Пандемия кезеңінде 500 мыңға жуық қазақстандық волонтерлік қызметке қатысты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасының орындалу барысы қаралды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Ұлттық волонтерлік желісінің директоры Татьяна Миронюк баяндама жасады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның айтуынша, ел Президенті бастамасымен қолға алынған волонтерлік қозғалыс – бүгінде жалпыхалықтық қолдауға ие үлкен жобаға айналды. 

Әсіресе, былтыр Волонтерлер жылында пандемия кезінде – халықтың шынайы қайырымдылық қасиеті мен елге деген жеке жауапкершілігі ерекше білінді. Осы бір жыл ішінде волонтерлік қызметтің қарқыны артып, бағдарламалар мен жобалардың ауқымы айтарлықтай кеңейе түсті. 

«Волонтерлік ұйымдардың саны 3 есеге, белсенді еріктілер қатары 4 есеге көбейді. Пандемия кезеңінде 500 мыңға жуық азамат волонтерлік қызметке қатысып, 1 млн-ға жуық мұқтаж жанға нақты көмек көрсетілді. 80 мыңнан астам азық-түлік себеті, 4,5 млн медициналық жабдық таратылды», — деді А. Балаева. 

Осы қалыптасқан ауқымды мүмкіндіктер мен адами ресурсты сақтай отырып волонтерлікті дамытудың Жол картасы аясында еріктілер қозғалысын қолдау биыл да өз жалғасын табуда. Бұл – «Nur Otan» партиясының да сайлауалды бағдарламасында көрсетілген басымдықтардың бірі.

Заңнамалық деңгейде өзгерістер енгізу аясында, оқуға тапсыру мен жұмысқа орналасу кезінде жеңілдіктер қарастыру, волонтерлердің құқықтары мен міндеттерін кеңейту, еріктілердің ең төменгі жас шегін белгілеу және корпоративтік волонтерлік нормалары сияқты жаңашылдықтар қарастырылған. 

«Жария талқылаудан өткен заң жобасы 1 шілдеге дейін Үкімет қарауына енгізілетін болады. Бұған қоса, Волонтерлік қызметті қолдау стандарты әзірленіп, оның негізінде мемлекеттік органдарға осы бағыт бойынша тиісті бағыт-бағдар берілетін болады», — деді министр.

Волонтерлер құрған республикалық және 17 өңірлік фронт-офис өз жұмысын жалғастыруда. Биылғы жылдың І жартыжылдығында 113 мыңнан астам волонтердің қатысуымен 6 мыңға жуық іс-шара өткізілді.

Жол картасы аясында жалпы сомасы 528,3 млн теңгені құрайтын 40-тан астам жобаны іске асыру көзделген. Ақпарат министрлігі тарапынан 13 волонтерлік жобаға 438,6 млн теңге бөлініп отыр. Оның аясында, жануарларға жанашырлықты көздейтін – «Birgemiz: Ayala», аға ұрпақты волонтерлік қызметке шақыратын – «Күміс волонтерлік» жобалары, сонымен қатар басқа да өзекті тақырыптар бойынша 130-дан астам шағын гранттар қарастырылған. 

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша қолға алынған «Игі істер марафоны» шеңберінде жыл басынан бері 700 астам іс-шара жүзеге асырылып, 160 мыңнан астам мұқтаж азаматқа қолдау көрсетілді. Марафонға еліміздегі танымал 100-ден астам ірі ұйым қосылды.

Алайда, өкінішке орай, биыл өңірлердегі қаржыландыру былтырғы жылмен салыстырғанда 4 есе төмендегені байқалады. Былтыр бұл мақсатқа 338,6 млн теңге бөлінсе, биыл тек 89,7 млн теңге қарастырылған. Соның ішінде, Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысында волонтерлік жобаларға жеткілікті қолдау көрсетілмей отыр.

«TALAP» орталығының бағалауы бойынша волонтерлердің Қазақстан экономикасына тигізген үлесі 2020 жылы 3,9 млрд теңгеге бағаланады. Волонтерлік қызметтің ең үлкен үлесі – денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтер – 68% және абаттандыру және тазалық салаларына тиесілі – 12%. 

Мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-сессиясындағы Халықаралық Волонтерлер жылын жариялау бастамасы бойынша бүгінгі таңда мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті құжат жобалары әзірленуде.

Былтыр Қазақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы қарарына «Волонтерлікті 2030 жылға дейін дамыту күн тәртібі» енгізілді. Қазіргі уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының түрлі құрылымында еліміздің 7 волонтері Қазақстан Үкіметінің тікелей қолдауымен қызмет атқарып жүр.

«Волонтерлерді ынталандыру үшін әлем елдерінен үміткерлерді тарта отырып, “Жыл волонтері” халықаралық сыйлығын табыстауды биыл да жалғастыратын боламыз», — деді А. Балаева.

ҚР АҚДМ басшысы волонтерлікті дамыту ісінде басты нәтиже мемлекеттік органдарға тікелей байланысты екенін атап өтті. 

«Әрине, волонтерлік – ақы төленбейтін, ерікті қызмет. Десе де, ол – жағдай жасауды, жанашырлықпен қарауды талап етеді. Волонтерлік қозғалыстың қарқынды дамуы – бүгінгі азаматтық бастамаларға лайықты деңгейде қолдау көрсетуге байланысты», — деді министр.

Осыған байланысты, мемлекеттік органдарға бірқатар міндеттерді жүктеу ұсынылды:

Бірінші, волонтерлік – барлық саланы қамтитын әмбебап қызмет. Сондықтан, 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасынан ешбір мемлекеттік орган тыс қалмауы тиіс;

Екінші, үздік волонтерлік тәжірибелерді сауатты түрде насихаттап, ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажет;

Үшінші, жергілікті атқарушы органдарға волонтерлік жобаларды қаржыландыруды ұлғайту және волонтерлік бастамаларды қолдау мүмкіндігін кеңейту керек;

Төртінші, волонтерлер көтеретін сұрақтар негізінен әлеуметтік маңызы зор мәселелер. Бұл орайда, жергілікті органдар тарапынан тұрақты мониторинг жасалып, оларды уақытылы шешу механизмдерін қарастыру қажет;

Бесінші, «Игі істер марафоны» республикалық акциясына кәсіпкерлер және ұйымдармен бірге қарапайым азаматтарды да кеңінен тарту қажет. Себебі марафонның мақсаты – тек демеушілерді тартып, қайырымдылық жасау ғана емес, күнделікті жақсы істер арқылы жаны жомарт, рухы кемел қоғам қалыптастыру.

Жалпы, ақпарат және қоғамдық даму министрінің сөзінше, бұл Министрліктің осы бағытта атқаратын жұмысының негізгі бөлігі ғана. Ең бастысы – мақсат-міндеттер мен жоспар-жолы айқын. 

«Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Т. Миронюк хабарлағандай, 2020 жылы Волонтер жылы аясында Ұлттық волонтерлік желі іске асырған «BIRGEMIZ» волонтерлердің республикалық фронт-офисі құрылды. 

Оның айтуынша, фронт-офис елдегі волонтерлікті қолдау бойынша консультациялық, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталық ретінде жұмыс істеді және бүгінде жұмысын жалғастыруда.

Сондай-ақ ол ұйымның өткен жылғы қызметінің кейбір цифрларын бөлісті: 

  • 600-ден астам волонтерлік ұйым және 120 мыңнан астам волонтер тартылды;
  • волонтерлік саласында 38 сертификатталған жаттықтырушы дайындалды;
  • барлық өңірлерден 650 белсенді волонтер мен 50 еріктілер тобының өңірлік үйлестірушілерінің әлеуеті артты;
  • qazvolunteer.kz еріктілердің бірыңғай онлайн-платформасының жұмысы жандандырылды. Тек соңғы екі жылдың ішінде платформада тіркелген белсенді волонтерлер саны 3 есе өсті және 48 мыңнан астам волонтерді құрайды;
  • ақпараттық орталыққа жүгінген 500 астам азаматқа ақпараттық-консультациялық көмек көрсетілді.

Сондай-ақ фронт-офис пандемия кезінде волонтерлер қатарынан құрылған волонтерлік ұйымдарға, «Қоғамдық бақылау» тобына мониторинг жүргізуде, гуманитарлық көмекті бөлуде көмек көрсетті. Пандемия кезінде волонтерлік ұйымдардың жұмысы үшін егжей-тегжейлі нұсқаулықтар жасалды. 

Базалық есептеулерге сүйенсек, ТЖ кезінде тек республикалық фронт-офис волонтерлерінің экономикалық үлесі 9 млн теңгеден асты, ал демеушілер мен донорлардан волонтерлік қызметке тартылған қаржы ресурстары шамамен 185 млн теңгені құрады. 

Фронт-офистің оң жұмысын Мемлекет басшысы волонтер жылының жабылуы барысында атап өтті.

«Биыл волонтерлердің республикалық фронт-офисінің жұмысы жалғасын тапты, бірақ өткен жылғы жемісті тәжірибенің негізгі аспектілерін қайта ойластыру және рационализациялау арқылы орындалуда. Волонтерлік саласында өңірлермен және түрлі ұйымдармен өзара іс-қимыл орнату жұмысы күшейтіледі және жетілдіріледі. Біз өңірлік фронт-офистердің қызметіне мониторинг жүргізудің бірыңғай индикаторларын әзірлеп жатырмыз», — деді Татьяна Миронюк. 

Мемлекет басшысының Волонтер жылының қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын іске асыру үшін фронт-офис сарапшылармен бірлесіп, негізгі бағыттар бойынша волонтерлерді даярлаудың бірыңғай бағдарламасын әзірлейді. Бұл бағдарлама волонтерліктің ТЖ, мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу, әлеуметтік осал санаттағы балалармен және жасөспірімдермен волонтерлік жобаларда жұмыс істеу және т. б. сияқты маңызды бағыттарына оқытудың жалпы кәсіби әзірленген жүйесін енгізуге мүмкіндік береді.

Бұдан өзге биыл жалпы Қазақстанда волонтерлік қызметтің дамуына талдау жүргізілетін болады, бұл жыл соңына қарай волонтерлердің нақты санын, олардың гендерлік және жас құрамын, олардың жұмыспен қамтылуын, сондай-ақ волонтерлік ҮЕҰ мен бастамашыл топтардың саны мен қызмет бағыттарын көрсетуге мүмкіндік береді.

Фронт-офис ТМД елдері арасында аймақаралық диалог орната отырып, еріктілердің әлемдік қоғамдастығымен байланыс орнатады. Бұл ынтымақтастық Қазақстанға әрі қарай да тәжірибе алмасуға, кросс-секторлық бағдарламалар құруға және волонтерлік саласында өзара қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Жол картасын тиімді іске асыру үшін мынадай міндеттерді шешу қажет: 

1. Волонтерлікті кешенді дамыту үшін түрлі бейінді министрліктердің кеңінен қатысуы арқылы салалық волонтерлікті жандандыру қажет. Мысалы, қазіргі таңда цифрлық, онлайн-волонтерлік, эковолонтерлік және т. б. белсенді дамуда.

2. Волонтерлік қызмет дәстүрлерін дамыту үшін мектеп қабырғасынан бастап волонтерлік туралы айтып, мектептердің, колледждер мен ЖОО-лардың оқу бағдарламаларына тақырыптық сынып сағаттары мен факультативтерді қосу қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу