Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша өңірде тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталуда — О. Оразалин

13 маусымда ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінде» Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің дамуына әсер ететін бұрыннан қалыптасқан бірнеше мүмкіндік бар. Олардың ішінде:

  1. облыстың қолайлы географиялық орналасуына байланысты көлік-логистикалық хаб ретінде дамуы; 
  2. өңірдің кең аумағы мен климатының қолайлылығына байланысты ауыл шаруашылығының дамуы; 
  3. облыстың жер қойнауында пайдалы қазбалардың болуына байланысты өнеркәсіп салаларының дамуы.

Бұл орайда О. Оразалин аталған артықшылықтардың қандай нәтижелер беріп жатқанын, сондай-ақ одан қандай перспективалар туындайтыны туралы баяндап берді.

КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ 

«Өңір экономикасының дамуы және жаңа жұмыс орындарының ашылуы өмір сүру деңгейінің жақсаруына, халық саны мен бала туу көрсеткішінің өсуіне алып келді», — деді әкім.

Атап айтқанда, 1 сәуірдегі ақпаратқа сәйкес облыс халқының саны – 908 796 адам, Ақтөбе қаласында – 525 905 адам.

Өңір басшысының айтуынша, осы факторлар өңірде тұрғын үй құрылысына деген қажеттілікті арттырды. Мәселен, соңғы 3 жылда Ақтөбе облысында жыл сайын кемінде 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Өткен жылы 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл – 5 жыл бұрынғы көрсеткіштен 2 есе көп және барлық уақыттағы ең жоғарғы көрсеткіш. 

Биыл да 1,3 млн шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр, 5 айдың өзінде 300 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Бұл жерде құрылыстың дамуы — экономика өсімінің негізгі драйвері.

«Ақтөбе облысының үлкен көлік торабы және көлік хабы ретінде даму әлеуеті зор. Бұл орайда тұрғындар, кәсіпкерлер мен өндіріс мекемелерінің тарапынан өңірдегі автожолдардың сапасына қатысты наразылықтары бар», — деді О. Оразалин.

Оның айтуныша, басқа өңірлермен салыстырғанда, бастапқы жақсы жолдардың үлесі Ақтөбе облысында өте төмен болды – 10 жыл бұрын (2011-ден 2021-ге дейін) 43% немесе республикадағы 16 орын.

«Аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, осы жағдайды түзету үшін біз тиісті шараларды қабылдап келеміз», — деді әкім.

2011-2018 жылдары, яғни 8 жыл ішінде жолдарды жөндеуге 36 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалып, жергілікті жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 11%-ға артты, соңғы 3 жылда шамамен дәл осындай көлемде қаражат бөлініп (36,7 млрд тг), жақсы жағдайдағы жолдар үлесін 13,7%-ға ұлғайтылды. Өңір басшысының айтуынша, бұл мәселе Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың арқасында, оған қоса дәл сондай көлемде паритеттік негізде жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. 

Осы жылы барлық кезеңмен салыстырғандағы ең ауқымды қаржы – 34,5 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде 20,6 млрд теңгеге жуығы жергілікті жолдарды жөндеуге, ал 13,9 млрд теңге көшелерді жөндеуге жұмсалмақ. Жалпы осының арқасында 583 шақырымнан астам жолдарды қамту жоспарланып отыр.

Нәтижесінде нормативтік жай-күйдегі жергілікті жолдардың үлесін биыл 66,7%-дан 72%-ға дейін жақсарту көзделіп отыр.

«Сумен және газбен жабдықтау бойынша бүгінде облыс халқының 97,2%-ы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген, атап айтқанда, өткен жылы біз жалпы халқы 5 мың адамды құрайтын 10 ауылды сумен қамтамасыз еттік», — деді Оңдасын Оразалин.

Оның мәлімдеуінше, 23 мыңға жуық халқы бар 11 ауылды орталықтандырылған ауыз сумен және 39 ауылды кешенді блок-модульдермен қамту жоспарда бар.

«Біздің алдымызда Мемлекет басшысының 2025 жылы халықтың 100%-ын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Дегенмен қабылданып жатқан шаралардың арқасында біз бұл көрсеткішті 2023 жылы орындауды жоспарлап отырмыз», — деді әкім.

Көгілдір отынмен қамту бойынша 2021 жылы 10 мыңнан астам халқы бар 16 ауыл газбен қамтамасыз етілді. Биыл 9 ауылға көгілдір отынды жеткізіп, облыстағы газбен қамтылған халық үлесін 93,4%-ға жеткізу жоспарда бар.

ЖЕР КӨЛЕМІ ЖӘНЕ КЛИМАТТЫҚ ЖАҒДАЙЛАР

«Ауыл шаруашылығы бойынша өңірдің екінші өзіндік әлеуеті – қолайлы климат және кең байтақ алқаптардың болуы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытуға және еліміздің батыс өңірінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ өнімдерді шетелге экспорттауға мүмкіндік береді», — деді О. Оразалин.

2019 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіп, Ақтөбе облысының агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы бойынша 5 жылдық жоспар әзірленген. Сол жоспарға сәйкес, 2020-2021 жылдары жергілікті бюджеттен бұрын-соңды болмаған жем-шөпті субсидиялау үшін 12,7 млрд теңге бөлінді және ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуды субсидиялауға 7,2 млрд теңге қаражат қарастырылды. Яғни, техника алуға республикалық бюджеттен беретін 25%-дық субсидияға қосымша жергілікті бюджеттен 10% қосымша бөлінген.

Осының нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникасының жаңартылуы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,9%-ды құраса, 2021 жылы 5,9%-ға жеткізілді. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, аталған бағыт бойынша Ақтөбе облысы – облыстар арасында алдыңғы қатарда. 

Соңдай-ақ соңғы 2 жыл ішінде 700 млрд теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді, жылқы басы 38%-ға өсті, ірі қара мал басы 19,3%-ға, ұсақ мал басы 7,1%-ға, құстар саны 4,5%-ға ұлғайды.

Осындай қарқынмен мал басының артуына байланысты жем-шөппен қамтамасыз ету үшін 2020 жылдан бастап Үкіметтің қолдауымен бүгінде республикалық бюджет есебінен 25 мың гектар көлтабан және 10,6 мың гектар үнемі суармалы жерлер қалпына келтіріліп жатыр.

Ақтөбе облысы әкімінің айтуынша, жалпы жоспарға сәйкес, алдағы 3 жылда қолданыстағы суармалы жерлердің алқабын 100 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. 

Қабылданған шаралар есебінен Ақтөбе облысы 32 негізгі азық-түліктің 24-імен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Оның ішінде ұн, нан өнімдері, сүт, ет өнімдері, жұмыртқа және көкөніс түрлері бар. 

Алдағы 3 жылда өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлесін арттыру үшін агроөнеркәсіптік кешенде 315 млрд теңгеден астам қаражатқа 75 жобаны іске асыру жоспарлап отыр. Нәтижесінде келешекте бағаны тұрақтандыруға толықтай мүмкіндік болады.

ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАР

«Ақтөбе облысы – өнеркәсіптік және инвестициялық тартымдылығы жоғары өңір, мұнда да біз айтарлықтай табысқа қол жеткіздік», — деді О. Оразалин.

Өнеркәсіп және инвестициялар бойынша жалпы өңірдің жер қойнауының әлеуетін пайдалану арқылы жылдан жылға өнеркәсіп өнімі, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі ұлғайып келеді, облыстың экономикасын әртараптандыру бағыты жүргізіліп жатыр.

Кәсіпкерлік бойынша айтылған келесі мәселе – шағын және орта бизнесті дамыту. 2021 жылы 5,5 мыңнан астам бизнес жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетілді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. 

Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын іске асыруға 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл 2020 жылғы қаржыландыру көлемінен 3 есе артық. Айта кету керек, бұл бағыт бойынша Ақтөбе облысы – өңірлер арасында 1-орында. 

«Бұл жақсы нәтиже беріп тұр. Өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2020 жылмен салыстырғанда 6,8%-ға өсті, өнімдерді шығару көлемі 21,7%-ға ұлғайды», — деді ол.

ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ

2021 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы экономикасының өсу қарқыны 103,1% деңгейінде қамтамасыз етілген. Жеті көрсеткіштің алтауы бойынша өсу қарқыны 100%-дан жоғары деңгейде қалыптасты. Өткен жылғы қуаңшылыққа байланысты өсімдік шаруашылығы көлемінің азаюы, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің 3,1%-ға төмендеуіне алып келді.

«Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша өңірде тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталуда», — деді өңір басшысы.

О. Оңдасын берген ақпарат бойынша жалпы салалар бойынша өнеркәсіп өнімінің өсімі 101,4%-ды, инвестициялар 104,8%-ды, құрылыс жұмыстары 101,1%-ды, тұрғын үйді іске қосу 101,4%-ды, көлік және қоймалау 110,0%-ды құрады.

Атап айтқанда, облыс бойынша орташа жалақы – 253,0 мың теңге, өсім – 129% (республика – 285,4 мың теңге, өсім – 123,7%). Облыс бойынша инфляция – 108,3%, республика бойынша – 108,8%; өңірдегі азық-түлік тауарларына инфляция – 114,3%, республика бойынша – 113,5%. 

«Біз Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсарту және жалпы әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдайтын боламыз», — деді өңір басшысы.

Баяндама жасап болғаннан кейін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бірінші сұрақ өңір тұрғындарын төмен бағадағы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге бағытталған жобалары туралы болды.

Облыс әкімінің айтуынша, баға индексі 2022 жылғы 24-31 мамыр аралығында 100,3%, жыл басынан бері 116,2%-ды құрады. Рожки бағасы 2,5%-ға (250 тг/кг), қант бағасы 4,5%-ға (395 тг/кг) өскен, тауық жұмыртқасының бағасы 1,3%-ға (296 тг/он) арзандаған. Бұл орайда өңірде ӘМАТ-тың 19 позициясының 16-сының бағасы орташа республикалық бағадан төмен (қарақұмық, қырыққабат және пияз бойынша ғана жоғары). 

«Бағаның өсуіне бірнеше негізгі факторлар әсер етті. Біріншіден, Ресей Федерациясынан астық пен қант экспортына уақытша тыйым салу азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуіне әкелді. Екіншіден, халықтың барлық азық-түлік тауарларына дүрлікпе сұранысы байқалды», — деді О. Оразалин.

Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорына жергілікті бюджеттен 2,2 млрд теңге және айналым схемасы бойынша қарыз беру үшін 3 млрд теңге бөлінген. Тұрақтандыру қорында 27,2 тонна картоп, 28,6 тонна қырыққабат, 146,5 тонна пияз, 34,6 сәбіз, 86,4 тонна өсімдік майы, 14,5 қарақұмық жармасы, 380,5 тонна қант және 5298,0 тонна 1-сұрыпты ұн бар. Бағаны тұрақтандыру мақсатында облыстың барлық сауда желілері мен коммуналдық базарлары бойынша интервенция жүргізу бойынша жұмыс күшейтілді.

Айналым схемасы аясында 460,0 млн теңге сомасына жергілікті өндіруші «Рамазан» ЖШС-мен Тауық жұмыртқаларын жеткізу шартына қол қойылды. 1-сұрыпты ұнның құнын арзандату мақсатында тұрақтандыру қоры арқылы 903,0 млн теңге сомасына 1-сұрыпты ұнды форвардтық сатып алу жүзеге асырылады. Нан пісіру кәсіпорындарына 1-ші сұрыпты ұнды 105,0 тг/кг бағамен жеткізу үшін «Рамазан» ЖШС ірі ұн тарту кәсіпорнымен шарт жасалды.

Өңір басшысының айтуынша, сауда үстемесін 5-10%-ға дейін төмендету мақсатында азық-түлік тауарларын өндірушілермен және сауда желілерімен 515 меморандум жасалды. Мониторингтік топтар күн сайын ӘМАТ-тың 19 позициясының бағаларына және сауда үстемесінің сақталуына және бағаның негізсіз асып кету фактілерін анықтауға мониторинг жүргізеді. Мәселен, бүгінде ӘМАТ-ты өткізетін кәсіпкерлік субъектілеріне (үй жанындағы дүкендерге) қатысты ӘМАТ-қа сауда үстемесінің мөлшерінен асып кету белгілері бойынша 3 әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы департаменті «КаИС инвест» ЖШС және «Фирма Ас-Ан» ЖШС қанттың көтерме жеткізушілеріне қатысты қантқа сауда үстемесін негізсіз арттыру бойынша 2 тергеуді бастады.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының прокуратурасы қаланың 4 көтерме сауда базарын («Орталық базар», «Табыс», «АгроОптсервис», «Алматы») ӘМАТ-қа баға белгілеу бойынша, салық туралы, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы сақтау, сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша 2020-2021 жылдары және 2022 жылдың өткен кезеңінде тексеруді аяқтады.

Нәтижесінде, ҚР ӘҚБтК-нің 802-бабының 1-тармағына сәйкес барлық 4 базарға қатысты сауда базарларына қойылатын талаптарды бұзған базар әкімшілерін әкімшілік жауапкершілікке тартуға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды, ТП-ның 1-бөлігі бойынша ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды.

«Жыл басынан бері облыс бойынша 221 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. «Алаңнан сөреге дейін» жобасы аясында Ақтөбе қаласында 8 «Табыс Агро» дүкені іске қосылды, онда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерін тікелей халыққа төмендетілген бағамен сатады. Аталған бағыттар бойынша жұмыстар жалғасып жатыр», — деді өңір басшысы.

Сонымен қатар О. Оразалинге облыстағы қоқыс мәселесі туралы сұрақ қойылды.

«Қоқыс мәселесіне келетін болсақ, қатты тұрмыстық қалдықтар, стихиялық қоқыстар және ірі габаритті қоқыстар деп бөліп қарауымыз керек. Осыған дейінгі жылдары облыс орталығында туындаған қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесі қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде бірізділендірілді. Нұр-Сұлтан қаласында өзін тәжірибесімен дәлелдей алған “Клин сити” компаниясын Ақтөбеге шақырдық. Олар оннан астам жаңа техникамен келді, жыл соңына дейін тағы да 35 техника алуды жоспарлап отыр. Бірақ тұрғындардың қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарғаны үшін төлемақыны тұрғындардың 40 пайызы төлемей отырғаны, осы компаниялардың жұмысына кедергі. Қазір олар абоненттік базаны жасақтаумен айналысып жатыр. Қатты тұрмыстық қалдықтар шығарумен айналысатын 4 компания бар», — деді әкім.

Өңір басшысының айтуынша, облыс үшін ірі көлемді қоқыстар расымен мәселе болып отыр. Пәтерлеріне жөндеу жасап, құрылыс материалдарының қалдықтарын, ескі жиһаздарын, істен шыққан тұрмыстық техникаларын контейнерлер алаңына немесе тал арасына апарып үйіп тастауды әдетке айналдырған тұрғындар бар екен. Олармен жергілікті полиция қызметі кұресіп келеді.

Облыста стихиялық қоқысқа толған 400-ден астам орын бар, оларды «Ғарыш сапары» спутниктік түсірілім арқылы өткен жылы анықтап берген. Аталған орындар қоқыстан тазартылды. Биыл да сондай үйінділер анықталып, өңір оны тазалауға кірісті. Стихиялық қоқыстарды жоюға Ақтөбе қаласының әкімдігі 95 млн теңге бюджеттен бөліп отыр. 

Оған қоса облыс әкімі кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі туралы сөз қозғады.

Оның мәліметінше, 2022 жылға облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 1251,0 мың м2 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. 2022 жылдың есепті кезеңінің қорытындысына сәйкес, облыс бойынша 272,7 мың м2 тұрғын үй пайдалануға тапсырылды, оның ішінде 145,3 м2 халықтың жеке қаражаты есебінен және 127,4 м2 коммерциялық құрылыс салушылармен берілген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 101,4 %-ды құрайды. 

Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың жоспарына сәйкес, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-ның қайтарымды қарызы есебінен «Отбасы банк» АҚ желісі арқылы Ақтөбе қаласының «Есет Батыр» («Нұр-Ақтөбе») тұрғын үй алабында 20,5 мың м2 әлеуметтік несиелік тұрғын үй немесе 216 пәтер (2021 жылдан ауыспалы 2 жоба) салу жоспарда бар. Құрылыстың бұл бағытына 5,8 млрд теңге қарастырылды. 

Қазіргі таңда уәкілетті мемлекеттік органдармен қосымша 10 жаңа несиелік жоба әзірленді, жобалар – сараптамадан өту сатысында.

Халықтың әлеуметтік осал топтары мен көп балалы отбасылар үшін Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында жыл соңына дейін сатып алу құқығынсыз 35,4 мың м2 жалға берілетін тұрғын үй немесе 531 пәтер салу жоспарланған. Жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 3,9 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 1,7 млрд теңге Ұлттық қордан, 2,2 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайталама тұрғын үй бойынша жалдау ақысын субсидиялау мәселесін қарау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттары үшін төлемдер жүзеге асырылады. 

Облыстағы бағдарламаның қаржы операторы – «Отбасы Банк» АҚ Ақтөбе облыстық филиалымен 18 сәуірінен бастап өтініштерді қабылдау бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда 300-ге жуық өтініш мақұлданды.

Анықтама: төлем алушыларға табысы 1 күнкөріс деңгейінен төмен кезекте тұрғандар келесі санаттар жатады:

- 1 және 2-топтағы мүгедектер;

- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар

- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған балалар;

- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар.

Жалпы 2022 жылға жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдерді жүзеге асыруға 40 млрд теңге бөлінген, оның ішінде Ақтөбе облысында кезекте тұрған 3,2 мың адам үшін 1,6 млрд теңге сомасында шығыстар көзделген. 

Ақмола облысының әкімі Оңдасын Оразалы ауыл шаруашылығын дамытудың жоспарларымен бөлісті. 

Агроөнеркәсіп кешені облыс экономикасында ерекше және басым орын алады. Мұны мемлекеттік қолдау және ынталандыру шаралары бойынша көруге болады. 

2022 жылға болжам бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемінің өсімі 106%, оның ішінде мал шаруашылығы 103%, өсімдік 104%-ға орындалуы күтілуде.

Өңір басшысының айтуныша, мал шаруашылығы бойынша облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарының мал басын қарқынды арттыру мақсатында «ҚазАгро» АҚ-ның қаржы институтары арқылы 10,0 мың бас ІҚМ аналықтарын, 20,0 мың бас қой аналықтарын сатып алуы және 10 тауарлы сүт фермасын ашу көзделіп отыр.

Жоспар бойынша биыл 4,2 мың тонна сиыр еті, 245 тонна қой еті экспорталады. Бұл көрсеткішке жету мақсатында мал бордақылау алаңдарына 30,0 мың бас бұқашықтар тапсырылуы жоспарланып отыр. Шаруашылықтардың мал бордақылау алаңдарына бұқашықтарды тасымалдауын жеңілдету және тапсырылатын бұқашықтар санын еселеп арттыру үшін мал бордақылау алаңдары жоқ аудандарда бордақылау алаңдарын ашу жоспарланып отыр.

«Ақтөбе облысында 2021-2025 жылдарға арналған АӨК инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес, инвестиция көлемі 315,3 млрд теңге және 8 199 жұмыс орнын құрумен 75 жобаны іске асыру көзделген», — деді О. Оразалин.

Биыл 12,5 млрд теңге құнымен 25 жобаны іске асыру және 218 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Оның ішінде 5 сүт-тауарлы фермасы, 3 бордақылау алаңы, 10 репродуктор шаруашылығы, 4 ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жоба, 3 суармалы егіншілік және жылыжай шаруашылығы бойынша жоба. 

Жалпы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту және Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қойылған міндеттері инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы орындалатын болады.

Сонымен қатар өңір басшысына қоғамдық тасымалдаушылар жұмысы туралы сұрақ қойылды.

«Ақтөбе қаласында қоғамдық көлік тасымалы мәселесін жүйелі түрде шешу қолға алынды. Соңғы алты жылда бюджет тарапынан қолдаудың болмауы салдарынан облыс орталығында қоғамдық тасымал саласының кенжелеп қалғаны рас. Бұл бір жылда шешілетін мәселе емес. Біз алдымен Ақтөбе нарығына қоғамдық тасымалмен айналысушы компанияларды тарту үшін бюджет тарапынан субсидиялау мәселесін шештік. Әлеуметтік өтемақыны шештік. Яғни, әлеуметтік осал топтың 7 санаты жеңілдетілген жолақымен қатынайтын болды», — деді О. Оразалин. 

Әлеуметтік маршруттар субсидияланатын болғандықтан, Ақтөбе нарығына Алматыдан және Атыраудан жаңа автобустарымен екі компания қосылды. Олардың қызмет көрсету сапасы бәсекелестік ортаның талабын туғызды. Яғни, Ақтөбедегі бұрынғы «Автопарк» серіктестігі де паркін жаңартуға кірісті. Осылайша, алматылық «Қала транс» компаниясы 32, атыраулық «Ақжайық автопарк» 18, Ақтөбенің өзінің «Автопарк» серіктестігі 23 жаңа автобус әкелді. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Бүгінде күніне маршрут желісіне 350 автобус шығып жүрсе, әлі де 150-200-дей автобус қкерек. Жыл соңына дейін аталған компаниялар автобустар қатарын толықтыруға уәде берген. Қазір осы жаңа автобустардың есебінен қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын автобустарды жаңарту мәселесін шешіле бастады.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин көп балалы аналардың мәселелерін шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Елімізде аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмектің бірнеше түрі (көп балалы аналарға арналған жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік топтама, жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша біржолғы әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй көмегі, тұрғын үй сертификаты және  қайырымдылық көмектер) көрсетіліп жатыр», — деді ол.

Ақтөбе облысы бойынша бүгінде құрамында 96 965 баласы бар 22 476 көп балалы отбасы бар, оларға осы жылдың 5 айында 5 886,3 млн теңге төленді. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек құрамында 21 061 адамы бар  4 130 кедейлік шегінен төмен тұратын аз қамтылған отбасыға 770,4 млн теңге көлемінде төленді. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларының 1 жастан 6 жасқа дейінгі 5 352 баласына 179,9 млн теңгеге  кепілдендірілген әлеуметтік топтама (азық-түлік жиынтығы, гигиеналық құралдары) таратылды. 

«Әлеуметтік көмек көрсетудегі негізгі ұстаным – шынайы мұқтаж азаматтарға көмектесу», — деді өңір басшысы.

Бүгінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың негізгі үлесін 64,5% он сегіз жасқа дейінгі балалар (13 597бала) құрайды. 2022 жылдың осы мерзіміне атаулы әлеуметік көмек алушылар саны 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 891 отбасына 2 559 адамға азайды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі ең басты шарттардың бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. 

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасындағы 513 еңбекке қабілетті азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, оның ішінде 261 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 5 айда 311 отбасыға 4,1 млн теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалып, 24 отбасыға 22,0 млн теңгеге тұрғын үй сертификаты берілді.

Жергiлiктi өкiлді органдарының шешiмдерiне сәйкес, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы қосымша әлеуметтік көмек көрсетіледі. Жыл басынан 11 786 адамға 642,2 млн теңгеге көмек көрсетілді, оның ішінде қиын жағдайдың туындауына байланысты 374 адамға 35,1 млн теңгеге көмек көрсетілді. Жыл басынан 6 236 аз қамтылған отбасыға демеушілер тарапынан 41,5 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу