Денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау — 2020 жылдың қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы

Эпидемиологиялық ахуал мен карантиндік шараларға қарамастан, Қазақстан астанасы жыл бойы экономикалық дамуда оң қарқынды қамтамасыз етті. 2020 жылғы Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары туралы толығырақ шолу материалынан оқыңыздар.

2020 жылдың қорытындысы бойынша елорданың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң серпін байқалды. Осылайша, 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім 5 трлн теңгені құрады.

Өнеркәсіп кәсіпорындары 1 трлн 43 млрд 700 млн теңгеге өнім өндірді, бұл индекс 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға өскен. Өңдеу өнеркәсібінде 2,9% өсіммен 936,5 млрд теңге сомасына өнім өндірілді. 

2020 жылы №1 индустриялық парк аумағында жалпы сомасы 23 млрд теңгеге 10 жоба пайдалануға берілді, шамамен 1 000 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде.

Елордаға 1 трлн 115 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 21,5%-ға жоғары.

2020 жылы 3 078,9 мың ш.м. тұрғын үй пайдалануға берілді немесе 2019 жылдың тиісті кезеңіне 172,6%. 

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,7%-ға (144,8 мың бірлік) өсті.

Экономиканың нақты секторында 29 мың жаңа жұмыс орны (тұрақты – 16,8 мың, уақытша – 12,2 мың адам), оның ішінде ШОБ саласында 21,1 мың жұмыс орны (72,6%) құрылды. 

Нұр-Сұлтан әкімдігінің жергілікті бюджетін оңтайландыру 43 млрд теңгені құрады. Босаған қаражат әлеуметтік саланы қаржыландыруға, инфрақұрылымды дамытуға, экономика секторын қолдауға, денсаулық сақтауға, білім беруге және т. б. бағытталған. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың өнімсіз шығындарын қысқарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Оңтайландырылған қаражат нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге, пандемия кезінде шағын және орта бизнесті қолдауға, жұмыспен қамту мәселелеріне, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға және қоғамды толғандыратын басқа да салаларға бағытталды.

Мысалы, экономиканың нақты секторы мен инфрақұрылымды қолдауға 25,7 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Бұл — апатты үйлерді бұзу, жолдар, аулалар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу, шағын және орта бизнесті кредиттеу, тұрақтандыру қорын толықтыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін кредиттер беру бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және т. б.

Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек көрсету салаларына қосымша 10,5 млрд теңге бағытталды: әлеуметтік көмек көрсетуге; қашықтан оқытуды ескере отырып, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға компьютерлер, роутерлер, мектеп киімдерін сатып алуға бөлінді. Сондай-ақ қосымша медициналық жабдықтар сатып алуға және т. б. бағытталды. 

Сонымен қатар медициналық салалар үшін әкімдік резервіне 6 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

 

Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесі қалай дамыды?

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының көп бейінді стационарларында тексеру және емдеу барысында COVID-19-ға оң нәтиже анықталған пациенттерді емдеуге жатқызуға арналған инфекциялық төсек орындары бар. 

Аталған ұйымдарда ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес санитарлық өткізу, «лас», «таза» аймақтарға бөлу және басқа да талаптар бар. 

Ауру-сырқаудың өсуі жағдайында кезең-кезеңімен 7 мыңнан астам төсек-орынға арналған 18 нысан қайта бейінделеді. Тиісті алгоритм бар.

Covid-19-ға биоматериал алу зертханаларының саны тәулігіне жалпы қуаты 12 мыңнан асатын 21-ге дейін ұлғайтылды. Бүгінгі күні ПТР-тестілеу арқылы 757 мыңнан астам зертханалық зерттеулер жүргізілді.

Сондай-ақ, көпбейінді қалалық ауруханалардың жедел қабылдау бөлмесіне және акушерлік блоктарға түсетін пациенттер үшін 2 сағат ішінде нәтиже беретін изотермиялық шағын зертханалар сатып алынды (жалпы қуаттылығы тәулігіне 1 440 зерттеу болатын 9 мобильді шағын зертхана). Бұл басқа аурулар бойынша шұғыл түрде түскен пациенттер арасында коронавирус инфекциясы тасымалдаушыларын анықтауға және оларға уақытылы ем көрсетуге мүмкіндік береді.

Стационарлардың қамтылуы: 516 ӨЖЖ аппараты, 33 рентген-аппараты, 600-ден астам флоуметрлер, 500-ден астам оттегі концентраторлары, 1 584 оттегі орындары және т. б.

Тұрақтандыру қоры құрылды. Тағы 830 мың бірлік дәрілік заттар бар. «СҚ-Фармация»-мен бірлесіп дәрі-дәрмектер сатып алынуда. Жеке қорғану құралдарының 3 айлық қоры бар.

Қаланың барлық емханаларында сүзгі-кабинеттер жұмыс істейді (80-нен астам МСАК ұйымдарында). Олардың негізгі міндеті — жіті респираторлық вирустық инфекция белгілері бар пациенттерді анықтау және оқшаулау. Сүзгі-кабинеттерде пациенттер ПТР-тестілеуден өтеді, вирус анықталған жағдайда амбулаториялық бақылау және емдеу тағайындалады.

2020 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласында, бірінші кезекте, түзетулер енгізгенімен, қойылған негізгі міндеттерді жүзеге асыруға кедергі келтірмеген коронавирус инфекциясы эпидемиясына байланысты үлкен жұмыс атқарылды.

Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарына сәйкес 2026 жылға дейін елордалық денсаулық сақтаудың барлық медициналық ұйымдарын қайта ұйымдастыру толығымен аяқталды. Бүгінгі күні қалада 31 медициналық ұйым жұмыс істейді: 15 емхана, МСАК орталығы, 9 аурухана, жедел медициналық жәрдем станциясы және 5 өзге де медициналық ұйым.

3 медициналық ұйымда күрделі жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді, бұл, мысалы, №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының базасында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығының бөлімшесін ашуға мүмкіндік берді.

Қысқа мерзім ішінде елордада 210 орындық қалалық жұқпалы аурулар орталығы жобаланып, салынды.

Бұдан басқа медициналық мекемелердің «қадамдық қолжетімділігін» қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда. 260 мыңнан астам адамды қамтумен 20 минуттық қадамдық қолжетімділік шегінде «Үйдегі дәрігер» объектілерінің саны 30-ға дейін жеткізілді. 2020 жылы денсаулық сақтау нысандары бойынша 2 ірі жоба қолға алынды: «Алматы» және «Байқоңыр» аудандарында емханалар салу.

Дәрігер кадрларының тапшылығын қысқарту бойынша шаралар қабылдануда. Бұл мәселені шешу үшін әкімдік 21 сұранысқа ие мамандық (287 грант) бойынша мақсатты резидентурада медицина кадрларын даярлау үшін ақшалай қаражат бөлді. Орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 250 әлеуметтік тапсырыс орындарына грант бөлінген.

 

2020 жылы халықты әлеуметтік қолдау бойынша қандай жұмыстар жүргізілді? 

Әлеуметтік қолдаумен 168,6 мың адам қамтылды.

Мынадай әлеуметтік көмек көрсетілді:

  • 133 мың мұқтаж азаматтарға мерекелік және атаулы күндерге біржолғы ақшалай төлемдер (2,5-тен 67 АЕК-ке дейін);
  • 129 мыңнан астам адамға тегін қызмет көрсетіледі (жеңілдікпен жол жүру, тіс протездеу және санация, өмірлік қиын жағдай кезінде әлеуметтік көмек көрсету, ЖОО-да оқу ақысын төлеу, қатты отын сатып алуға 16 АЕК немесе 44 448 теңге мөлшерінде өтемақы, газдандыруға 90 АЕК немесе 250 мың теңге мөлшерінде өтемақы).

Оңалту шараларымен (әлеуметтік және медициналық: жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының, «Инватакси», санаторий-курорттық емдеу, сондай-ақ протездік-ортопедиялық көмек көрсету, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету және оңалтудың техникалық құралдарын сатып алу — бұл кресло-арбалар, сөйлеу процессорлары және т. б. қызметтері) 19,7 мың мүгедек адам қамтылды.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 4 107 отбасын (18,6 мың адам) құрады.

АӘК алатын 3515 отбасының 1 жастан 6 жасқа дейінгі 5 мыңға жуық баласы азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия жиынтығы түріндегі кепілдендірілген әлеуметтік пакет алды (58 790 азық-түлік жиынтығы және 17 179 тұрмыстық химия жиынтығы). 

4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар (немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінің студенттері, табыстарын есептемегенде) көп балалы отбасыларға балалар санына байланысты сараланған мөлшерде (4 баласы барларға – 42 500 теңге, 5 баласы барларға – 53 125 теңге, 6 баласы барларға – 63 750 теңге, 7 баласы барларға – 74 375 теңге) жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді, 19 мыңнан астам адам төлемдермен қамтылды. Орта есеппен жәрдемақы мөлшері әр балаға 10 625 теңгені құрайды.

8 ведомстволық бағынысты мекеменің материалдық-техникалық базасы жақсартылды, 4,2 мың адамға арнаулы әлеуметтік қызмет, 586 адамға ҮЕҰ қызметі көрсетілді.

Төтенше жағдай және карантиндік шектеулер кезеңінде қосымша қолдау шаралары қабылданды:

Үш ағымда (наурыз-тамыз) 2 АЕК (5 556 теңге) мөлшерінде 209 мың азаматқа 1,3 млрд теңге сомасында азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтардың өтемақысы түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Біз біргеміз» акциясы аясында 3 лекте Nur Otan партиясынан 50 446 мұқтаж азаматқа жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге 50 000 теңгеден әлеуметтік көмек көрсетілді, оның ішінде 17 мыңнан астам мүгедек адам бар.

Бизнес өкілдері мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды қолдау мақсатында табысынан айырылған жағдайда айына 2 кезеңде 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем жүргізілді:

1 кезең — 475 695 адам (595,7 мың өтінім қабылданды);

2 кезең — 142 077 адам (169 450 өтінім қабылданды).

Табысынан айырылу себебінен ЕТЖ мөлшерінде төлемдерді 617 мың адам алды (29,3 млрд тг).

Бұдан басқа, 2020 жылдан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер порталын іске қосты (aleumet.egov.kz), ол мүгедектігі бар адамдардың өнім берушілермен тікелей өзара іс-қимылы бар бірыңғай цифрлық алаң.

Мүгедектігі бар адамдар өздерінің жеке қажеттіліктеріне қарай оңалту құралдарын (55 түрі) және қызметтерін (санаторий-курорттық емдеу, жеке көмекшінің және ымдау тілі мамандарының қызметтері) өз бетінше таңдайды. Порталда қызметтерді алу үшін электрондық-цифрлық қолтаңба болуы қажет. 18 өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы жұмыс істейді.

Сонымен қатар 2020 жылы елорда әкімдігі азаматтарды қабылдауда 10 мың азаматты қабылдады. Елорда тұрғындары «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында, тұрғын үй саласында қызмет көрсету бойынша бірыңғай орталықта, iQala орталығында, «iKomek 109» арқылы және әкімдіктің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарынан сұрақтарға жауап алады. 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында апта сайын онлайн режимінде азаматтарды қабылдау жүргізіледі. Негізгі мәселелерге жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, білім алу, медициналық көмек алу және т. б. жатады. 2019 жылы 10 мың қала тұрғыны қабылданды. Бұл шамамен 10 мың отбасы.

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы 2019 жылдың жазынан бастап жұмыс істейді. Аталған орталықта елордалық отбасыларға заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Тұрғындар «бір терезе» қағидаты бойынша 70-тен астам мемлекеттік қызмет ала алады. Ашылған сәттен бастап орталыққа 45 мыңнан астам қала тұрғыны жүгінді – 65 мыңға жуық мәселе жұмысқа алынды.

Тұрғын үй орталығы 2020 жылдың күзінде ашылды. Аталған орталықта тұрғын үй кезегінің нөмірі, кезекке қалай тұру керектігі, түрлі тұрғын үй бағдарламаларының тетіктері және т. б. туралы білуге болады. Ашылған сәттен бастап 3 ай ішінде Орталыққа 18 мыңнан астам тұрғын жүгінді.

 

Халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту бойынша қандай шаралар қабылданды? 

Қалада Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда, жұмысқа орналасуға мұқтаж жандарды барынша қамту үшін барлық шаралар қабылдануда.

2020 жыл ішінде әлеуметтік қорғау шараларымен 22,8 мың адам қамтылды. 28 996 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде: 16 777 тұрақты және 12 219 уақытша.

Есепті жылы жұмыссыз азаматтарды тегін оқыту бойынша жұмыс жалғастырылды. Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша 220 адамды оқытуға, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1 502 адам және кәсіптік-техникалық оқытуға 1 050 адам жіберілді.

561 азамат 555 600 теңге (200 АЕК) мөлшерінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант иегері болды.

ЖҚЖК аясында 2020-2021 жылдарға елордада 149 жоба іске асырылып, 16 076 жаңа жұмыс орны құрылды, 8 175 адам жұмысқа орналастырылды.

Жобалар аяқталғаннан кейін 1 469 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жалпы, ЖҚЖК жүзеге асыру елорданың еңбек нарығына оң әсерін тигізді.

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 144 769 бірлікті құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,7%-ға артты. 2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте ШОБ саласында жұмыспен қамтылғандар саны 364,4 мың бірлікті құрады. ШОБ субъектілерінің тауарлар (жұмыстар, қызметтер) шығаруы 2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте 4 275,1 млрд теңгені құрады.

2020 жылдың басынан бастап Бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 298 шартқа қол қойылды.

 

2020 жылғы өнеркәсіпті дамытудың қорытындылары қандай?

Қала өнеркәсібі негізінен өңдеу өнеркәсібімен ұсынылған, оның үлесі 89,6% құрайды.

Өткен 4 жылда өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп отыр, өнім шығару көлемі 2 еседен астамға өсті, 2019 жылы НКИ 18,9%-ды құрады, жұмыспен қамту 2,5 есе өсті, 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды.

2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 трлн 43 млрд теңгеден асты, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 936,5 млрд теңгені құрады.

Бүгінгі таңда негізгі салалар қалыптасты. Бұл металлургия, темір жол машинасын жасау, қорғаныс өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, сусындар өндірісі және азық-түлік өнеркәсібі.

Егер бұған дейін өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі үлесті машина жасау иеленсе – 50%, ал 2020 жылы негізгі сала металлургия болды – 56,5%, бұған бірінші Индустриялық парктің қызметі ықпал етті.

2020 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 1000 жұмыс орнын құра отырып, 23 млрд теңге сомасына 10 жоба пайдалануға берілді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру шеңберінде әкімдік екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, әлеуетті кәсіпкерлерді түсіндіру және тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Жобалық кеңсенің жұмысында 38 жоба мақұлданды, жұмыс орындарының саны 1092. Қолдау көрсетілген жобалар өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау, құрылыс индустриясы салаларына жатады.

 

2020 жылы аймаққа қанша инвестиция тартылды? 

Инвестициялық ахуалды жақсарту үшін инвесторларды тарту мәселелері бойынша Өңірлік үйлестіру кеңесінің жұмысы жүргізілуде. 2019 жылғы тамыздан бастап ӨҮК 16 отырысы өткізілді, онда 115 инвестициялық жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде инвестициялық келісімшарт тетігі арқылы 64 жоба іске асырылуда, оның ішінде 2020 жылы 48 жоба тартылды. Арнайы экономикалық аймақтар тетігі арқылы – 43 инвестициялық жоба, қалған жобалар бойынша инвесторлар жобаларды іске асыру тетігін айқындайды.

Қалаға инвестициялар тарту жөніндегі өңірлік фронт-офис инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша, оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер рәсімдерінен өту кезінде толық сүйемелдеуді жүзеге асыратын «AstanaInvest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екені белгілі.

Жұмыс істеп тұрған АЭА мен олардың индустриялық парктерін дамыту жөніндегі жұмыс жандандырылды. «Астана – жаңа қала» АЭА №1 индустриялық паркінің аумағына 2020 жылы 35 жоба тартылды (2019 жылы – 7 жоба, 2018 жылы – 3 жоба). 

Бұдан басқа, әкімдік қалалық кәсіпкерлер палатасымен, сондай-ақ CSI консалтингтік компаниясымен бірлесіп, экономика секторларына терең талдау жүргізді, оның қорытындысы бойынша құрылыс материалдарын өндіру, девелопмент, тамақ өнеркәсібі, логистика және сауда, өңдеу өнеркәсібі сияқты қала үшін негізгі және басым 5 сала (тизер түрінде) айқындалды.

2020 жылы коронавирус пандемиясына қарамастан, елорда әкімдігі қала мен қала үшін маңызды жобаларды іске асыруға жеке инвестицияларды тарту бойынша жұмыстарды тоқтатқан жоқ. Өткен жылы елордаға 1,1 триллион теңге тартылды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 21,5%-ға артық. 

Карантин кезінде құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ, санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып жүргізілді. 2020 жылы елордада 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп.

Өткен жылы ModeX үй құрылысы комбинатының жұмысы іске қосылды. Үй құрылысы комбинаттары тұрғын үй құрылысына көмектеседі: құрылыс мерзімін қысқартуға, тұрғын үйдің өзіндік құнын төмендетуге және үйлердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Инвестицияларды тарту бойынша өңірлік кеңестердің өздері онлайн-режимге көшті. 16 инвестициялық кеңесте 110-нан астам жоба мақұлданды. Бірінші кезекте қала тұрғындарына да, қалаға да қажетті жобалар қолдау тапты. Бұл білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, логистика және сауда, спорт, тұрғын үй және т. б.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нарықты жергілікті тауарлармен қамтамасыз ету үшін нан зауыты, сүт зауыты, көкөніс қоймасы, көтерме-тарату орталықтары салу жобалары қолдау тапты. Сондай-ақ, крандар мен лифтілер өндірісі бойынша жобалар бар.

Сонымен қатар олар маскалар, жеке гигиена және жеке қорғаныс құралдарын шығару бойынша бірқатар жобаларды қолдады. Бірқатар кәсіпорындар өз қызметін медициналық маскалар, қорғаныс костюмдерін және т. б. өндіруге қайта бағыттау туралы бастама көтерді.

 

Өңірде халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асырылуда 

Бүгінгі таңда тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында әкімдік тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру шеңберінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй, кезекте тұрғандар қатарындағы аз қамтылған отбасыларға ҚТҚЖБ кредит беру, кредиттік тұрғын үй салу және т. б. сияқты тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірнеше бағыттары көзделген. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді тұрғын үй көлемі 3 есе өсті.

2020 жылы 29 жасқа толмаған жұмыс істейтін жастарға 350 пәтер берілді. 

Бұдан басқа ЖАО-да кезекте тұрған (Бақытты отбасы) аз қамтылған отбасыларға ҚТҚЖБ кредит беру бағытын іске асыру жүргізілуде.

Осы бағыттың қатысушылары кезекте тұрған көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бола алады, оларға тұрғын үй құрылысы жинақ банкі арқылы жылдық 2%-бен, бастапқы жарнасы кемінде 10% болған кезде 20 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікті қарыздар беру көзделген.

Осы бағыт шеңберінде 2020 жылы аталған санаттағы 340 отбасы жеңілдетілген заем алды.

Сондай-ақ әкімдікпен 1 млн теңге көлемінде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттарын ұсыну көзделген. 2020 жылы азаматтардың осы санаты үшін 259 тұрғын үй сертификаты берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары болып табылатын әкімдікте кезекте тұрғандар үшін 5-10-20 «Шаңырақ» жаңа бағдарламасын іске асыру басталды.

Жаңа жоба «Шаңырақ» пилоттық жобасы аясында несиелік тұрғын үй құрылысы қарастырылған «Нұрлы жер» бағдарламасының кеңеюіне айналды. «Шаңырақ» жобасы 2020-2022 жылдарға арналған. 

2020 жылы 881 азамат ҚТҚЖБ арқылы жеңілдетілген заемдарды рәсімдеді. Оның ішінде 117 өтініш беруші тұрғын үй сертификатының көмегімен жүзеге асырды.

«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ-мен бірлесіп білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт салаларының қызметкерлеріне, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау және мәдениет және спорт министрліктерінің қызметкерлеріне сатып алу құқығымен 1 008-ге жуық жалға берілетін пәтер берілді.

Бүгінгі таңда 526 пәтер бөлінді, тағы 482 пәтерді бөлу жоспарланған.

Нұр-Сұлтанда 2021 жылы 10 мың әлеуметтік пәтер салынады, сондай-ақ «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жалғасады. 

Өткен жылы пандемияға қарамастан елордада 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, оның 80%-ы — жеке инвестициялар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді тұрғын үй саны үш есеге артты. Мысалы, 2018 жылы 1100 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы – 2900 жеңілдікті пәтер салынса, 2020 жылы 7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынды. Бұл көрсеткіш биыл 10 мың жеңілдікті пәтерге дейін ұлғайтылады.

Бұдан басқа, елордада 2021 жылы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жалғасатын болады. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін 1 мыңнан астам жас баспаналы болады.

Елорда әкімінің тапсырмасы бойынша тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, «Шаңырақ» тұрғын үй сертификаттарын алушылардың санатын кеңейту (5-10-20) басталды: егер бұрын тізімге халықтың әлеуметтік осал тобынан тек 3 санат кіретін болса, енді барлық тоғыз санат кіреді. 

Елорда әкімдігі әлеуметтік нысандарды «қадамдық қолжетімділікпен» қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда. Жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында медициналық мекемелер, оңалту орталықтары, балабақшалар, балаларға арналған үйірмелер, полицияның тірек пункттері және т. б. ашылуда.

2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғын үй алаптарында 100-ден астам көше асфальтталды, 40-тан астам қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) мен аулалар абаттандырылды, бірқатар әлеуметтік объектілер, оның ішінде мектептер салынды, газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде және т. б.

Газдандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілді: биылғы жылыту маусымында Железнодорожный, Көктал-2, Агроқалашықтың бір бөлігі тұрғын алаптарының тұрғындары газға көшу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі уақытта Көктал-1, Промышленны”, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 300 км газ тарату желілері салынды. Сонымен қатар Мичурино және Көктал-1 елді мекендерінде екі мектептің құрылысы аяқталды, тағы екі оқу орнының, екі денсаулық сақтау нысанының (Өндіріс, Промышленный) құрылысы жүргізілуде. 

Сондай-ақ тұрғын үй алаптарында 13,5 км инженерлік желілер, 5 км астам кәріз және су құбыры, 3 км астам нөсер кәрізі салынды. 

4 астаналық ТА (Өндіріс, Көктал, Үркер, Железнодорожный) ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Онда спортпен шұғылдануға арналған кабинеттерден басқа қарт адамдарға арналған қызығушылық клубтары, ХҚКО, полиция пункттері, пошта бөлімшелері және т. б. орналасатын болады. Тұрғындар аталған спорт кешендеріне тегін бара алады.

 

Қаланың көлік инфрақұрылымы қалай дамуда

Бүгінгі күні қаланың көлік жүйесі жалпы ұзындығы 852,8 шақырымға созылатын 1 110 көшеден тұрады, оның ішінде жолдардың 88%-дан астамы (752,18 км) асфальтбетонды жабынмен жабылған.

Ағымдағы жылы 164 көше бойынша 100 км жол салынды және жөнделді, оның ішінде ұзындығы 40 шақырымға созылатын тұрғын үй алаптарындағы 104 көше қамтылды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 164 көше, оның ішінде тұрғын үй алаптарында 104 көше жөнделді. Осы жоба аясында 4 881 орын құрылды.

Биыл қаланың 150 көшесіне (170 мың м2) жол белгілерін салу бойынша жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, балалар мекемелері мен мектептер ауданында «Балалар қауіпсіздігі» бағдарламасы толық көлемде орындалды.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық көлік жүйесіне 6 автобус паркі қызмет көрсетеді, оның ішінде 1 коммуналдық және 5 жеке автобус паркі бар.

Нұр-Сұлтан қаласының маршруттық желісі 96 маршруттан тұрады, оның ішінде 65 қалалық маршруттан, 6 экспресс маршруттан, 24 қала маңындағы маршруттан және 1 саяжай маршрутынан тұрады.

Күнделікті кесте 877 автобусты құрайды, оның ішінде 734 автобус қалалық маршруттарға, 44 автобус экспресс маршруттарға, 97 автобус қала маңындағы маршруттарға және т.б. қызмет көрсетеді. Электробустар — 100, қарапайым автобустар — 1 031.

Қазіргі уақытта елордада 1364 аялдама пункті бар, оның 1 мыңнан астамы күту павильондарымен жабдықталған.

 2020 жылы 29 «ақылды» бағдаршам орнатылды.

Осылайша, қазір Нұр-Сұлтан қаласында ITS жүйесімен 210 бағдаршам нысаны қамтылған.

Бүгінгі таңда ITS жүйесінің 3-ші кезегі іске асырылуда (257 бірлік), ол аяқталғаннан кейін қаланы қамту 88% құрайды, бұл негізгі магистралдарды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

2021 жылға көлік детекциясымен 28 бірлік бағдаршам объектілерінің құрылысы жоспарланған.

 Көлік жүйесінің инфрақұрылымын 3 кезекте одан әрі дамыту қаланың басты магистралдарының 88%-ын жабуға мүмкіндік береді, сол арқылы онлайн режимде белсенді және пассивті жұмыс жоспарларын әзірлеу, сондай-ақ жолдардың ағымдағы конфигурацияларынан көшелердің өткізу қабілеттілігін барынша көп пайдалану мүмкін болады.

2020 жылы 173 көше жөнделіп, асфальтталды, екі көпір салынды. Асфальттау және жөндеу үшін жолдар бірнеше критерийлер бойынша таңдалды: бұрын асфальт болмаған жолдар таңдалды; жаңа автобус маршруттары іске қосылатын көшелер; жол қозғалысы қарқыны жоғары және әлеуметтік нысандарға апаратын көшелер. Сонымен қатар, кестеге қала тұрғындары кездесулер кезінде асфальттауды сұраған көшелер енгізілді.

Жалпы алғанда, 173 көшеге асфальт төселді, оның 100-ден астамы тұрғын үй алаптарында төселді. Бұл жұмыстар тұрғын үй алаптарына және қаланың ескі бөлігіне назар аударумен ағымдағы жылы да жалғасады.

Жол жұмыстарын жүргізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы айтарлықтай көмектесті. Ол бойынша 15 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бірінші кезекте қала тұрғындары жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылды.

Бұдан басқа, бұрын жарықтандырылмаған көшелерде жарықтандыру жүргізілді, сондай-ақ сары консольді көше шамдары (натрий лампасы бар) заманауи энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдарға ауыстырылды.

 

Цифрландыруды дамыту және инновацияларды енгізу

2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласын «Ақылды қала» етіп өзгертуге бағытталған жобаларды іске асыру бойынша үлкен жұмыс атқарылды, сондай-ақ бірқатар жоба іске қосылды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 158 қызмет көрсетті. 2020 жылдың соңына қарай көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 100% толық цифрландырылды. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін едәуір дәрежеде төмендетуге, қызметтерге қолжетімділікті арттыруға және қазіргі жағдайда азаматтардың уақыт және еңбек шығындарын қысқартуға мүмкіндік берді.

Пилоттық режимде 112 қызметі іске қосылды. Жоба өтініштерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін, АҚШ-тағы «911» аналогы бойынша қаланың барлық шұғыл әрекет ету қызметтерін бірыңғай 112 нөмірімен біріктіруді қарастырады. Сондай-ақ, 2020 жылы эпидемиологиялық жағдайды бақылау және жедел медициналық көмек негізінде коронавируспен күрес бойынша жедел шаралар қабылдау үшін ахуалдық орталық құрылды және модульдік зертханалар автоматтандырылды, бұл ПТР талдауларын зерттеу процесін едәуір жылдамдатуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, интеллектуалды-көлік жүйесі толығымен енгізілді, соның арқасында елорда жолдары еліміздегі ең қауіпсіз жолдарға айналды. 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 2019 жылдың 10 айымен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 40%-ға (469-дан 334-ке дейін), жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақат алу 40%-ға (619-дан 392-ге дейін) азайды. Қоғамдық орындардағы қылмыстар саны 52%-ға қысқарды. Қазіргі уақытта жоба аясында елорда жолдарында 6000 бейнебақылау камерасы орнатылып, қосылған. Жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде бейнетіркеу жүйесі көлік құралдарының жүргізушілерін тәртіпке келтіруге және адамдар қазақ табатын апаттарды азайтуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, 2020 жылы «Қауіпсіз қала» пилоттық жобасы іске қосылды. Бүгінгі таңда пилот-жоба іске асырылу сатысында. Жоба шеңберінде бейнебақылау камераларымен аулалар, саябақ аймақтары және т.б. қамтылатын болады. Қазірдің өзінде 300 бейнебақылау камерасы орнатылды. Пилот аясында мыңға жуық жаңа бейнебақылау камералары орнатылатын болады. Бұл жоба қылмыс деңгейін төмендетуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қылмыстың ашылуын арттыруға мүмкіндік берді.

ТҮКШ желісі бойынша қалада «бір терезе» қағидаты бойынша барлық коммуналдық қызметтердің қызметтері біріктірілген «iQala» қалалық қызметтер орталығы жұмыс істейді. IQala бірыңғай терезесі арқылы кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар үшін бір өтініш арқылы техникалық шарттар алуға, сондай-ақ жарыққа, суға, жылуға және қоқыс шығаруға қосылуға болады.

Бүгінде «iQala» орталығы тәулік бойы тікелей 151 қызметті ұсынады, оларды бұрын әртүрлі монополистер мен мемлекеттік мекемелер көрсеткен.

2020 жылы 20 жаңа қызмет цифрландырылып, порталға шығарылды. Орталық ашылған сәттен бастап және 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 72 712 қызмет көрсетті. Бұл қаржылық шығындарды азайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және өтініш берушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ автобустарды электрондық төлем жүйелерімен 100% жабдықтау жүзеге асырылды. Бұл ақша қаражатының 40%-ын көлеңкелі айналымнан шығаруға, пандемия кезінде жүргізушімен байланысу тәуекелін азайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, инженерлік/қалалық желілерді цифрландыру және т.б. жүргізілуде. Бұл желідегі жүктемелерді көруге, қай жерде ауыстыру керек, қай жерде қуатты арттыру керек, соны байқауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қаланың цифрлық бас жоспары ретінде цифрлық жобаларды іске асыру қала құрылысы процестерін, белгілі бір аудандарды ауруханалармен, мектептермен, балабақшалармен қамтамасыз ету қажеттілігі туралы деректерді болжауға және модельдеуге, қолданыстағы және жобаланатын жол желілерінің жай-күйін көруге мүмкіндік береді.

Көшелерде «ақылды» камералар орнатудың арқасында жол-көлік оқиғаларының саны 40%-ға азайды, өлім-жітім екі есе азайды. Жол қозғалысына қатысушылар тәртіпті болды. Нұр-Сұлтан қаласының зияткерлік көлік жүйесі Еуропа, ТМД және Орталық Азия елдері арасында бірінші орын алды.

Қала тұрғындарының өтініші бойынша және қала аулаларында қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін «Қауіпсіз аула» жобасы іске асырылуда. Орнатылған камералар ұрлықтың, бөтеннің мүлкін бүлдірудің және басқа да құқық бұзушылықтардың санын азайтуға мүмкіндік береді.

 

Білім беру жүйесі қалай дамуда?

Мектепке дейінгі білім беру

Бүгінде елордада 55 мыңнан астам бала контингенті бар 408 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Қамту 3 жылдан 6 жылға дейін 99% құрайды.

Биыл 5800 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. 1 балаға мемлекеттік тапсырыс сомасы 25%-ға артып, 29 622 теңгені құрады.

Алғаш рет «Солнечный мир» және «Со-Make» қоғамдық қоры жанынан ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға кешенді түзету көмегін көрсету үшін 155 орынға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттеріне қосымша мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды.

Балабақшалардағы орындарды ұлғайту мақсатында жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша 252 орындық 3 бөбекжай, оның ішінде 12 орындық түзету тобы ашылды.

Сонымен қатар, МЖӘ аясында 360 орындық балабақша пайдалануға берілді.

Орта білім беру

Орта білім беруде мектептер желісі 2016 жылдан бастап 22%-ға өсіп, 129 бірлікті құрады, контингент 32%-ға артып, 193 512 адамды құрады.

2020 жылы 12 мектеп салынды.

Осыған байланысты, үш ауысымда оқытатын мектептер саны 50%-ға (8-ден 4-ке дейін) және тым тығыз режимі бар мектептер саны 22-ден 14-ке дейін азайды.

Жергілікті және республикалық бюджеттен 34472 дана компьютерлік техника сатып алынды. Осылайша, барлық мұқтаж адамдар компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген.

Қосымша білім беру

Елордада 11 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді, қамту – 27 807.

Президенттің 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде балалар үйірмелері мен секцияларының қызметін жандандыру бөлігінде балаларды қосымша біліммен қамтуды кеңейту бойынша шаралар кешені іске асырылуда.

Алғаш рет қаланың әр ауданында 600-ден астам баланы қамтитын балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары ашылды.

Техникалық және кәсіптік білім беру

Елорданың 34 колледжінде 26 мыңнан астам студент білім алуда, оның ішінде 53,3% — мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын және дуальді оқытумен қамтылған ТжКБ студенттерінің үлесі 24,6% құрайды.

Қазіргі уақытта «Жас маман» республикалық жобасы аясында 3 колледж жаңа форматтағы шеберханалармен және зертханалармен жарақтандырылды, 79 оқытушы мен өндірістік оқыту шебері оқытудан өтіп, жаңа жабдықта жұмыс істеу сертификатына ие болды.

Нәтижесінде, колледждер базасында студенттер мен өндірістік оқыту шеберлері үшін «Сервис және қызмет көрсету», «Тұрғын үй-тұрмыстық және коммуналдық шаруашылық» және «IT-технологиялар» бағыттары бойынша 3 құзыреттілік орталығы құрылды.

Инклюзивті білім беру

Ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар үшін 2020-2023 жылдарға арналған инклюзивті ортаны қалыптастыру жөніндегі кешенді жұмыс жоспары бекітілді. «Әр бала мектепке баруға лайық» пилоттық жобасы іске асырылды, 150 орындық 15 ресурстық орталық ашылды.

ҚР Тұңғыш Президенті қорының бастамасын іске асыру аясында 2 жаңа мектеп базасында әрқайсысы 30 орындық «Қамқорлық» инклюзиясын қолдау кабинеттері құрылды.

Алғаш рет Даун синдромы бар балаларға психологиялық, түзету және педагогикалық көмек көрсету бойынша 120 балаға әлеуметтік тапсырыс орналастырылды.

ТжКБ жүйесінде биыл 13 мамандық бойынша ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға 139 орын бөлінді.

2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда екі есе көп оқушы орны құрылады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе көп.

Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланған. Мектептер құрылысына жеке инвестициялар да тартылуда.

 

Нұр-Сұлтан қаласында қандай тұрғын үй алаптары газдандырылды

Нұр-Сұлтан қаласын газдандыру үш кезеңде жүргізіледі. Ағымдағы жылыту маусымында Железнодорожный, Көктал-2, Агроқалашық тұрғын үй алаптарының тұрғындары газға көшуге мүмкіндік алды.

Газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді – 300 км газ тарату желілері салынды. Бірқатар тұрғын үй алаптарының тұрғындары ағымдағы жылыту маусымында газға көшуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Көктал-1, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алаптарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Көмірден газға көшудің көптеген артықшылықтары бар: тұрғындарға көмірді сатып алу, сақтау, сапасы туралы ойланудың қажеті жоқ, күніне бірнеше рет үйді жылыту қажет болмайды, қаланың экологиясы жақсарады, бұл қалалықтарға жағымды әсер етеді. Газдандыру атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ЖЭО-1 және ЖЭО-2 су жылыту қазандықтарының бір бөлігі газға ауыстырылды.

Жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, әкімдік жеке ұйымдармен монтаждау жұмыстарының құнын төмендету бойынша келіссөздер жүргізді. Осылайша, үйдің ішінде тікелей газ өткізу құны орта есеппен 30%-ға төмендетілді (оған газ жабдығының және жинақтауыштардың құны кірмейді). Есептегіштердің өздері азаматтарға тегін беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, тұрғын үй алаптарына газ тарату желілерін, оның ішінде тұрғын үйлер бойындағы орамішілік желілерді салумен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі айналысады, ал үйдің ішіне газды тікелей тартумен жеке ұйымдар айналысады. Тұрғындар кез келген мамандандырылған компанияны таңдауға құқылы.

Аталған тұрғын алаптарында газбен жабдықтаудың ішкі желілерін жүргізген тұрғындар газға қосылу үшін «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ-ға жүгіне алады (Республика даңғылы, 24, «Парасат» БО). Бұл ұйым газбен жабдықтаудың ішкі желілерін қауіпсіздікке тексерумен және тікелей қосумен айналысады, сондай-ақ оны одан әрі пайдалануға жауап береді.

Қаланы газдандыру ел басшылығының бақылауында.

 

Елорда әкімдігі нөсер кәрізі мәселесін қалай шешеді?

Қала әкімдігі нөсер кәріздерін салу мен тазалауға ерекше көңіл бөледі. Қазір қалада 3 ірі нөсер кәріздері мен тазарту құрылыстары салынуда.

Құрылыс қарқынын ескере отырып, нөсер кәрізі жүйелерімен дер кезінде айналысу қажет. Проблемалық нүктелердің бірі Б. Момышұлы учаскесі. Онда нөсер кәріздерінің магистралдық коллекторының құрылысы аяқталуда. Осы нөсер кәрізінің ұзындығы 500 метрді құрайды, ол Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін (Б. Момышұлы даңғылын кесіп өтеді) жалғасады. Жаңа құрылыс қолданыстағы нөсер кәрізі желілерінің өткізу мүмкіндігін бір жарым есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Молодежный шағын ауданында (Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысы) тазарту құрылғыдары салынып, тартылған коллекторлар қайта жөнделуде. Бұрын бұл батпақты жер болған. Бұл құрылыстардың ерекшелігі, олар Есіл өзеніне құяр алдында жаңбыр мен еріген қар суларының тазартылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұрын су ағындары өзенге тікелей ағатын, бұл оны ластайтын және қаланың экологиясына теріс әсер ететін.

Молодежный шағын ауданындағы жаңа құрылыстардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Аталған тазарту құрылыстары Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаева, Республика даңғылы және т.б. көшелерінде су басуды болдырмауға мүмкіндік береді. Тазарту құрылғысы жер астында жасалғандықтан, құрылғы алаңының үстінде абаттандырумен, шағын сәулет формаларын орнатумен және көгалдандырумен сквер салу көзделген.

Бұдан басқа, 2020 жылы Пригородный ТМ және Алаш тас жолы бойындағы логистикалық орталық ауданында тазарту құрылыстары салынды. 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы ауданындағы екі учаске бойынша нөсер кәрізі мәселесі шешілді.

Жаңбыр сулары кәріздері жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін коллекторларды тазалау жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде, Тәшенов көшесі бойынша 30 тонна қоқыс, арықтар мен құдықтардан 2,5 мың тонна қоқыс алынды. Сонымен қатар, жаңбыр сулары суағарларын заңсыз оюды анықтау бойынша рейдтер жүргізілуде.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу