардың шағын және орта бизнеске дейін жетпейтінін бірнеше рет айтқан еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында Үкіметке жаппай ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, субсидиялау тетіктерін қайта қарау және тұрақтандыру тапсырылды.

«Шынында да, АӨК-дегі субсидиялаудың қазіргі жүйесінің бірқатар елеулі кемшіліктері бар. Ең алдымен, бұл субсидиялаудың көптеген бағыттары. Сәйкесінше, оларды алу үшін көптеген критерийлер бар, мысалы, бұл жануарлардың жасы, орташа салмағы, бордақылау алаңының қуаты, сиыр саны және т.б. осының барлығы біздің тауар өндірушілерді осы критерийлерді айналып өту жолдарын іздеуге итермелейді, жүйенің өзін әкімшілендіру мәселелерінде қиындықтар туғызады және бұл жергілікті жерлерде құқық бұзушылықтардың пайда болуының басты себептерінің бірі болып табылады», — деді Е. Қарашөкеев.

Екіншіден, оның айтуынша, қолданыстағы жүйе түпкілікті нәтижені қолдауға емес, олар бойынша нақты критерийлер мен индикативтік көрсеткіштерді белгілеу қиын болатын аралық технологиялық процестерді субсидиялауға бағытталған.

Байқалып отырған үшінші мәселе негізінен ірі алушыларды қолдауға бағытталған. Мысалы, мал шаруашылығында, бұл құпия емес, субъектілердің шамамен 80%-ы субсидияларға тұрақты қол жеткізе алмайды. Көбінесе, берілген өтінімдер мен бөлінген қаражат көлемінің сәйкес келмеуіне байланысты түзетулерді, нақтылауларды және қосымша қаражат бөлуді күтуге мәжбүрлік туындайды.

«Осының барлығы субсидия алушылардың кезекте өте ұзақ тұруына және субсидия алудың басқа жолдарын іздеуге мәжбүр болуына алып келеді», — деді Е. Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, жақында АШМ-де Бас прокуратураның тексеруі аяқталды, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге жұмыс тобы құрылды, онымен бірге барлық мәселелерді кешенді шешу мәселелері пысықталуда.

«Қазіргі уақытта министрлік АӨК дамыту тұжырымдамасы аясында субсидиялаудың жаңа тетігін әзірлеуде. Біріншіден, біз критерийлер санын барынша қысқартқымыз келеді. Екіншіден, сезілетін нәтижелерге қол жеткізгіміз келеді, біз оларды нақты көрсеткіштер арқылы бақылап отыра аламыз», — деді Е. Қарашөкеев.

Үшіншіден, министрдің айтуынша, субсидия алушылардан қарсы міндеттемелер тетігін құру жоспарлануда. Олардың субсидияларды пайдаланудың тиімділігі үшін жауапкершілігі болуы керек.

Төртіншіден, өндіріс көлеміне қарамастан, барлық адамдар субсидияларға қол жеткізе алуы қажет. Барлық субъектілер үшін тең жағдай жасалуы тиіс.

Бесіншіден, бұл өте маңызды: тұжырымдамада субсидия алу үшін қажетті құжаттардың санын барынша азайту тетігін құру көзделеді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші құжаттардың ең аз пакетін ұсынуы тиіс, қалғаны деректер базасында қолжетімді болуы керек.

Автоматтандырылған жүйе процеске адами фактордың және сыбайлас жемқорлық құрамдасының ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу