Әділет министрі Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті

ҚР әділет министрі Қанат Мусин Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Петропавлда халықпен кездесті. Ведомство басшысы Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауы аясында жүргізіліп жатқан реформалар жайлы айтып берді.

Айта кетейік, биыл 5 маусымда республикалық референдумда Конституцияға түзетулер қабылданды. Қолданыстағы заңнаманы жаңартылған Конституцияға сәйкес келтіру мақсатында Әділет министрлігі 5 заң жобасын әзірледі. Сенат депутаттары аталған новеллаларды 3 қарашада қабылдады.

Әділет органдары ұлттық заңнаманы қалыптастыруға және дамытуға, нотариат, адвокатура, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, атқарушылық іс жүргізу, сот-сараптама қызметі, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, жылжымайтын мүлікке құқықтар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады.

Нормашығармашылық қызмет

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындау үшін Әділет министрлігі 5 заңнамалық акті, оның ішінде Президент, Парламент, Үкімет, сайлау, сот жүйесі туралы конституциялық заңдарға түзетулер енгізуді әзірледі.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы», «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңдардың жобалары, саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жоғары Сот Кеңесінің, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметін реттейтін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілетін заң жобасы, Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палатаға қайта форматтау тәртібі, сондай-ақ халықтың жерге меншік құқығына байланысты мәселелерді реттейтін заң жобасы әзірленіп жатыр.

Әділет министрі Қанат Мусин маңызды өзгерістердің бірі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулер енгізу болып табылатынын атап өтті. 

Аталған заң жобалары қазіргі уақытта Парламент Сенатының қарауында.

Анықтама: осы өзгерістерге сәйкес:

  • Президент саяси партияларда бола алмайды, ал оның жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметші, квазимемлекеттік секторлар субъектілеріне басшы бола алмайды;
  • Президент тағайындайтын Сенат депутаттарының саны қысқарады (15-тен 10-ға дейін), оның бесеуі Қазақстан халқы Ассамблеясынан. Мәжіліске 9 депутат тағайындау бойынша ҚХА квотасы алынып тасталады. Мәжіліске заң қабылдау құқығы беріледі, ал Сенат Мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдауға құқылы;
  • Үкіметке заң күші бар, атап айтқанда дағдарыстық жағдайларда уақытша актілерді қабылдау құзыреті беріледі. 
  • Аралас сайлау жүйесі енгізіледі (Мәжіліске партиялық тізімдер бойынша – 70%, бір мандатты округтер бойынша – 30%; өңірлер мәслихаттарына тізімдер бойынша – 50%, бір мандатты округтер бойынша 50%; аудандық мәслихаттарға бір мандатты округтер бойынша – 100%);
  • Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастыру тәртібі және т.б. айқындалады.

Ведомство басшысының айтуынша, нотариустардың, адвокаттар мен заң кеңесшілерінің қызметіне қатысты өтініштер жиі келіп түседі.

Қазіргі уақытта «Нотариат туралы» Заңға қабылданған түзетулермен жылжымайтын мүлікпен мәмілені рәсімдеу рәсімі жеңілдетілді, енді мәмілені азаматтың жылжымайтын мүлкі орналасқан жеріне міндетті түрде бармай-ақ республика бойынша кез келген нотариуста рәсімдеуге болады.

2022 жылғы 20 маусымда «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға өзгерістер енгізілді, оған сәйкес аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық, азаптау құрбандарына, 1 және 2 санаттағы мүгедектерге, зейнеткерлерге құқықтық кеңес беру түрінде тегін заң көмегіне кепілдік берілді. 

Бұдан басқа, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес бірқатар мәселелер бойынша азаматтар сотта тегін заң көмегін (көп балалы отбасыларда алимент өндіріп алу мәселелері, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері; ҰОС қатысушылары, жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, мүгедектігі бар адамдар, бірінші және екінші топтағы адамдар, жасына байланысты зейнеткерлер мәселелері бойынша) алу туралы өтініш білдіре алады).

Адвокаттардан басқа мұндай көмек көрсету құқығы енді заң кеңесшілеріне де беріледі.

Әділет министрінің мәліметінше, осы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 7 мың азаматқа тегін заңдық көмек көрсетілген.

Сонымен қатар Азаматтық хал актілерін, жылжымайтын мүлікті және заңды тұлғаларды тіркеуге де қатысты заңнамалық жаңашылдықтар бар. 

«Электрондық үкімет» және «eGovmobile» порталы арқылы туу, неке және қайтыс болу туралы куәлікті электронды түрде алуға болады. Сондай-ақ жаңа туған нәрестеге туу туралы куәлікті Екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы алуға болады», — деді өз баяндамасында ҚР әділет министрі.

Нотариаттық мәмілелер негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды жеделдетілген электрондық тіркеу сәтті жүзеге асырылды, бұл азаматтардың тіркеу үшін қағаз құжаттармен «Мемлекеттік корпорацияға» жүгіну қажеттілігін жойды, тіркеу мерзімі бір жұмыс күнінен екі сағатқа дейінгі қысқартылды.

2022 жылғы шілдеден бастап коммерциялық емес ұйымдарды «электрондық үкімет» арқылы электрондық форматта тіркеуді көздейтін түзетулер қабылданды, бұл тіркеуге қағаз құжаттарды беру үшін ХҚКО-ларға баруды қажет етпейді. 

Бүгінгі таңда халыққа «eGovmobile» қосымшасы арқылы әділет органдары көрсететін 37 мемлекеттік қызмет қолжетімді.   

Зияткерлік меншік 

Авторлар мен авторлық құқық иелерінің тәжірибелерін, шағымдарын талдау мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың міндеттерін нақтылауды қажет ететіндігін көрсетті. 

Енді бұл ұйымдар  жиналған сыйақылар мен олардан ұсталған сомалар туралы есепті әр автордың ұйымның сайтындағы жеке кабинетіне жіберуге міндетті. Осылайша, авторлар үйде отырып, жиналған сыйақы туралы ақпарат ала алады.

Ұйымдар өздерінің нақты шығыстарын жабуға пайдалана алатын сомалардың мөлшері нақтыланды – ол 30%-дан аспайды, оның ішіне арнайы қорларға (авторларды қолдау жөніндегі әлеуметтік және мәдени мақсаттарға) бағытталатын сомалар да кіреді. 

Әділет министрінің ақпараты бойынша, 2022 жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары мен кәсіпорындары берген өтінімдер бойынша 3 авторлық құқық объектісі ресми тіркелді, тауар белгілеріне 11 куәлік, 3 өнертабысқа, 2 пайдалы модельге,  селекциялық жетістікке 1 куәлік берілді.

Сонымен қатар зияткерлік меншіктің жаңа объектісі – «географиялық көрсеткіш» ұғымы, сондай-ақ тіркелмеген өнеркәсіптік үлгілерді қысқа мерзімді қорғау жүйесі (Қазақстан Республикасының аумағында айналымға енгізілген күннен бастап 3 жылдан аспайды) енгізілді.

Географиялық көрсеткіштерді қорғауды енгізу ерекше қасиеттері, сапасы едәуір дәрежеде оның географиялық шығу тегімен байланысты болатын өнімді, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы өндірушілерінің өнімдерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Атқарушылық іс жүргізу 

Сот актілерін орындау әділет органдары қызметінің маңызды салаларының бірі болып қалады.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша барлығы 11 мемлекеттік және 51 жеке сот орындаушылары қызмет атқарады.

Бүгінгі таңда СҚО-да 175 мың атқарушылық іс жүргізілді, оның 78 мыңы өндіріліп алынды. Аталған санның едәуір бөлігін алимент өндіріп алу жөніндегі құжаттар құрайды – СҚО бойынша бұл шамамен 8 мың іс.

Бұл ретте жекелеген борышкерлер нақты материалдық мүмкіндіктерге ие бола отырып, балаларын ұстаудан әдейі жалтарады не өз мүлкін жасырады. 

Алимент өндіріп алу туралы барлық проблемалық атқарушылық іс жүргізу бойынша сот орындаушылары мәжбүрлеу сипатындағы шараларды қабылдайды.

«Кейбір жағдайларда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіріп алу қиынға соғады. Осыған байланысты, өңірлік әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін тұрақты негізде Бос орындар жәрмеңкесін өткізеді. Мысалы, осы жылдың 9 айында СҚО бойынша осындай 78 борышкер жұмысқа орналастырылды», — деді ҚР әділет министрі.

Берешекті өтеу рәсімдеріне келетін болсақ, азаматтарға қолайлы болуы үшін қосымша сервистер жасалды. Берешекті мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде және қоғамдық орындарда орнатылған терминалдар, сондай-ақ Каспи банк пен Қазпошта мобильді қосымшалары арқылы онлайн режимде төлеу мүмкіндігі берілді (Kaspi.kz және Post.kz).

Берешек толық өтелген кезде атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде (АІО ААЖ) шоттарға және елден шығуға тыйым салу автоматты түрде жойылады. 

Айта кету керек, алимент өндіріп алу ұзақ процесс және айтарлықтай күш-жігерді қажет етеді.

Солтүстік Қазақстан облысында алимент өндіруге маманданған 4 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді.

«Жалпы, мұндай тәжірибе, соның ішінде Астана және Алматы қалаларындағыдай алимент өндіріп алу бойынша мамандандырылған кеңселер құру осындай проблемаларды шешуге оң септігін тигізеді деп ойлаймын», — деді әділет министрі.

Құқықтық түсіндіру жұмысы 

Бүгінгі таңда Әділет министрлігі «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне жалпыға бірдей тегін қолжетімділікті қамтамасыз етті, бұл кәсіби заңгерлерге ғана емес, қарапайым азаматтарға да ресми тіркелген нормативтік құқықтық актілердің мәтінімен танысуға мүмкіндік береді.

Әділет министрлігінің «119» тәулік бойғы құқықтық ақпараттық қызметі іске қосылды, ол халыққа барлық құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес береді.

Сонымен қатар ведомство сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда құқықтық түсіндірме ақпарат жарияланады.

Әділет министрі Қанат Мусин Қазақстан Республикасының Президенті  «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Әділет министрлігінің алдына Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы түзету, сондай-ақ әкімшілік әділет саласын кеңейту, оның ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне әкімшілік теріс қылықтар мен мемлекеттік органдармен азаматтық-құқықтық даулардың кең ауқымын беру жөнінде аса маңызды міндеттер қойғанын атап өтті.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қолдану тәжірибесі көрсетіп отырғандай, онда көзделген азаматтың мемлекетпен қарым-қатынасын реттеудің құқықтық тетіктері азаматқа өз құқықтары мен мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауға мүмкіндік береді. 

Қанат Мусинның айтуынша, бұған дейін, мысалы, жүз даулы істің ішінен ел тұрғыны ең көп дегенде 15 жағдайда жеңіске жетсе, бүгінгі күні азаматтар 50-ден астам жағдайда сот процестерінде жеңіске жетеді.

«Бұл міндеттерді орындау аясында ауқымды жұмыс атқарылады», — деді ведомтсво басшысы. 

Халықпен кездесу қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг, сондай-ақ азаматтарды қабылдау өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу