2026 жылға дейін СҚО халқының үштен бірі тұрғын үй жағдайын жақсартады – Қ. Ақсақалов

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. 

«5 маусымда елімізде Конституцияны өзгертуге арналған референдум өтті. Облыс бойынша дауыс берушілердің 75%-ы қатысты. Тұрғындардың 81%-ы өзгерістер енгізуге “иә” деп дауыс берді. Осының барлығы өңір халқының саяси сауаттылығы жоғары екенін, жаңа өзгерістерге дайындығын көрсетті», — деп бастады сөзін Қ. Ақсақалов. 

Әрі қарай өңір басшысы облыста биыл атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Оның мәліметінше, 5 айда облыс экономикасының өсімі 3,3% болды. 5,3 мың жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды, бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. 5 жылда бюджет 2,2 есе өсіп, 424 млрд теңгеге дейін жетті. Өңір қазынасының жартысынан көбі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. 5 айда облысқа 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Оның 87%-ы – жеке инвестициялар.

Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімінің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің өңірде 15-і өндіріледі. Облыстың әлеуеті өнімге деген қажеттіліктен әлдеқайда жоғары. Мысалы, өңір өзін сүтпен 8 есе, макаронмен 18 есе, картоппен 10 есе, жұмыртқамен 4 есе, қырыққабатпен 3 есе, сәбіз және етпен 2,5 есе, сары маймен 1,6 есе көп қамтамасыз етеді. Республика бойынша облыс бидайдың төрттен бірін, майлы дақылдардың үштен бірін, жұмыртқаның 11%-ын, сүт өнімдерінің 23%-ын береді. 

«5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,8 есе өсіп, 902 млрд теңгеге дейін жетті», — деді Қ. Ақсақалов.

Мұндай көрсеткішке өсімдік алқаптарын әртараптандырудың арқасында қол жеткізілген. Майлы дақылдар дәнді дақылдарға қарағанда көбірек пайда береді. Мысалы, биыл зығырдың бір тоннасының бағасы 340 мың теңгеге жеткен. Ал бидайдың бір тоннасы – 170 мың теңге.

Майлы дақылдарды өндіріп қана қоймай, оны қайта өңдеу де маңызды жұмыс. Қазір облыста майлы дақылдарды экстракциялау зауыты салынып жатыр. Бұл елдегі ең мықты кәсіпорын болмақ. 15 млрд теңге инвестиция тартылуда. Зауытта 200 адам жұмыс істейтін болады. Жаңа нысан майлы дақылдардың 90%-ын өңдеуге мүмкіндік береді.

Петропавлда 3,7 гектар аумақта заманауи жылыжай кешені салынып жатыр. Жобаның құны – 7 млрд тг. Жаңа жылыжай облысты 2,7 мың тонна көкөніспен қамтамасыз етеді. Қияр мен қызанақ қажеттілігінің 30%-ы жабылады.

Мал шаруашылығы

Облыста сүт фермаларын салуға арналған бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Жеңілдетілген несие берілуде. Жыл сайын 10 кешенді пайдалануға беру жоспары белгіленді, ол кестеге сай орындалып келеді. Өткен жылы 10 ферма іске қосылды. Биыл тағы 11 кешен салынуда. Осы жылы тағы 10 нысанның құрылысы басталады. Барлығы 2 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ.

Бір ауылда ашылған ферма жыл сайын 30 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл 30 отбасының табысы өседі деген сөз. Осылайша, өңірде жылына 10 ферма ашылады.

«Жаңа фермалардың арқасында ұйымдасқан шаруашылықтарда 5 жылда сүт өндірісі 30%-ға өсіп, 227 мың тоннаға жетті», — деді өңір басшысы.

Қайта өңдеу

5 жылда облыста сүтті қайда өңдеу 55%-ға, ал етті өңдеу 50%-ға өсті. Елімізде әлі күнге дейін сырттан әкелінетін сүт өнімдері бар. Қазақстанда жыл сайын 23 мың тонна ірімшік өндірілсе, осынша көлем импортталады. 

Облыста импортты алмастыру үшін осы өнімнің өндірісі ұлғайтылып жатыр. 2021 жылы өңірде ірімшік өндірісі 2,3 мың тоннаны құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 43%-ға көп.

Өңірде жылына 2,5 мың тонна ірімшік өндіруге бағытталған «Евразиан милк» жаңа сүт зауыты іске қосылды. Инвестор жобаға 13 млрд теңге құйды. Сонымен қатар қосымша 120 жұмыс орны ашылды. 

«Жалпы 2021 жылы өндірілген сүттің 55%-ы өңдеуге жіберілді. Жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткішті 60%-ға жеткіземіз», — деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов.

Құс шаруашылығы

Өткен жылы елімізде құс еті бойынша сұраныс 427 мың тоннаны құрады. Бұл көлемнің 64%-ын отандық құс фабрикалары қамтамасыз етті, қалғаны – импорт. 

«Солтүстік Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар импортты азайтады. Қазір облыста үш бройлер құс фабрикасы салынуда. Оның екеуін жыл соңына дейін іске қосамыз. 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады», — деді облыс басшысы.

Облыстың құс етіне деген қажеттілігі 8,5 мың тоннаны құрайды. Қазір облыста 2,5 мың тонна өнім беретін бір құс фабрикасы бар. Үш жаңа фабриканың қуаттылығы – 16 мың тонна. Яғни, облыстың қажеттілігі толығымен жабылып, басқа өңірлер өніммен қамтамасыз етіледі.

Осылайша, облыс басшысы аграрлық секторда атқарылып жатқан жобаларды атап өтті. Жұмыс көлемі ауқымды. Осының арқасында биыл ауыл шаруашылығының жалпы көлемі 1 триллион теңгеге жеткізілмек.

Өнеркәсіп

«Биыл 36 млрд теңгеге 19 инвестициялық жоба іске асырылмақ, нәтижесінде 1 мың жұмыс орны құрылады. Құрылыс материалдарын шығаратын бірнеше кәсіпорын іске қосылады», — деді өңір басшысы.

Мамыр айының соңында жаңа кірпіш зауыты іске қосылды. 1,8 млрд теңге инвестиция салынды. 80 тұрақты жұмыс орны құрылды. Зауыт жылына 40 миллион кірпіш шығарып, өңір сұранысының 30%-ын жабады.

Шілде айында автоклавты газоблоктар зауыты мен темірбетон бұйымдары зауыты іске қосылады. Бұл өнімдердің барлығы облыста тұрғын үй құрылысы кезінде пайдаланылатын болады.

Біздің еліміз әлі күнге дейін импорттық қағазға тәуелді. Бұл A4 кеңсе қағазының бағасы көтерілген кезде ерекше сезілді. Қағаз өнімедерінің фабрикасы A4 кеңсе қағазымен бірге гигиеналық қағазды да шығарады. 2,5 млрд теңге инвестиция тартылды. 80 жаңа жұмыс орны ашылады. Фабрика жылына 5 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр.

Өткен баспасөз конференциясында Қ. Ақсақалов электр зауытының іске қосылуы туралы айтқан еді. Қазір жаңа кәсіпорын қарқын алып келеді. Биыл 4 мың трансформатор шығару жоспарланып отыр, әрі қарай бұл көрсеткішті 13 мыңға жеткізу көзделген. Жыл соңына дейін қызметкерлер саны 200-ге дейін, кейін 350-ге дейін көбейтілмек. Бұдан басқа, инвестор 7 млрд теңге инвестиция тарта отырып, электр қалқаны жабдықтарын шығаратын тағы бір зауыт салуды жоспарлап отыр.

«Қызылжар» арнайы экономикалық аймағын толықтыру көзделіп отыр. Биыл жеңіл болат жұқа қабырғалы құрылмаларды өндіру бойынша жаңа жоба іске асырылып, ағаш-жаңқалы тақта өндіретін зауыт іске қосылмақ.

Жалпы өнеркәсіпте оң үрдіс байқалады. 5 жыл ішінде өнеркәсіптің жалпы көлемі 1,8 есе, 198 млрд теңгеден 365 млрд теңгеге дейін өсті. 2022 жылы 410 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Шағын және орта бизнес өкілдері неғұрлым көп болса, экономика соғұрлым қарқынды дамитыны бәріне белгілі. ШОБ өнімдерін шығару 5 жыл ішінде 2 есеге, 490 млрд теңгеден 912 млрд теңгеге дейін өсті.

Тұрғын үй

Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар 3 есе өсті. Қарқын төмендеген жоқ. Қазір облыс бойынша 50 алаңда құрылыс жүріп жатыр, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 61-ге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10-ға көп.

«Біз 26 бюджеттік және 24 коммерциялық үй салып жатырмыз. Жыл соңына дейін 20 үйді пайдалануға береміз», — деді Қ. Ақсақалов.

Жас Өркен, Береке және Орталық деген жаңа шағынаудандар пайда болды. «Қопай» шағынауданын салу бойынша жоба басталды. Ескі шағынауданның тұрғындары мұны ұзақ күтті. 117 ескі жеке үй бұзылды, яғни 117 отбасы тұрғын үй жағдайын едәуір жақсармақ. 9 тоғыз қабатты үйдің құрылысын басталады. 27 үйдің жобасы салынды, онда 2,8 мың пәтер болады. Бұл жаңа мектеп, балабақша мен емханасы бар толыққанды шағынаудан болмақ.

Кезекте тұрғандар үшін де тұрғын үй салынып жатыр. Биыл көп балалы отбасылар 120 пәтер алады. Сондай-ақ 120 пәтер жетім балаларға арналған.

Жалпы 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 3,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 144 мың Солтүстік Қазақстан тұрғыны үй жағдайын жақсартады. Бұл облыс халқының үштен бірі.

Жол

Жолдардың сапасы жақсарып келеді. Биыл 663 шақырым жол жөнделеді, оның 148-і – ауыл ішіндегі жолдар. Бюджеттен 22 млрд теңге бөлінді. Облыс бойынша жақсы жолдардың үлесі 81%-ға жеткізіледі.

2026 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында 2,1 мың шақырым жол жөнделмек. Осылайша, облыстың барлық дерлік жолдары ретке келтіріледі.

Ауыз сумен қамту

Биыл су желісін тарту және жаңарту 55 ауылда жүргізіледі. 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Осылайша, ауыл тұрғындарының 844-ы сумен қамтылады. 

«Алдағы үш жылда 78 елді мекен қосылып, ауыл халқы 100% сумен қамтамасыз етіледі», — деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі. 

Интернет

Облыста 2 жылда 148 ауыл интернетке қосылды. Бұл елді мекендерде 35 мың адам тұрады. Қазір 635 ауылдың 491-і түрлі технологиялар арқылы желіге қосылған.

Өңір басшысы берген мәліметке сай, 250-ден астам тұрғыны бар ауылдар интернетке қосылды. Енді тұрғындар саны 250-ден аз 69 ауыл мобильді интернетке қосылады. 

Білім беру

Соңғы жылдары облыс білім бойынша қарқынды дамып келеді. Мектептердің инфрақұрылымы жақсартылып жатыр. Биыл 83 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылмақ. Мектептерге арнайы пәндерге арналған 28 кабинет пен 29 мектеп автобусы сатып алынбақ.

Қазір 2,4 млрд теңгеге 27 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Мұнда 3 жыл ішінде жөнделген тағы 301 нысан бар. 14 млрд теңге бағытталды. Осылайша, облыстағы барлық мектептердің 64%-ы жаңартылды. 

«Республика бойынша біздің облыстың мектептерді жөндеуге ең көп қаражат бөлетінін атап өткім келеді», — деді Қ. Ақсақалов. 

Облыста мұғалімдер тапшылығы мәселесі шешілуге жақын. Бұл Президенттің тапсырмасы бойынша педагогтардың жалақысын арттырудың арқасында болды.

«Биыл жергілікті университетке арналған заманауи оқу-зертханалық корпус ашылады. Заманауи зертханалар орнатылады. Біздің студенттерде тәжірибелер мен ғылыми зерттеулер жүргізу үшін барлық жағдайлар мен қажетті халықаралық деңгейдегі жабдықтар болады», — деді әкім.

Әлемдегі үздік 100 ЖОО-ның қатарына кіретін Аризона университетімен ынтымақтастық жолға қойылған. Петропавлда 1,6 мың білім алушыға арналған 4 жатақхана пайдалануға беріледі. Осы жобаларды іске асыру жатақханалар тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.

Гранттар саны артып келеді. Осының арқасында мектеп түлектерінің кетуі азаяды. Аталған көрсеткіш 5 жыл ішінде 2 есе төмендеді (30-дан 16%-ға дейін). ҚР ЖОО-ға түскен түлектер саны 39-дан 72%-ға дейін өсті. Сондай-ақ грантқа түскен түлектердің саны артты.

Денсаулық сақтау

Өңірде медициналық жабдықтардың тозуы өткір мәселе болды. Сондықтан жыл сайын медициналық техниканы жаңартуға көп қаражат жұмсалады. 5 жыл ішінде 14 млрд теңге бөлінді. 2 мың медициналық аппарат сатып алынды.

Бұл маммографтардың, ангиографтардың, рентген және УДЗ аппараттарының жетіспеушілігі мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Ауруханаларды МРТ және компьютерлік томографтармен жабдықтау бойынша жағдай едәуір жақсарды.

Мысалы, 5 жыл бұрын облыста 4 КТ қызмет көрсетті. Жақында сегізінші КТ іске қосылды. Халықты КТ тексеруінен өткізу 2,5 есеге артты. Биыл балалар ауруханасына МРТ жеткізіледі.

Дәлдігі жоғары жабдықтың болуы және халықты кеңінен қамту оң нәтиже береді. Аурулар ерте кезеңде анықталады. Облыс бойынша туберкулезбен ауыру 2 есеге төмендеген. Туберкулезден болатын өлім-жітім 30%-ға, онкологиядан болатын өлім-жітім 15%-ға төмендеді.

«Сонымен қатар көп бейінді аурухананың құрылысы жалғасатынын айтып өткім келеді. Бұл біздің облыс үшін маңызды нысан. Аурухана іске қосылғаннан кейін тұрғындардың түрлі медициналық қызметтерге қолы жетіп, сапалы ем алуға басқа аймақтарға бармайтын болады», — деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. 

«Жас Өркен» және «Береке» шағынаудандарында 2 емхананың құрылысы жалғасып жатыр. Ауылдарда 47 медициналық нысан салынбақ.

Әрі қарай Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов журналистердің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, әкім көші-қон мәселесі туралы пікір білдірді.

Өңір басшысының айтуынша, облыс тұрғындарының саны 5-6 мың адам көлемінде азайып жатыр. Статистика бойынша оның 89%-ы – Ресейге көшіп жатқан азаматтар. Алайда Қазақстанға келемін, соның ішінде Солтүстік Қазақстанның жерінде тұрамын деген азаматтар да аз емес көрінеді.

«Жыл басынан бері Оңтүстіктен, Нұр-Сұлтан қаласынан және сырттан 800 адам келді. Биыл жалпы 2 300-ден астам адам көшіп келеді деген жоспар бар. Олардың әрқайсына белгіленген жан-жақты көмек мемлекет тарапынан төленеді. Әр отбасы мүшесіне 70 минималды көрсеткіш төленеді. Ол – 214 мың теңге көлемінде. Ал үй сатып аламын деген азаматтарға 15 минималдық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша төленеді», — деп әкім Ресей мен Украиндағы жағдайға байланысты өңірге қоныс аударған шетелдіктердің саны туралы түсініктеме берді.

Облыс басшысының айтуынша, дәл қазір Ресейден Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушылардың көзге көрінетіндей ағыны байқалып отырған жоқ.

«Әзірше бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұған дейін де мұндай сұрақтарға жауап берген болатынмын», — деді өңір басшысы. 

Әрі қарай өңірдегі елді мекендер мен көшелерді қайта атау туралы пайымын айтты. 

«Бұл жұмыстар бұған дейін атқарылып келді, жалғаса береді. Кейінгі жылдары біз 400 мың нысанды қайта атадық. Бұл жұмыс жалғасады, өйткені моральдік тұрғыда ескірген, ешқандай идеологиялық салмағы жоқ ескі атаулар бар», — деді облыс әкімі. 

Сондай-ақ ол бұл бағыттағы жұмыстар толығымен заңға сай екенін еске салды. 

«Бұл жерде ешқандай кілтипан жоқ. Бұл – тарихшылардың, өлкетанушылардың зерттеулеріне негізделген тарихи шындық. Қоғамдық тыңдау өтіп, бәрі заң аясында істеліп жатыр», — деді Құмар Ақсақалов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу