Алматыда автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 86%-ға жеткізіледі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Мемлекет басшысының Жолдауы мен тапсырмаларын іске асыру шеңберінде қаланың 2022 жылдың 5 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады.

Ең алдымен, әкім Алматы қаласы бойынша референдумның нәтижелерімен таныстырып өтті. Қала тұрғындарының көпшілігі Мемлекет басшысының бастамасын қолдады. Конституцияға өзгерістер енгізуді халықтың 65,22%-ы қолдап, 32,99%-ы дауыс беруге келді (бүлінген бюллетеньдерді есептемегенде 33,3%). 

Сонымен қатар Ерболат Досаев қала әкімдігі Президенттің тапсырмаларын белсенді іске асырып жатқанын атап өтті. Алматы экономикасының тұрақты өсуі қамтамасыз етілді. Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,6%-ға дейін өсті. Жыл басынан бері 16,3 мың жұмыс орны құрылды. 3,3 мың орындық 54 балабақша ашылды, 45 км инженерлік желі салынды. Газбен жүретін 300 автобус сатып алынды, 145 мың ағаш отырғызылды. Сондай-ақ қыркүйек айына дейін Алматы агломерациясын дамытудың кешенді жоспары әзірленеді. Бұл жоспарда мегаполис пен Алматы облысы синергиясының жобалары айқындалатын болады.

2022 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Алматы қаласы экономикасының жоғары өсу қарқыны тіркелді. Өңдеу өнеркәсібі (+18,3%), құрылыс (+21,8%), көлік (+18,4%), байланыс қызметтері (+8%) экономиканың өсу драйверлеріне айналды.

Алматы әкімінің мәліметінше, жоғары инвестициялық белсенділік байқалады, жыл басынан бері негізгі капиталға салынатын инвестициялар 20,9%-ға өсті. Қала экономикасының негізгі саласы – сауда жыл басынан бері алғаш рет 1,7%-ке өсіп, «оң аймаққа» шықты.

«Осы жылдың 5 айында Алматыдағы іскерлік белсенділік индексі 4 проценттік тармаққа өсіп, мамыр айының соңында 48,7%-ды құрады. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 50%-дан астам деңгеймен оң аймаққа шығу күтіледі», — деді Ерболат Досаев. 

Шағын және орта бизнесті қалпына келтіру және дамыту 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаңтар оқиғаларының нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне төлем төлеу жұмыстары аяқталды. Барлығы 14,5 млрд теңгеге 1594 өтінім мақұлданды.

Шағын және орта бизнес – қала экономикасының негізі. Онда еңбекке қабілетті халықтың 64%-ы жұмыс істейді. Сондықтан бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. 

«2022 жылы бюджеттен қосымша 5 млрд теңге бөлініп, 46,9 млрд теңгеге дейін (23,8 млрд – БЖК, 8,8 млрд – ҚЗЭ, 1,1 млрд – АӨК, 6,5 млрд – Алматы бизнес, 6,7 млрд – Алматы Бизнес-2025) ұлғайтылды. Бүгінде 16,5 млрд теңгеге шағын және орта бизнестің 219 жобасы қаржыландырылды. Нәтижесінде, 1 маусымда белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бір жылда 19,5%-ға (195 мыңнан) 233 мыңға дейін өсті», — деді Алматы қаласының әкімі.

Инвестициялық белсенділіктің өсуі

Алматы қаласында инвестициялық белсенділіктің өсуі байқалады. Биылғы 5 айда жеке инвестициялар көлемі 22,1%-ға өсті. Ең үлкен өсім құрылыс индустриясында (+27%), өнеркәсіпте (+9,9%), көлік және қоймалауда (+18,1%) байқалады, олардың үлес салмағы 55%-ды құрайды.

Осы жылдың І жарты жылдығында 132 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылды (183 жұмыс орны құрылды).

«2022 жылға еңбек өнімділігі жоғары 2,8 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 588 млрд теңгенің 77 жеке жобасын іске асыру жоспарланған», — деді Ерболат Досаев.

Алматыда бағаның жоғары өсу қарқыны сақталуда. Жыл басынан бері 6 айдың қорытындысы бойынша инфляция 10,3%-ды құрады (ҚР – 10,5%). Инфляцияға негізгі үлес бірінші кезекте азық-түлік бағасының өсуі есебінен қалыптасты, ол 16,4%-ды құрады (жылдық есептеуде - 19,5%).

Қала басшысының айтуынша, ең көп өскені қант (2 есе, 560 теңгеге дейін), пияз (+90,2%, 156 теңгеге дейін), нан (+18,3%, 95 теңгеге дейін), сүт (+18%, 328 теңгеге дейін) бағасы. Олардың тұтыну бағасының индексіндегі үлесі 2,2 проценттік тармақты құрады. Дегенмен, жұмыртқа бағасының төмендеуі (0,4%-ке, 460 теңгеге дейін) және сиыр еті (0,9%-ға, 2 350 теңгеге дейін), сары май (5,6%-ға, 3 400 теңгеге дейін), тұз бағасының (6,5%-ға, 66 теңгеге дейін) шамалы өсуі байқалады. Жеткізу тізбегінің бұзылуы және теңге бағамының тұрақсыздығына байланысты әлі де жоғары инфляциялық күтімдер сақталып отыр. 

Ерболат Досаев азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу үшін алдын алу шаралары қабылдануда.

  1. «Айналым схемасы» бойынша қаржыландыру 4 млрд теңгеге ұлғайтылды (11 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін).
  2. Бекітілген бағамен сату үшін 6,5 мың тонна қант сатып алынды. 
  3. Басқа өңірлерден (Түркістан, Алматы), сондай-ақ жақын (Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан) және алыс шетелден (Иран, Пәкістан) көкөніс пен жемісті тікелей жеткізу ұйымдастырылды.
  4. Нан бағасын тұрақтандыру үшін Азық-түлік корпорациясының қорларынан астық жеткізілуде (32 мың тонна).

«Қант бағасының өсу ықтималдылығы, бакалея өнімдері қорларының азаю, Ресейге көкөніс өнімдерін жаппай экспорттау тәуекелдеріне байланысты ірі сауда желілеріне қант әкелуге жекелеген квоталар бөлу және бакалея мен көкөніс өнімдерінің экспортын шектеу мәселелері пысықталып жатыр», — деді Алматы әкімі.

Анықтама үшін: Консервілеу және тосап дайындау маусымына байланысты соңғы аптада халықтың қантқа сұранысы тәулігіне 110-нан 200 тоннаға дейін өсті. Жыл басынан бері Азық-түлік корпорациясы барлығы 136 тонна бөлді. Ресейде бакалея мен көкөніс өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда 40-80%-ға жоғары.

Халықты жұмыспен қамтуды және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету 

Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ды құрайды. Жыл басынан бері 17,1 мың жұмыс орны, оның ішінде 7,3 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Ерболат Досаев еңбек ресурстарының барынша тартылуын қамтамасыз ету үшін жаңа сапалы жұмыс орындарын құру жөніндегі жүйелі шараларға көшу жүзеге асырылғанын атап өтті. Осы жылдың І жартыжылдығында 19,4 мың адамға 803,8 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді (барлығы 28,3 мың адамға 4 млрд теңге). Мүгедектігі бар 15,8 мың адам 2,6 млрд теңгеге оңалту құралдарымен және қызметтерімен адам қамтамасыз етілді (барлығы 25 мың адамға 6,5 млрд теңге). 429 млн теңгеге 48 мың адам әлеуметтік жобалармен қамтылды (78 мың адамға барлығы 978 млн теңге). Жалпы, 2022 жылы 52,2 мың жұмыс орны құрылады, оның 70%-ы тұрақты жұмыс орындары (36,1 мың).

Білім, денсаулық сақтау саласын дамыту

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, халық санының біршама өсуіне және жаңа аумақтардың қосылуына байланысты әлеуметтік инфрақұрылымның тапшылығы айтарлықтай қиындық туғызуда. Осы мәселелерді шешу үшін қалада «басқарылатын тапшылық» орта мерзімді саясаты іске асырылатын болды. Жаңа мемлекеттік және жеке меншік білім беру объектілерін салу есебінен орын тапшылығы қысқарады. 

«Мемлекеттік мектептердің бастауыш сыныптарын филиал ретінде тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналастыру тетігі қарастырылып жатыр. Осылайша, 2022 жылдың басынан бері 3 316 орындық 54 жеке меншік балабақша ашылды, жыл соңына дейін тағы 1 460 орындық 17 балабақша, оның ішінде 560 орындық 2 мемлекеттік балабақша өз жұмысын бастайды (900 орындық 15 жеке меншік бала бақша)», — деді қала басшысы. 

Биыл орта білім беру саласында 13,8 мың орынға есептелген 18 объектіні пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде 10 750 орынға есептелген 11 жаңа мектеп (оның 5-еуі 7 500 орындық мемлекеттік мектептер және 3 250 орындық 6 жеке меншік мектеп), 1 270 орынға 5 қосымша құрылыс, 1 800 орындық 2 ғимаратты сатып алу (600 орындық №94 мектеп үшін 1,8 млрд. теңгеге Әділет колледжі және 1200 орынды Наурызбай ауданының Шұғыла шағын ауданындағы Qazaq Stroy мектебі) көзделген.

Жыл соңына дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2,4%-ға (91%-тен 93,4%-ке дейін), мектептердегі оқушы орындарының саны 5%-ға (279,1 мыңнан 292,9 мың орынға дейін) өседі.

Сонымен қатар алғашқы медициналық-әлеуметтік көмекті (АМӘК) дамыту - әкімдіктің 2022 жылғы жұмысындағы басымдық болып табылады. Емханаларға түсетін жүктемені азайту және консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін осы жылдың соңына дейін Кемел және Мамыр шағын аудандарында 2 отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны салу және №11 қалалық емхананы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ Саялы, Қарасу және Нұршашқан шағын аудандарында 3 отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып, 2023 жылы аяқталады. 

«Емханаларды заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін 2 емхана мен
3 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 2023 жылы тағы 3 отбасылық-дәрігерлік амбулатория салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталады»
, — деді Ерболат Досаев. 

Оның айтуынша, ана мен бала өлімін азайту үшін биыл Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығының жаңа корпусы салынып бітеді, 4 перзентхана мен 2 балалар стационарын 2,8 млрд теңгеге техникалық жарақтандыру жақсартылады. Өкінішке орай, өткен жылы ана өлімі бойынша көрсеткіш өте жоғары (26 жағдай) болды. Осы жылдың І жартыжылдығында қалада 3 ана өлімі орын алды. 

Қан айналымы жүйесі ауруларынан, онкопатологиялардан болатын өлім жағдайын азайту үшін үш жылдық бағдарлама шеңберінде 6,9 млрд теңге сомасына көп бейінді стационарлар жаңғыртылады. Сондай-ақ аса тапшы мамандықтар бойынша 240 дәрігерді даярлау және 1000 медбикені оқыту жүргізіліп жатыр. 2022 жылы медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырады, ана өлімін 3 есе азайтады (100 мың тірі туғанға шаққанда 53,7-ден 18,9 жағдайға дейін). 

Көлік инфрақұрылымын дамыту 

Көлік инфрақұрылымын дамыту – қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі мен жолдағы кептелісті азайту индикаторларының бірі.

Алматы қаласы әкімінің айтуынша, биыл 30 мамырда метроның «Сарыарқа» және «Б.Момышұлы» 2 станциясы ашылды, бұл күнделікті жолаушылар ағымын 1,9 есе 86 мың адамға дейін арттырды.

Сонымен қатар ұзындығы 800 метр Әуезов көшесі Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін ұзартылды және ұзындығы 7,7 км 2 көшені (Саин көшесі, Төле би көшесі) ұзарту жалғасуда. Бұдан бөлек, 3 көлік жолайрығының құрылысы жүріп жатыр, оның біреуін «Бұқтырма – Құлжа күре жолын» жыл соңында, екеуін – 2023 жылдың желтоқсан айында аяқтау (Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесі, Саин көшесі – Мөңке би көшесі) көзделген.

«Биыл 5 шағын ауданда 50 км жаңа жол құрылысы бітеді. 200 км жолға орташа жөндеу жүргізіліп, 100 км тротуарлар мен 80 аялдама жайластырылады. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесін биыл 86%-ға дейін жеткіземіз (2021 ж. - 83%)», — деді Ерболат Досаев.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту 

Электрмен жабдықтау саласында 400 мың тұрғынды қамтитын 2 қосалқы электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Биыл «Алмагүл» қосалқы станциясы, 2023 жылдың шілде айында «Тұздыбастау» қосалқы станциясы аяқталады. Сонымен қатар 138 км электр желілері жаңғыртылады.

Алматы әкімінің айтуынша, сапалы сумен қамтамасыз ету мақсатында осы жылы Қарғалы өзеніндегі су жинау станциясының құрылысы аяқталады. Жыл соңына дейін Ақсай өзеніндегі су жинау станциясының құрылысы қолға алынып, Ерменсай су құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Жаңа су көздерін салу қосылған аумақтардағы 150 мыңнан астам қала тұрғындарын қамтуды қамтамасыз етеді.

Биыл шамамен 110 мың адамды қамти отырып, ұзындығы 632,2 км сумен жабдықтау және канализация желілерінің 16 объектісінің құрылысы жүргізілуде (су құбыры – 371,3 км, канализация – 260,9 км). 2022 жылдың І жарты жылдығында 45 км желі (су құбыры – 25 км, канализация – 20 км) тартылды. Жыл соңына дейін ұзындығы 371,2 км 10 объектінің (су құбыры – 203,3 км, канализация – 167,9 км) құрылысы толығымен аяқталады. Нәтижесінде су құбыры бойынша желілердің тозуы 55,8%-ға дейін (56,2%-дан), канализация бойынша - 57,5%-ға дейін (58%-дан) төмендейді.

Нөсер канализациясы жүйесін реконструкциялау 

Алматының жер бедеріне байланысты нөсер жауын кезінде қаланы су басып жатады. Тексеру барысында Алматыда тұрақты су басатын 102 учаске анықталды.

Ерболат Досаевтың айтуынша, осы жылдың наурыз айында жауын-шашынның айлық мөлшері 76 мм норма кезінде 166,3 мм, маусым айында 106 мм норма кезінде 141,6 мм құрады.

«2022 жылдың соңына дейін су басатын 56 учаске жойылып, 12 коллектор қалпына келтіріледі, 75 км арық желісі жаңғыртылады. Жүйелі шара ретінде нөсер канализациясы (коллектор, каналдар, су тоғандары) бірыңғай оператор - «Eco Almaty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне беріледі», — деді қала басшысы.

Оның айтуынша, 2023-2024 жылдары 201 км арық желісін жаңғырту аяқталады, 100 км жаңа арық желісі салынады, тұрақты су басатын 46 учаске жойылады. Тұрақты су басуды жою үшін биыл жергілікті бюджет резервінен 5,3 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде қаланы көгалдандыру және абаттандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Биыл 4 жаңа парк аймағы іске қосылады, 4 сквер абаттандырылды. «Жасыл Алматы» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 145 мың көшет егілді. Жыл соңына дейін тағы 360 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл 3 жылда 1 млн ағаш отырғызу жоспарын орындауды қамтамасыз етеді. 

Құрылыс салудың жаңа регламенттері

Ерболат Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мәслихатының 2022 жылғы 20 маусымдағы шешімімен Алматы қаласында құрылыс жүргізу регламентіне толықтырулар енгізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, Әл-Фараби даңғылының оңтүстігіне қарай биіктігі 15 метрден аспайтын денсаулық сақтау және білім беру объектілерін салу параметрлері айқындалды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлуге және тау бөктерлеріне, сонымен қатар 15 градус және одан да тік құзды алаңдарға шағын қабатты ғимараттар салуға жол берілмейді. Абайдың оңтүстігі мен Әл-Фарабидің солтүстігіне қарай тұрғын үй ғимараттарының қабат саны парапеттің жоғарғы жағына дейін ең жоғары биіктігін 35 метрден асырмай, 9 қабатқа дейін шектелді және жайлылығы III-ші кластан төмен емес тұрғын үй ғимараттарының параметрлерін қолдану белгіленді.

«Биыл 1 тамыздан бастап Қала құрылысы кеңесінің қызметін жаңа форматта қайта бастауды жоспарлап отырмыз. Онда іске асыруға ұсынылатын қала құрылысы және сәулет жобалары бойынша шешімдер тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, ашық талқылау арқылы қабылданатын болады», — деді Алматы басшысы. 

Сонымен қатар қала әкімдігі осы жылдың ІІ тоқсанында Алматы қаласын дамыту орталығымен бірлесіп және түрлі салалардан 40-тан астам тәуелсіз сарапшыны тарта отырып, «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарының негізгі басымдықтарын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларын» әзірледі. 27 маусымда қоғамдық талқылау үшін Даму жоспарының негізгі басымдықтарының жобасы жарияланды. Жоспар 13,6 мыңнан астам қаралым жинады. 

«Біз 400-ге жуық (392) адамнан 1280 пікір мен жауап алдық. Ұсыныстардың басым бөлігі жайлы қалалық ортаны құруға (282 ұсыныс) және экология мен абаттандыру мәселелеріне (231 ұсыныс) қатысты болды. 4 шілдеде «Даму жоспарының негізгі басымдықтары» таныстырылды және Мәслихат депутаттары мен сыртқы сарапшылардың қатысуымен өткен Қоғамдық кеңес отырысында мақұлданды», — деді Ерболат Досаев.

Алматыны дамытудың негізгі басымдықтарын іске асыру жөніндегі жоспар алдағы 2 айдың ішінде – осы жылдың 5 қыркүйегіне дейін бекітілетін болады. 

Сөз соңында Ерболат Досаев ҚР Президентінің «Халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес әкімдік о қаланың барлық аудандарында тұрғындармен 38 кездесу өткізгенін атап өтті. Кездесулерге 40 мыңнан астам тұрғын қатысты (залда – 5 мың адам, онлайн – 35,3 мың адам) және 1 917 сұрақ қойылды. Тұрғындар көтерген мәселелердің шамамен 60%-ға жуығы абаттандыру мен экология (459), инженерлік және көлік инфрақұрылымы (300), жер мен тұрғын үй (184), әлеуметтік объектілер (101), кәсіпкерлік (69) мәселелеріне қатысты болды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу