Премьер-Министр су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында өңірлердің тасқын кезеңіне әзірлігі туралы мәселе қаралды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко есептік баяндама жасады.

ТЖМ басшысының мәліметіне қарағанда Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарында қардың 20%-дан -50%-ға дейін көпжылдық орта мөлшерден жоғары қоры жатыр. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының кейбір жазық аудандарында қардың қоры бір жарым жылдық мөлшерді құрайды. Сонымен қатар Көксу, Лепсі (Алматы облысы), Бұқтырма, Оба (ШҚО), Тобыл, Торғай (Қостанай облысы), Нұра, Шағалалы (Ақмола облысы), Нұра, Кеңгір, Шерубай-Нұра, Сарысу (Қарағанды облысы) өзендерінде су деңгейі көтеріледі деп болжанып отыр.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында өңірлерде қажетті іс-шаралар жоспарлары әзірленіп, бекітілді. Облыстық мәслихаттар тасқынға қарсы іс-шараларға арналған бюджетті үстіміздегі жылы 5,4 млрд.-тан 14 млрд. теңгеге дейін ұлғайтты.
Алматы, Ақтөбе, Жамбыл облыстары және Алматы мен Астана қалаларында арық-комуналдық жүйелерді, ағынды су жыралары мен арықтарды, кәріздік құбырларды тазалау жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды облыстарындағы және Алматы қаласындағы сел жүру қаупі бар аудандар ғарыштық монитроинг бойынша бақылауға алынған. 

«Барлық облыстарда ТЖ жағдайына 40 мың тонна көлемінде жанар-жағар май, 285 мың тонна инертті материалдар, 547 мың қап, 91 тонна жарылғыш қоры жасалды»,-деді В.Божко.

ТЖМ басшысы сондай-ақ Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумақтарындағы Сырдария өзені сағасындағы қатқан мұздың жай-күйі туралы хабарлады.

«Сырдария өзеніндегі су тасқынының алдын алу жұмыстарының маңыздылығын ескере отырып, Қызылордадан Шардара су қоймасына дейін өзен арнасын бойлай тікұшақпен әуеден бақылау жүргіздік. Сондай-ақ, Көксарай су реттегішіндегі жағдайды да көріп қайттық. Еріген мұз көшкінінің жүруі қалыпты, Қызылорда қаласына дейін 180 шақырым қалған. Қызылордадан Аралға дейін мұздың қалыңдығы Оңтүстік Қазақстан облысынан келетін жылы ағыстардың әсерінен жұқара түсуде. Көксарай мен Шардара 2,9 млрд.текше метрге дейін су қорын қабылдай алады, бұл тасқынның қауіпсіз жүруіне мүмкіндік береді»,- деді В.Божко. 

Отырыста сондай-ақ, өңірлерде тасқынға қарсы шараларды жүзеге асыру барысы туралы облыстар әкімдерінің есептері тыңдалды.

Отырысты қортындылай келе, Премьер-Министр «өңірлер мен ТЖМ- тің басты міндеті – тасқын кезеңінде төтенше жағдайларға жол бермеу» екенін атап көрсетті. 

С.Ахметов тасқынға қарсы шараларды іске асыруға қатысы бар өкілетті органдарға бірқатар тапсырмалар берді. «Өзен арналары, арықтар, бөгеттерді бекіту, жол инфроқұрылымдарын, электр және байланыс желілерін сақтауға ерекше назар аударылуы керек. Тұтастай алғанда жағдай бақылауда. Өңір басшылары бақылауды босаңсытпай, үнемі дайындық жағдайында болуы керек», -деп қортындылады Премьер-Министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу