Қалдықтарды басқару саласындағы жобаларға 200 млрд теңге бөлінеді – Е. Нысанбаев

Үкімет үйінің баспасөз орталығында Үкімет отырысының қорытындысы бойынша брифинг өтті. Оған ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қатысты.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы журналистерге елдегі коммуналдық қалдықтарды басқару жағдайын жақсарту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді. Мәселен, ғарыштық мониторинг аясында 2023 жылы Қазақстанда 5 534 рұқсат етілмеген қалдықтарды жинау орны анықталды, әкімдіктер бүгінде олардың 86%-ын жойды.

Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекітті. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3%-дық сыйақы мөлшерлемесімен 3 жылдан 15 жылға дейін мерзімге көзделген. Бөлініп жатқан қаражаттың жалпы көлемі 3 жылға шамамен 200 млрд теңгені құрайды.

Е. Нысанбаев мемлекет алғаш рет осы салаға осындай қомақты соманы бөліп отырғанын атап өтті. Инвестициялар еліміздің елді мекендеріндегі бірқатар проблемалық мәселені шешуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ министр ҚТҚ-ны қайта өңдеу бойынша 37 жаңа зауыт салу және жұмыс істеп тұрған сегіз кәсіпорынды жаңғырту жоспарлары туралы айтты. Бұл жобаларды іске асыру қалдықтарды қайта өңдеу көлемін жылына 1,5 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

#Брифинг #Экология #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу