Әлихан Смайылов Үкімет Қазақстанның мемлекеттік қарызын азайту үшін қандай шаралар қабылдап жатқаны туралы айтып берді

ҚР Мәжілісінің жалпы отырысына қатысқан Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мемлекеттің борыштық міндеттемелері және оларды әрі қарай азайту жөніндегі жұмыс туралы айтты. 

Әлихан Смайылов Президенттің Жарлығымен Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі арнайы тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті.

«Мұндай кешенді құжат алғаш рет қабылданып отыр. Онда қаржыны басқару, оның ішінде мемлекеттік қарызды басқару бойынша қатаң міндеттемелер белгіленген. Үкімет оларды ұстанатын болады», — деді Премьер-Министр.

Премьер-Министрдің айтуынша, Үкімет Қазақстанның борыштық міндеттемелерін азайту бойынша бірқатар шара қабылдауда. Біріншіден, бюджет тапшылығын азайту көзделіп отыр.

«Соңғы уақытта бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда шамамен 3% болды. Биыл тапшылық ЖІӨ-ге шаққанда 2,7%-ға дейін төмендеді, одан әрі 2026 жылға қарай көрсеткіш 2,3%-ға дейін жеткізілмек. Бұл жаңадан қарыз алуды шектеуге және қарыздың өсу қарқынын төмендетуге мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

Екіншіден, мемлекеттік бюджеттің кірістерін ұлғайту көзделіп отыр. Ол үшін салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру жөніндегі жұмыс жалғаспақ.

«Үшіншіден, Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын халықаралық индекстерге қосу көзделген. Бұл қарыз алу құнын және сәйкесінше қарыз бойынша қызмет көрсету шығындарын азайту үшін қор нарығына халықаралық инвесторларды тартуға мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов Үкімет артық валюталық тәуекелдерді жою және қарыз бойынша қызмет көрсету шығындарын одан әрі азайту үшін көбіне ішкі нарықта қарыз алу саясатын қабылдағанын айтты.

«Осы шаралардың барлығын біз Үкіметте тұрақты түрде талқылап келеміз. Барлық міндеттеменің сақталуын қадағалап отырмыз. Жаңа Бюджет кодексі аясында Парламентке қарызды басқару бойынша талдамалық ақпарат ұсынуды жоспарлап отырмыз», — деп түйіндеді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Қаржы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу