Астана қаласының жел режимін зерттеу аяқталды  – ЭГТРМ басшысы

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы Серікқали Брекешев Астана тұрғындарымен кездесу барысында қала экологиясын жақсарту жөніндегі іс-шараларды іске асыру, су ресурстарының жай-күйі, қалдықтармен жұмыс істеу, рұқсат етілмеген қоқыстарды жою және орман шаруашылығын дамыту туралы  баяндады.

Экология

Серікқали Брекешевтің айтуынша, елорда еліміздің ең ластанған қалаларының қатарына кіреді. Ластанудың негізгі көздері жылу электр орталықтары, автономды қазандықтар, жеке сектор пештері және автомобиль көлігі болып табылады.

Ел бойынша осы жылдың 9 айында атмосфераға кәсіпорындардан ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі шамамен 900 мың тоннаны құрады, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен 18%-ға төмен. Астанаға оның 54,2 мың тоннасы тиісті, бұл өткен жылғы кезеңнен 15%-ға төмен. Бұған табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыру есебінен қол жеткізілді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі қаланың барлық экологиялық мәселелеріне талдау жасалғанын атап өтті. Негізгілері: атмосфералық ауаның, су ресурстарының ластануы, қалдықтарды заңсыз орналастыру және көгалдандыру деңгейінің жеткіліксіздігі. 

Жалпы, экожүйені жақсарту үшін жүйелі шаралар ретінде өткен жылы жаңа Экологиялық кодекс және «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қабылданды. Сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсарту үшін өңірлер бөлінісінде ұлттық жоба және жол карталары шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Астана қаласының экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі жол картасында көмір ЖЭО, жеке сектор және автокөлік шығарындыларын азайту, көгалдандыру және басқа да шаралар қарастырылған. Барлығы 13 іс-шара көзделген, оның ішінде 8 іс-шара орындалды.

«Ластаушы заттар шығарындыларын азайту жөніндегі табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыру барысында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл шығарындыларды 15%-ға қысқартуға мүмкіндік туды. ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ге газ құбырларын салу бойынша жұмыстар аяқталды, сондай-ақ осы объектілердегі 16 су жылыту қазандығы газға ауыстырылды», — деді С. Брекешев.

Елорданың жеке секторын газдандыру жалғасуда. Табиғи газға 13 дербес қазандық қосылған. 2-ші және 3-ші кезектерді газдандыруды аяқтау 2025 жылға дейін жоспарланып отыр.

Қазіргі кезде елордада табиғи газ 14 мың абонент немесе 200 мыңға жуық адам үшін қол жетімді. 6,7 мыңға жуық абонентке газ берілді. Сондай-ақ газға 13 дербес қазандық қосылған.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі қалалық көліктің шығарындыларын азайтудың тағы бір жағымды мысалын келтіріп өтті. Елорда әкімдігі биыл 100 бірлік электр автобустарын сатып алып пайдалануға берді, қаланың коммуналдық кәсіпорындарының автокөлік құралдарының 75%-ы газ отынына ауыстырылды, қалалық такси паркін ГБҚ-ға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Сондай-ақ Астана қаласының жел режимін зерттеу аяқталды. Қаланың құрылысын, жер бедерін, жасыл желектерді ескере отырып, жел картасы жасалды, зерттеу нәтижелері Жаңа Бас жоспардың жобалық шешімдерінде ескерілетін болады.

Қалдықтарды басқару 

Қалдықтарды басқару мәселелері, рұқсат етілмеген полигондар мәселесі де алаңдатады. Биыл ғарыштық мониторингтің көмегімен 551 полигон анықталып, оның 46%-ы ғана жойылды.

«Полигондардың ұлғаюының себебі жаңа Экологиялық кодекстің талаптарына байланысты, оған сәйкес қоқыс шығаратын ұйымдардың тізілімі жүргізіледі және құрылыс қоқыстарын қала шегінен шығаруға тыйым салынады. Полигондарды жою үшін кесте жасалды. Алайда полигондар жойылған жоқ. Елордалық экология департаментіне осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырамын», — деді ведомство басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар жеке тұлғаларға 50 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Мәселелерді шешу үшін әкімдікке қалдықтардың түзілуін барынша азайтуға бағытталған іс-шаралар өткізу, шағын және орта бизнес субъектілерін коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі ахуал туралы халықты хабардар ете отырып, коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласына белсенді тарту және тиісті бағдарлама әзірлеу ұсынылды.

Сонымен қатар кешенді жұмыс жүргізу үшін әкімдік коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарлама әзірлеп, бекітуі қажет.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Астана қаласы әкімдігінің назарын жаңа Экологиялық кодексте белгіленген жүйелі шараларға аударды. Мәселен, жергілікті атқарушы органдардың қоршаған орта мәселелеріндегі өкілеттіктерін едәуір күшейту және кеңейту көзделген. Енді әкімдіктер ауа сапасы нашарлаған кезде көлік құралдарының кіруіне шектеулер енгізуге, ал қолайсыз метеорологиялық жағдайлар туындаған кезде, мысалы, желсіз болған кезде ластаушы кәсіпорындардың қызметіне уақытша шектеулер енгізе алады.

«100 мыңнан астам халқы бар қалалардың әкімдіктері әр 5 жыл сайын қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін және оны жақсарту жөніндегі іс-шараларды бекітуге, сондай-ақ осы жоспарларға сәйкес жергілікті бюджет қаражатының толық көлемде жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Сондықтан қала әкімдігі бұл жұмысты жүргізуі қажет», — деді Серікқали Брекешев.

Су ресурстары 

Сонымен қатар кездесу барысында қаланың су ресурстарының жай-күйі мәселелеріне қатысты Есіл өзеніне және оның салаларына ағынды суларды ағызу туралы шағымдар үнемі келіп түсетіні атап өтілді. Бұған жеке сектор мен кәсіпорындардың пайдаланылған суларының тиісті тазартусыз жаңа инженерлік желілерге заңсыз төгілуі, сондай-ақ нөсер кәріз жүйесінің жұмысындағы проблемалар себеп болуда.  

Осыны ескере отырып, су ресурстарының ластануын болдырмау мақсатында әкімдікке барлық абоненттерді орталықтандырылған кәрізге қосу бойынша жұмысты ұйымдастыру, нөсер ағындарының коллекторына рұқсатсыз ағызуды болдырмау бойынша бақылауды қамтамасыз ету, заңсыз ағызу көздерін анықтау үшін қаланың жерасты су құбыры желілеріне тексеру жүргізу және инженерлік су құбыры желілерін жөндеу мен оларды «Астана су арнасы» МКК тазарту станцияларына қосуды қамтамасыз ету ұсынылды.

Өз кезегінде әкімдік пен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су айдындарын тазарту, су айдындарының жағалау аумағын қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Су шаруашылығы мәселелеріне тоқталған ведомство басшысы осы саладағы негізгі проблемалар – су шаруашылығы объектілерінің тозуының жоғары деңгейі, судың үлкен шығыны екенін атап өтті. Осыған байланысты су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау, суару арналарын цифрландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Оның айтуынша, Астана қаласында қолданыстағы қорғаныс бөгетін қайта жаңарту және күшейту, сондай-ақ төгу каналын салу жоспарлануда. Жұмыстар 2020 жылы басталды. Бүгінгі таңда қымбатшылыққа байланысты жобалық-сметалы құжаттаманы түзету жүргізілуде. Жұмысты 2024 жылы аяқтау көзделген. 

Сумен қамтамасыз ету мәселелеріне келсек, елордада су тұтыну ұдайы артып отырады. .

Осы орайда Астана су қоймасына ағындылықты арттыру үшін Есіл өзенінің арнасын тазартып, түбін тереңдете отырып, Қ. Сәтбаев атындағы каналдан толтыру бойынша құрылыстар салу жоспарланып отыр. Жоба 2 кезеңмен жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.  Республикалық бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда 1-кезек бойынша құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың соңында, 2-кезек бойынша 2025 жылдың соңында аяқтау көзделген. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, Астана су қоймасының пайдалы көлемін ұлғайту үшін келесі жылдан бастап түбін тұнба шөгінділерінен тазарту жұмыстары қолға алынады.

Серікқали Брекешев су ресурстарын басқару жүйесін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол үшін тиісті Тұжырымдама жобасы әзірленді. Екі бағытқа баса назар аударылатын болады. Бірінші кезекте, су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру шеңберінде су заңнамасы мен дипломатияны жетілдіру көзделген. Жаңа Су кодексінің жобасы әзірленіп жатыр, жақын арада ол Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің сайтында жарияланып, азаматтардан ұсыныстар қабылданады. 

Сонымен қатар Су ресурстары комитетінің, оның ведомстволық бағынысты және ғылыми ұйымдарының әлеуеті арттырылады, кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін жақсарту бойынша жұмыс жүргізіледі.

Екінші бағыт. Тұрақты даму үшін суға сұранысты басқару бойынша Қазақстанның су-ресурстық әлеуетін бағалау мен болжау, су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіру және дамыту, су үнемдеуді экономикалық ынталандыру шараларын, оның ішінде тарифтерді қайта қарау жөніндегі шараларды дамыту қарастырылған. 

Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – елдің су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану, экономика салалары мен қоршаған ортаның қажеттілігін теңгерімді қамтамасыз ету проблемаларын шешу.

Орман шаруашылығын дамыту 

Қазіргі уақытта республиканың ормандылығы 5%-ды құрайды. Мақсат 2030 жылға қарай көрсеткішті 5,3%-ға дейін жеткізу. Президенттің бастамасымен 5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш отырғызу жұмыстары басталды. Былтырғы жылдың жоспары орындалды. 138 млн ағаш отырғызылды. Биыл жоспарланған 279 млн дана ағаштың 224 мың жасыл желегі егілді. Ормандар өсімін бақылау және мониторингтеу үшін интерактивті карта жасалды.

Сондай-ақ елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев орман шаруашылығын дамыту мәселелеріне тоқтала келе, елорда әкімдігі 2021-2025 жылдарға арналған қаланың жасыл аймақтарын көгалдандыру мен құрудың өңірлік жоспарын әзірлегенін атап өтті. Өткен жылы елордада 1 млн 65 мың ағаш отырғызылса, биыл 259 мың дана жасыл желек егілді.

Сонымен қатар Астана қаласының айналасында жасыл белдеу құру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда оның ауданы 90,0 мың гектардан асады. Алдағы екі жылда 5,8 мың гектар алқапқа орман дақылдарын отырғызу жоспарлануда. Сондай-ақ жұмыс климаттық жағдайлар салдарынан әлсіреген екпелерді қайта қалпына келтіру шеңберінде жалғасатын болады.

Кездесу барысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев сұрақ-жауап форматында елорда тұрғындарының сұрақтарына жауап берді, ал аяқталғаннан кейін азаматтарды жеке қабылдады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу