Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау тәсілдерін әзірледі

Бүгін Үкімет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша Үкімет отырысы өтті. Президенттің тапсырмаларын іске асыру туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша Ұлттық экономика министрлігі мына мәселелерге белсенді қатысады:

  • Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар;
  • Тарифтердің күрт көтерілуіне жол бермеу;
  • Жаңа салық-бюджет саясаты;
  • Квазимемлекеттік секторды реформалау.

Инфляция деңгейін тұрақтандыру мақсатында Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырып жатыр. Шаралар кешені 67 іс-шараны іске асыруды қамтиды, оның ішінде осы жылы 38 іс-шара (жедел шаралар) және 2024 жылға дейін 29 іс-шара (жүйелі шаралар) іске асырылады. 2022 жылғы 14 шілдедегі жағдай бойынша 13 жедел іс-шара орындалды, 25 шара – орындалуда, 20 орта мерзімді шара тұрақты негізде орындалады. Жалпы, шаралар кешенін іске асырудың тұрақты мониторингі жүргізілуде және жартыжылдық негізде шаралардың орындалу барысы туралы жиынтық есепті Үкіметке енгізу көзделген.

Т. Жақсылықовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Министрлік халыққа коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге 180 күнге мораторий енгізді. Осыған байланысты 100-ден астам табиғи монополия субъектісінің тарифтері түзетілді, бұл халыққа 3,2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі таңда табиғи монополиялар салаларында 1 450-ден астам қызмет көрсететін 1 250-ден астам ТМС қызметін жүзеге асырады және 60-тан астам қызмет көрсетеді. 250-ден астам ТМС шекті (ұзақ мерзімді) тарифтер бойынша жұмыс істейді, бұл тұтынушыларға тарифтердің болжамдылығын, инвестициялар салу есебінен қызметтердің сапасын арттыруды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда мораторий аяқталды. ІІ жартыжылдықта тарифтердің биылғы инфляция дәлізі шегінде өзгеруі күтілуде.

Тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілері мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету, сондай-ақ, коммуналдық қызметтер тарифтерінің күрт өсуіне жол бермеу мақсатында келесі шаралар қабылданатын болады:

  1. қаражаттардың мақсатты пайдаланылуын бақылау;
  2. тұрғын үй көмегі тетіктерін дамыту;
  3. әр аймаққа әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере отырып, жеке әдіс көздеу.

Сонымен қатар жаңа салық-бюджет саясаты шеңберінде бюджетаралық қатынастарды реформалау және мерзімдері мен кезеңдерін екі есеге қысқарта отырып, бюджеттік жоспарлаудың реинжинирингі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Өңірлердің пайдасына қарай қаржы-экономикалық функцияларды орталықсыздандыру бойынша жұмыс басталды.

«Бүгінгі таңда Бюджет кодексіне өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуін күшейту бойынша, оның ішінде түсімдердің қосымша түрлерін жергілікті деңгейге беру арқылы түзетулер әзірленді. Субвенциялар мен бюджеттік алымдарды есептеу кезінде жергілікті атқарушы органдардың шығыстар бойынша құзыреттері кеңейтіледі және іс-шараларды іске асыру бойынша жауапкершілігі көтеріледі», — деді бірінші вице-министр.

Сондай-ақ, газ жобалары бойынша фискалдық преференциялар мәселесін пысықтау тапсырылды. Осы мәселе бойынша Жақсартылған модельдік келісімшартты әзірлеу шеңберінде негізгі тәсілдер әзірленді. Аталған тәсілдерге сәйкес, инвестициялар толық өтелген кезеңге дейін корпоративтік табыс салығынан (КТС), экспорттық кедендік баждан (ЭСА) босату бойынша преференциялар, сондай-ақ, жер қойнауын пайдалануға арналған баламалы салықтың преференциялық режимін қолдану құқығы (ЖБС) ұсынылады. Бұл ретте қарсы міндеттемелер ретінде өндірілген газды ішкі нарыққа жіберу, инвестициялардың мәлімделген көлемдерін салуды қамтамасыз ету, әлеуметтік пакет ұсына отырып, «қазақстандық» кадрларды жұмысқа орналастыру ұсынылады.

Өз кезегінде квазимемлекеттік сектордың рөлін қайта қарау шеңберінде мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіру және «Самұрық-Қазына» қорын реформалау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Осы бағыт бойынша мемлекет қатысуының нақты өлшемі, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жаңа сыныптамасы, сондай-ақ, корпоративтік басқарудың жаңа ұйымдастырушылық нысандары мен модельдері айқындалатын болады.

«Самұрық-Қазына» қорының миссиясы жеке инвестицияларды тарта отырып, жүйе құраушы жобаларға белсенді ортақ инвестициялауға баса назар аударып, қайта қаралады. Қор активтерін нарыққа шығару процестері жеделдетіледі. Бұл тиімділігі жоғары, жинақы және ашық квазимемлекеттік секторды қалыптастыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», — деді Т. Жақсылықов.

Бүгінгі таңда Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау тәсілдерін әзірледі. Тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу